Жұма, 28 Қараша 2025
Пікір 167 0 пікір 28 Қараша, 2025 сағат 20:56

Тұлғатану арқылы тарихты тану кітабы жарық көрді

Сурет: Abai.kz сайты.

(Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты эсселер жинағы жайында)

Алматы қаласында Ұлттық кітапханада 24 қараша күні зиялы қауымға өте маңызды әрі мазмұнды кітаптың таныстырылымы өтті. Жиылған қауым назарына мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, академик, журналист Мұхтар Абрарұлы Құл- Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабы ұсынылды. Жиында автор кітаптың жазылу тарихы мен оның маңызы туралы баяндама жасады.

Автор әуел бастан бұл кітаптың тарихтану, дәлірек айтсақ – «тарихты тұлғалар арқылы тану» екенін атап өтті. Негізі, тарих ғылымы өткенді зерттеу үшін әртүрлі әдістерді қолданады. Өйткені ол қайталанбайтын оқиғаларды, қоғамдардың дамуын және саяси, экономикалық, мәдени, рухани факторлардың өзара байланысын тұтасымен қарастырады.

Бұл әдістерді бірнеше үлкен топқа бөлуге болады:

1. Жалпы ғылыми әдістер. Бұл әдістер барлық ғылым салаларында қолданылады. Тарихта ол фактілерді талдау, жүйелеу және түсіндіру үшін қажет.

2. Арнайы-тарихи әдістер. Бұл әдістердің көпшілігін тарихшылардың өздері қалыптастырады. Бұл бойынша тарихи-хронология, яғни, оқиғаларды уақыт реттілігімен зерттеу мен процестің динамикасын анықтау жүзеге асады...

3. Тарихи деректану әдістері. Тарих ғылымының негізі — дереккөздер, сондықтан оларды талдау ерекше маңызды.

Академик жазушы Мұхтар Абрарұлы өзінің «Менің ағаларым» атты кітабында осы үш әдісті қатар қолданған десе болады. Өйткені, ол өзінің көзі көрген, белгілі бір жағдайларда аралас- құралас болған, пікірлескен, сұхбаттасқан, тәлім тәрбиесін көрген тұлғалардың тарихи портретін жасап шығуды басты мақсат еткен.

Әрине, тарихта тұлғалардың орны ерекше: олар қоғамды алға жетелейтін авангард ролін атқарады. Сондықтан, олдардың өмірін бейнелеу арқылы қоғам өз тарихының терең де астарлы мәнін ұға алады: олардың атқарған шаруалары, оның қоғам мен мемлекет дамуына тигізген ықпалы, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі орны мен басқа көптеген қызметтерінің қырын ашу – олар өмір сүрген заманның тұтас картинасын ұғуға, оны түсінуге жол ашады. Сөйтіп, ол тұлғалардың болмысын тану – еліміздің сол дәуірдегі тарихын объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді.

Әдетте, тарих ілімі қоғам дамуын объективті және субъективті факторлармен біртұтас байланыста қарастырады. Мұхтар Абрарұлы да осы тәсілді шебер қолдана алған: оның бұл кітабы Қазақстанның 20-шы ғасырдағы тарихын қамтығандықтан, мұндағы «субъектілік» сол заманғы объективті жағдайлардың ерекшеліктерін ескеруге мәжбүр. Мұнда Тұлғаға, яғни, тарихи субъектіге тек қана жеке көзқарас аясында баға беруге болмайды. Оны автор былай деп түсіндіреді: «Өмірде болатын алып тұлғалар – мәңгілік субстанциялар». Яғни, қоғамда тұлға өмірі, оның бейнесі мен кескіні – «толқыннан толқын туады» деген қағидамен жалғасады. Тұлғаның жасаған бар ісін одан үлгі алған келесі толқын буыны жалғастырады.

Осы ретте, қазақ болмысын жетік меңгерген Мұхтар Абрарұлы Қазақ халқының ұлттық тәрбие жүйесі бастауында «Тұлғамен тәрбие» тұратынын байқаған. Мәселен, мәңгілік өмір сарынын күйге салған қобыз атасы Қорқыттан, Жерұйық идеясын ұсынған Асанқайғы есімдерінен бастап, халқымыздың атақты билері мен әулиелері, Елім деп жанын қиған хас батырлары, Алаш қайраткерлері, Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаевтардың есімдері, Әлікей Марғұлан мен Қаныш Сатбаевтардың және елімізде жаңа ғылымды дамытқан ғұламалардың, атақты жазушылардың есімдері – қазақтың «тұлғамен тәрбие» этнопедагогикасының ажырамас бөлігі екенін осы – «Менің ағаларым» кітабы арқылы есімізге салады.

Әрине, бір кітапта қазақтың тарихта өткен барлық тұлғаларын жазып шығу мүмкін емес, әрі автор "өз ағаларының" шеңберінде ғана шектелген. Артық міндетке жығылмаған.Ол автордың бұрынғы қызметі – Қазақ Кеңес энциклопедиясы Бас редакциясында атқарған қызметімен біте қайнасқан болатын. Бірақ, М.Абрарұлы одан кейінгі кезеңдерде ұзақ уақыттар мемлекеттік беделді қызметтер атқара жүріп, ол өзінің «энциклопедиялық шаңырағына» адалдық танытқан – бүгінгі жарық көрген «Менің ағаларым» кітабы өзінің жанры (формасы) жағынан естелік эсселер болғанымен, мазмұны энциклопедиялық деуге келеді.

Сондықтан, ол осы кітапты жазу барысында көп уақытын Ұлттық кітапхананың мұрағаттар мен сирек қолжазбалар бөлімінде отырып, әрбір деректі мұқият зерделейді – ақиқаттан ауып кетпеуді ерекше қадағалайды. Яғни, қазақ айтатындай, бұл кітап Мұхтар Абрарұлының «көз майын тауыса» жазған кітабы қатарында тұр деп айта аламыз. Бұл автордың тарихи зертеуінде қолданған үшінші – деректану әдісі десе болады.

Одан әрі, кітапта тарихи зерттеудің тағы бір тәсілі қолданылған, ол:

4. Пәнаралық (интердисциплинарлық) әдістер. Қазіргі тарих ғылым мен гуманитарлық және жаратылыстану салаларының әдістерін кеңінен қолданады. Бұл кітапта да, сондықтан:

1. Еліміздің жаратылыстану саласының ұлы ғалымдары, академиктер Шаһмардан Есеновтың, Өмірбек Жолдасбековтардың есімдері;

2. Тарих және әдебиет саласы ғылымдарының көрнекті өкілдері Манаш Қозыбаевтың, Қалтай Мұхамеджановтың, декан Темірбек Қожакеевтың, ойшыл философ, эстет Мұрат Әуезовтың;

3. Заң ғылымдары саласынан академик Салық Зиманов;

4. Медицина ғылымының, соның ішінде диетология саласының академигі Төрегелді Шармановтың;

5. Атақты өнертанушы, сәулет саласы ғылымының өкілі, сәулетші Шот-Аман Уәлиханның;

6. Белгілі қаламгер, публицист Камал Смаиловтың;7. Қазақтың батыр тұлғалары Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсеновтың;

8. Ардақты әке Абрар Құл-Мұхаммед пен академик Рымғали Нұрғали туралы эсселері бір кітапқа шоғырланып, өзара жымдасып, олар өмір сүрген 20-шы ғасырдағы қазақ қоғамының өмірі мен тынысының «энциклопедиялық бейнесін» беріп тұр.

Негізі, бізде тұлғалар туралы жекелеген кітаптар шығып жатады. Олардың біразы бізге белгілі. Ол кітаптар, негізінен, Кеңестер одағы қалыптастырған «Ұлы адамдар» сериясының жалғасы болып келді. Оның бас кейіпкерлері ірі замандарда өмір сүрген тұлғалар еді, қызмет салалары да әртүрлі болатын. Ол кітаптар көбіне «Тұлғаның тұлғалық бейнесін жасауға» арналады.
Ал, Мұхтар Абрарұлының бүгінгі «Менің ағаларым» кітабы «Тұлғалар арқылы замана бейнесін беру» атты жаңа жанр, жаңа бастама деуге келеді. Өйткені, мұндағы тұлғалардың бәрі дерлік -- бір қоғамдық жүйеде өскен, сол жүйемен қалыптасқан тұлғалар. Бірақ, олар оның әр саласында қызмет ете отырып, өз еліне мейлінше пәрменді қызмет ете алғандар!

Сондықтан, бұл кітаптағы «портреттер галереясы» өзінің мәні жағынан тарихи зерттеуге, жеткізу формасы жағынан әдеби шығармаға, қамтылған мәселелер ауқымы жағынан энциклопедиялық ілімге мейілінше жақын келеді. Кітап сонысымен де құнды.

Біздің ойымызша, қазақ мәдениетінде осындай үрдіс жалғасын таба бергені дұрыс. Себебі, «бүгінгі толқынның» өз ағысы «өзінен кейінгі толқынды» тудыра алатындай қарқыны болмай шықса, келер ұрпаққа оны қайта тудыру, қайта генерациялау қиынның қиыны болары анық.

Бұл кітаптың да негізгі айтар ойы, фабуласы осыған келіп тіреледі деп ойлаймыз...

Оқыңыздар, ойланыңыздар!

Әбдірашит Бәкірұлы, философ, публицист

Аbai.kz

0 пікір