Жұма, 21 Қараша 2025
Жаңалықтар 106 0 пікір 21 Қараша, 2025 сағат 14:40

Түркиядағы қазақстандық студенттердің бірлігі

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Афьон қаласында Түркиядағы қазақ студенттерінің қатысуымен футбол жарысы өтті.

Шара Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен, Бірлік қазақ жастары ұйымы тарапынан ұйымдастырылып, Түркияда білім алып жүрген қазақ студенттерін бір алаңға жинады.

Турнирге бірнеше қала мен университеттен командалар қатысып, ойын жоғары деңгейде өтті. Ойын барысында жанкүйерлер де өз командаларын белсенді түрде қолдап, ерекше атмосфера қалыптастырды.

– Жарыстың басты мақсаты – студенттер арасындағы достықты нығайту, спортқа деген қызығушылықты арттыру және Қазақстанның шетелдегі жастарын біріктіру, – деді Ыстанбұл қаласындағы бас консул Аманқұл Нұриддин.

Жарыc соңында үздік ойын көрсеткен командалар мен ойыншыларға арнайы марапаттар табысталды. Birlik Arbella Super Cup дәстүрлі футбол турнирінің 2025 жылғы чемпионы – Сакарья қаласының студенттері. Анкара студенттері қарқынды ойын көрсетіп 2рынды, ал Стамбул (Халич университеті) және Ескишехир қаласының командалары 3-орынды иеленді.

Афьон қаласындағы Бірлік жастар ұйымының қонақжайлығы ерекше атап өтерлік болды. Ұйым мүшелері жарысқа келген студенттерді құрметпен қарсы алып, барлық командаларға жайлы жағдай жасады. Қатысушыларды көлікпен қарсы алу, алаңды дайындау, тынығу аймақтарын ұйымдастыру және жалпы атмосфераны көтеру – барлығы жоғары деңгейде өтті.

Студенттер Афьон жастарының шынайы ықыласы мен бірлікке деген ниетін сезініп, өздерін үйдегідей жайлы сезінді. Шараның сәтті өтуіне дәл осы ұйымшылдық пен қонақжайлылық үлкен үлес қосты.

Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, Түркиядағы қазақ жастарының бірлігін көрсеткен маңызды оқиға болды. Жастар бір-бірімен жақынырақ танысып, жаңа достықтар орнатып, шетелдегі студенттік өмірді одан әрі жандандыра түсті.

Қарақат Бердалықызы,

Түркия, Афьон-Карахисар қаласы

Abai.kz

0 пікір