Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025
Билік 364 0 пікір 17 Желтоқсан, 2025 сағат 13:30

Жапония Орталық Азия елдеріне ден қоя бастады

Сурет: economist.kg сайтынан алынды.

Қытаймен арадағы саяси кикілжіңдерден кейін Жапония Орталық Азия елдеріне ден қоя бастады.

Оның жарқын мысалы  Орталық Азия елдерінің қатысуымен өтетін саммитті  дайындауға Токио бел шеше кірісіп кетті.

«Жапония үкіметі 19-20 желтоқсанда Токиода Орталық Азияның бес елімен саммит өткізгісі келеді», - деп жазады жапондық БАҚ. Саммиттің дайындығы туралы билеуші партияның вице-президенті Таро Асо Жапония мен ОА арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға жауапты депутаттық топтың отырысында хабарлады.

«Соңғы жарты жылда Ресей, Қытай, АҚШ және басқа да елдер Орталық Азия мемлекеттерімен саммит өткізді. Дипломатия тұрғысынан Жапонияның да осындай саммитті табысты өткізуі аса маңызды», - деп мәлімдеді Асо.

«Nippon.com» сайтының жазуынша, премьер-министр Санаэ Такаитидің өңір мемлекеттерінің көшбасшыларымен жекелеген екіжақты кездесулері жоспарланып отыр.

Саммитті Қазақстанда өткен жылдың тамыз айында өткізу жоспарланған болатын, бірақ ол Жапония жағалауындағы қатты жер сілкінісіне байланысты тоқтатылды. Сол кездегі премьер-министр Фумио Кисиданың үкіметі ТЖ-ға шұғыл ден қоюға мәжбүр болды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18-20 желтоқсанда Жапонияға ресми сапармен барып, Орталық Азия-Жапония саммитіне қатысады. Бұл туралы Тоқаевтың баспасөз қызметінен хабарлады.

«Сапар аясында император Нарухитомен, премьер-министр Санаэ Такаитимен, сондай-ақ Жапонияның іскер топтарының өкілдерімен кездесулер жоспарланған. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Орталық Азия-Жапония саммитінің жұмысына қатысады», - делінген хабарламада.

Abai.kz

0 пікір