Сәрсенбі, 26 Қараша 2025
Жаңалықтар 92 0 пікір 26 Қараша, 2025 сағат 14:53

Қазақстандықтар банктерге қанша қарыз?

Сурет. Muslimeko сайтынан алынды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасы азаматтардың тұтынушылық кредиттік жүктемесіне қатысты BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берді.

Ұлттық Банктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елдегі банктердің тұтынушылық кредиттер портфелі 16,2 трлн теңгеге жеткен.

Кредит құрылымы: көпшілік кепілсіз қарыз алады

Жиынтық портфельдің 71%-ын (11,5 трлн теңге) кепілсіз тұтынушылық кредиттер құрайды. Биылғы 9 айда бұл сегменттің өсімі біршама баяулаған: өткен жылғы 22,5%-бен салыстырғанда өсім 12,7% болды.

Автокредиттер көлемі портфельдің 23%-ын немесе 3,8 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 9 айда 35% өсім көрсеткен (өткен жылы – 35,1%).

Кепілді тұтынушылық кредиттер үлесі – 6% (967 млрд теңге). Бұл сегмент жыл басынан бері 22% артқан.

90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар барлық портфельдің 6%-ын (971 млрд теңге) құрайды.

Ипотекалық кредиттер тұрақты өсіп жатыр

Ипотекалық кредиттер де жоғары динамика көрсетіп отыр: 2024 жылы бұл сегмент 14,5%, ал биылғы 9 айда 10,4% өсіп, көлемі 6,7 трлн теңгеге жеткен.

Азаматтар кредитті не үшін алады?

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша тауарлық кепілсіз кредиттердің мақсаттары мынадай:

  • 35,1% – тұрғын үй жағдайын жақсарту (құрылыс материалдары, жиһаз т.б.);
  • 10,3% – ірі тұрмыстық техника;
  • 8,3% – бизнес мақсаттары;
  • 8,2% – автокөлікке арналған тауарлар (жабдықтар, шиналар, бөлшектер);
  • 4,3% – киім мен аяқ киім;
  • 3,6% – сұлулық пен денсаулыққа арналған тауарлар (дәрі-дәрмек қоса алғанда).

Қарыз алушылардың жас құрамы

  • 31–45 жас – барлық тұтынушылық кредиттердің 46%;
  • 46–62 жас – 30%;
  • 22–30 жас – 18%;
  • 63 жастан жоғары – 4%;
  • 21 жасқа дейін – 1%.

Өңірлік бөлініс

Банктердегі тұтынушылық кредиттің ең үлкен үлесі:

  • Алматы қаласы – 31%,
  • Астана – 11%,
  • Шымкент – 8%.

Ең төмен үлес:

  • Ұлытау облысы – 0,9%,
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1,3%,
  • Алматы облысы – 1,4%.

Қарыз жүктемесін төмендету үшін қандай жаңа шаралар қабылданды?

Агенттік соңғы жылдары кредиттік тәуекелдерді азайтуға бағытталған бірқатар реттеуші нормаларды енгізді.

  1. Мерзімі өткен азаматтарға жаңа кредит беруге тыйым
  • 90 күннен астам мерзімге қарызы бар азаматтарға кредит беруге заңмен тыйым салынды.
  • 2024 жылы енгізілген нормаларға сәйкес:
    • микрокредит — мерзімді 1 күн кешіктірсе де берілмейді;
    • банктік қарыз — 30 күннен аса кешіктірсе берілмейді.
  1. Кепілсіз кредит мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс

Бұл табысы төмен азаматтардың ұзақ мерзімді кредит арқылы борыш жүктемесін «жасырып», тәуекелді арттыруының алдын алу үшін қабылданды.

Сонымен қатар, 3–5 жыл мерзімдегі кепілсіз кредиттердің тәуекел коэффициенті 350%-ға дейін көтерілді.

  1. Қарызы кешірілген азаматтарға жаңа кредит беруге шектеу

Соңғы 12 айда қарызы кешірілген немесе жасанды қайта құрылымдау жасатқан адамдарға тұтынушылық кредит беруге тыйым салынды.

  1. Кредит сомасының лимиті
  • Банктер үшін – 8,7 млн теңге,
  • Микрокредиттік ұйымдар үшін – 4,3 млн теңге шектеу енгізілді.

Осының арқасында орташа кредит мөлшері 270 мың теңгеден 216 мың теңгеге дейін, яғни 20% төмендеген.

  1. Коллекторларға қарызды сатуға мораторий

Өткен жылы енгізілген 2 жылдық мораторий нәтижесінде коллекторлық агенттіктердегі қарыздар саны 27,6% қысқарып, 404 мың адамға азайған.

  1. Банктерге жаңа міндеттемелер
  • Тәуекелі жоғары қарыз алушыларды анықтау,
  • Қайта құрылымдау тетіктерін ұсыну,
  • Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімшелерін құру міндеттелді.
  1. Салық саясаты арқылы шектеу

2026 жылдан бастап:

  • корпоративтік кредиттер үшін КТС – 20%,
  • тұтынушылық кредиттер үшін – 25% болады.
  1. Макропруденциялық жаңа талаптар

2026 жылғы 1 сәуірден бастап халыққа берілетін кредиттерге 2% секторлық контрциклдық буфер енгізіледі. Бұл тұтынушылық кредиттің шектен тыс өсуін тежеуге бағытталған.

Abai.kz

 

0 пікір