Дүйсенбі, 22 Желтоқсан 2025
Билік 218 0 пікір 22 Желтоқсан, 2025 сағат 13:28

Сакура сапарын сараптағанда...

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанып, ірі державалармен тепе-тең қатынас орнатуға күш салды. Бұл – өз уақыты үшін дұрыс та, қажетті де таңдау еді. Алайда дәл осы жылдар ішінде біз бір маңызды нәрсені елеусіз қалдырдық: мемлекет тағдырын шешетін кезеңде интеллектуалдық қабатты жүйелі түрде билікке, стратегиялық ойлауға тартпай, оны сыртта қалдырдық. Мұның салдары бүгін ғана емес, ертеңгі ұрпақтың болашағына тікелей әсер ететін деңгейге жетті.

Корея мен Жапонияға қатысты салғырттық та осының бір көрінісі. Біз бұл елдермен қарым-қатынасты ерте бастан орнаттық, бірақ оны өркениеттік серіктестік деңгейіне көтере алмадық. Корея мен Жапония – табиғи ресурсы аз болса да, интеллект, тәртіп, білім, ұзақ мерзімді жоспарлау арқылы әлемдік деңгейге шыққан мемлекеттер. Олар біз үшін шикізат тұтынушы емес, ұлттық жаңғырудың нақты үлгісі бола алатын елдер еді. Бірақ біз оларды көбіне инвестиция көзі немесе жекелеген технология жеткізуші ретінде ғана қабылдадық. Ұлтты қалай қысқа мерзімде индустрияландыруға болатынын, еңбек пен жауапкершілікті қалай ұлттық мінезге айналдыруға болатынын, мемлекетті басқаруда интеллектуалдың рөлі қандай болу керектігін терең сұрамадық.

Бұл олқылықтың түпкі себебі біреу: бізде мемлекеттік құрылым интеллектуалды адамды емес, ыңғайлы адамды таңдауға бейімделіп алды. Туыстық, жақындық, «өзіміздікі» деген өлшем кәсібиліктен, ой тереңдігінен жоғары қойылды. Мұндай жүйе алғашқы кезде тұрақтылық сияқты көрінуі мүмкін, бірақ ол ұзақ мерзімде мемлекеттің өзін іштен жейді. Интеллектуал сыртта қалғанда, стратегиялық ой тоқтайды, ал стратегиялық ой тоқтаған жерде ел тек инерциямен өмір сүреді.

Соңғы жылдардағы АҚШ пен Жапония бағытындағы жоғары деңгейдегі сапарлар кезінде бұл шындық айқын көрінді. Көрші Өзбекстанға ұсынылған келісімдердің ауқымы мен мазмұны Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда салмақты болды. Мұның себебі ресурста да, географияда да емес. Себебі – серіктестердің кіммен сөйлесіп отырғанын, шешімнің қаншалықты тұрақты екенін, артында интеллектуалдық база бар-жоғын анық сезінуінде. Халықаралық ойыншылар декларацияға емес, институтқа, кадрға, сабақтастыққа сенеді. Өзбекстан соңғы жылдары ойлайтын, реформалық көзқарасы бар кадрларды алға шығара бастады, ал бізде әлі күнге дейін қызмет көбіне марапатқа немесе туыстыққа айналып кеткендей әсер қалдырады.

Мемлекет үшін бұл ең қауіпті жол. Өйткені интеллектуалды адамды айналып өткен жүйе біртіндеп талантты жастарды сыртқа итереді. Әділетсіздікке көнбеген ойлы ұрпақ елге емес, өз басының амандығына жұмыс істей бастайды. Сөйтіп, елдің интеллектуалдық қоры сарқылады. Бұл – көзге бірден көрінбейтін, бірақ ұлттың тамырын кесетін құбылыс. Жиен мен немерені қызметке орналастыру арқылы біз өз балаларымыздың болашағын құрбан етіп жатқанымызды түсінбеу – кешірілмейтін аңғалдық.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға бет бұруын осы тұрғыдан қарастырғанда ғана оның мәні ашылады. Бұл сапар бір реттік келісімдермен өлшенбейді. Бұл – өткен отыз жылдағы жіберілген олқылықты кеш болса да түзеуге жасалған талпыныс. Бірақ сыртқы саясаттағы дұрыс бағыт ішкі саясаттағы кадрлық, институционалдық өзгеріспен ұштаспаса, ол сапарлар витрина болып қала береді. Жапония мен Корея сияқты елдермен шынайы серіктестікке тек сана өзгергенде ғана қол жеткізуге болады.

Тарихтың сабағы қарапайым: мемлекет қиын кезде өз адамына емес, ақылды адамына сүйенуі керек. Интеллектуалды шеттеткен ел уақытша өмір сүруі мүмкін, бірақ болашақтан айырылатынын тарих сан рет дәлелдеген. Біз Корея мен Жапонияны кеш түсіндік. Енді интеллектуалды басқаруды да кеш түсінсек, оның құнын жиен де, немере де емес, тұтас ұлт төлейді.

Ермахан Қалмырзаев

Abai.kz

0 пікір