9 мамыр - Әлем үшін қандай күн, Ресей үшін қандай күн?
9 мамырға немесе Жеңіс күніне деген көзқарас бүгінде аймақтық ерекшелігіне, тарихи саясатына және қазіргі геосаясатқа байланысты әртүрлі қалыптасуда. Жалпы алғанда, оны үш үлкен топқа бөлуге болады:
Бірінші топ – ТМД елдері,
Екінші топ – Батыс пен әлемнің өзге елдері,
Үшінші топ – Украина және Балтық елдері.
ТМД аумағында – жалпы алғанда, бұл датаға деген құрмет пен кең көлемді мерекелер сақталуда. Бұрынғы Кеңес Одағынның көптеген аумағында 9 мамыр маңызды және эмоционалды тарихи күн болып сақталуджа. Дегенмен бұл күнді атап өту форматы біртіндеп өзгеріп келеді.
Бұл күн – «Ұлы Отан соғысын» және жеңіс жолындағы орасан зор құрбандықтарды еске алу күні деп есептеледі. Бұл күн – КСРО халықтарының бірлігі мен нацизмді жеңудің символына айналған.
Мысалы, Қазақстанда: Шерулер, концерттер және еске алу іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ардагерлерге құрмет көрсетіледі және оларға қаржылық көмек көрсетіледі. Мереке мемлекеттік мереке болып сақталып қалған. Дегенмен, билік көбінесе үлкен әскери шерулерсіз, бұл күнді тып-тыныш, жергілікті іс-шараларға басымдық беру арқылы өткізеді.
Ал ТМД шеңберінде: 2025 жыл тіпті Жеңістің 80 жылдығы жылы — «бейбітшілік пен бірлік жылы» деп жарияланды. Бірлескен іс-шаралар, эстафеталар және еске алу шаралары өткізілді. Жалпы, ТМД аумағында бұл мереке негізгі 3 бөліктен тұрады: Естеліктер, дәстүрлер және құрмет көрсету.
Ресей – бұл күнді салтанатты түрде атап өтеді және бұл негізгі ұлттық мерекелердің бірі саналады. Кең көлемді әскери шерулер, «Өлмейтін полк» сияқты іс-шаралар жұйымдастыру дәстүрге айналған. Мереке Ресейдің мемлекеттік идеология саясатының бір бөлігіне айналды. Путин оны 20 жылдан астам уақыт бойы ұлттық бірлік пен күштің символы ретінде қолданып келеді. Соңғы жылдары қауіпсіздік мәселелеріне байланысты мерекені атап өту форматы өзгертілді. Мысалы, кейбір аймақтарда жаппай шерулер өткізілмеді немесе іс-шаралар көлемі қысқартылды.
Бұл күні Беларусьте де үлкен әскери шерулер өткізу жылдағы әдетке айналған. Еске алу шаралары мен концерттер өткізу міндетті. Жыл сайын республика көлемінде «Беларусь еске алады» дейтін үлкен науқан болады. Беларусь мерекелік форматты ресейлік форматқа мүмкіндігінше жақын етіп сақтап отыр.
Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда бұл күн көбінесе «Еске алу және құрмет күні» деп аталады. Негізгі назар гүл шоқтарын қою рәсімдері мен ардагерлер кездесулеріне аударылады. Кең көлемді әскери шерулер сирек өткізіледі.
Арменияда бұл күнді атап өту форматы бірнеше бөліктен тұратын іс-шараларды қамтиды: Жеңіс күні мен салтанатты іс-шаралар мен гүл шоқтарын қою рәсімдері өткізіледі.
Дейтұра, соңғы жылдары кейбір елдер кеңестік дәстүрден іргесін алыс салуда:
Украина: 9 мамырды бастапқы түрінде тойламайды, оның орнына 8 мамырға немесе «Еске алу және татуласу күніне» баса назар аударылады (еуропалық үлгі).
Балтық жағалауы елдері (Литва, Латвия, Эстония): 9 мамыр көбінесе азаттық емес, кеңестік кезеңнің басы ретінде қабылданады. КСРО-лық рәміздерге шектеулер қойылады. Жалпы, осы елдерде «жеңіске» емес, құрбандарды еске алуға баса назар аударылады.
Әзірбайжан: Ресми рәсімдер өткезеледі, ардагерлермен кездесулер өтеді. Үлкен шерулер болмайды, мерке форматы байқалмайды.
Батыс және әлем елдері: Бұл күнді еске алудың басқа форматы арқылы атап өтеді. Көптеген елдерде 8 мамыр тойланады (Еуропадағы Жеңіс күні) немесе 8 және 9 мамыр екеуі де еске алу күндері ретінде белгіленеді (БҰҰ бойынша).
Бүгінде 9 мамыр енді жалпыға ортақ мереке емес. Кейбіреулер үшін – бұл жеңіс пен мақтаныштың символы. Енді біреулерге – бұл соғыстың қайғылы естелігі. Ал басқалары үшін – бұл саяси тұрғыдан сезімтал күн.
Керімсал Жұбатқанов,
тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті
Abai.kz