Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025
Көк тудың желбірегені 141 0 пікір 17 Желтоқсан, 2025 сағат 12:51

Тәуелсiздiк тұғыры берiк болсын!

Сурет: qalamger.kz сайтынан алынды.

Редакция: Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының назарына жазушы, Қазақстанның, Қазақтың халық жазушысы, марқұм Қабдеш Жұмаділовтің 90-шы жылдары жазылған мақаласын ұсынып отырмыз. Мақаланы редакциямызға жазушының ұлы, белгілі тарихшы, ғалым Арман Жұмаділов ұсынды...


(Президент тұғырнамасын оқығанда туған ойлар)

Қазақ қоғамы бұл күнде бұрын-соңды болмаған аса күрделi жағдайды бастан кешiруде. Ұзақ жыл адамзат көшiнен көз жазып, азаттық, еркiндiк дегеннiң, иелiк, қожалық дегеннiң не екенiн ұмыта бастаған бүгiнгi ұрпақ ойламаған жерден империяның казармалық бұғауынан босап, бостандық әлемiне шыққанда, қайда бет аларын бiлмей абыржып қалғаны анық. Биологтардың айтуынша, туғалы зоопаркте тiршiлiк етiп, қапаста қолдан азықтанып үйренген жолбарыс екеш жолбарысты да бiрден орманға апарып тастасаңыз, бiразға дейiн өз жемiн тауып жей алмай, қатты қиналатын көрiнедi. Жетпiс жыл бойы социализмнiң «ортақ қазанынан» дәм татқан көп адамдардың қазiргi халi тордан босаған сол жолбарысты еске түсiредi.

Жуық арада iргесi ыдырамастай көрiнетiн қызыл империяның шаңырағы ортасына түсiп, коммунистiк идеологияның күтпеген жерден күрт күйрегенi сонша, жұртшылық жаңа жағдайға дайындалып үлгере алмады. Рас, «бұлай өмiр сүруге болмайды» деп, кезiнде тоталитарлық жүйенi сынап-мiнеушiлер аз болған жоқ. Бiрақ ескi жүйе күйреп, қолға билiк тигенде, қалай өмiр сүру керек екенiн сол сыншылардың өзi де нақты бiлмейтiн болып шықты. Мұндай жағдайда, шалғай түпкiрде жатқан отар ел Қазақстанды былай қойып, ұзақ жылдар бойы империяның тұтқасын ұстаған Мәскеудiң өзi де бiрден жол тауып кете алған жоқ. Шовинистiк пиғылдағы консерваторлар билеп-төстеп қалған баяғы заманын көксеп, КСРО-ны қайта тiрiлтуге тырысса, реформашыл демократтар да бағаны бетiмен қоя берiп, базарлы (нарықтық емес) экономиканы жалаң уағыздаудан басқа, теориялық жақтан жалпы жұртты мойындатарлықтай мәнерлi ештеңе ұсына алмады. Нәтижеде, Ресейдi ырың-жырың тұрақсыздық жайлап, оның кесiрi ендi мiне көршiлерiне тиiп отыр.

Алайда, социалистiк жүйеге төнген дағдарыс ортақ болғанымен, әр елдiң тұйықтан шығу жолы әр басқа. Тiптi, бiр қалыптан шыққандай боп көрiнетiн бұрынғы одақтас республикалардың бұдан былайғы бағыт-бағдары бiр-бiрiне ұқсамауы мүмкiн. Өйткенi әр елдiң тарихи қалыптасқан геосаяси жағдайы, демографиялық құрамы, экономикалық күш-қуаты бiркелкi емес... Сонда Қазақстан қандай жолды таңдауы керек? Кiмдердi үлгi тұтады? Оның қоғамдық, идеялық құрылымы қандай болмақ? Бұл сұрақтарға жауап табуға келгенде, жасыратыны жоқ, бiздiң гуманитарлық ғылымдар балаңдық, дәрменсiздiк танытып отыр. Оның бiр себебi, бiлiктi мамандардың аздығы десек, екiншi себеп: жоғарыдан нұсқау күтiп дағдыланған ғалымдарымыз әлi де қорғаншақтап, әлiптiң артын бағып жүр.

Мiне, осындай жағдайда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда жарық көрген «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бiрлiгiнде» деп аталатын тұғырнамасы сол олқылықтың орнын толтыратын, өтпелi кезеңдi жан-жақты сипаттаған, болашаққа бағыт-бағдар сiлтейтiн бiрден-бiр еңбек деуге болады. «Кейде би айтқанды құл да айтады, бiрақ аузының дауасы жоқ» деген сөз бар. Осы тұрғыдан алғанда, бiр қоғамның идеологиялық құрылымы секiлдi аса күрделi де жауапты жұмысты президенттiң өзi бастап беруi бар жағынан да дұрыс болды.

Әрине, көсемнiң сөзi, съездiң қаулысы жарыққа шығысымен, қол-аяғын жерге тигiзбей iлiп әкетiп, оның бойынан бiрде-бiр мiн таппай, жарыса мақтайтын баяғы заман өттi. Қазiр не нәрсеге де ақыл – қазы, ой – таразы дейтiн уақыт келдi. Оның үстiне өз тұжырымдарын талқылауға жатпайтын, ақиқаттың бiрден-бiр көзi деп президенттiң өзi де айтпаған. Қайта идеология секiлдi шетiн нәрседе адам санасына зорлық жүрмейтiнiн, басқа да көзқарастар мен ой-пiкiрлерге жол ашық екенiн мұқият ескерткен. Сондай-ақ, көп ұлтты Қазақстан жағдайында өтпелi дәуiрдiң сыр-сипатын бiр еңбекте түп-түгел баяндап шығу мүмкiн де емес. Тұғырнаманың кей тұстары қысқа қайырылып, кей мәселенiң бетi ашылмай жатса, оны да түсiнуiмiз керек. Бiр елдiң әмбеге ортақ басшысы болған соң, президенттiң де қазбалап айта бермейтiн, жалпы бағыт-бағдарды тұспалдап, меңзеп қана өтетiн кездерi болады. Ондай тұстарды жұртшылыққа тарата түсiндiру, ортақ iсiмiздi халықтың көкейiнде жүрген ойлармен толықтыру, ескерiлмей жүрген мәселелердi Елбасының есiне салу – қалам ұстап жүрген зиялы қауымның парызы болса керек.

Президент Назарбаевтың бүгiнгi Қазақстанның қоғамдық-саяси жағдайын, экономикалық мұң-мұқтажын дөп басып тануы, оны бiлгiрлiкпен талдауы ешқандай да дау тудырмайды. Бiз мұрат еткен жаңа идеологиялық құрылымның аспаннан түспейтiнi, оның өзiмiзде бұрыннан бар ұлттық дәстүрлер мен социалистiк идеялардың және адамзатқа ортақ либералдық көзқарастардың жақсы жақтарынан нәр алатыны туралы тұжырымдары көптiң көңiлiнен шығары сөзсiз. Ал көп ұлтты Қазақстанда ұлттық мәселенi шешудiң бiрден-бiр жолы қазақ ұлтының бiрiктiрушi рөлiн нығайта отырып, барлық халықтардың теңдiгiн қамтамасыз ету деген қағида – бұл тұғырнаманың негiзгi өзегi деуге болады. Сондай-ақ, президенттiң: «Бiздiң ерекшелiгiмiз бен қиындығымыз мынада: бiзге дейiн нарыққа көшудi мемлекеттi құру және демократияландыру iсiмен бiр мезгiлде ешкiм де жүзеге асырған жоқ» деген пiкiрiмен де келiспеу мүмкiн емес. Бiздiң бұл жолғы мақсатымыз – президент тұғырнамасын бастан-аяқ талдау емес, сол еңбектен алған әсерiмiздi көкейде жүрген кейбiр ойлармен орайластыра ортаға салу болмақ.

Иә, өтпелi дәуiрде қазақ қауымының алдында аса жауапты мiндеттер тұр. Әупiрiмдеп жүрiп азаттыққа жеткен бiздiң ұрпақтың маңдайына тағдыр: тәуелсiз мемлекет құру, ел басқару iсiн демократияландыру, осымен бiр мезгiлде базарлы экономика жүйесiне көшу бақытын жазыпты. Бүгiнгi өтпелi кезеңнiң ең маңызды белгiлерi деп, мiне, осы үшеуiн атар едiк. Алайда бiз үшiн дәл қазiр осылардың қайсысы басты орында тұрады? Егер өзара тығыз байланысты осы үш мұраттың қалайда бiреуiн таңдау қажет болса, бiз алдымен қайсысына қол созар едiк? Мұны ажырата бiлу қашанда маңызды. Өйткенi мемлекет саясатын дұрыс саралау көп жағдайда заманның басты белгiсiн дәл айқындауға байланысты.

Бүкпелемей ашығын айтар болсақ, жаңағы үш мұраттың бiз үшiн ең қымбаты да, еш ойланбастан алдымен қол созарымыз да тәуелсiздiк екенi даусыз. Тегiнде бұл ұғымды басқа ешнәрсемен де теңестiруге болмайды. Еркiндiк, тәуелсiздiк деген – бiз үшiн ел басқарудың жай бiр формасы емес, ата-бабаның ғасырлар бойы аңсап күткен арманы, мен жетпесем сен жет деп ұрпаққа қалдырған аманаты. Әрi-берiден соң, бiздiң аталарымыз: «Шiркiн-ай, базарлы экономикаға қашан жетер екенбiз» деп те, «қашан демократиялық, құқықтық қоғам құрар екенбiз» деп те, бәлендей бас қатырмаған болар. Ал еркiндiк, тәуелсiздiк десе көкiрегi қарс айырылып, бiр кезде қолдан шығып кеткен азаттық жолында басын беруге әрқашан әзiр болды. Қазiр де бiз үшiн тәуелсiз мемлекет құрудан асқан қастерлi мiндет жоқ. Егер жаңа заманға лайық құқықтық, демократиялық қоғам құруда әлдебiр кем-кетiк болып жатса, өкiнiшi жоқ, түзетуге болады. Егер базарлы экономикаға көшуде әлдеқалай аяғымызды шалыс басып алсақ, ештеңе етпейдi, келесi жылы есесiн қайырамыз. Тек тәуелсiздiкке қылау түсiруге болмайды. Өйткенi бұл бостандық бiзге осы жолы тым тегiн келгендей көрiнгенiмен, тарих қойнауында төгiлген қанның, ашынған жанның қайтпас қарымтасы жатыр.

Осы бiр әркiмге аян ақиқатты қайталап отырған себебiмiз, соңғы кезде бiздiң кейбiр азаматтарда тәуелсiздiкке жүрдiм-бардым қараушылық байқалады. Мәселен, биылғы жылы ТМД елдерiнiң бiразы экономикалық одаққа кiрiп, қалайда сом аймағында қалу керек деген бiр түсiнiксiз қарбаластық туды ғой. Мiне сол кезде бiздiң үкiмет басшыларының аузынан: «толық тәуелсiздiкке жету үшiн, оның бiр бөлiгiнен бас тартпасақ болмайды» деген де сөздер шығып қалды. Әрине, шарасыздықтан айтылған сөз екенi көрiнiп тұр. Әйтсе де: «қап, бәле-ай, осыны бекер айтты-ау!» деп сан соққанымыз рас. Өйткенi тәуелсiздiктi бөлiп-жаруға болмайды ғой. Егер жанымыз қысылған сайын тәуелсiздiгiмiздi әркiмге бөлшектеп үлестiретiн болсақ, бiраз жылдан соң өзiмiзде не қалады?!

Тәуелсiздiкке байланысты бiздегi кейбiр саяси партиялардың да ұстанған бағытына жiп тағу қиынға айналып барады. Мәселен, «Халық конгресi» партиясының әлсiн-әлi тәуелсiз Қазақстанды Ресей құзырындағы конфедерацияға кiруге шақырғанын қалай түсiнуге болады? Бiздiң ойымызша, бұл әрекет байырғы халық арасында бәлендей беделi жоқ партияның алдағы парламент сайлауы қарсаңында келiмсектердiң көңiлiн табуға тырысуынан басқа ештеңе де емес. Бiз үшiн конфедерация – жаңалық па екен? Естерiңiзде бар ма: 1991-жылдың жазында, республикалар тәуелсiздiк жариялап, жан-жаққа тарап кетер алдында, Кремльде отырғандар бағынышты бодан елдерге сол конфедерацияның өзiн көп көрiп, мұндай ұсынысқа келiспей қойған жоқ па едi. Ендi келiп, «Халық конгресi» партиясының, жерден жетi алтын тапқандай, сол жарапазанды қайта жаңғыртқанына жол болсын. Бәрiнен де осындай қисынсыз сөздердiң талантты ақынымыз Олжас Сүлейменовтың аузынан шыққаны өкiнiштi. Оның өткендегi «орыс тiлiне де мемлекеттiк мәртебе берiлсiн» деген ұсынысын ақындық қызбалыққа жорығанбыз. Ал мына әрекетiн ештеңемен де ақтауға болмайды. Олжастың талантын бәрiмiз де сыйлаймыз. Оның атом полигонына қарсы «Невада-Семей» қозғалысына сiңiрген еңбегi ел-жұрттың есiнде. Азамат ақын сол биiгiнен түспеуi керек едi. Абайламасаң, бұл заманда өмiр бойы мысқалдап жинаған абыройыңды бiр-ақ сәтте шелектеп төгiп алуың оп-оңай.

Жалғыз «Халық конгресi» ғана емес, қазiр алдағы сайлауда билiктiң бiр пұшпағына iлiнсек-ау деген жегi құрт басқа партияларды да, жекелеген мемлекет қайраткерлерiн де екi ұшты, жалтақ жағдайға түсiрiп отыр. Олардың кейбiреуi Қазақстанның көп ұлттылығын, экономикалық жақтан бiреулерге сүйенбесе өздiгiнен күн көре алмайтынын тiлге тиек етедi. Азаматтық қоғам құру деген ұранды көлденең тартып, ұлттардың тең құқықтығын, тым құрыса өздерi билiк басында тұрғанда ел iргесi тыныш болуын көбiрек уағыздайды. Дұрыс-ақ. Достық пен тыныштыққа кiм қарсы болады? Таяуда ғана «Ұлттар достығының лабораториясынан» өткен қазақстандықтарға бұл ұранның ешқандай жаңалығы жоқ. Алайда ұлттар теңдiгi де, саяси ахуалдың орнықтылығы да – тәуелсiздiктiң, қазақ халқының көнбiстiгiнiң есебiнен болмауы керек.

Жалпы, көршi елдермен санасу, өз iшiмiздегi өзге ұлт өкiлдерiнiң қабағына қарау жағынан Қазақстанға ешкiмнiң де өкпесi болмауға тиiс. Ресей үкiметi басқаша ойлап қалмасын, арамыздағы орыс тiлдi ағайындардың көңiлiне қаяу түспесiн деп, басқа республикалар тәуелсiздiгiн алып, жан-жаққа тарап кеткенде, ыдыраған империяның құлазыған жұртында ең соңына дейiн отырғанымыз өтiрiк емес қой. Iргелес бауырларымыз Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсiздiктерiн қоңыр күзде: бiрi 30-тамызда, екiншiсi 1-қыркүйекте жариялап, өз отауларын тiгiп жатқанда, Қазақстан парламентi тәуелсiздiк алуға асықпай, 16-желтоқсанға дейiн үш жарым ай әлдененi күтумен болды. Сiрә, сол үшiн де келер ұрпақтан кешiрiм сұрауға тура келер. Өйткенi, олар мемлекет мейрамы саналатын тәуелсiздiк күнiн өмiр бойы қақаған қыста, тоңазып жүрiп тойлайтын болады. Әй, осыдан кейiн де «Қазақтар өзiнен басқаны ойламайды, басқаға қысым жасайды» деп бiреулер кiнә тағар ма екен?!

Бiр бұл емес, биыл ұлттық ақшаны ауыстыру кезiнде сол жағдай тағы қайталанды. Экономикалық одақ құрып, сом аймағын сақтап қалу жөнiнде бастама көтерген тағы бiздiң Қазақстан болды. Ниетiмiз хақ едi. Негiзгi алыс-берiс Ресеймен арада жүретiн болғандықтан, ежелгi үрдiстердi үзбеуге тырыстық. Төл теңгемiздi сандыққа салып қойып, сом аймағында ең соңына дейiн шыдап отырдық. Бiрақ, амал не, Ресей үкiметi ол қадiрiмiздi бiлмедi. Банк иелерi уәдесiнде тұрмай, бiздi тағы да тақырға отырғызып кеттi. Нәтижеде, өтпейтiн ескi ақшаның тасқыны жан-жақтан бiзге қарай ағылып, тал түсте тонала жаздадық... Әрине, көршiнiң өз уәдесiнде тұрмауы адалдыққа жатпайды. Сонымен бiрге, үнемi сан соғып, алданып қала беру де жақсы атақ әпермейтiнi анық. Өз тұрғысынан, Ресей үкiметiн де түсiнуге болады. Олар да тiркемелi «артық жүктi» қашанғы сүйрей берсiн. «Бөлiнген екенсiң, ендi бiзге иек артпай, өз күнiңдi өзiң көр» деуге қақысы бар ғой.

Шүкiр, Қазақстан үкiметi де қамсыз емес екен. Мiне, төл теңгемiздi қолымызға ұстап, мәре-сәре болдық та қалдық. Өз ақшамыз жоқта тәуелсiз елмiз деп қалай жүргенбiз, шынында? Бiр-ақ күнде мемлекеттiк нышандарымыз түгенделiп, көңiлiмiз орныққандай болды. «Өз үйiңде асың болса, кiсi үйiнде қасың бар ма» дегендей, өз ақшамыз бола тұрып, бiреулерге телмеңдеп несiне алақан жайдық екен деген де ой келедi бiр жағынан. Әйткенмен, қазақ теңгесiн қолына ұстаған әр адам өзiн әр түрлi сезiнуi мүмкiн. Бiреулер үшiн ол – жай айырбас құралы, төлем бiрлiгi ғана. Ал осы елдiң байырғы патриоты үшiн, қазақ теңгесi – тәуелсiздiк тiрегi, ұлт мақтанышы, республика байлығын жан-жаққа тасып әкетпеудiң қорғаныс-қамалы. Ең бастысы, бұдан былай қазақ жерiне келгендер табалдырығымыздан тайраңдап өтпейдi, алдымен теңгемiзге теңгерiлiп, ибамен иiлiп өтетiн болады.

Президент тұғырнамасында бiздегi идеологиялық құрылымдардың бастау көздерiнiң бiрi – халықтық дәстүрде, салт-санада жатқаны орынды ескерiлген. Бұл мәселенiң демократиялық, құқықтық қоғам құруға да тiкелей қатысы бар. Әсiлi, қазақ халқы – табиғатынан демократ халық. Бiздiң халқымыз патшалық Ресей мен кейiнгi қызыл империя кезiнде болмаса, диктатура дегендi бiлген емес. Ешкiмнiң жерiн басып алмаған, ешкiмдi құл етпеген елмiз. Баяғы қазақ хандығы тұсында хандар өз елiн хан кеңесi және билер кеңесi арқылы басқарып отырды. Бұл бүгiнгi тiлмен айтқанда, екi палатадан тұратын парламент iспеттi. Қанға-қан алу, өлiм жазасына кесу дегенiмiз сонау Есiм ханның кезiнде тәркi етiлiп, оның орнына құн заңы енгiзiлген. Тәукенiң «Жетi жарғысында» бұл заң толық күшiне енiп, одан арман нығая түстi. Хандық түзiм тараған соң қазаққа өлiм жазасын әкелген Ресей заңы мен Ислам шариғаты.

Ал қазақтың бәрiнен де ар-ұятты жоғары қоятыны, адамгершiлiк, имандылық қасиеттерi, табиғатты қастер тұтуы, кейiн әр түрлi әсерге ұшырап, көмескi тартқанымен, жалпы қонақжайлығы, жат жұрттық жолаушының, не құдайы қонақтың алдына бар адал асын тосып, төбесiне көтеруi бүгiнге дейiн сақталып келедi. Егер бiздiң республикамыз, дүниедегi тұрлаулы, орнықты, тыныш елдердiң бiрi саналса, ол – ең алдымен, қазақ халқының осы кеңпейiлдiлiгiнiң арқасы. Егер шеттен келген кiрмелердiң өздерi бүлiк шығармаса, қазақ халқы, президентiмiз айтқандай, өзiнiң ел иесiне лайық ұйытқылық қызметiн бұдан кейiн де атқара берерiнде күмән жоқ...

Әйтсе де, келiмсектер арасында керiсiнше ойлайтындар да бар екен. Мен жақында республикалық немiс қайта даму қоғамның төрағасы, «Дойче Альгемайне» газетiнiң бас редакторы Константин Эрлихтың 13-қараша күнi «Қазақ мемлекетi» газетiне берген сұхбатынан мынадай жолдарды оқып қайран қалдым: «бiздiң қазақ халқына ешқандай зиянымыз жоқ. Қазақстандағы еуропалықтар ел iшiндегi тыныштық ұйытқысы деп бiлемiн. Менiң кәмiл сенiмiм бойынша, егер Қазақстанда басқа халықтар болмаса, қазақтар ру-руға, жүз-жүзге бөлiнiп, өзара қырқысып кетуi мүмкiн» дептi бiр қоғамның бiлдей төрағасы. Демек, оның пайымдауынша, Қазақстандағы бiрлестiрушi, ұйытқы       ұлт – қазақтар емес, еуропалықтар көрiнедi. Тек, олар бойларындағы сол қасиетiн бiр емес, дүниежүзiлiк екi соғыстың ошағы болған, қазiр де атыс-шабыс тоқтамаған Еуропаға барып неге көрсетпей жүргенi түсiнiксiз.

Тұғырнамада социалистiк идеялардың да тәуiр жақтары бiзге жат еместiгi атап көрсетiлген. Айтты-айтпады, бiз бәрiмiз де социалистiк қоғамда туып өскен жандармыз ғой, өз тарихыңа топырақ шашқың келмейдi. Оның үстiне, бiз социализмдi таза күйiнде көре де алмадық. Бiз бiлетiн социализмге империялық, отаршылдық саясаттар араласып отырды. Мәселен, 32-жылғы геноцидты, 37-жылғы репрессияны социализмнен көремiз бе, әлде оның ар жағында бұғып жатқан тағы бiр пәле бар ма? Анығында, осының бәрi – қазақ халқын жер бетiнен жойып жiберудi көздеген империяның жоспарлы саясатынан туған. Әйтеуiр, отаршылдық пен социализмнiң шыққан жерi, қорғайтын қожасы бiреу болғандықтан, бiз бұл ұғымдарды жиi шатастыра беремiз.

Ал таза социалистiк идеяларға келсек, оның әлеуметтiк теңдiк, адам еңбегiн қанамау, қоғамдағы игiлiктердi тең пайдалану, адамдардың тең құқықтығы... Мiне, осылар жаман ба? Мынау қажетсiз деп сызып тастайтын бiрi жоқ. Әсiлi, бұл идеялардың өтiмдiлiгi бiзге жастайымыздан жатталғандығында емес, өмiршеңдiгiнде. Адамзат қоғамы бар жерде әдiлдiк, теңдiк туралы ұғымдар жасай бередi. Оның үстiне, бiз қазiр жеке меншiктi, базарлы экономиканы негiз еткен жаңа қоғам құрғалы жатырмыз. Баршаға түсiнiктi тiлмен айтсақ, ол қоғамның аты – капитализм. Ендеше, таяу болашақта адамдар әлеуметтiк жiкке, тапқа бөлiнбей тұра алмайды. Бұл күнде ең дамыды деген капиталистiк елде байлар 5 пайыз, орташалар 20-25 пайыздан аспайды. Ал халықтың қалған 70 пайызы ортадан төмен, кедейлер тобын құрамасқа амалы жоқ. Олардың сұлбасы бiздiң елде де көрiне бастады. Демек, қоғам әлеуметтiк жiкке бөлiнген екен, олардың арасында үнемi «тап күресi» қызып жатпағанымен, төменгi тап теңдiкке ұмтылмай, өз мүддесiн қорғамай тұра алмайды. Социалистiк идеялардың бiзге жат болмайтын бiр себебi осында.

Тұғырнаманың экономикалық реформалар жайын баяндайтын тарауында өзiмiзден шыққан кәсiпкерлердi қолдау туралы өте орынды айтылған. Расында да, болашақ банкирлер, өнеркәсiп алпауыттары, сауданың сырын ұғып, кiлтiн ұстаған iрi бизнесмендер өзiмiзден шықпайынша, көсегемiз көгермейтiнi анық. Бұйырса, ол жағы да орындалар. Тек сол кәсiпкерлер қазiргiдей әлдекiмдердiң жетегiмен емес, табиғи түрде өсiп шықса, шаруаның көзiн танитын нағыз iскерлерге кең жол ашылып, тең мүмкiндiк жасалса деген тiлек бар. Ал қазiргi жолы болып, жiлiктiң майлы басын ұстап жүргендерге қарап отырсаңыз, көпшiлiгi – кешегi iс басындағы төрелердiң iлiк-шатыстары, бүгiнгi билiк басында отырғандардың баласы, бажасы, не жиенi боп шығады. Бәлендей өзгерiс жоқ, сол баяғы номенклатура. Бұлардың көбi – жекешелендiру туралы сыбыс шықпай тұрып-ақ, мемлекет мүлкiн су тегiн басып қалғандар. Басқалар маңайына бара алмайтын банкiнiң есiгi – олар үшiн айқара ашық. Бұл жағдай қазiрдiң өзiнде-ақ жұртшылық арасында наразылық тудыруда. Бiреудiң тым тез байығанына емес, көпе-көрiнеу жасалып отырған әлеуметтiк теңсiздiкке наразы. Осы қыжылдың түбi қиястыққа айналмасына кiм кепiл. Егер бiз шын мәнiнде қоғамның түбегейлi тыныштығын ойлайтын болсақ, келiспеушiлiктi тек ұлттардың арасынан ғана iздемей, әлеуметтiк   топтардың арасындағы түйiндердi де дер кезiнде шешiп отырған терiс болмайды.

Ал мемлекеттiк құрылысты жетiлдiре түсу жөнiнде бiздiң айтарымыз көп емес. Алдағы уақытта Қазақстан Жоғарғы Кеңесiнiң кәсiби парламентке айналатыны, атқарушы үкiмет пен заң шығарушы органның ара-жiгi айқындалатыны жайында аз айтылып жүрген жоқ. Тек қазiргi сайлау жүйесiн қайтадан реттеу керек болар. Биылғы iшiнара сайлау кезiнде депутатыққа үмiткерлер арасында мал шашу жолымен дауысты сатып алу фактiлерi ұшырасты. Егер бұған дер кезiнде тиым салынбаса, алауыздықтың тағы бiр ошағы осы арадан өршуi ғажап емес. Қазiр Алматы қаласы мен көптеген облыс, аудандарда кеңестер өз өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға шешiм қабылдады. Кеңестердiң бұлайша өз қызметiн тоқтатуы оның мүлде қажетсiздiгiнен емес, қолдарында ешқандай билiк қалмағандығынан деп ұғынуымыз керек. Иә, «барлық билiк кеңестерге берiлсiн» деп ұрандағанымызбен, осы бiр өкiлеттi мекемеге қашан билiк тиiп көрiп едi?! КСРО кезiнде екi тiзгiн, бiр шылбыр компартияның қолында болса, қазiр ол түгелiмен әкiмдердiң қолына өтiп кетiп отыр. Қайта, бұрын партия комитеттерi шаруашылықты кеңестердiң қолымен басқарушы едi, қазiр ол мiндеттен де босап қалды. Мұндай жағдайда кеңестердiң, шынында да, аренадан кетпеске амалы жоқ. Демек, бұдан былай жергiлiктi орында билiктi бiр қолға топтастырған жөн болар. Болашақта оларды әкiм деп атаймыз ба, әлде төраға деймiз бе, тек кiм де болса, жоғарыдан тағайындалмай, демократиялық жолмен сайлануы, халық алдында өз қызметiнен есеп беруi керек. Тегiнде құқықтық қоғам талабы да, ел тiлегi де осыған саяды.

Айтпай кетуге болмайтын тағы бiр мәселе – кейiнгi уақытта рушылдық, жершiлдiк пиғылдардың қайтадан бас көтере бастағаны. Өз тұғырнамасында осы бiр кесiрлi жағдайды президент те айналып өте алмаған. Ол соңғы кезде рулық, тамыр-таныстықтың, туыстық пен жерге бөлiнудiң тiптi өкiмет құрылымдарында, қаржы және коммерция салаларында да өркен жая бастағанын айта келiп: «жалпы алғанда, қазiргi ру-тайпалық идеология – ұлттың iштей ыдырауы мен бағдардан айырылудың өте қауiптi түрi. Сондықтан, мемлекеттiк идеологияның өзектi мiндетi – осы рулық таптаурынды жою» екенiн қайталап ескерткен.

Президентiмiз айтса айтқандай, өз арамызда руға, жүзге жiктелу қазақ халқын дүниежүзi алдында ұятқа қалдыратын, қазақты орта ғасырлық деңгейiндегi әлдебiр жабайы жұрт етiп көрсететiн, ең зиянды нәрсеге айналып отыр. Егер кейбiр келiмсектер: «Бiз болмасақ, қазақтар өзiн-өзi басқара алмай, бiрiнiң етiн бiрi жейдi» десе, бiздiң осындай осал жерiмiздi бiлгендiктен айтады. Рушылдық, жершiлдiк секiлдi жаны сiрi шырмауықтың қашанда пайда түсетiн жерде, ақша мен мансаптың маңында жүретiнi белгiлi. Ол – әсiлi, зиялы қауым мен атқамiнерлердiң «ауруы». Сондықтан, бұл дерттен ең алдымен мемлекеттiң басқару аппараты, баспасөз, идеология мекемелерiнiң таза болуын тiлер едiк.

Бiрақ бұл туралы да алыпқашпа әңгiмелер аз емес. Бiлетiндердiң төндiрiп айтуынша, қазiргi министрлер кабинетiнiң идеология жөнiндегi орынбасарынан бастап, баспасөз министрi, қазақ телерадио компаниясының бүкiл басшылық құрамы, университеттердiң ректорлары, жетекшi газеттердiң редакторлары мен республикалық баспалардың басшылары – түгелге жуық бiр өңiрдiң адамдары көрiнедi. Тұғырнамада: «рулық тамыр-таныстық үкiмет құрылымдарында да өркен жая бастады» дегенде, президенттiң меңзеп отырғаны осылар емес пе екен? Басқа саладай емес, баспасөздегi жiкшiлдiк бадырайып көрiнiп тұрады. Бұл күнде желкемiзде төнiп тұрған арнайы цензура болмағанымен, қазiр кейбiр газет редакторлары бұл мiндеттi өздерi атқаруда. Олар өздерiне көрсетiлген сенiмдi ақтаудың бiрден-бiр жолы балама ұсыныстар мен сын пiкiрлердi өткiзбеу, әкiмшiлiкке шаң жуытпау деп түсiнетiн секiлдi. Егер бұл жағдай бұдан былай да жалғаса беретiн болса, түбiнде қоғамдық ақыл-ойдың еркiн дамуына тұсау сала ма деген қауiп бар.

Қазақ халқы өтпелi дәуiрде қандай қиыншылыққа ұшыраса да, бүйiрiн тоғайтып тұрған бiр асыл қазынасы бар. Ол – зарығып барып қол жеткiзген тәуелсiздiгi. Сол тәуелсiздiгiне қылау түспесе, елдiгiн ешкiм қорламаса, басқа тауқыметтiң бәрiне бiздiң халқымыз шыдайды. Ал оған шыдамаған, өздерiне тәуiр қоныс iздеп, есi барда елiн тапқысы келгендердiң шылбырына оралып, шаужайына жармасудың еш жөнi жоқ. Келгенде кекiлiнен сыласақ, кеткенде сауырынан сипап, разы-хоштықпен шығарып салуымыз керек. Қазiр келiмсектердiң көбi қос азаматтыққа үмiт артып отыр. Жалпы бұл мәселенi де кейiнге созбай, төлқұжатымызды таратып, өз азаматтығымызды айқындайтын мезгiл жеттi.

Азаттықтың әбден айы өткендiктен болар, бiз қазiр кейбiр ұғымдарды жиi қайталауды ұнатамыз. Екi сөзiмiздiң бiрi – егемендiк, төрт сөзiмiздiң бiрi – тәуелсiздiк, Қазақстан аталған жерде осы екi сөз қалмай бiрге жүредi. «Еге-
мендi елiмiз», «тәуелсiз Қазақстан...» Онымыз сырт адамдарға әлдебiр мақтан сияқты көрiнуi де мүмкiн. Мәселен немiстер, француздар өз елдерiн «егемендi Германия» немесе «тәуелсiз Франция» деп атаса күлкiлi боп шығар едi. Бiз де бұдан былай «егемендiк», «тәуелсiздiк» деген сөздердi көп қайталап дәмiн кетiрмей, оны ендi iс жүзiнде орнықтыруымыз керек. Бiздiң идеялық мұраттарымыздың түп қазығы да, iшкi-сыртқы саясатымыздың бұлжымас бағыты да – сол тәуелсiздiк болуға тиiс.

Қабдеш Жұмаділов

1993 жыл.

Abai.kz

0 пікір