Сәрсенбі, 10 Желтоқсан 2025
Ақмылтық 125 0 пікір 10 Желтоқсан, 2025 сағат 15:06

Кітапқұмар қоғамға айналу – бүгінгі күннің басты талабы!

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.

Жуырда «Жас Алаш» газетінде жарияланған бір материалға көзім түсті. Тақырыбы – «Кітап оқымайтын қоғам: Жалған статистикаға жасырынған шындық». Талқыға баспагер Шыңғыс Мұқан, жазушы-баспагер Арман Әлменбет, кітапхана қызметкері Айдос Бектұрсын үн қосыпты.

Көтерілген мәселе шынында да өзекті. Жұртшылықты, әсіресе жас жеткіншектерді әлеуметтік желінің жетегіне жібермей, кітап оқуға баулу – бәрімізге ортақ іс, ортақ жауапкершілік. Сондықтан бұл бағыттағы кез-келген идея, кез-келген бастама қолдауға лайықты.

Кітап оқу мәдениетін дамыту, кітапқұмар қоғамға, оқу-білімге құштар ұлтқа айналу – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы айтқандай, «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бірақ...

Бірақ мемлекет ешкімді кітап оқуға міндеттей алмайды. Мемлекеттің міндеті – осыған негіз болатын алғышарттарды жасау. Яғни, оқырманның қажеттілігін өтейтін кітаптар басып шығару, шетелдің үздік туындыларын аудару, оқуға қолайлы жағдай жасау, оқу-білімді насихаттау, ынталандыру. Сөйтіп жалғаса береді.

Соңғы уақытта жүргізілген жүйелі жұмыстар осы мақсатқа арналғанын атап өткен жөн. Мәселен, Президент бастамасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Әрбір қазақстандық оқуға тиіс 100 кітаптың тізімі айқындалды. «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынды. Amanat партиясы «Кітап-Amanat» жобасын жүзеге асырып жатыр. Алматыдағы бірнеше кітапхананың оқу залы 24/7 жұмыс режиміне көшірілді. Президент идеясы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхананың құрылысы басталмақ.

Қазір көпшілікке арналған кітапханалардың қорында 72 миллионнан астам құжат бар. Биылдың өзінде олардың қоры жаңадан 1 029 568 баспа өнімімен толықты. Цифрлық форматтағы кітаптардың қоры да молая түсті. Бүгінде кітапханалардың қорында 2,2 миллионнан астам электронды өнім тіркелген. Бұған қоса онлайн оқуға арналған түрлі платформалар жұмыс істейді.

Қысқасы, оқимын деген жанға мүмкіндік мол, тиісті жағдай жасалған. Енді жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан қоғамдық деңгейде кітапқа деген қолжетімділік пен қызығушылықты арттыру, көпшілікке үлгі болатын оқырмандар ортасын қалыптастыру маңызды. Бұл – бәрімізге ортақ іс.

Ерлан Қарин,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі

Abai.kz

0 пікір