Сейсенбі, 9 Желтоқсан 2025
Ғибырат 133 0 пікір 9 Желтоқсан, 2025 сағат 15:11

Азат елдiң әдебиетi

Сурет: stan.kz сайтынан алынды.

Азат ел қандай болады? Азат елдiң әдебиетi қандай болады? Бұл сұрақтарға бiрден тоқ еткiзiп жауап беру оңайға түспейдi. Себебi, сiз бен бiз ондай дәурендi бастан кешiрiп көргенiмiз жоқ. Рас, ата-бабаларымыз бiр кезде азат-еркiн ел болған деседi. Соны есiмiзге салғандай, қанымызда қалған бостандық рухы оқта-текте бұлқына соққаны болмаса, азаттықтың не екенiн бiз ұмытқалы қашан?!

Ал «отаршылдық деген не? Отар елдiң әдебиетi қалай жасалады? Ұзаққа созылған бодандық бұғауы мен қатып қалған коммунистiк идеология адамдарды қалай құлдыққа түсiрiп, ұлттық қасиеттердi жойып жiберуге қалай жанталасады?» деген сұрақ туса, ол жағын көп қиналмай-ақ айтып беруге болады? Өйткенi бiз құлдық пен кiрiптарлықтың толық курсынан өткен елмiз ғой. Империялық зорлық, отаршыл елдiң бұратана ұлтқа жасайтын қиянаты, социалистiк төңкерiстiң түр-түрi, оның ресейлiк моделi ғана емес, қытайлық, монғолдық модельдерi, бәрi-бәрi – көзбен көрiп, қолмен ұстаған таныс жайлар. Арманда қалдық дейтiн емес: ер кезегi үшке дейiн болса, ел кезегi де үшеу екен. Бәрiн де бастан өткердiк. «Социализм орнатуларыңа қарсылығым жоқ. Бiрақ ол үшiн жандарың ашымайтын басқа бiр елдi таңдап алыңдар» дептi баяғыда Германияның «Қайсар канцлерi» атанған Бисмарк деген кiсi. Сол айтқандай, бiздiң қазақ та, сорымызға қарай, кiлең бiр өзге түгiл өзiне де жаны ашымайтын елдердiң көшiне iлесiптi ғой.

Сөйтiп жүргенде, кеш те болса, азаттық таңы да атты-ау, әйтеуiр! 1991-жылдың 16-желтоқсаны, сөз жоқ, мәңгi тарихта қалды. Бұл күн – қазақ халқының арада екi жарым ғасыр өткенде, тәуелсiздiкке қайтадан қол жеткiзген күнi. Бiрақ, бiз осы азаттықтың қадiр-қасиетiн дер кезiнде сезiне алдық па? Сол күнi кешке таман қазақ теледидарының шолушысы Қазақстанның тәуелсiздiк алғанын жариялады... Жариялады деу артық, жай көп жаңалықтың бiрiндей хабарлап өте шықты. Бейне бiр, тәуелсiздiк алған – Қазақстан емес, айдаладағы Эфиопия ма, Мозамбик пе, бiреу секiлдi. Мен таң қалдым: «Мынау неге әлемге жар салмайды? Үкiмет басшылары қазақ халқынан неге сүйiншi сұрамайды? – деймiн назаланып. – Бiреулердiң көңiлiне келе ме деп жалтақтап қалған басымыз, тым құрыса екi жүз жылда бiр келген азаттығымызға да дұрыстап қуана алмадық-ау!»

Неге бұлай? Шынымен-ақ, құлдыққа әбден етiмiз өлiп кеткенi ме? Ұзақ жыл зынданда жатқан адам жарық дүниеге шыққанда, күн көзiне тiке қарай алмайды деушi едi. Әлде, бiз де сондай сәттi бастан кешiрiп тұрмыз ба? Не болмаса, бiзге жеткен тәуелсiздiк әбден үмiт үздiрiп, шаршатып барып, елдiң ең соңынан келгендiгiнен бе? Бәлкiм, империя ойламаған жерден ыдырап, бiз iштей дайындалып үлгiрмеген шығармыз?

Иә, ол да мүмкiн. Өйткенi бiз соңғы күндерге дейiн үнемi одақты сақтап қалу жағында жүрдiк қой. Федерацияға да мақұл болдық. Конфедерация ма? Оған да көнуге әзiр едiк... Айналайын, тәуелсiздiк бiздiң ұйқыдан оянуымызды күтпей-ақ, өзi келдi ғой ауылымызға! Бұл үшiн ең алдымен, империяның iргесiн бiрiншi боп шайқалтқан үш қарлығаш – Балтық республикаларына қарыздармыз. Ерлiктiң, қайсарлықтың үлгiсiн алдымен солар көрсеттi. Сонан соң, ең ақырында империяның шаңырағын ортасынан түсiрiп, ошақтың үш бұтын үш жаққа сүйреп кеткен славян елдерi: Ресейге, Украина мен Белоруссияға рақмет. «Жамбас сүйектi қақ айырсаң, көтен iшек бос қалады» дейтiн көшпендiлер. Сол айтқандай, ел иесi «Қара шаңырақ» үйiн жығып, жүгiн артып жатқанда, былайғы көршi-қолаңның iрге көтермеске амалы қайсы?

Алайда, кейбiр керауыздар бiздiң халқымызға соның өзiн де көп көрдi-ау! Үкiм айтып үйренген ежелгi әдетпен, бiреулер парламентте отырып: «Қазақстан секiлдi көп ұлтты республикаға тәуелсiздiк қажет пе?» деп қорлағанын қайтерсiң. Бiздiң басшылар тақ бiр кiнәлi адамдай: «Ендi не iстеймiз? Жағдай осылай болды» деп әлгiлерге түсiнiк берiп жатты.

Несiн жасырайын, осы көрiнiстердi теледидардан көрiп отырып, «намыстан, уа дариға, өлгенiм жоқ» деп Бiржан сал айтқандай, қатты қорланғаным есiмде. Жеке мен ғана емес, бойында азды-көптi қаны бар қазақ баласы өзiн осылай сезiнгенi анық. «Ау, бұл қалай? – деймiн iшiмнен.

– Бiздiң халқымыз ғасырлар бойы азаттықты арман етпегендей, қолына қару алған небiр боздақтар бостандық үшiн басын бермегендей, тереземiз тең, еркiн ел болайық деп талпынғаны үшiн қазақтың зиялы қауымы түрмеде тұншықпағандай, осыншама дәрменсiздiк танытатын не жөнiмiз бар едi? Аспаннан кесек-кесек киiз жауып жатқанда, ұлтарақ алуға ұмтылмасақ, азаматтығымыз, елдiгiмiз қайсы?!»

Сонымен, не керек, екi ұдай күйде етекбасты бола жүрiп, көп күттiрген тәуелсiздiкке де қол жеткiздiк. Кешегi империяның шағылған жұртында он бес отау бой көтердi. Әркiм еселi еншiсiн алып, шашылған дүниесiн жинақтап, өз алдына тiршiлiк ете бастады. Өзiне тиесiлi әскерiн жасақтап, шекарасын бекiтiп жатқандар да бар. Ендi қалай, өзiн-өзi қорғайтын тұрақты әскерi, шекарасы жоқ мемлекет болушы ма едi? Ал бiз бұл жолы да асығар емеспiз, сол баяғы ескi әуен: «Ресми шекараның қажетi не? Басқалар қарулы күштерiн бөлiп әкетсе де, бiз бiрлескен армияның құрамында қаламыз» деп мәлiмдедiк.

Бiздiңше, осы жағын әлi де ойласу керек. Қазiргi әскер iшiндегi алауыздық анау, орыс офицерлерi мен солдаттарынан таяқ жеп, қорлық көрген жастарымыздың топ-топ болып қашып келiп жатқаны мынау! Ендеше ортақ командаға бағынған құрама әскер дәл қазiр ұлт араздығын қоздырғаннан басқа не бередi? Ұлы империя – КСРО тарағанымен, кiшi империя РСФСР сақталып отыр. Ресей армиясының түбi қандай мiндет атқаратынын бiр құдайдың өзi бiлсiн. Қазақстанның бiрiккен армия құрамында қалуы – өз аумағындағы бiр миллиондай әскердiң ауыртпалығын бұдан кейiн де көтеру деген сөз. Ал бiзге осыншама әскердiң қажетi не? Түбiнде бiздiң республикамыз ядролық қару ұстамайтын, ешбiр блокқа қосылмайтын, өз шекарасын ғана қорғайтын шағын әскерi бар, бейтарап елге айналса ғана ұтатынын есте ұстағанымыз жөн.

Бұл күнде Қазақстанды тәуелсiз ел ретiнде жүзден астам мемлекет таныған екен. Көңiлдегi үлкен медеу осы. Түбi, экономикалық дербестiкке де жетермiз, әскердi де бөлiп алармыз. Мұның бәрi, әйтеуiр, көрiнiп тұрған реалды нәрселер ғой. Бiздiңше, ең қиын нәрсе – көзге көрiнбейтiн тәуелсiздiк, адамдардың рухани азаттығы. Ғасырлар бойы орнығып қалған құлдықтың тақия таңбасын кетiру оңайға түспейдi. Бiздiң жалпы рухани өмiрiмiз, болашақ идеологиямыз, әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздiң   бағыт-бағдары осыған байланысты болайын деп тұр.

Ал ендi бiздiң әдебиетiмiз бұдан былай қай бағытта дамуы керек? Әзiрше бiлетiнiмiз – оның бұрынғы отарлық әдебиетке мүлде ұқсамайтындығы. Ендiгi әдебиеттiң сипаты да, мазмұны да басқаша болуға тиiс. Ашығын айту керек, бiздегi жетпiс жыл бойы өмiр сүрген «қазақ совет әдебиетi» – отар елдер әдебиетiнiң жарқын үлгiсi болды. Жеке бiз емес, орыс әдебиетiнен басқа барлық одақтас республикалардың жағдайы солай. Әдебиеттi дайын қалыпқа салу, отаршыл саясатқа бағындыру жағынан бiз тiптi Азия мен Африкадағы бодан елдерден де асып түстiк. Өйткенi, бiздiң желкемiзде империялық зорлықпен бiрге коммунистiк идеология қоса төнiп тұрды. Ал бiр кездегi Ресей империясын ыдыратпай аман алып қалған, оның бiрден-бiр мұрагерi – большевиктер болғаны бұл күнде әркiмге аян.

Дүние жүзiндегi барша отар елдер секiлдi, Кеңес дәуiрiндегi қазақ әдебиетi де негiзiнен үш бағытта дамығанын көремiз. Оның бiрiншi тобына – Қазан төңкерiсiнен бұрын да азаттық идеясын ту қып көтерген, саяси бағыты айқын, коммунистiк догманың зорлығына көне қоймаған, қазақ ақын-жазушыларының Алаш рухындағы алдыңғы легi жатады. Бұларды империялық үкiмет 20-30 жылдары әр түрлi сылтаумен қолға алып, түгел дерлiк жойып жiбердi. Жендеттердiң «асыруға көнбейтiндердi» сүбесiнен басып сұрыптауында қапы жоқ. Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, X.Досмұхаметов, Ж.Ақбаев сынды iрi-iрi саяси қайраткерлердi қоспағанда, тек жазушыларының өзiнен: Ахмет, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжан, Жүсiпбек, Сәкен, Iлияс, Бейiмбет, Сымағұл... Байқайсыз ба, халқымыздың кiлең сорпаға шығар ақыл-ой көсемдерiн, сүт бетiнде қаймағын қалқып отырған. Мақсат – қазақтың тiлiн кесу, ендi қайтып бас көтертпеу. Отаршылдар ол ниетiне жеттi де.

Екiншi бағыт – жаңағы «сыпырмадан» аман қалған, алғашқылардың тағдырын көре тұрып, амалсыз ымыраға (компромиске) жүгiнген, сол арқылы әдебиеттегi реалистiк, халықтық үрдiстi сақтап қалуға тырысқан бiр шоғыр талантты ағаларымыз. Бұлар қуғын-сүргiн, қыспақты көре жүрiп, мәдениетiмiздi құрып кетуден сақтады. Әрi оның iлгерi басуына теңдесi жоқ, мол үлес қосты. Ара-тұра кеңестiк құрылысқа қалам тарта жүрiп, әйтеуiр, астар-иша-
рамен болса да, бүгiнгi өмiрдiң қайшылықтарын ашуға, мүмкiндiгiнше, халықтың арғы-бергi тарихының көркем шежiресiн жасауға күш салды. М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов, С.Мұқанов, I.Есенберлин, X.Есенжанов, З.Шашкин, Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин, Ә.Тәжiбаев т.б. жазушылардың қаламынан туған үздiк туындылар қазақ әдебиетiндегi реалистiк бағытты ұстап тұрды.

Аяусыз диктатура мен жаппай қуғын-сүргiн заманында өнер адамдарының компромиске баруының да жемiстi жағы болды. Мәселе – құрғақ айқайға елiкпей, iшкi бостандығыңды сақтап қалуда. Егер Мұхтар Әуезов 1932-жылы түрмеде отырып, Кеңес өкiметiне ашық хат жазбаса, сөйтiп өз басына бостандық алмаса, «Абай жолы» эпопеясы дүниеге келмес едi ғой. Осы бiр ұлы шығармасыз бүгiнгi қазақ әдебиетiнiң халi не болар едi? Әдебиетiмiзге мол олжа салған осынау бiлiктi буынға бiз – соғыс шындығын ала келген кейбiр майдангерлер мен 60-жылдардағы «жылымықта» бой көтерген бiр топ талантты ақын-жазушыларды да қосар едiк. Кейiнгi жылдарда халықтық, реалистiк бағытты, мiне, осылар жалғастырды.

Ал соңғы үшiншi бағытты ұстағандар тiптi көп-ақ. Олардың атын атап, түсiн түстеп, тiзiп жатудың өзi артық болар. Бiр сөзбен айтқанда, бұлар – ағыспен ыққандар, ауқымды баққандар, отаршылдық саясат пен коммунистiк идеологияның сойылын соғып, тарысын терiп жеушiлер. Талантқа тапшы, iшкi бостандықтан жұрдай, бiрақ бақай есепке жүйрiк мұндай жолбикелердiң, әрине, қоғамдағы орны үстем болды. Олар, бейне, атасының алдында отырған ерке бала тәрiздi едi. Тәуiр қызмет – соларда, орден-медаль, сый-сыяпат – соларда. Орталық Комитетке беделдi, бастықтарға жағымды. Онысын өздерi де жасырмай, әлдебiр отаршыл шенеунiкпен, не республика басшыларымен табақтас бола қалса, соған әлдеқандай болып, бiразға дейiн тiстерiн шұқып жүрер едi.

«Социалистiк реализмнiң» дайын қалыбына салып шығарма жазу үшiн, бәлендей асып бара жатқан таланттың да қажетi жоқ-тұғын. Партия нұсқаулары мен қаулы-қарарды жаттап ал да, көпiртiп жаза бер. Әдебиет – таптық сананың көрiнiсi, партиялық iстiң бiр бөлегi. Коммунистер – заманымыздың ақыл-ойы, ар-ұяты, намысы. Дүние-
дегi ең төңкерiсшiл, ең саналы, абзал адамдар – пролетарлар... Кедейлiк – iзгiлiк өлшемi. Байлар – езушi, жыртқыш, ақымақ. Осылардың iшiнен жағымды, жағымсыз кейiпкердi iрiктеп ал да, ақ пен қара бояуды баттастыра жағып, сыдырта бер. Бет алдымыз – адамзаттың нұрлы болашағы – коммунизм. Сол негiзгi нысанадан жаңылмасаң болғаны! Бұл ендi әдебиеттiң әмбеге ортақ таптық, партиялық жағы.

Сонан кейiн, орыс әдебиетiнен басқа бүкiл аз ұлт жазушыларына қойылатын тағы бiр талап бар. Ол – ұлттар достығын жырлау. Империялық саясаттың бүркеншiк     аты – «интернационализм» десек, соны көкке көтере дәрiптеу... Достық қашанда керек қой. Оған кiм қарсы? Бiрақ мұнда да дайын қалып бар: бүкiл бодан ұлттар ұлы орыс халқына құлдық ұрып, оған өмiр бойы алғыс айтуы керек. Бұратана ұлттардың ата-бабасы кезiнде басқа бiр отаршылдың қолына түсiп кетпей, Ресей империясына бағынғаны мұндай жақсы болар ма! Сол үшiн тағдырға мәңгi қарыздар. Логика айқын: егер олар Ресей империясына бодан болмаса, кейiнгi ұрпақтары Қазан төңкерiсiнiң шарапатына iлiкпес едi ғой. Адамзаттың нұрлы болашағы – коммунизм шұғыласына бүйтiп елден бұрын шомылмас едi. Ал қазақ сияқты капитализмге соқпай, социализмге секiрiп өткендердiң алғысы тiптi ерекше. Қақ жартысы аштан қырылып, тiрi қалғандары өмiр бойы құл боп өтсе де, бұл қазақ Ресейдiң қарызынан құтылар ма екен?

Мiне, сiзге концепция керек болса! Осының бәрi СОКП тарихында тайға таңба басқандай ап-анық жазылған. Ұлттар достығы, бес жылдықтар қарқыны... қажетiңдi таңдап ал да, бұрқыратып жаза бер. Көп қаламгерлер, шынында да, сөйттi, бұрқыратып жаза бердi. Осыдан барып, көркемдiктен, шындықтан жұрдай, көк жасық дүниелер қаптады. Мұндай дарынсыздыққа шек қою былай тұрсын, қайта олар жоғарғы жақтан қолдау тауып отырды.

Бiз осының бәрiн неге айтып отырмыз? Халқымыз тәуелсiздiк алып, азаттыққа ұмтылып отырған бүгiнгi таңда, өткен жолдарымызға талдау жасап, осылай бiр сiлкiнуiмiз керек. Өткенге салауат, ендiгiсiнiң қайырын күтейiк деуге болмайды. Әдебиет те – тiрi организм, жаңағы айтылған түрлi бағыттағы жазушылар қазiр де арамызда жүр... Рас, еркiн кәсiп адамдарын «сен осындай болдың» деп ешкiм де шетке қақпас, қаламын тартып алмас. Бiрақ бұл қаламгерлер қауымы тарих сотына iлiкпейдi, Уақыт сүзгiсiнен өтпейдi деген сөз емес. Егер сенiң өмiр бойы ұстанған жолың, жазған кiтаптарың жалған боп шығып, халық кәдесiне жарамай, қоймада шаң басып жатса – ең ауыр жаза осы. Жазушылар арнайы талқыға түспегеннiң өзiнде, әркiм өз арының алдында есеп беруге тиiс. «Кiм халыққа не бердi? Халықтың көркем ойын дамытуда, ұлттық санасын оятуда кiм қандай үлес қосты? Сен өзiң халық жағында болдың ба, жоқ, әлде отаршыл өкiметтiң сойылын соқтың ба?» деген сұрақтар кiмдi де болса ойландырса керек. Тiптi, мұндайда ұзақ жыл бойы отаршылдардың оң тiзесiне отырып алып, ел басына қамшы үйiргендердi, социалистiк реализмнiң сойылын сiлтеген солақайларды, саққұлақ, қырағы көз ретiнде, әдебиеттiң адымын аштырмай, жұртқа қиянат жасап келгендердi атап айтып, тәубәсiн бойына келтiрiп қойса да терiс болмас едi. Бұл, әсiресе, бүгiнгi жас ұрпақ үшiн керек.

Бұл орайда бұрынғы өткен әдебиет өкiлдерiн қайта бағалау, оқулықтарды түбегейлi қайта жазу да – кезек күттiрмейтiн мiндет. Бұдан басқа да азат әдебиеттiң мұң-мұқтажы, бағыт-бағдары жөнiнде ақылдасатын жайлар көп-ақ. Бiрақ, не үшiн екен, соңғы кезде бiздiң жазушы ағайындар әдебиет жайында сөз қозғауға бәлендей құлықты емес. «Тақия тастамақ ойнаса, таздың арты қыпылдар» дегендей, қалам ұстап жүрген жұрттың бiрталайы-ақ бас жаққа барысқысы келмейтiн секiлдi. Кiтап шығаруды күнкөрiс құралына айналдырған кәсiпқойлар үшiн әдебиет арнасының тым мөлдiр боп кетпей, осылай лайланып жатқаны жақсы. Өйткенi лай судан балық аулау оңайырақ болады.

Көпшiлiктiң осындай көңiл ауаны әсер еттi ме, әлде Жазушылар одағы басшыларының жауапсыздығынан ба, өткен жылғы Х-құрылтайымыз жетiм қыздың тойындай тым жүдеу жағдайда өттi. Өз басым осымен жазушылардың алты құрылтайына қатысқан екенмiн, мұндай иесiздiктi бiрiншi рет көруiм. Ең ғажабы, мұнда бәрi туралы да сөз болды, тек әдебиет жайында ешкiм жұмған аузын ашпады. Бес жылда бiр өткен құрылтайда әдебиет жайында баяндама жасалмау деген не сұмдық! Сөйтiп, «қайта құру» деп аталатын бүкiл бiр дәуiрдiң әдебиетiне баға берiлмей, қорытынды жасалмай, жақсы-жаманы ажыратылмай, жабулы күйiнде қала бердi.

Ал, шындығына келсек, бодандықтан-бостандыққа бет алған қазiргi кезеңде, халқымыздың рухани басшысы саналатын жазушылар қауымында ойласатын жайлар аз емес-тi. Елiмiзге тәуелсiздiк пен нарық қыспағы қатар келiп, бiрiне қарап қуансаң, екiншiсiне қарап үрейленесiң... Алда не күтiп тұр? Атышулы капитализм бе, жоқ, әлде  басқа бiр қоғам ба? Социализм сергелдеңiнен сенделiп   зорға шыққан халқымызды ендi капитализм диiрменiне  салып жiберсек, сайда санын, құмда iзiн таппай қалып жүрмеймiз бе? Жарайды, нарықтық экономика тамағымызды тойдырсын, киiмiмiздi бүтiндесiн, бiрақ әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздiң көсегесiн кiм көгертедi? Жаңа заман  бiзге қандай қиындықтар әкеледi? Төңiрегiң толған сұрақ, толған проблема!

Бұрын намазды Мәскеу жаққа қарап оқысақ, ендi Америка мен Батыс Еуропа, Жапония мен Оңтүстiк Корея секiлдi капиталистiк елдер ауыздан түспейдi. Барып келгендер мен көрiп келгендер: «Дамыған елдерде шығармашылық одақтар, мәдениет мекемелерi деген болмайды екен. Ескi тәртiптi бiз неге сақтап қалуымыз керек?» дегендi       айтады. Сөйтiп, олар жаңағы елдердiң бiрнеше ғасырда сатылап жеткен деңгейiн дайын қалпында көшiрiп алғысы келедi... Тағы да елiктеу, тағы да бiреулердiң көшiне тiркелу. Ұзақ жылдар бойы «Ресей» пойызына тiркелiп, салдабасы шыққан қазақтың ырдуан арбасын ендi «Еуропа» экспресiне қосақтаймыз деп, бiр күнi шашылып қалған шабағы мен дөңгелегiн әр жерден терiп алып жүрмесек болғаны.

Әттең, дүние-ай! Осы бiз ешкiмнiң де көшiне тiркелмей, ештеңенiң де басынан секiрiп өтпей, өзiмiздiң табиғи, ұлттық эволюциялық жолымызбен, тәуелсiз iлгерi басатын күнiмiз болар ма екен?! Мен мұны сыртқы экономикалық қатынас, сауда-саттық жөнiнен емес, жалпы рухани дүниемiз, әдебиетiмiз бен мәдениетiмiзге қарата айтып отырмын. Бәлкiм, экономикасы дамыған елдер бiзге қол ұшын берер. Анталаған шетел капиталына есiктi айқара ашып та қоярмыз. Бiрақ, өзi кәсiп етiп көрмесе де, «саудада достық жоқ» дегендi бiздiң халық тегiн айтпаған. Егер пайдалы, тиiмдi деп табылса, сайтанмен де сауда жасай беруге болады... Тек, бiр нәрсе есте болсын, ұлттық әдебиет пен мәдениеттi бiзге өзiмiзден басқа ешкiм де жасап бермейдi.

Болашақ жаңа әдебиет пен мәдениеттiң қайнар көзi – сыртта емес, өзiмiзде. Бiз үш мың жылдық тарихы бар, адамзат өркениетiне өлшеусiз үлес қосқан, табиғаттың бұла перзентi – көшпендiлер ұрпағы екенiмiздi ұмытпауымыз керек. Мың жылдан астам мұсылман дiнiн, Мұхаммед жолын ұстанған шығыстағы әйгiлi елдердiң бiрiмiз. Жерiмiз байтақ, пейiлiмiз таза. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қағиданы пiр тұтқан жұртпыз. Ешкiмнiң ала жiбiн аттамаған, шекарасына басып кiрмеген, нағыз қонақжай, бейбiт халық бiздей-ақ болар.

Мiне, бiздiң азат әдебиетiмiз өз бастауын осы тұстан алуы керек. Ол үшiн сонау өткен ғасырлардағы азат заманға қайта оралып, үзiлген жiптi жалғауға тура келедi. Бiзге ендi Доспамбет пен Шалкиiздiң, Бұқар мен Ақтамбердiнiң жорық жырлары бұрынғыдан да жақын тартып тұрады. Өткен ғасырдағы Абай данышпандығы бүгiнгi ұрпағына өзге қырынан басқаша танылады. Махамбеттiң өршiл рухы мен «зар заман ақындары» аталған Дулат, Шортанбай, Мұрат көрегендiгi өздерiне қайтадан бас идiредi... Ал кешегi   Ахмет, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжандар – ояну дәуiрiн бастаған азат әдебиеттiң төл басы болып қала бередi.

Шын азат әдебиетте «ақ таңдақ» дегендер атымен болмауға тиiс. Бұл тұрғыдан алғанда бiздiң тарихымызда әлi де iз түспеген, не терiс түсiндiрiлген қасiреттi беттер қаншама! Бiр сөзбен айтқанда, бiз қазақ тарихының көркем шежiресiн қайта жасауымыз керек. Халқымыз талантқа кенде емес. Сауатымыз да, салауатымыз да жетедi. Мәселе сол таланттарды аяқ астында қалдырмай, қадiр-қасиетiн бiлiп, орнымен жұмсай бiлуде.

Рас, көркем шығарма жалаң ұранмен, құрылтаймен жасалмайды. Ол жазу үстелiнiң басында, талант пен ақ қағаздың жеке беттескен жерiнде туады. Бiрақ бұл қаламгер қауымға үкiмет қамқорлығы, әлеумет ықыласы қажетсiз деген сөз емес. Жазушылар бұл күнде жоғарының жарлығынан, қатал цензурадан құтылғанымен, тағы бiр өктемдiкке жолығып отыр. Оның аты – нарықтық экономика. Бұрын үкiмет әдеби баспалар мен газет журналдардан түсетiн миллиондаған сом пайданың бiр бөлiгiн Жазушылар одағына қалдырушы едi. Қазiр ол көмек тоқтатылды. Қағаздың, бояудың, баспахана қызметiнiң еселеп қымбаттауы, салықтың шектен тыс өсуi салдарынан, баспалардың өзiне жабылып қалу қаупi төнiп отыр. Республикада қағазға ие болатын орталық жоқ. Ресейден келетiн азын-аулақ қағаз – алыпсатар пысықтардың қолында... Мұның өзi – ашығын айтсақ, әдебиетке төнген апат. Мұндай жағдайда жоғарыда айтылған iргелi, азат әдебиеттi көркейту былай тұрсын, жан бағудың өзi қиынға соғуы мүмкiн.

«Бұдан да жаман кезiмiзде тойға барғанбыз» дегендей, жаңа ғана өзiмiз дымын қалдырмаған отарлық тәртiп кезiнде де, Қазақстан Жазушылар одағы дүйiм елдi аузына қаратқан әжептәуiр орда болатын. Қаламгердiң қал-күйi де жаман болған жоқ, сол кезбен салыстырғанда, табысты, ауқатты қауымның бiрiнен саналды. Ал бүгiн шылбыр-тiзгiнiмiз өз қолымызға тиiп, тәуелсiздiкке жеткен шағымызда, күнi кеше сол бостандық үшiн басын берген, жан-тәнiмен қызмет еткен жазушыларды далаға тастап кетсек, онымыз тарихи әдiлетсiздiк болар едi. Осыдан бiраз жыл бұрын қазақ зиялы қауымының орталығы болған Жазушылар одағы бұл күнде өзiн сақтап қалу үшiн, штатын әлденеше есе қысқартып, босаған бөлмелерiн жалға берiп отыр дегенге кiм сенедi?!

Бұл орайда республика парламентiнiң: «Нарық жағдайында шығармашылық одақтарға қаржы бөлiнбесiн» деп қаулы шығаруын ұлт болашағын ойлағандық деп айта алмас едiк. Бұл – сыпайылап айтқанда, өзiң отырған бұтақты кесу деген сөз. Ұзақ жыл отарлық, тоталитарлық езгiнiң астында құрып кетуге айналған қазақ халқы, керек десеңiз, үш қана жiпке iлiнiп тұрады. Олар – қазақтың тiлi, әдебиетi және өнерi. Осы үшеуi алдағы уақытта да халқымыздың алтын дiңгегi, қолқа-жүрегi болып қала бередi. Демек, қазаққа жақсылық жасаймын деген үкiмет ең алдымен осы үш саладан қамқорлығын аямауы керек. Бiзге мемлекет бюджетiнен бөлiнуге, бет-бетiмiзге тарап кетуге әлi ерте. Бiз бiр-бiрiмiзге әлi талай қажет боламыз. «Талант – халық қазынасы» дейтiн болсақ, оны көзiмiздiң қарашығындай сақтау бәрiмiздiң парызымыз.

Иә, азат елге өзiне лайық азат, асыл сөз керек. Ал асыл сөз терең ойдан, алаңсыз көңiлден, шарқ ұрған шабыттан туады. Ат шаппайды, бап шабады деген де сөз бар. «Жаза алмасам маған серт, жағдай жасап, жаздырмасаң саған серт» дейтiн кезең бұл. Тек, қырандарды тауық қорада ұстауға болмайтынын, оларға көк жүзiнде еркiн самғар бостандық керек екенiн естен шығармасақ болғаны!

Қабдеш Жұмаділов

1992 жыл.

Abai.kz

0 пікір