Жұма, 28 Қараша 2025
Біртуар 156 0 пікір 28 Қараша, 2025 сағат 14:10

Қос майданның майталманы

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

Соғыс ардагері, ұстаз Іздек Жайхановтың туғанына 100 жыл!

Ақтөбе облысының, Шалқар ауданынан қарасты Тұмалыкөл мектебінде ұзақ жылдар директорлық, әрі ұстаздық қызмет атқарып, білім берудің дамуында өзіндік із қалдырған ардагерлердің бірі – Іздек Жайханов болатын. Іздек Жайханов 1925 жылдың 20 қарашасында Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, №19 ауылдық кеңеске қарасты Тұмалыкөл ауылында дүниеге келеді. Білімге құштар жас 1932–1939 жылдар аралығында туған ауылындағы Тұмалыкөл жетіжылдық мектебінде оқиды. Одан со4 білімін жалғастыру мақсатында 1939–1942 жылдары Шалқар қаласындағы қазақ орта мектебінде білім алады.

Мектепті тәмамдаған соң, 1942 жылдың 1 ақпанынан қазан айына дейін туған ауылындағы Тұмалыкөл жетіжылдық мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Бұдан кейін 1942 жылдың қазанынан 1943 жылдың қаңтарына дейін Сарықамыс жетіжылдық мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырады. 1943 жылдың қаңтар айынан 1945 жылдың қараша айына дейін Кеңес әскері қатарында Ұлы Отан соғысына қатысады [Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (АОМА) 15-қор, 1-тізбе, 70-іс, 1 п.].

Майдан жылдары Іздек Жайхановтың ерлігі талай қанды қырғынның ортасында шыңдалды. Ол Польша мен Чехословакия жеріндегі кескілескен ұрыстарға қатысып, Краков, Катовица, Прага сынды ірі қалаларды жау қолынан азат етуге үлес қосты.Соғыс кезінде ол 86 миллиметрлік миномет пен 76 миллиметрлік зеңбірек есеп тобының командирі болып, талай жауапты тапсырмаларды табандылықпен орындады. Сондай-ақ жаяу әскер бөлімшесінің командирі, взвод командирінің көмекшісі қызметтерін атқарып, ұрыстың алдыңғы шебінде жүрді. Харьков облысына қарасты Богодухов ауданының аумағын минадан тазарту жұмыстарына қатысып, бейбіт өмірдің қайта орнауына өз үлесін қосады [І.Жайхановтың өз қолымен жазылған өмірбаяны. // Баласы Бейбіт Жайхановтың отбасылық архиві].

Іздек Жайханов 305-ші атқыштар дивизиясының 1000-шы атқыштар полкінде, 11-ші запастағы атқыштар дивизиясының 52-ші запастағы атқыштар полкінде және кейін 1-ші Украин майданының Белгородтық Қызыл Тулы 305-ші атқыштар дивизиясында ұрыстарға қатысып, «Қызыл Жұлдыз», «І Дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медальімен наградталады. 1944 жылы 12-қазанда Карпат тауындағы деревняны азат етудегі кескілескен ұрыста комсомолдық билетін оқ тесіп ауыр жараланады. 1945 жылы 18-қаңтардағы Домбова станциясын алудағы ұрыста батарея командирінің орынбасары Іздек Жайхановтың бөлімшесі 4 артиллериялық зеңбіректі, оқ-дәрі тиелген 3 темір жол эшелонын жойып, азық-түлік тиелген 8 вагонды қолға түсіреді. 1945 жылы 6-ақпандағы дивизия командирінің бұйрығымен неміс басқыншыларымен күресте командованиенің әскери тапсырмаларын мүлтіксіз орындағаны және көрсеткен ерлігі үшін сержант Жайханов Іздек «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады. Соғыс аяқталғаннан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 9-мамырындағы Жарлығымен «1941-1945 жж.. Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальімен наградталады  [https://pamyat-naroda.ru].

Іздек Жайхановтың майдандағы ерлігі елге оралған соң да ескерусіз қалмады. Оның жауынгерлік жолын мемлекет жоғары бағалап, бейбіт күндегі марапаттармен де лайықты дәріптеді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1965 жылдың 7-мамырындағы жарлығымен, «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы жеңіске жиырма жыл», 1975 жылдың 25-сәуірдегі жарлығымен, «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы жеңіске отыз жыл», 1985 жылдың 12-сәуірдегі жарлығымен, «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қырық жыл», және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1967 жылғы 26-желтоқсандағы Жарлығымен «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», 1978 жылғы 28-қаңтардағы Жарлығымен «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл», 1988 жылғы 28-қаңтардағы Жарлығымен «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл» мерейтойлық медальдарымен наградталады. Бұл марапаттар – оның Отан алдындағы адалдығы мен ерлікке толы өмір жолының айқын айғағы.

Осылайша соғыс жылдарында ел қорғаған Іздек Жайханов бейбіт күннің ауасын алғаш жұтқан сәттен-ақ туған жеріне, оның игілігіне қызмет етуге бар күш-жігерін арнады. 1945 жылдың қараша айынан 1948 жылдың қыркүйегіне дейін ол Тұмалыкөл жеті жылдық мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырып, кейін 1948–1951 жылдары Сарықамыс жеті жылдық мектебінде физика және математика пәндерінен сабақ береді. 1951 жылы 5-тамызда Н.Байғанин атындағы мемлекеттік мұғалімдер институтын айырықша дипломмен аяқтап, физика және математика мамандығы бойынша орта мектептің 5-7 сынып оқушыларының мұғалімі  біліктілік беріледі. Сол жылы, сәуір айында Іздек Жайханов партия қатарына өтіп, қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындайды. Бұл оның азаматтық ұстанымын айқын көрсететін маңызды қадамдардың бірі болатын.

Жастайынан алғыр, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз Іздек Жайханов 1951–1952 оқу жылында Шалқар аудандық халық ағарту бөлімінде мектеп инспекторы қызметін атқарады. Бұл жаңа баспалдақ оның ұйымдастырушылық қабілеті мен педагогикалық шеберлігін одан әрі айқындай түскен болатын. Шалқар аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Д. Сарин инспектор Іздек Жайханов туралы мінездемесінде оның кәсіби тұлғасын былай сипаттайды: «Жайханов жолдас үздік мұғалімдердің бірі болды. Сабаққа әрдайым тиянақты дайындалып, оқу материалын анық та нақты жеткізе біледі. Оның сабағында тәртіп темірдей. Сонымен қатар ол пионер және оқушылар ұйымдарына жан-жақты көмек көрсетіп, олардың жұмысына басшылық жасады. Мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласып, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Жұмыс істеген жылдары мұғалімдер одағы мен халық ағарту бөлімінің тарапынан бірнеше мәрте марапатталды. 1951 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үздік педагог ретінде мектеп инспекторы қызметіне ұсынылды. Бұл қызметінде де өзін жақсы қырынан көрсетті. Жұмысын ұқыптылықпен ұйымдастыра білуінің нәтижесінде халық ағарту бөлімі де, мұғалімдер де оған үлкен құрмет пен қолдау білдірді». Бұл мінездеме – Іздек Жайхановтың тек мықты ұстаз ғана емес, дарынды ұйымдастырушы, парасатты басшы ретінде қалыптасып келе жатқандығының жарқын дәлелі болатын [Шалқар аудандық халықққа білім беру бөлімінің мектеп инспекторы І.Жайхановтың  өндірістік мінездемесі. // Б.Жайхановтың отбасылық архиві].

Іздек Жайхановтың білім саласындағы жауапкершілігі мен іскерлігі ескеріліп, 1952–1953 оқу жылынан бастап ол Дамбар жеті жылдық мектебіне директор болып тағайындалады. Бұл тағайындау – жасы отызға да толмаған Тұмалыкөлдің тумасына үлкен сенім артылғанының айқын белгісі болды. Дәл осы кезеңнен бастап оның білім беру саласындағы ұзақ жылдарға созылған басшылық және ұйымдастырушылық қызмет жолы басталады.  Соғыста алған жарақаты жиі сыр беріп отырса да, Іздек Жайханов өз міндетін адал атқарып, мектеп жұмысын жүйелеуге, оқу-тәрбие үрдісін жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады. Оның еңбегі республика көлемінде де еленіп, 1953 жылы мұғалімдердің республикалық ІІ съезіне делегат ретінде 0атысады. Бұл – оның кәсіби біліктілігі мен педагогикалық ұстанымының жоғары бағаланғанының бір дәлелі болатын.

Денсаулық жағдайына байланысты 1954-1955 оқу жылынан бастап Тұмалыкөл жеті жылдық мектебіне қайта оралып, онда 1959 жылға дейін жұмыс жасап, 1959-1960 оқу жылында Дамбар жеті жылдық мектебінде қайтадан  директор болып жұмыс жасайды. Көп ұзамай туған ауылы Тұмалыкөлге түбегейлі қайтып келіп, 1960-1961 оқу жылынан бастап мектеп директоры қызметіне кірісіп, ауылдағы сегіз жылдық білім беру ісінің қалыптасып, дамуына атсалысады [І.Жайхановтың өз қолымен жазылған өмірбаяны. // Баласы Бейбіт Жайхановтың отбасылық архиві].

1960-жылдары Тұмалыкөл жеті жылдық мектебінің сегізжылдыққа айналуы, білім ордасының дамуына тың мүмкіндік беріп, оқушылар мен мұғалімдер санының көбеюіне жол ашты. Мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа ғимараттар салынып, оқу кабинеттері жабдықтала түсті. Сегіз жылдық мектептің алғашқы 1961-1962-ші оқу жылы Іздек Жайханов, Мейірхан Орынбасаров, Зоя Орынбасарова, Әбдірахим Наурызбаев, Әбдірахман Смағұлов, Мұхит Сатенов, Бүркіт Бұқарбаев, Қатира Шүйітбаева, Рамазан Жайханов, Қасым Биханов, Әбілқасым Шүйітбаев секілді барлығы 11 мұғаліммен басталады [Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві Шалқар филиалы (АОМА ШФ) 103-қор, 1-тізбе, 75-с, 6 п.]. 1962-1963-ші оқу жылында мұғалімдер қатарына география, биология пәндерінің мұғалімі Смет Ахметов, орыс тілі пәнінің мұғалімі Мұханбетәли Сағындықов, геометрия, алгебра, физика пәндерінің мұғалімі Зәуреш Төлебаевалар келіп қосылады [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 87-іс, 9 п.]. Бұл ұстаздар қауымы ауыл балаларының білімге деген жолын ашып, жаңа мектептің қалыптасуына ерекше үлес қосты.

Іздек Жайхановтың ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі Тұмалыкөл мектебінің өркендеуіне ерекше серпін берді. Ол ауылдық кеңестің аумағындағы мектеп жасындағы барлық балалардың тізімін жасақтап, олардың мектепке толық қамтылуын әрдайым назарда ұстады. Шалғай қыстақтардағы ата-аналармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, білімнің маңызын ұғындырды. Осы қажырлы еңбектің нәтижесінде мектепке келетін оқушылар саны жыл сайын артып отырды. 1950-жылдардың соңындағы көрсеткіштермен салыстырғанда оқушылар саны шамамен екі есеге жуық көбейіп, әсіресе 1-сыныпқа қабылданатын балалардың қатары тұрақты түрде өсіп отырды. Мәселен 1961-1962 оқу жылында мектепте барлығы жыл басында 135 оқушы болып, оның ішінде 1-4 сыныптарда 67, 5-8 сыныптарда 68 оқушы болды [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 81-іс, 46 п.]. 1962-1963 оқу жылында 1-ші қыркүйектегі есеп бойынша мектепте барлығы 144, оның ішінде 1-сыныпта 19, 2-сыныпта 18, 3-сыныпта 17, 4-сыныпта 18, 5-сыныпта 24, 6-сыныпта 13, 7-сыныпта 19, 8-сыныпта 16 оқушы болды [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 95-іс, 1 п.]. 1963-1964 оқу жылының оқу-тәрбиелік жұмыстарының есебіне қарағанда осы жылы мектеп жасындағы балалар оқуға түгелімен алынып мектепте 150 оқушы болса, оның 65-і қыз бала болған. Оның ішінде 1 сыныпта 21, 2 сыныпта 19, 3-сыныпта 19, 4-сыныпта 15, 5-сыныпта 25, 6-сыныпта 21, 7-сыныпта 13, 8-сыныпта 17 оқушы болды [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 109-іс, 163-164 пп.].

1961 жылы мектептегі барлық құрылыстар сыртқы көлемі бойынша 500 текше метр, 7 пеш болса [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 72-с, 83 п.], 1962-1963 оқу жылының басындағы мәлімет бойынша мектептің барлық жайының көлемі 670 шаршы метр, 6 бөлме, олардың көлемі 210 шаршы метр, 1 физика кабинеті, станогы бар он орындық оқу және оқу-өндірістік  шеберхана, жарты гектар оқу-тәжірибелік алаң болды [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 95-іс, 18 п.]. Мектеп ғимаратының жалпы көлемінің ұлғаю себебі оның жанындағы аяқталмай тұрған қосымша құрылыстың пайдалануға берілуі болатын. Бұл мәселені мектеп директоры Іздек Жайханов 1961 жылдың 17 шілдесіндегі «Қазақстанның 30 жылдығы» ұжымшары жанындағы бастауыш партия ұйымының жиналысында көтереді. Бастауыш партия ұйымының жылдық жұмысы туралы хатшы Нағым Қобыландиннің есепті баяндамасынан кейін сөз алған Іздек Жайханов мектеп мұғалімдері мен оқушыларының ұжымшардың мал қыстату, астық тазарту, егін орағы, төл алу және т.б.жұмыстарына атсалысатындығын айта келе: «Бірақ жеткіншек ұрпақтың дені сау, мәдениетті оқып танылуына біздің мектептің жайы сай келмейін деп отыр. Мектептің қосымша құрылысы биыл екінші жыл ашық тұр. Мектеп биылғы жылы бір сменада оқиды және сегіз жылдық ашылады деп отырмыз. Сондықтан болашақ партия комитеті, колхоз правлениесі (ұжымшар басқармасы-Ә.А.) осы қосымша құрылысты тездетулері тиіс»,-деп білім ошағының мәселесін көтереді [АОМА 15-қор, 1-тізбе, 1406-іс, 57 п.]. Кейін бұл мәселе қолға алынып, 1962 жылы 21-мамырдағы Шалқар аудандық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің № 98-ші шешімімен Тұмалыкөл сегізжылдық мектебі жанындағы аяқталмаған құрылысты оқу жылының басына дейін аяқтау туралы шешім қабылданып [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 92-іс, 27 п.],  1962 жылы мектептегі қосымша құрылыс аяқталып пайдалануға беріледі АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 106-іс, 63 п.].

Осы 1963-1964 оқу жылында оқу-тәрбие жұмысына оның ішінде қыз балалардың тәрбиесіне баса көңіл бөлінеді. Қыз балалармен жұмыс жөнінде қоғамдық негізде мектеп директорының орынбасары болып Зоя Орынбасарова тағайындалады. Мектепте қыз балалар кеңесі құрылады. Кеңес жоспары әр тоқсанға жасаланып, ол педагогикалық кеңесте талқыланып бекітіліп отырды. Осы оқу жылында қыз балаларға арнап 27 дәріс оқылады. Мектептің қоғам, сыныптан тыс және үйірме жұмыстарына 44 қыз бала тартылады [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 116-іс, 71 п.]. Мектепте осы жылы физика, биология-химия, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика, ән-хор, қолөнер үйірмелері жұмыс жасады. Үйірменің жұмыс жоспары педагогикалық кеңесте талқыланып, мектеп директорымен бекітіліп отырды. Үйірмелерге Зоя Орынбасарова, Мұханбетқали Сағындықов, Мұхит Сатенов, Әбдірахим Наурызбаев   сынды мұғалімдер жетекшілік жасайды [АОМА 103-қор, 1-тізбе, 109-іс, 174-175 пп.].

1960-жылдары өткен жылдармен салыстырғанда үлгермеуші оқушылардың саны азая түсті. Мәселен, 1961-1962 оқу жылында барлық пәннен «өте жақсы» деген бағаға 23 бала оқыса, 3-сыныптан 1 оқушы үлгермеуші болды [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 81-іс, 46-п]. 1962-1963 оқу жылында 5-сыныпта орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 1 оқушы, 6-сыныпта орыс тілі және алгебра пәндерінен 1 оқушы үлгермеді [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 97-іс, 11-парақтың арты]. 1963-1964 оқу жылында 3 оқушы екінші жылға (2-ші және 3-ші сынып оқушылары) және 1 оқушы күзгі сынға қалдырылды. Мектеп бойынша 19 оқушы үздік болды.

1967-1968 оқу жылынан бастап мектеп басшысы болып Жантөре Бисековтың тағайындалуына байланысты Іздек Жайханов директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне кіріседі [АОМА ШФ 103-қор, 3-тізбе, 136-іс, 11 п.]. Осы сәттен бастап Іздек Жайханов 13 жылдай уақыт мектептегі оқу және оқу-әдістемелік жұмыстарға басшылық етеді. Мектептегі оқу-әдістемелік жұмыстардың қалыпты жолға қойылуына ықпал етеді.

1971 жылдың 22-24 ші қарашасы аралығында мектепте тақырыптың инспекторлық тексеріс жүргізіледі. Бұл жолы мектептегі әдістемелік бірлестік жұмысы, математика, физика және еңбек пәндері бойынша сабақтардың берілуі тексеріледі. Тексеріс қорытындысы бойынша мектептің оқу-әдістемелік жұмыстарының қалыпты екендігі көрінеді. Мектепте әдістемелік бірлестікке оқу ісі жөніндегі орынбасар Іздек Жайханов пен директор Жантөре Бисеков басшылық жасап, бірлестік жұмысы өндірістік жоспарға «Әдістемелік жұмыстар тақырыбы» деген тараумен кіргізіліп жүргізілгендігі, мектепте бастауыш сыныптар, математика, басқа да пәндер бойынша пәндік секциялар ұйымдастырылғаны, директор арнайы «әдістемелік ақыл-кеңестер» деген папка арнап онда сабақ берудің әдістемелік нұсқаулары мен әдістемелік шеберлікті арыттыру үшін материалдар жинақтағандығы атап көрсетіледі [АОМА ШФ 103-қор, 5-тізбе, 31-іс, 41-42 пп.]. Жаңа бағдарлама бойынша мектеп директоры 21 сабаққа, оқу ісінің меңгерушісі 25 сабаққа кіріп, пән апталықтары жылда жоспарлы түрде өткізіліп келгендігі,  сондай-ақ орыс тілі, қазақ тілі, математика, физика, тарих, география кабинеттерінің жасақталғаны атап көрсетіледі. Осындай шаралар оқушылардың сабақ үлгеріміне оңды ықпал еткен. Мәселен, 1970-1971 оқу жылының 1-ші тоқсанында үлгерім 85 пайыз, оқу озаты 9, екпінді 21, үлгермеуші 21 оқушы болса, 1971-1972 ші оқу жылынының 1-ші тоқсанында үлгерім 95 пайыз, оқу озаты 12, екпінді 29, үлгермеуші 9 оқушы болды [АОМА ШФ 103-қор, 5-тізбе, 31-іс, 43-44 пп.].

Өз білімін көтеру мақсатында үнемі ізденісте жүретін Іздек Жайханов 1967 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының сырттай бөліміне түсіп, оның 1978 жылы математика мамандығы бойынша аяқтап, математика пәнінің мұғалімі деген біліктілік алады.

Осы кезеңдегі білім ордасының өміріндегі үлкен өзгерістердің бірі «Шетырғыз» кеңшарының қаржысы есебінен Тұмалыкөл сегіз жылдық мектебіне жаңа ғимарат салынып, оның 1980-жылдың 1-қыркүйегінен қолданысқа берілуі болатын [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 404-іс, 101 п.]. Осы оқу жылындағы мектеп ғимаратының жалпы көлемі 900 шаршы метр, 500 шаршы метр болатын 9 сынып бөлмесі, физика және еңбек кабинеттері болса, дене шынықтыру залының көлемі 28 шаршы метр болды. Кітапханадағы кітап, брошюра, оқулықтар саны 600 дана болды [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 688-іс, 6-7 пп.].

Аудандық халыққа білім беру бөлімінің 1980-жылдың 26-қарашасындағы № 922-ші бұйрығына сәйкес Іздек Жайханов қайтадан мектеп директоры болып тағайындалып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әбимулла Бұқарбаев болады [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 403-іс, 307 п.]. Мектеп директоры қызметін 1985 жылға дейін атқарады. Бұл кезеңде мектепте Әбимулла Бұқарбаев, Бүркіт Бұқарбаев, Әбдірахман Смағұлов, Қасым Биханов, Қатира Шүйітбаева, Санат Сарина, Зоя Орынбасарова, Бибіажар Жиеналина, Әбілқайыр Шорин, Жолжан Жайханов, Қаржаубай Смағұлов, Нағира Қыдырова, Сәбира Салабаева, Зеріп Наурызбаева, Гүлстан Наурызбаева, Күләнда Тәңірбергенова, Гүлжанат Баймұханова, Балзира Малаева, Алмагүл Жайханова, Амантай Саханова, Қалампыр Сәңкібаева, Кермеқас Сағымбаева сынды мұғалімдер жұмыс жасады [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 728-іс, 7-8 п; 798-іс, 6 п.]. 1984-1985 оқу жылын мектеп бойынша 145 оқушы аяқтайды. Оның ішінде даярлық сыныбында 25, 1-сыныпта 15, 2-сыныпта 10, 3-сыныпта 16, 4-сыныпта 18, 5-сыныпта 17, 6-сыныпта 12, 7-сыныпта 15, 8-сыныпта 17 оқушы болды. Жас натуралистер үйірмесінде 35, көркемөнерпаздар үйірмесінде 40 оқушы болды. Үш ұзартылған күн тобы болып, онда 145 оқушы оқыды [АОМА ШФ 103-қор, 1-тізбе, 688-іс, 6-7 пп.].

1985-1986 оқу жылынан бастап мектеп директоры қызметіне Бұқарбай Досқабылов кірісіп, Іздек Жайханов ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырады. Осылайша саналы ғұмырының басым бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арналған ардагер 40 жылдан астам ұстаздық қызметін абыроймен аяқтайды. Еңбек жолының әр кезеңінде жауапкершілік пен адалдықты негізгі қағида етіп ұстаған болатын. Мектептегі басшылық қызметінің соңғы жылдары берілген өндірістік мінездемеде Іздек Жайхановтың кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ерекше атап көрсетіледі. Онда:«Жайханов жолдас педагогикалық қызметінің 43 жылы бойына, оның ішінде 25 жылдық басшылық кезеңінде өз жұмысына зор ынтамен, үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ол оқытқан пәндерінен бірде-бір үлгермеуші болған емес. Көп жылдар бойы мектептің әдістемелік жұмыстарын басқарып, мұғалімдердің жан-жақты, терең білімді, сабақ беру әдістемесінің сан қырларын меңгерген білікті педагог болып қалыптасуына күш салып, әрдайым қамқорлық көрсетіп келеді. Мектеп басшысы ретінде де ол ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Оқу-тәрбие үдерісін терең меңгерген. Мектеп ұжымын алға қойған мақсат-міндеттерді орындауға тамаша ұйымдастыра біледі. Оның жетекшілігімен соңғы 25 жылда Тұмалыкөл сегізжылдық мектебі үнемі 100 пайыз үлгерім көрсетіп келеді.» [Тұмалыкөл сегіз жылдық мектебінің директоры Іздек Жайхановқа берілген өндірістік мінездеме.// Б.Жайхановтың отбасылық архиві].

Іздек Жайханов ұстаздық қызметімен қатар қоғамдық-саяси жұмыстарды да атқара білді. Жауапкершілігі мол, кез-келген істі алып кететін қасиетінің арқасында 1941 жылы Бүкілодақтық Лениншіл коммунистік жастар одағының қатарына өтіп, әскерде аталмыш ұйымының хатшысы ретінде танылады. 1951 жылы партия қатарына өткеннен кейін ауылдағы, ұжымшардағы бастауыш партия ұйымдарының хатшысы, округтік сайлау комиссияларының төрағасы, бірнеше рет ауылдық кеңес депутаты ретінде жұмыстар атқарып, ауылдың қоғамдық-саяси өмірінде де өзіндік ізін қалдырады.

Майдангер ұстаздың 40 жылдан астам уақыт педагогикалық қызметіндегі қол жеткізген жетістіктері мен табыстары  үшін Қазақ ССР Оқу Министрлігі 1985 жылдың 29-наурызында «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогімен наградтайды. 1985 жылғы 1-наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін І Дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.

Жолдасы ұстаз Қатира Шүйітбаевамен бірге тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы Жолжан Жайханов пен қыздары Алмагүл, Ғазиза Жайхановалар әке мен ана жолын қуып білім саласында ұстаздық қызмет етті. Сондай-ақ Жайхановтар әулетінен Тұмалыкөлдегі мектепте Рамазан Жайханов және оның қыздары Амантай Саханова, Ләйла Жайхановалармен бірге келіні Рәзия Әминова да жемісті еңбек еткен болатын.

Осылайша барлық саналы ғұмырын Шалқар ауданының бірқатар өңірлері мен Тұмалыкөл ауылындағы білім беру мен қоғамдық-саяси жұмыстарға арнаған ұлағатты ұстаз, еңбек және соғыс ардагерінің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс деп есептейміз.

Әлібек Аман,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір