Тасмағанбетовтың саяси мансабы аяқталды ма?
Бішкекте ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті.
Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан көшбасшылары Ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастырып, биылғы ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттарын қорытындылады. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басымдықтарды анықтады.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жан-жақты жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.
Бұл жолғы отырыстың жұрт назарын өзіне ерекше аударғаны бар. Себебі бұл жолы ұйымның бас хатшысы ауысады. Алдынғы жолы әскери ұйымның бас хатшылығына Қазақстан атынан беделді саясаткер Иманғали Тасмағанбетов сайланып, осы күнге дейін ұйымды басқарып келген еді.
Жиын барысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне үш жыл мерзімге Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыковты тағайындау туралы шешім бекітілді.
Президенттер ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымындағы қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовке алғыс айтты.
Қазақстандықтар президент ретінде көргісі келетін Иманғали Тасмағанбетов Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін, күтпеген жерден зейнеткерлікке шыққанын хабарлап, елді аң-таң қалдырған еді. «Қаңтар оқиғасынан» кейін саяси сахнаға қайта оралды. 2022 жылдың соңында ҰҚШҰ-ның бас хатшылығына тағайындалды. Сол кезде сырт көз оның саясатқа қайта оралуын Ресей президенті Путинмен байланыстырған еді.
Айтып-айтпай әскери ұйымның бас хатшылығы лауазымында өткізген үш жыл Тасмағанбетовқа оңай соққан жоқ. Путиннің Украинаға шапқыншылығы, ұйым мүшелері арасындағы кикілжің оны тығырыққа тіреді. Ресейге бағынышты әскери ұйым атынан НАТО-ны айыптауға мәжбүр болды. Күні кеше Украиналық "Миротворец" сайты Иманғали Тасмағамбетовті ресейшіл адам ретінде тізімге қосты.
Тасмағанбетовтің соңғы саяси лауазымдары Ресеймен байланысты болды. Ресейде елші болды, әскери ұйымның бас хатшысы болды. Жаңа жылдан бастап Ресейде қала ма, жоқ Қазақстанға қайта орала ма, оны уақыт көрсетеді.
Abai.kz