Жұма, 19 Желтоқсан 2025
Мәдениет 161 0 пікір 19 Желтоқсан, 2025 сағат 14:52

«Ревизор» тағы келді....

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазіргі таңда қазақ театрларында орыс классикасының жиі қойылуы заңдылық деп ойлаймын. Себебі, классикалық туындыларда көтерілген мәселелер тек бір халыққа ғана емес, барша адамзат қоғамына ортақ.

Солардың бірі де, бірегейі Николай Гогольдің «Ревизор» комедиясы. Әлем әдебиетінде Николай Гоголь сыншыл реализм мен сатираның хас шебері ретінде танылғаны бекер емес. Драматург өз шығармаларында әрдайым қоғам шындығын астарлы сарказм арқылы суреткерлікпен жеткізеді. Мәселен, «Ревизор» пьесасында автор адам бойындағы екіжүзділік пен қоғамдағы жемқорлық тақырыбын көркемдікпен әспеттейді. Сондықтан да бұл туындысы ғасырлар өтсе де өзектілігін жоғалтпай келеді.

Аталмыш комедияны жарыққа шыққаннан бері сахналамаған театр жоқ шығар. Мектептік қойылымдардан бастап, сахналық күрделі нұсқалары болғаны тарихтан белгілі. Соның арасында, менің ойымша, Всеволод Мейерхольдтің «Ревизоры» үздік, себебі, театрлық-гротесктік сипатта шешілген кейіпкерлеріне қарап, режиссер қара сатираның түбін түсірген деуге болады. Жалпы алғанда, Мәскеу Көркем театрында Константин Станиславский мен Владимир Немирович-Данченко қойған «Ревизор» да классикалық үлгі ретінде кең танылған.

В.Немирович-Данченко драматург Н.Гогольдің туындылары театр үшін маңызды екенін ерекше атап көрсетеді. Ол былай деп жазады: «Біз үшін Гогольді терең ойлана, байыппен зерттеу айрықша маңызды. Гоголь жасаған типтер спектакльде гомерлік стильді қалыптастыруды талап етеді – мұндағы гомерлік ұғымы бейнелердің ауқымдылығы мен әсіреленген сипаты мағынасында қолданылады», – деп жазды. (В. И. Немирович-Данченко. Театральное наследие, т. 1, 1952, М, б. 225). Осы ойды қолдай отырып, «Ревизор» шығармасында қоршаған ортамызда кездесе кететін көптеген «өмірден жұлып алғандай» әсер беретін бейнелердің көп екенін байқаймыз.

Жуықта ғана Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында осы туынды режиссер Фархад Молдағалидің жаңа интерпретациясымен сахналанды. Саундрама жанрында қойылған спектакль комедияның музыкалық-дыбыстық партитурасына мән беруімен де ерекшеленді.

Сахна шымылдығын ашпай тұрып, режиссер оқиғаны интермедиямен бастайды. Актриса Толқын Нұрбекова еден сыпырып жүріп көрерменге олардың телефондарының дыбысын өшірмей отыратындықтарын, «көрермендік мәдениеттің төмендігі» жайындағы ойларымен бөліседі. Осы көрініспен  қатар грим бөлмесіндегі актрисалардың өмірі параллель көрсетіліп жатады. Бұл сахналардан көрермен күнделікті өмірді сезініп, театрда отырмағандай әсер алады. Осы арқылы режиссер спектакльдегі «төртінші қабырғаны» бұзуды көздеген.

Интермедиядан кейінгі келесі көрініс қазіргі өмірімізде сәнге айналған демалыс түрі –  саунада  өтеді. Мұнда Дуанбасы бастаған қала дөкейлерінің әңгімесі өрбиді. Ал сахнаның оң қапталында Анна Андреевнаға (актриса Райхан Қалиолдина) көмекшілері «массаж», «маникюр» сынды күтім рәсімдерін жасап жатады. Антон Антонович Сквозник-Дмухановский ролін тәжірибелі актер Ерлан Кәрібаев орындайды. Алайда актер жасаған бұл бейнеден оның бұрынғы ойнаған кейіпкерлерінің сұлбасын көреміз. Өз басым, кейіпкерден жаңа тыныс  байқалмай, көбіне пародия жасап жүрген актерді көргендей болдым. Дауыс ырғағы да, мінезі де спектакль басынан аяғына дейін өзгермей, бір сарында қалады. Яғни, актердің басқа спектакльдерде қалыптасып қалған бейнесі өзгеріссіз қалғандай әсер берді.

Анна Андреевна ролін актриса Райхан Қалиолдина ойнайды. Жас ерекшелігі жағынан болуы керек, Дуанбасымен (Ерлан Кәрібаев) Андреевна жұбына сену қиын болды. Олардың арасында сахналық серіктестік сезілмеді, бір-бірімен серіктестік байланысы әлсіз. Нәтижесінде оқиғадағы ирония сенімсіздік тудырды. Ал, Анна Андреевна мен Хлестаков (актер Нариман Елубай) арасындағы төсек сахнасынан, тіпті, асыра сілтеушілікті байқадық. Осы тұста да сахналық әріптестік қажетті мөлшерде ашылмады. Гогольдің астарлы сатирасын тура мағынасында сахнаға шығарудың  көркем жолдарын әлі де қарау қажеттілігін айта кеткіміз келеді.

Хлестаков ролі актер Нариман Елубайдың еншісіне бұйырыпты. Спектакльге дейін Нариманды Хлекстаков ролінде қабылдауым қиынға түссе де, күтпеген жерден қойылым барысында оның ойынынан бұл роль ең сәтті бейнеге айналғанын айта аламын. Бастапқыдағы аңғалдау, жеңілтек кейіпкер біртіндеп айлакер, алаяқ адамға айналады. Осылайша кейіпкер мінезі дамуы үстінде ашылып, оқиғаның қақтығыс желісі күшейе түседі. Сонымен қатар, қойылымда махаббат желісі, ашық интрига және қала өмірін меңдеген жемқорлық ахуалы жеткілікті деңгейде көркемдік тұрғыда ашылмаған. Әсіресе, Марья Антоновна (актриса Рабина Белгібаева) мен Хлестаков-Нариман Елубай арасындағы қарым-қатынас өз деңгейінде дамымағанын байқаймыз. Режиссер Марья Антоновнаға кейіпкер ретінде көп салмақ бермегендіктен Рабина Белгібаеваның орындауында бұл рольдің бар-жоғы да көмескі болып қалды, кейіпкердің мақсаты сезілмеді. Дуанбасының қызы оқиға басынан Хлестаковқа ғашық болды ма, әлде жәй ата-анасының айтқанын жасап тұрмыс құруға келісе салды ма, немесе Хлестаковпен бірге Астанаға кетемін деген ойымен жүрді ме, міне, осы сауалдарға жауап жоқ. Сондықтан бұл кейіпкер мүддесі бізге жұмбақ күйінде қалды.

Режиссер Фархад Молдағали қойылымында Иван Кузьмич Шпекин – почтмейстер ролін әйел бейнесіне алмастыруы белгілі бір көркемдік ниеттен туындағаны байқалады. Қоғамдық санада әйел бейнесінің ақпарат таратушы, әңгіме жеткізуші ретінде қалыптасқан стереотиптері бұл режиссерлік шешімнің астарында жатқан мағынаны аңғартады. Аталған бейнені жасаған актриса Аида Жантілеуова қойылымның идеялық желісін тереңдететін мазмұнтудырушы маңызға толықтай айналдырмағанын байқаймыз.

Гогольдің бұл шығармасында оқиғаның негізгі қозғаушы, қақтығыс тудырушы кейіпкерлері Добчинский мен Бобчинский. Бір-бірінен  ажырамайтын, өсекке құмар, жалтақ жандар. Олар үшін ең маңыздысы – ел көзіне түсу, өзін қажет, маңызды адам ретінде сезіну. Ешқандай билігі жоқ болса да, қоғам назарынан тыс қалудан қорқады. Дәл осы ішкі күйді режиссер Фархад Молдағали жеткізе алды деп ойлаймын. Спектакльдің ең нақты әрі мағыналы тұсы да осы екі кейіпкер Добчинский мен Бобчинский арқылы ашылады. Күлкілі көрінгенімен, олардың бойында қоғамдағы елеусіз, бірақ бәріне араласқысы келетін адамдардың шынайы бейнесі бар. Қойылымның кілті – олардың алдыңғы планда орналасқан баспалдақта отырып, Хлестаковпен сөйлесетін сахнасы. Спектакль басында Добчинский ролі актер Шағуан Үмбетқалиевке арналғандай, Гоголь сипатына сай – бойы ұзындау, бос сөзге құмар, салмақсыз бейнеде көрінсе, қойылым соңында оның Бобчинский екені анық айтылады.

Ал, негізінде бұл Добчинский ролінде Нұржан Асылхан. Бірақ, бұл бейне автор сипаттамасына керісінше берілген. Яғни, актердің серіктесіне қарағанда  бойы қысқалау сабырлы келген, бір сөзбен,  жолдасының антоним бейнесі. Өзінің қоғамда орны бар, беделді болуға деген талпынысы жасанды тексерушіге деген жалынышты әңгімесінен байқалады. Өзінің жетпеген жетістіктерін баласына тілеп, Хлестаков жалынуы оның жәй жалпақтағаны емес, қамқорлығын көрсеткендей әсер қалдырды.

Қорыта айтқанда, қазақ театрларында орыс классикасын, оның ішінде Николай Гогольдің «Ревизор» пьесасын сахналау – заман талабына сай және спектакль көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде бой көрсеткен. Сонымен бірге, «Ревизор» сияқты пьесаларды жаңаша формада қою – көркемдік тәжірибені байытып, қазақ театрының әлемдік драматургиямен байланысын тереңдетуге жол ашады. Десекте, драмалық желісінің толық ашылмауы, кейбір рольдердің бейнелік жаңа тынысқа ие болмауы, жалпы құрылымдық біртектілікке кедергі келтірген. Сондай-ақ, бұл қойылым классикалық шығарманы қазіргі өмірмен байланыстырғаны, көрерменнің күнделікті өмірінен алынған көріністер мен интерактивті элементтер арқылы қызығушылық тудырғаны – маңызды жетістік. Жаңа интерпретация арқылы режиссер қоғамдағы адам мінезінің кемшіліктерін, әлеуметтік мәселелерді және сатиралық астарларды бейнелеу мүмкіндігін көрсетті. Жинақтай айтқанда, саундрама жанрында жаңаша сөйлеген «Ревизор» комедиясы өзіндік ерекшелігі бар, театрдың репертуарына қосылған жаңа туынды деп тануға болады.

Ұлпан Шеріхан,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4 курс студенті 

Abai.kz

0 пікір