Мұртаза БҰЛҰТАЙ. РУХАНИ МАЙДАН
«Надандардан жүзіңді бұр!»
(Құран, 7/199)
«Ақыл сенбей, сенбеңіз!»
Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы
«Надандардан жүзіңді бұр!»
(Құран, 7/199)
«Ақыл сенбей, сенбеңіз!»
Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы
Дүниежүзіндегі экономикалық, саяси һәм әлеуметтік ахуалдың күрделілігі терең сараптауды қажет етпейтіндей дәрежеде баршаға аян. Оның ішінде Қазақстанымыздың дербес ел ретінде кемелденуі қаншалықты қиындықтарға толы екенін осы елдің азаматтары ретінде сіздер мен біздер көріп, біліп отырмыз. Әсіресе, дін мәселесіне келгенде де жағдайымыз шым-шытырық, мүшкіл һәм қолайсыздау. Тәуелсіздіктен бері өткен азғантай жылдың ішінде Қазақстан діни ағымдар мен діни-идеологиялық топтардың экспансия (жайылу) һәм эксперимент (сынақ) алаңына айналғандай. Ядролық сынақтарды тоқтата білген күшіміз бен даналығымыз, бірлігіміз бен жауапкершілігіміз зардабы ядролық апаттан төмен түспейтін діни сынақтарға келгенде қауқарсыз не бейқам болып қала берді. 1992 жылдың қаңтар айында қабылданған қолданыстағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» Қазақстанды діни ықпал енгізу тұрғысынан «инвестиция» салуға өте қолайлы және шұрайлы елге айналдырды. Адам құқықтары мен демократиялылықтың басты көрсеткішін дін атаулыға есік ашып, төрлету деп қабылдаған жаңсақ сана салдарынан атам қазақ атын естіп, түсін түстеп көрмеген сан ағым қаптап, азаматтарымызды түрлі әдістермен бағындырып, ғасырлар бойы ел ішінде көрінбеген жік салды, ағайынды араздастырды. Ағайынды бірбіріне жау қылмаса да жат қылды, ал олар күндердің күні жау болмайды деп айта аламыз ба? Деструктивті діни ағымдар мен тоталитарлық секталардың антагонизмді насихаттап, басқа жолдағыларға теріс көзбен қарайтыны бесенеден белгілі. Кейбірі азаматтарымызды біріне-бірін айдап, азғырып ғана қойған жоқ, тіпті, оларды өз мемлекетіне қарсы күреске де салып қойды. Бұрын, тіпті, ойға келмейтін нәрселер қазір күнделікті әңгімеге айналып барады. Мәселен, сектаға өтіп кеткен кейбір жастарымыз әскери борышын өтеуден бас тартып жатыр екен, бұл көп емес, осыдан 15-20 жыл бұрын ғана ойға келуші ме еді? Жуырда араб елдерінен шабыт алатын «салафи» бағытын ұстанған 200-ден астам қазақ жастары ел аман, жұрт тынышта отанынан қашып, бірнеше жыл бойы Чехияда босып жүр дегенді баспасөзден оқып, жағамды ұстадым. Ол қашқан қазақ кімге керек өзі?! Олардың салафилердің отанына емес, зайырлы Еуропаны паналағаны өз алдына жеке әңгіме. Кейбір азаматтарымыздың (көбісі қандастарымыз) Кришна ағымын қолдап, шеру ұйымдастырғаны мәлім. Айта берсек осындай келеңсіздіктердің тізімін бүгін бітіре алмаспын ба деп қорқамын. Сонда бізге не болды?! Қайда бара жатырмыз, ағайындар-ау?! Жетіскеніміз осы ма?! Сан ағымның жетегінде кеткен он мыңдаған, тіпті, жүз мыңдаған бауырларымыздың душар болған осы халіне көңілдеріңіз тола ма?! Ұрпақтарымыз осындай талан-таражға салынады-ау деп ойлап па екен бұрынғылар?!
Бұл жерде мәселенің тек діни сенім бостандығы яки жекелеген адамдардың өздеріне ұнаған сенімге қосылуынан әлдеқайда тереңде жатқанын бәріміз аңғарып тұрсақ керек. Менің ойымша әңгіме халқымыздың дәстүрлі тұтастығына жасалған операцияда, отанымыздың ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне жасалған саботажда, ұрпақтар сабақтастығына, ұлттық бірлікке, халықтар достығына қағылған сынада. Өзінің дәстүрлі діні мен тіліне, қысқасын айтқанда, рухани мұрасына әлі қауышып үлгермеген, оны заманауи биіктен сараптау деңгейіне жетпеген, жазусыз ақ қағаздай жаны пәк азаматтарымызды түрлі авторлардың құзырына беріп, тастағандаймыз. Не жазса да сол автордың өз еркінде! Нәтижесінде кейбір азаматтарымыз не кришнашы, не иеговашы, не евангелист немесе Исламды далдалаған кертартпа да қанаушы топтардың бірінің ішінен шыға келуде. Бір таң қаларлығы, сырттан келген діни ағымдарға беріліп кеткен біздің азаматтар, жеті атасынан сол ағымда келе жатқан белсенділерден сол ағымды қорғаштау, насихаттау жағынан асып түспесе, төмен түспейтіні. Бүгінде иеговашылармен қандай бір дау-дамайға түссеңіз, америкалық иеговашы алдыңнан шықпайды, кришнашыларға бірдеңе айтып көрсеңіз, сөз таластырған үндіні көрмейсіз, фундаменталист протестант миссионерлермен пікір таласқа яки ғылыми айтысқа түсе қалсаңыз, олардан гөрі олардың ықпалында кеткен өзіміздің ағаларымыздың қаһары қаттырақ болатынын көресіз. Демек, діни ағымдардың «инвестициясы» өзін ақтады, олар Қазақстанға келіп, бекерге шығынданған жоқ, алда қырман күтіп тұр оларды. Дәл осы тұста мына сахна неліктен көрініс тапты және біздер неге әлсіз болып қала бердік деген сауал мазаласа керек. Әр ата-ана өз ұрпағын жаманаттан, кесапаттан сақтап қалуға тырысатыны секілді, мемлекет деген ірі ұғым, биік шаңырақ та өз азаматтарын зиянды ықпалдардан, ірітуші-шірітуші күштерден арашалап қалуы керек емес пе?
Айтпасқа амалым жоқ, Конституция Кеңесі жақында ғана «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның ел мүддесіне басымдық берген жаңа нұсқасын кейбір техникалық кемшіліктерді желеуретіп «Конституцияға сәйкес емес» деп жариялағанда, қабырғамыз қайысып, түн ұйқымыз төрт бөлінді. Бұл осыменен екінші рет кері қайтқан дін заңымыз! 2001 жылы дәл осылай болған жоқ па? Ол кезде де миссионер ұйымдары, сырттан келген діни ағымдар мен адам құқығын «қорғаушылар» шуылдағанда, Мәжіліс пен Сенат бекіткен заңымыз Конституция Кеңесінен өте алмай, құрдымға кеткен-ді. 2008 жылдың ақпан-наурыз айларында Мәжіліс және Сенат депутаттарынан құралған бастамашы топ қолданыстағы заң мемлекетімізге көп зиян келтіруде, оны қазіргі заманның талабына сай өзгерту керек дегенде, «Тәуба! Дұғаларымыз қабыл болды!» деп, қуанып едік. Бірнеше дінтанушы, зиялы азаматтар Алматыдағы «Ұлттық баспасөз клубында» мәслихат өткізіп, депутаттардың бастамасын қолдайтынымызды жария еткенбіз. Соңыра, ҚР Парламенті ұйымдастырған дөңгелек үстел жиналыстарында пікір білдіріп, заң жобасы бойынша ұсыныстар жасап едім, мақалаларым бірнеше басылымдарда жарияланған-ды. Сонымен қатар заң жобасына қарсы топтың белсенділерімен полемикаға түскенім бар. Осы еңбектің бәрі зая кеткенін көріп, қатты қынжылып отырмын, ағайын. Ел тағдырын арқалаған депутаттарымыз бұл мәселені осымен қалдырмайтын шығар, түптің түбінде діни диверсияны ауыздықтайтын заң қабылданатын шығар деген үміттен күдер үзгім келмейді...
КІМНІҢ ҚҰЛЫМЫЗ?
Деструктивті діни ағымдардың, тоталитарлық секталардың, дін атын жамылған қанаушы топтардың қоғамға келтіретін апаты - өздеріне мойынсұнған адамдарды құлақ кесті құлға, дүмбілез мәңгүртке, еркін ойлау қабілетінен ажыратылған зомбиге айналдыруы. Олардың кейде криминалдық топтармен, наркобизнес барондарымен, лаңкес ұйымдармен қоян-қолтық араласып кететіні де біраз нәрсені аңғартса керек. Қатарларын анағұрлым көбейтіп, томаға-тұйық құлдар армиясын ұйымдастыратын қанаушы топтардың құрығына ілінген байғұс пенделерді материалдық һәм психологиялық қиындықтар мен қиналыстар күтіп тұрғаны аянышты. Алайда, имандылар кімнің құлы болуы керек, кімге құлдық борышын өтеп, кімге ғана тәуелді болуы керек? Жауапты Құраннан іздеп көрелік:
«Күдіксіз, Мен Аллаһпын! Менен өзге тәңір жоқ! Ендеше, Маған құлдық ет!» (Та-Ха сүресі, 20/14)
«Өзіңе құлдық етеміз және Өзіңнен жәрдем сұраймыз!» (Фатиха сүресі, 1/5)
«Шынында, менің жалбарынуым, құлшылықтарым, өмірім және өлімім әлемдердің Иесі - Аллаһ үшін!» (Әнғам сүресі, 6/162)
Құран аяттарында мұсылман пенденің тек Жаратушыға құлдық қылатыны, Аллаһтың көрсеткені және түсіргені бойынша өмір сүретіні айқындалған. Арабшадағы «абд» сөзі құлдықты, тәуелділікті, бағыныштылықты, қызмет/еңбек етуді, ұлықтауды білдіреді. Құран, біртұтас жүйе ретінде, басынан аяғына дейін имандыларды тек Аллаһқа ғана «абд» яғни «құл» болуға, басқаға құл болмауға үндейді. Демек, имандылар толыққанды еркіндікте болуы керек, ешбір күшке, ешбір адамға яки затқа басы байлаулы құл болмауы керек. Құлдық ұғымы барлық әлемін жаратқан шексіз құдірет Иесіне ғана қарата болуы мүмкін. Құранда имандылардың фәни адамдарға құлдық ұруы, қанаушы топтардың жетегінде кетуі дегендер жоқ. Күллі ғаламды бар еткен Аллаһқа тәуелді болмасқа амалымыз жоқ, өйткені, ауа жұтуымыздан бастап, барлық функцияларымыз Оның заңдары бойынша болады. Міне, Ислам дініндегі осы еркіндік, тәуелсіздік концепциясы ешбір дінде, ешбір философиялық идеяда жоқ. Өзгелері адамдарды фәни пенделерге, шіркеуге яки өткінші құрылымдарға, тіпті ақыл-еске еш сыймайтын нәрселерге, қысқасы, құлға құл етеді де тұрады. Құранда баяндалған қиссаларды оқыңыз, мәселен Мұса пайғамбардың Исраил ұрпақтарын құлдықтан тәуелсіздікке жетектеуі туралы айтылады. Сол сияқты Мұхаммед пайғамбар да мұсылмандарды Меккеден Мединеге көшіру арқылы құлдықтан құтқарды, саяси һәм экономикалық тәуелсіздікке жеткізді, мұсылман қоғамы сөйтіп нығайды...
ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ АЯНЫШТЫ ХАЛІ
Жә, шын мәнінде Құранның жоғарыда қысқаша ғана келтірілген тәуелсіздік, еркіндік концепциясы қазіргі дәуірде мұсылман әлемінде қалай көрініс тапқан? Мұсылмандар шынымен де толық тәуелсіздікке қол жеткізе алған ба? Ислам үмметі кімге құлдық қылуда және кімнен жәрдем сұрауда? Мұсылмандар қалай күн көруде, кімге жалбарынуда? Сәл осы мәселелер төңірегінде ойланайық, ағайын. Алдымен сіздерге қазіргі Ислам әлемінің шынайы хал-ахуалы туралы Ислам Конференциясы ұйымының (ИКҰ) есептерінен бірнеше дерек келтірейін:
Дүниежүзінде 1,5-2 миллиард мұсылман бар деп болжануда. Демек, мұсылмандар әлемдегі жан санының 25 пайызын (1/4) құрайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, мұсылмандар христиандардан кейін екінші орында.
Әлемде 57 мұсылман мемлекеті бар, бұлар Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер. Демек, әлемдегі барлық мемлекеттердің 30 пайызы (1/3) мұсылмандардікі. Бұл да үлкен көрсеткіш (http://www.oic-oci.org/member_states.asp). Дүниежүзіндегі минералды ресурстардың, энергия көздерінің айтарлықтай бөлігі мұсылман елдерінің еншісінде екенін назарға алайық.
Енді осы мәліметтер негізінде мына деректерге көңіл бөліңіз:
§ Надандық: Әлемдегі мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз. Бұл 1,5-2 миллиард адамға шаққанда сұмдық үрейлі көрсеткіш, масқара. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі таңдай қақтырады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша ересек әйелдердің Алжирде 34%, Бангладеште 52%, Мысырда 40%, Мароккода 58%, Пәкістан мен Йеменде 60%, Түркияда 20% сауатсыз (http://www.sesric.org/baseind_5.php). Шумерлердің осыдан 5300 жыл бұрын сауатты қоғам орнатқанын ескергенде, ХХІ-ғасырдағы мұсылмандардың мына аянышты халіне не дерсің?! Кітабының аты «Құран» яғни «оқулық» деп аталған, алғашқы аяты «оқы!» деп басталатын бұл діннің үмметіне лайық па осы надандық? Жуырда Израиль әскері Палестинаның Газа бөлігіне баса көктеп кірмекші болғанда, Хамас ұйымының басшылары «250 мың қарулы адамымыз бар!» деп сес көрсетіп еді. Израиль екі аптаға созылған шапқыншылықта 2 мыңнан астам адамды қырғанда (оның басым бөлігі сәбилер мен еш жазығы жоқ әйелдер, қарттар), жаңағы Хамасы болсын, араб елдері болсын, ешбірі қарсылық көрсете алмады. Хамастың білімсіз 250 мың қарулы адамы болғанынша 250 мың білімді адамы болса, Палестиналық мұсылмандар осы халге душар болар ма еді? Ішетін суынан, электр қуатына дейін, дәрі-дәрмектен жанар-жағар майға дейін түгелдей Израильден алатын Газалықтар, өздері толығымен тәуелді болып тұрған Израильмен қалай тайталасқа түспек? Жастардың қолына калашниковтың орнына қалам ұстатып, білім жолына салғанда, Палестина баяғыда мемлекет болар еді және де гүлденген, дамыған елге айналар еді ғой...
§ Ғылыми потенциал: Ғылым және техника салаларында жарияланған мақалалардың жалпы мөлшері елдердің даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштерден. 1996-2005 жылдары аралығында (10 жылда!) Сомалиде 16, ең дамыған мұсылман елі саналатын Түркияда 87,629 ғылыми-техникалық мақала жарияланған екен. Ал аталмыш кезеңде АҚШ-тағы екі-ақ жоғары оқу орнында - MIT (Massachussets Institute of Technology) және Станфорд университеттері, 99,643 мақала жарияланған екен! (Science & Technology in the OIC Countries, SESRTCIC, Ankara, 2005, 1-бет). Аталмыш кезеңде Қазақстан 2,242, Ауғаныстан 59, Грекия 65,107, Финляндия 86,608 мақала шығарған. Барлық әлем пайдаланатын Нокиа телефондарын өндіретін Финляндияның бар-жоғы 5-ақ миллион халқы бар.
§ Ғылыми белсенділік: 1996-2005 жылдары жарияланған ғылыми және техникалық журнал мақалалары бойынша: Ауғаныстанда 1 миллион адамға шаққанда 2,5 мақаладан келсе, Пәкістанда 53, Қазақстанда 150, Түркияда 1,240 мақаладан келеді екен. Ал Финляндияда бұл көрсеткіш 16,556 және Ирландияда 14,930 мақаладан! Ирландияның 4-ақ миллион халқы бар екенін ескеріңіз. Арадағы алшақтық жер мен көктей!
§ Ғылыми мақалалар: 2005 жылы Ислам Конференциясы ұйымына мүше 57 елде (1,5 миллиард адам!) барлығы 45,425 ғылыми мақала жарияланса, АҚШ-тың бір Нью-Йорк штатының (19 миллион адам!) өзінде 52,560 мақала жарияланған екен. Бір ғана Гарвард университетінде (6,650 студенті бар) 2005 жылы 15,455 ғылыми мақала жарияланғаны көп нәрсені байқатады. Осы уақытта Қытайда - 80,282, Ресейде - 28,073, Үндістанда - 29,047 мақала жарияланған.
§ Зерттеу және дамыту (R&D): 1996-2003 жылғы деректер бойынша мұсылман елдері жалпы ішкі өнімдерінің (ЖІӨ) тек 0,38 пайызын зерттеу және дамытуға жұмсаса, АҚШ 2,67%, Қытай 1,31%, Оңтүстік Корея 2,64% және Израиль 4,72 пайызын зерттеу және дамыту саласына жұмсайды (World Bank, World Development Indicators).
§ Жоғары технология (Hi-Tech): 2004 жылы барлық мұсылман елдерінің әлемдегі жоғары технологиялық өнімдер (ЖТӨ) экспортындағы үлесі небары 4,1% болған. Осы көрсеткіштің, яғни 4,1 пайыздың 97 пайызын мына үш мұсылман елі құрайды: Малайзия, Индонезия және Түркия. Қалған 54 мемлекет 3-ақ пайызға ие. Осы санаттан әлемдегі ЖТӨ экспортының АҚШ 15% және Қытай 11% өндіріп отыр. Жоғары технологиялық өнімдер былай тұрсын, мұсылмандар қарапайым өнімдердің өзін басқа діндегілерден алады. Басқаны айтпағанда, мәселен, Меккедегі Кәғбаның айналасындағы дүкендерде сатылатын жайнамаз, тақия, азан шақыратын сағат, тәсбіх, құбыла компасы т.т. сияқты тауарлар түгелдей Қытайдан әкелінеді! Мұсылмандардың бір Нокиа, Самсунг, Тойота т.т. сияқты әлем таныған брэнді де жоқ.
§ Патент саны: 1997-2005 жылдары патент алу жөнінде әлем бойынша 986,606 арыз тіркелсе, мұның тек 5,146 данасы, яғни 0,5% (!) ғана мұсылмандардікі. Сонда, 1,5-2 миллиард мұсылманның жиынтық интеллектуалдық күші әлем бойынша 0,5 пайызға тең келіп тұр! Синтоизм мен буддизмді ұстанатын Жапония болса 130 миллион халқымен әлемдегі патенттердің 37,7 пайызына иелік етуде. Бір қуаныштысы Қазақстан 2000-2005 жылдары аралығында 4,063 патент тіркетіп, Түркиядан кейін мұсылман елдері бойынша екінші орында тұр (http://www.wipo.int/pct/en/).
§ Кедейшілік: Индонезия халқының 52,4% күніне 2 доллардан кем табыс табады екен. Бұл елде 200 миллион мұсылман барын ұмытпаңыз. Сол сияқты күніне 2 доллардан кем табатындардың мөлшері Мысырда 44%, Пәкістанда 74%, Нигерияда 92,4%, Бангладеште 82,8%, Түркияда 18,7% (БҰҰ, Адам дамуы есебі, 2006 ж., UNDP, Human Development Report 2006). Мұсылмандардың басым көпшілігі аштық және кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Бұл да намысыңды жаниды. Дамыған елдермен салыстыру үшін ащы да болса мына фактіні келтірейін: Еуропа Одағы мүше елдердің ауыл-шаруашылық салаларын қолдап-қорғау мақсатымен қомақты қаржы бөледі. Осы есептен Грекияда әрбір сыйырға күніне 2,5 доллардан ақша дотация ретінде бөлінетініне жылайсың ба күлесің бе...
§ Ауыз су тапшылығы: Ауыз суға қолы жетпейтін халықтың пайыздық мөлшері жағынан да мұсылман елдері әлемдік біріншілікті берер емес. Индонезия 23%, Сұдан 30%, Нигерия 52%, Чад 58% халқына таза су жеткізе алмай отыр.
§ Бәсекеге қабілеттілік: Дүниежүзілік экономикалық форумның 2006-2007 жылғы «Әлем бойынша бәсекеге қабілеттілік есебіне» қарағанда Швейцария бастаған мықтылар тізімінде мұсылман елдерін көре алмайсыз, олар тек артқы орындарда. Малайзия ғана 26-орында тұрса, Қазақстан 56-орынды иемденген. Тізімнің алғашқы сабында өңкей христиан, буддист, синтоист және йаһұди діндеріндегі мемлекеттерді көресің (http://www.weforum.org/en/initiatives/gcp/Global%20Competitiveness%20Report/index.htm).
§ Нобел сыйлықтары: 1901 жылдан басталған әйгілі Нобел сыйлығы туралы да бірер ауыз айта кетейік. Саяси ықпалдармен берілуі ықтимал бейбітшілік және әдебиет сыйлықтарын емес, нақты ғылыми өлшемдер бойынша берілетін физика, химия және медицина саласындағы Нобел сыйлықтарын қарастырдым. Мәселен, физика саласындағы Нобел сыйлығы 1901 жылдан бері қарай 183 адамға берілсе, 1,5-2 миллиардтық мұсылман әлемінен тек 1979 жылы Пәкістандық Абдус Салам (1929-1996) ғана осы атаққа лайық болған екен. 153 ғалымға берілген химия сыйлығын 1999 жылы алған жалғыз мұсылман ғалым - мысырлық Ахмед Зеуаил (1946- ). Медицина саласындағы Нобел сыйлығымен 1901 жылдан бүгінге дейін 192 ғалым марапатталыпты. Оның ішінен жалғыз мұсылманды таптым - 1936 жылы АҚШ-та дүниеге келген, тегі Албаниялық Ферид Мурад (http://nobelprize.org/nobel_prizes/). Бұл үшеуінің де ортақ қасиеті Еуропа немесе Америкада маманданып, ғылыми зерттеулер жасағаны. ІХ-ХІІІ ғасырларда адамзатқа әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (980-1037), әл-Бируни (973-1048), әл-Хорезми (780-850?), Ибн Рушд (1126-1198), әл-Кинди (800?-873) сияқты мыңдаған ғалымды тарту еткен мұсылман әлемі бүгіндері ғафлат ұйқысынан ояна алмай келеді.
§ Спорттағы табыстар: Ақыл күшінен енді дене күшіне келейік. Олимпияда ойындарының бір ғасырлық тарихында жазғы және қысқы олимпияда ойындарында барлығы 5,282 алтын медаль берілген екен. Барлық мұсылман елдері (!) жеңіп алған алтын медаль 102 дана ғана, яғни 0,01%! Демек, мұсылман еместер алтын медальдердің 99,99% алған! Ең көп алтын медальі бар Түркия 37 алтынмен әлемдік тізімде 30-орында. Жетпіс миллионнан астам халқы бар Иран 11 алтын медальмен 46-орында болса, Қазақстан 10 алтын медальмен 48-орында келеді. Басқа мұсылман елдерін айтудың тіпті қажеті жоқ. АҚШ 1009 медальмен көшті бастаса, алғашқы 30 елдің басым көпшілігі Еуропаның христиан елдері мен Қытай, Жапония және Корея сияқты Азия елдері (http://www.olympic.it/english/medal/id_overall.htm). Бұл жағынан да жағдайымыз мәз емес.
Мысалдарды көбейтуге болады. Соңғы екі жыл бойы Ислам әлемінің даму деңгейін дүниежүзілік масштабта салыстырмалы деректер бойынша зерттеудемін. Мұсылмандардың артта қалу себептерін анықтау және тығырықтан шығудың амалдарын қарастыру мақсатымен қыруар дерек көзін тексерумен, талдаумен келе жатырмын. Мәселен, орташа өмір, бала өлімі, ана өлімі, қоректену деңгейі, жоғары білімділердің жалпы халыққа мөлшері, инновация, табыс үлесімі, әлеуметтік әділеттілік, өмір сүру сапасы, бақыттылық деңгейі, өміріне қанағаттанушылық, ұлттық брэндтер, жұмыссыздық, сөз бостандығы, әйел құқықтары, инфрақұрылым, мүліктік құқықтар, қорғаныс қабілеті, дәрі-дәрмек өндірісі т.т. сияқты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша Ислам әлемінің жағдайы басқа жұртпен салыстырғанда өте нашар, дамыған елдерден бірнеше ғасыр артта келеміз. Алайда еңбексіз ешнәрсе де өзгермейді, Құран 14 ғасыр бұрын барлық өзгерістің адамдардың өздеріне байланысты екенін ескерткен жоқ па?:
Шынында, Аллаһ ешбір қоғамды олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпес! (Рағд сүресі, 13/11)
Өйткені, шынымен де бір қоғам өз-өзін өзгертпейінше, Аллаһ оларға берген нығметін өзгертпес! (Әнфал сүресі, 8/53)
Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы бабамыз да бір өлеңінде:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
деп осы мәселеге байланысты ұстанымын айтып өткен.
ЖАЛҒАСЫ БАР....