Қасірет қайдан келе жатыр?
Қасірет. Ең жаман қасиеттер сыртқа шығып, ашық түрде бұқаралық ақпарат құралдарында, адамдар арасындағы қарым-қатынаста, подъездерде, лифтілерде көрініс табуда.
Көшеде, автобустарда да дәл солай — кино сияқты, ашық агрессивті, боқтық сөздерге толы тіл кеңінен таралған.
Ең қорқыныштысы — мұның бәрінің басты тұтынушысы балалар: олар кішкентайынан бастап TikTok пен Instagram-да отырады...
Қазіргі уақытта адамның ең жақсы қасиеттері қажетсіз болып барады. Тіпті кейде қауіпті де көрінеді. Өкінішке қарай, бұл азаматтар үшін де, қоғам үшін де, кейде тіпті мемлекеттер үшін де зиян.
Бүгінде мен, көптеген өзге жандар сияқты, өз күшім мен білімімді толық пайдалана алмауымнан қатты ар-ұждан азабын сезінемін. Мен мұны жеке өзім осылай қабылдаймын.
Білесіздер ме, менде мынадай бір көзқарас бар: адамдарды ішкі жағынан аударып тастағандай - айналада боқтық сөз айтатын адамдар тым көп!
Мен бұл туралы талай рет жаздым және жазудан жалықпаймын. Өмірімде мұндай көлемде және мұндай дәрежеде боқтық сөзді көрген емеспін.
Тіпті бала кезімде, жасөспірім шағымда, әскерде болғанда, университетте оқығанда да мұндай ашық боқтыққа тап болған жоқпын. Әсіресе кино мен театрда, қоғамдық орындарда, көшеде мұндайды көрмеген едім.
Тіпті бұзақылармен қақтығыстар, төбелестер кезінде де қарсыластарым қатал сөйлесе де, сөздерінің 70–80 пайызы адамға тән, қалыпты сөздер болатын...
Соңғы жеті-сегіз жылда қоғамды өзгерткім келеді - қолдан келер ме екен?
Теледидар мен әлеуметтік желілер адамдардың ең төмен қасиеттерін ашып көрсетуге ықпал етіп отыр. Ар-намысты таптайтын, әдептілік пен мәдениет орнатқан шектеулерді жоятын, қазақ жігіті мен қазақ әйеліне тән ізгі мінез-құлық пен сөз мәдениетін әлсірететін үрдіс кең етек алды.
Жақсылық пен адамгершілікке негізделген мінез-құлық пен көрекм де биязы «тіл әлемі» іс жүзінде жойылып бара жатыр.
Мен бұл адамдарға көмектесе алмайтынымды түсінемін: қоғамдағы тіл мәдениетінің төмендеуі, мәдениетсіз діни бейберекеттік, парақорлық мінез-құлықтың күшеюі мені қатты алаңдатады.
Мұның бәрі менің көз алдымда, дәл қазір, осы сәтте — 2026 жылдың 25 сәуірінде, сағат 12:05-те болып жатыр: қалада да, ауылдарда да, елді мекендерде де адамдардың мәдениеті мен мінез-құлқының құлдырауы жүріп жатыр.
Қазір балаларым осы ортада өмір сүріп жатқаны мені алаңдатады.
Егер балаларымыз кішкентайынан бастап алдау, арсыздық, әйелдер мен қарттарды қорлау, дәстүрлі мәдениетті бұрмалау, парақорлық, жемқорлық, дөрекілікке көз жұма қарау, билік пен ықпалдың шектен шығуы сияқты құбылыстардың ішінде өссе — Қазақстан қандай болады?
Мұның бәрін олар отбасында да, әлеуметтік ортада да бойына сіңіреді. Оның үстіне, осы жетілмеген, моральға жат әдеттерді өз әкелері — парақорлар, ал аналары — бәрін түсіне тұра үндемейтіндер — қолдап, қалыптастырып отыр.
Мен осылай жазамын, мен мұны жүрегіммен сезінемін. Халық үшін тайсалмай күресетін батыл жазушылар қайда?
Балалардың құлағы мен көзіне экрандар мен әндер арқылы төгіліп жатқан дөрекілікке қарсы тұратын шығармашылық интеллигенция қайда?
Қайдасыңдар, ақындар мен театр және кино әртістері?
Режиссерлер мен авторлармен бірге сахнадан қоғамдағы мәдениеттің күйреуі мен азабын жеткізу — сендердің міндеттерің емес пе?
Неге біз үнсіз ғана батпаққа батып бара жатырмыз?!
Нұрлан Есмұханов
Қазақшалаған – Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz