Дүйсенбі, 24 Қараша 2025
Пікір 136 0 пікір 24 Қараша, 2025 сағат 15:58

АҚШ ұсынған бітім Украина үшін жеңіліс пе?

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Әзірге АҚШ-тың соғысты аяқтауға қатысты бейбіт жоспары бойынша түрлі ақпарат жарияланып жатыр. Батыстың БАҚ-тары бірінен кейін бірі «инсайдерлік дерек» деген негізде ақпараттарды жариялауда. 28 тармақтан тұратын жоспарды көрдік. Оны украин/ресейлік арналар жариялады.

Украина бұл жоспарды қабыл ала ма? Зеленский жоспар бойынша АҚШ-пен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Яғни бірден қатаң реакция танытқан жоқ. Ресей тарапы бұл жоспар жайлы ресми негізде әлі ештеңе айтпады. Украина бұл жоспарға өз ұсыныстарын енгізе отырып, қабыл алуы тиіс деп санаймын (жеке пікір ғой). Неге олай ойлайтынымды қысқаша жаза кетейін.

Біріншіден, майдан даласы. Қазір майдан даласында жағдай Украина пайдасына шешіліп жатқан жоқ. Покровск-Мирноград, Купянск, Запорож, Харьков бағыттарында Ресейдің алға жылжуы бар. Тасбақа жылдамдығымен қозғалуда, бірақ алға жылжу бар. Ресейдің шығыны бұл бағытта украин шығынынан еселеп көп екені де рас. Украина да үлкен шығынға ұшырауда. Мәскеудің адами ресурсы Украинадан бірнеше есе көп. Басты мәселе осы болып тұр. Украинаға ұрысты тоқтатып, әскери бөлімшелердің әлеуетін күшейтіп, жаңа бөлімшелер жасақтау керек. Ол үшін соғыс тоқтауы тиіс. Қазір майдан даласындағы жағдайдан бөлек, шептен кетушілер (дезертир) саны артқан. Бұның бәрін реттеу үшін, әлбетте ұрыс тоқтауы тиіс.

Екіншіден, Украина әскерінің саны 600 мың болып шектелуі тиіс деген ұсыныс айтылыпты. Кей деректе 350-400 мың дегенді айтуда. Бірақ бұл критикалық шектеу емес. Неге? Себебі әңгіме бейбіт күндегі әскер жайлы айтылып отыр. Ал Украинада соғысқа дейін (2022-нің ақпанына дейін) 250 мың әскер болды. Демек, қазіргі талап бойынша Украинаның әскері шектелген күннің өзінде, 2022-ге дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 2-2,5 есе көп болады деген сөз. Бұны Ресейдің кей ұлтшылдары байқап қойып, баж ете қалды. Бірақ оларға аса мән берілмеген сияқты. Ал соғыс болса, әлбетте әр мемлекет қанша әскер шығаратынын өзі біледі ғой. Қамтамасыз ету мүмкіндігі мен мобилизациялық қабілетіне сай әскер жасақтайды да. Бейбіт күнде 600 мың әскерді қамтамасыз ету де үлкен шығын. Сол үшін тіпті Киев оның санын ұрыс тоқтаса 300 мың етуі ықтимал.

Үшіншіден, территория мәселесі. Бұл енді Украина үшін жанды тақырып. Ресей бұл соғыста не ұтты? Жеңіс ретінде нені ұсына алады? Жаулап алған аумақтарын. 2022-ге дейін Ресей Донецк пен Лугансктың біраз бөлігін, Қырымды алған еді. Ал 4 жылдық соғыста Ресей Запорож бен Херсонның жартысын, Донецк, Лугансктың тағы біраз бөлігін алды. Бірақ қандай құн төледі? Миллионнан астам әскер қырылды (жаралы/қаза тапқан). Экономикалық құн бөлек әңгіме. Ресейдің ұлтшылдары қазіргі келісімге көнбейтінін айтуда. Себебі Украина Донецк облысының қалған бөлігін Ресейге беруі тиіс дейді, қазір Украина облыстың 16-18 пайызын бақылауда ұстауда. Ал Ресей Украинаға Харьков, Сум және Днепропетровск облыстарының бақылаудағы аймақтарын қайтарады (деген ақпарат бар). Запорож бен Херсон облыстарында соғыс майдан шебі бойынша тоқтайды (қазіргі ұсыныс бойынша). Бірақ Ресейдің конституциясы бойынша Мәскеу Донбассты және Запорож бен Херсонды толық өз аумағы етіп жариялаған. Әлбетте, бұл заңсыз. Бірақ сөйтіп жариялады ғой. Енді ресейлік ұлтшылдар «Конституция бойынша біздің жеріміз саналатын аймақтарды Украина қолында қалдырамыз ба» деуі мүмкін. Солай дейді де. Сонда Ресейдің бұл соғыстан иемденгені Қырымға баратын құрлық жолы болмақ.

Төртіншіден, Ресей Донбассты алу үшін соғыс ашты деу қателік. Мәскеудің жоспары тым үлкен еді. Ол шын мәнінде Одессаны ала отырып, Молдованың Приднестровье аймағына дейін жерді иемденуді ойлады. Осылайша құрлық жолын салып, Молдоваға дейін ықпал аймағын арттыруды қалады. Украинаны Қара теңізге шығатын жолынан айыруды көздеді. Ал ең бастысы, Украинада билікті ауыстырып, ресейшіл билікті қойып, не Украинаны псевдореферендум арқылы толық қосуды, не Беларусь іспеттес «одақтас ел» жобасына кіргізуді қалады. Ал Ресейдің кей пропагандистері Киевте жеңіс шеруін өткізуді қалайтынын айтты. Негізгі мақсат Украинаны толық СУВЕРЕНИТЕТтен айыру болатын. Максимум жоспар осындай еді.

Бесіншіден, Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдігі. Киевтің НАТО-ға қосылмайтыны айтылуда. Ол бесенеден белгілі дүние. Оны соғыс басталған күні-ақ жазғанбыз. Оны Украина өзі де жақсы түсінеді. НАТО-ға қосылу үшін жер дауы болмауы тиіс. Шарт сондай. Ал Украинада жер дауы бар. Ол не Ресей басып алған аймақты күшпен қайтарады, не ол аймақтардан заңды түрде бас тартады. Бұның екеуін де Украина қазіргі таңда жасай алмайды. Демек, НАТО-ға кіруге жол жабық. Тіпті, кірем деген күннің өзінде НАТО-дағы 32 елдің бәрі оны мақұлдауы қажет. Қазір оны НАТО-ға қосқысы келмейтін елдер бар. Ары кетпей бір Венгрияны жаза салайын. Сол үшін Украинаға басқа қауіпсіздік кепілдігі берілетіні айтылуда. Ол НАТО-ның 5-ші жарғысына ұқсас болады дейді. Болашақта Ресей Украинаға қайта шабуыл жасаса, онда АҚШ пен оның одақтастары Ресейге қарсы жауап береді, оның ішінде әскери әрекет де қарастырылады. Қауіпсіздік кепілдігі 10 жылға беріледі. Осындай ұсыныс айтылып жатыр. Бірақ шынымды айтсам, мен мұндай кепілдіктерге аса сенім артпаймын. Кез келген мемлекет үшін басты кепілдік – өзінің әскері!

Бұдан басқа да тармақтар бар. Мысалы Ресей басып алған аймақты де-факто мойындау деген. Ол да түсінікті. Мәселе де-юре мойындамауға тіреледі. Украина оны де-юре мойындамайды. ЕО да мойындауы екіталай. Де-юре мойындау «Пандора жәшігін» ашады және өркениетті әлемдегі аса қауіпті прецедент болмақ.

Одан бөлек Запорож АЭС-ін қолдану, Украинаны қалпына келтіруге қыруар қаржы бөлу, инвестиция құю және басқа әңгімелер бар. Бастысы ЕО-ға Украинаны қабылдауды жылдамдату мәселесі талқы болады.

Ресей жеңіс ретінде Қырымға баратын құрлық жолы мен Донбассты аудиториясына ұсынады. Ал Украина жеңіс ретінде тәуелсіздігін сақтап қалу мен екінші армияға 4 жыл төтеп беріп, үлкен шығын жасағанын ұсынады. Әлбетте, егер келісімге келсе. Бұл келісім болмай қалуы да мүмкін. Алдағы апталарда біраз ақпарат естиміз.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір