ТД-сыз дәуірдің дүлдүлдері
Доп-дода
Футболдан кезекті әлем чемпионатының басталуына да бір жарым айдай ғана уақыт қалды. 2026 жылғы ала доптың аламанын тұңғыш рет үш ел ұйымдастырып отыр – АҚШ, Мексика және Канада. Дода 11 маусым күні Мехиконың атақты «Ацтека» стадионында Мексика – Оңтүстік Африка ойынымен ашылады.
Қай топта кімдердің ойнайтынын тәптіштеп, қай командалардың чемпион болуы мүмкін екеніне болжам жасауға әлі үлгереміз, біз алдымен өткен әлем чемпионаттарының тарихын шолып өтсек дейміз.

Сурет: Paul Popper/Popperfoto via Getty Images.
ФУТБОЛ БИШІСІ
Қай әлем чемпионатында да ерекше көзге түскен үздік футболшылар болады. Оларды әр жылдары кейде ФИФА-ның өзі, кейде додаға тіркелген журналистер қауымы анықтап жатады. Екі тараптың шешімдері көбіне сәйкес келеді, алайда ара-тұра ұстаным алшақтығы да аңғарылып қалатын кзедер болады. Біз сол үздіктерді өз көзқарасымыз тұрғысынан да сұрыптап, сараптап, оқырман қауымға ұсынбақпыз.
Мақала атауын «ТД-сыз дәуірдің дүлдүлдері» деген себебіміз – алғашқы төрт әлем чемпионаты бастан-аяқ теледидарға түсірілмеген. Тек кейбір матчтардың үзінділері, гол салынған сәттер (олар да толық емес деседі), архивтерде және кино-фото хроника қорларында сақталып қалған. Яғни қай додада қай футболшының айрықша жарқырай көрінгенін ұйымдастырушылар, журналистер, көрермендер стадиондарда өз көзімен көріп қана бағалай алған. Баспасөз бетіндегі жарияланымдарға қарай ой түйген.
Уругвайдың тұңғыш әлем чемпионатындағы тарихи жеңісінің куәсі – Монтевидео қаласындағы «Сентенарио» стадионында осы елдің аты аңызға айналған әйгілі футболшысы Хосе Леандро Андрадеге қойылған ескерткіш тұр. Ол – футболсүйер танылған алғашқы футболшы және тұңғыш танымал қара нәсілді спортшы еді.
Х.Андраде 1901 жылы Монтевидеода дүниеге келіпті. Футболмен айналыспай тұрып-ақ ол бүкіл Уругвайға... ұлттық би өнерінің майталманы ретінде танылып үлгерген екен. Оған жанкүйер қауымның «Қара ханзада», «Футбол бишісі», «Ала допты арбаған артист» деген сияқты түрлі лақап ат таңуы да тегін болмаса керек. Допты ол ұршықша үйірген кезде көріп отырған адамның таң қалып, таңдай қақпауы мүмкін емес еді деседі.
Уругвай құрамасына Андраде 1923 жылдан бастап шақырылған. Сол жылы бұл команда Оңтүстік Американың чемпионы болды. Арада бір жыл өткенде Париж Олимпиадасында алтыннан алқа тағып, «әлемнің сегізінші кереметі» атанды. Сол жарыстағы француздармен ойында Андраде допты 60 метрдей жеке жетектеп, жеті қарсыласын алдап өтіп, ел «енді қақпаға тура соққы жасайды-ау» деп ойлай бергенде сол қапталда жалғыз тұрған командаласына пас асыра салған. Серігі де мүмкіндікті мүлт жібермей, гол соққан. Осы көріністен Хосе Андраденің бүкіл футболшылық ұстанымы аңғарылады: ол – ойынды ұйымдастырушы, алаң ортасының қожайыны, ал гол соғу міндетін алғы шептегілер-ақ атқара берсе болады. Ол – әлем футболындағы алғашқы танымал «диспетчер» еді.
Ұлттық құрама сапында 43 ойын өткізген Андраде 1928 жылы Амстердам Олимпиадасын да жеңіп алды. Екі жылдан соң тұңғыш әлем чемпионы атанды. Негізінен «Пеньяроль» және «Насьональ» клубтарында ойнады. Өмірінің соңын кедейшілікте өткізіп, 1957 жылы қайтыс болған.

Сурет: sports.ru.
«ПРАГАЛЫҚ СІЛЕУСІН»
Чехословакия құрамасы әлем чемпионы атанбаса да, 1934 жылы Италияда ұйымдастырылған ІІ доп додасының ең жарық жұлдызы ретінде мамандар бір ауыздан Франтишек Планичканы атайды. Ұлттық құрама елге оралған кезде оны 100 мың жанкүйер күтіп алыпты. Қақпашыны алақандарына салып көтерген олар Прага көшелерімен бір сағат бойы алып жүріпті!
Қақпашы 1904 жылдың 2 шілдесінде дүниеге келген. Праганың «Слован» және «Славия» клубтарында ұзақ жылдар өнер көрсеткен ол 6 рет ел чемпионы атанған. Ұлттық командаға тұңғыш рет 1925 жылы шақырылған. Содан №1-жейдені 1938 жылға дейін ешкімге бермеген ол осы мерзім ішінде құрама сапында 74 ойын өткізіпті.
Планичканың бойы 178 см ғана еді. Қақпашы үшін бұл аласа саналады, бірақ ол кемшілігін Франтишектің шапшаң қимылдайтын әбжілдігі, барысша атылатын секіргіштік қасиеті, шабуылшылардың аяғындағы допқа қорықпай ұмтылатын батылдығы басып кететін. Оны журналистердің «Прагалық сілеусін» деп атауы да содан. 1938 жылғы әлем чемпионатының ширек финалындағы Бразилиямен айқаста ол, 87-минутта қолы сынғанына қарамастан, бүкіл қосымша 30 минутта қақпасын ерлікпен қорғады. Жалғыз ғана сау қолымен-ақ ол азулы қарсыласына гол соғуға мүмкіндік бермеді, ойын тең аяқталды. Екі күннен кейінгі қосымша матчқа Планичка қатыса алмады да, Чехословакия ұтылып қалды.
Статистиктердің есептеуінше, Ф.Планичка бүкіл спортшылық ғұмырында 1442 матч өткізіп, 1267 гол жіберіп алыпты. Яғни, бір ойынға 0,87 голдан ғана келеді деген сөз. Ғаламат көрсеткіш!

Сурет: sport.comments.ua.
ҚАРА ЖАУҺАР
ІІІ әлемдік доп додасының (1938 жылы Францияда өтті) басты қаһарманы ретінде мамандар бразилиялық шабуылшы Леонидас да Силваны таниды. Біріншіліктің бас мергені болғаны өз алдына, «қара жауһар» атанған футболшы өз командасын алға сүйреген нағыз көшбасшы ретінде де көзге түсті.
Көзкөргендердің жазып қалдырған естелігіне сүйенсек, арықтау келген аласа жігіттің бойында осыншама таланттың бұғып жатқаны бірден байқалмаған екен. «Ал аяғына доп тиді ме, лезде құлпырып сала беретін» дейді олар. Шабуылшы Франция алаңдарында 7 доп соқты, оның бірін өзінің аңызға айналған әдісімен – яғни қақпаға сыртын беріп шалқалай бойынан асыра тебу тәсілімен енгізді.
Леонидас 1913 жылы Рио-де-Жанейрода дүниеге келіпті. Ұлттық құрама жейдесін тұңғыш рет 1932 жылы киген ол алғашқы матчында-ақ Уругвай командасының қақпасына қос доп соғып, көзге түсіпті. 18 жылға созылған ұзақ футболшылық ғұмырында ол «Васко да Гама», «Ботафого», «Фламенго», «Сан-Паулу» секілді өз отанының әйгілі клубтарында және уругвайлық «Пеньяроль» командасында өнер көрсеткен.

Сурет: wikimedia.org.
МАМАНДЫҒЫ – МЕРГЕН
Әлем чемпионы атанбаса да, 1950 жылы Бразилия жасыл алаңдарында өткен ІV әлем чемпионатының ең жарық жұлдызы ретінде мамандар бразилиялық шабуылшы Адемир Менезисті атайды.
1923 жылы Ресифи шаһарының маңындағы шағын қалашықта дүниеге келген Адемирдің 1950 жылғы доп додасындағы көрсеткіші (6 ойында 9 гол) – Бразилия құрамасы тарихындағы ең үздік нәтижелердің бірі. Ұлттық команда сапында 39 ойын өткізіп, 32 доп соққан шабуылшы клубтық жарыстарда да айрықша мергендігімен көзге түскен. «Спорт Ресифи», «Васко да Гама», «Флуминенсе» секілді командаларда ойнап жүріп ол талай рет штат чемпионы атанды (ол кезде Бразилияның тұтас ұлттық біріншілігі өткізілмейтін). 1949 және 1950 жылдары Рио штаты чемпионатының сұрмергені болды.
Адемир – «Васко да Гама» тарихындағы ең үздік қос мергеннің бірі. Ол аталмыш клуб құрамында 429 ойын өткізіп, 301 гол соққан. Дәл осы көрсеткішті 80-жылдардың басында тағы бір шабуылшы Роберто қайталады.
Оның сырт келбеті нағыз спортшыға лайық еді – кеуделі, кең жауырынды, бура санды, бойшаң... Алпамсадай денесін шапшаң игере алатын ол алаңда допты да қалауынша билететін. Бір қызығы, Адемир соққыны тек аяғының ішкі және сыртқы қырымен ғана жасайтын болған, сол себепті доп үнемі шиырыла ұшып, кейде бағытын да өзгертіп, қақпашыларды талай рет сан соқтырған. Ал оның баспен керемет ойнай алатын шеберлігіне бразилиялық мамандар тәнті болып, «біздің елде дәл Адемирдің деңгейінде әуедегі допқа иелік ете алатын шабуылшы сирек» деседі.
Иә, теледидар дамымаған кездерде де футболсүйер қауым өз дәуірінің дүлдүл ойыншылары тани білген екен...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz