Сәрсенбі, 10 Желтоқсан 2025
Аласапыран 256 0 пікір 9 Желтоқсан, 2025 сағат 15:05

Зеленский: Жерден шегінуге құқымыз жоқ!

Сурет: bm.ge сайтынан алынды.

Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп бейбіт келіссөздер мәселесінде АҚШ ұсынған шарттарға Украина президенті көнбей отырғанын айтты.

Трамп: «Біз президент Путинмен сөйлестік, біз украин басшыларымен және Зеленскиймен сөйлестік. Менің кішкене көңілім түскенін айтуым керек, өйткені президент Зеленский бейбіт жоспармен әлі толық таныспаған сияқты. Ол жайлы мен бірнеше сағат бұрын білдім. Бұл жоспар оның адамдарына ұнайды, бірақ оған ұнамайды. Ресей ол елді (Украинаны) толық алуды қалар еді, бірақ Ресейге қазіргі ұсынылған жоспар ұнауда. Бірақ бұл жоспар Зеленскийге ұнайтынына күмәндімін. Оның адамдарына ұнап тұр. Ал ол бұл жоспармен әлі толық таныспаған сияқты», - дейді.

Украина президенті Зеленский кеше Лондонда Стармер, Мерц және Макрон үштігімен келіссөз өткізді. Осының алдында Зеленский «Bloomberg» агенттігіне сұхбат берді.

Зеленскийдің мәлімдемелері:

- Бейбіт жоспардың бірнеше нұсқасы қаралды. Барлық нұсқаның түп мақсаты бір. Әуелде 28 тармақ болды. Кейін анти-украиналық тармақтар алынып, 20 тармаққа қысқарды, - деді.

- АҚШ-тың мақсаты айқын. Ол - соғысты тоқтату, - деді.

- Басты сұрақ - егер Ресей келісімнен кейін, араға уақыт салып қайта шабуылдаса не болмақ? АҚШ пен Еуропа қалай әрекет етеді?, - деді.

- АҚШ компромисске қол жеткізгісі келеді. Бірақ, қауіпсіздік кепілдігі керек және территория мәселесінде мәліме жоқ, - деді.

- Біз қауіпсіздік кепілдігіне айырбас ретінде жер беру деген нұсқаға келісе алмаймыз, - деді.

- Украина өз территорияларын Конституцияға, халықаралық құқыққа және моральдық құқыққа сәйкес беруге құқы жоқ, - деді.

- Ресей бізден жер беруді талап етіп отыр. Біз жер бергіміз келмейді, сол үшін де күресіп жатырмыз, - деді.

- Ертең Украина-Еуропа бірлесіп әзірлеген бейбіт жоспар дайын болады. Оны біз АҚШ-қа жібереміз. Бұл жоспар да бейбітшілікке бағытталған, шынайы жоспарлардың бірі, - деді.

- Еуропаның ішінде де түрлі басшылар бар. Украинаға көмекті блоктап жатқан ресейшіл лидерлер де, АҚШ-ты қолдайтын лидерлер де жеткілікті. Оларды сіздер де білесіздер, - деді.

- АҚШ мықты серіктес. Президент Трамп сөзсіз соғыстың тоқтағанын қалайды. Бұл - факт, - деді.

- АҚШ-тың келіссөздерден шығып, бірақ Украинаға қару-жарақ жеткізуге арналған PURL бағдарламасында қалғаны бізге тиімді ме? Жоқ! Біз АҚШ-тың қолдауы үшін де күресуіміз керек. Ал PURL - Еуропада жоқ, бірақ бізге ауадай қажет қаруларды жеткізуге арналған бағдарлама. Ол үшін АҚШ-тың да қолдауы маңызды, - деді.

- Запорож АЭС-і бізсіз жұмыс жасай алмайды, - деді.

- Келіссөздердегі ең күрделі мәселелер - Донбасс, Запорож АЭС-і, ақша мен қауіпсіздік кепілдігі, - деді.

- Майдандағы ахуал шынында күрделі. Бірақ, ұнжырғамызды түсіруге әлі ерте. Олар басып алмаған аумақтарды түбі олар басып алады деуге болмайды. Ал жер алмасу мәселесіне келсек, ондай ойлар айтылды. Бірақ, бұлай дұрыс болмайды, - деді.

- Ресей әскерінің бір бөлігі кірген Сумскі мен Харьковтің жерлері бар. Олар ол жерлерді ұстап қала алмайды, - деді.

- Егер майдан сызығында соғысты тоқтатсақ, ол жерлердің тағдыры не болмақ? Жалпы территория мәселесі өте күрделі, - деді.

- Ресей Донецкі облысындағы біздің бақылауымыздағы жерлерді толық алғысы келеді. Бірақ, ол жерлер біздікі. Оны жай ғана бере алмаймыз. Олар сол жерлерді алу үшін майдан даласында, ақпараттық алаңдарда, саяси алаңдарда қысымды арттыруда. Біз барынша қорғанудамыз, - деді.

- Иә, АҚШ бізбен ойын ойнап отырған жоқ. Кушнер барын салуда. Ситив те бар. Барлығы соғыстың тоқтағанын қалайды. Біз де. Бірақ, қандай жағдайда, қандай шарттармен тоқтайтыны біз үшін өте маңызды, - деді.

Abai.kz

0 пікір