Абайтанушыны ардақтауды ұмыта береміз бе?
ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа!
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Қаринге!
Ашық-хат
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз сөз еткелі отырған абайтанушы Жабал Шойынбеттің бүкіл өмір жолына қарай отырып Қазақ елінің өркендеуіне зор қосқан үлесі, оның хәкім Абай мұрасын насихаттаудағы ғылыми еңбектері мен Қазақ мемлекетін және Абайды шет елдік дұшпандардан қорғаудағы жанкешті күресі ескерусіз қалып, осы күнге дейін Үкімет тарапынан бірде-бір марапатқа ие болмауы таң қалдырды. Біз ең болмағанда биыл Абайдың 180 жылдығы мен өзінің 70 жасқа толуына байланысты марапатқа ие болар деп ойлап едік, үміт ақталмай отыр.
Жабал Шойымбет еліміздің шалғайдағы ауылы Созақ ауданында мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жүріп-ақ өзінің мемлекетшілдік, ұлтшылдық азаматтық танымын көрсете білді. 1981 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Әдебиет пәні оңай ма?» деген мақала жариялап қазақ тілі мен әдебиетінің өз дәрежесінде жүрілмеуінің сол кездегі бір жақты коммунистік партияның солақай саясатының әсері екенін меңзеп, ащы шындықты көпшіліктің талқысына ұсынды. Оның мақаласы бойынша газет бетінде екі жыл пікірталас жүріп, редакцияға мыңнан астам оқырманнан хат түсіп, қорытындысында Оқу ағарту министрлігі Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің жиынын өткізіп, осы мәселе туралы қаулы қабылдады.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 1990 жылы ашылған Абайтану бөлімінде ғылыми қызметкер бола жүріп Абайдың 150 жылдығына дайындалған Абайдың академиялық толық жинағына жауапты хатшы болып қатысты. Ұстазы, қазақтың абызы атанған Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен Абайдың қарасөзі туралы ғылыми зерттеу жүргізе отырып тәуелсіздік алған Қазақстанға миссионер атын жамылып келген шетелдік дұшпандардың елге бүлік салған, ұлттық құндылықтарды терістеген зұлымдық құйтырқы әрекеттерін барлық күш-жігерін, жанын аямай күресіп, аяусыз соққы берді, яғни Қазақ елін, оның аяулы ұлы хакім Абайды жанқиярлықпен қорғады. Сөзімізді дәлелдейік:
1. Ұстазы М.Мырзахметұлымен бірге «Кришна сапасы» қауымының арбауына түскен «адасқан қазақ» Досым Омаров Философия институтының директоры, академик Ә.Нысанбаевтың сеніміне кіріп, сол ұжым философтарының ұсынысымен кришнайттық негізде жазылған «Абайтану» оқулығын мектепке Білім Министрінің бұйрығымен ендіріп, оқушыларға оқытуға рұқсат бергеніне нақты дәлелмен қарсы шығып үздіксіз бес жылдай тынымсыз айтысып, мектеп бағдарламасынан алдырып тастады. Ал Д. Омаровтың М. Әуезовті кришнайт етіп қорғамақшы болған доктор диссертациясын қорғатпай тастады.
2. Арнайы дайындықтан өтіп, елді бүлдірудің айла-амалдарын әбден меңгерген, арнайы тапсырыспен келген америкалық «миссионер» атын жамылған Чарльз Уеллер «ізденуші ғалым ретінде қазақтың діні мен мәдениетін зерттегім келеді» деп сол кездегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия факультетінің деканы, академик Ғ.Есімовтің сеніміне, әрі ол арқылы қазақ философтарының да сеніміне кіріп «біздің Шоқанымыз» деген есімге ие болып арам ойын жүзеге асырады.
2006 жылдың 18 наурызында Ғ.Есім бастаған 22 философ ғалымдардың қолдауымен «Қазақ еліндегі діни үрдістердің мәдени-өркениеттік негіздері» атты тақырыппен философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Ал сол Чарльз Уеллер жазған «ғылыми еңбекті» оқысаңыз қазақ мемлекетін, қазақ ұлтын ашық түрде мәдениеті, ұлттық құндылықтары мардымсыз, көпдінді «жабайы халық» ретінде көрсеткен. Мысал келтірейік:
«Қазақтың дәстүрлі діні үшеу. Олар – тәңіршілік, мәсіхшілік (христиандық) және ислам;
Қазақтар 200–300 жыл бойы ұлттық мәдениеті мен тарихынан айырылып қалған халық; Дін – ұлттың негізгі сипаттары емес;
Исламның Орталық Азияда кең таралып, басқа діндердің жоғалып кетуі исламның жеңісі болған жоқ, қайта исламның әлсіреуі болды;
Мемлекет пен ұлт бөлек болуы қажет. Яғни мемлекет негізгі бір ұлт негізінде қалыптаспауы керек. Көпұлтты елде барлық ұлттар тіл, мәдениет, жер және саяси билік жағынан тең құқықты болуы керек;
Бүгінгі ортаазиялықтарға ұлттық болмыс пен ұлттық мемлекетті жасап берген орыстар; Бүгінгі Орта Азия тілдерінің ешқайсысы да ортағасырлық жазба-әдеби тілдерінің жалғасы емес, ал олардың қазіргі ауызекі диалектілерінің айырмашылықтары жер мен көктей;
Абай сияқты түрікшіл-жәдидшілер «бұрын болмаған жаңа елді жоқтан құрамыз» деп, бұрын білінбеген, болмаған бір қазақ елі үшін күрескен жоқ;
Түркі тілді мемлекеттерді (одақ) кұруы сәтсіз болады;
Ел болу ілімінің ең озық үлгісін протестанттық мәсіхшілік бере алады».
Сонымен қатар Чарльз Уеллер берілген бірінші тапсырма қазақ елінде диссертация қорғап, Қазақты, Абайды қорлап жазған еңбекті қазақ ғалымдарына мойындатып, «мен айтқанымның бәрі шын, қазақтардың өздері де айтып отыр» деу болатын. Оны Ғарифолла Есім, Тұрсын Ғабитов, Ақтолқын Құлсариева, Нағима Байтеновалардың қолдауымен өте тамаша орындайды. Ендігі кезек «Борат» киносының жалғасы ретінде қазақты мазақ етіп, тіпті жауыз етіп мультфильмдер шығару. Чарльз Уеллер оны да тамаша орындайды, ағайынды Игор Краус пен Артур Краустың көмегімен кейіпкерлерінің түр рәпәті құбыжық-сайқымазақ бейнесінде, есекті бояп қойып көрсетсе, зебр деп айтатын ақымақтар елі еткен «Алдаркөсе» мен адам етін жегіш жауыздар елі еткен «Ер Төстік» мультфильмін қазақтың телеарналарына шығарды.
Ж.Шойынбет жоғарыда айтқан елдің ішін бүлдіру әрекетін алғашқы болып сезіп, оған қарсы майдан ашып «Қазаққа төрелік айтатын сіз кімсіз?», «Кімді кім ұялтты?», «Бұл кітап кімге қажет, не үшін қажет?», «Сананы улайтын қос кітап», «Шоқан Уәлихановтың қасиетті есімін әлдебір миссионердің қолжаулығы қылмайық» тақырыптардағы Республикалық басылымдарда қарсы мақалалар жазып, зиялы қауымның, көпшіліктің талқылауына салып Ч.Уеллердің диссертациясының күшін жойдырды. Тиісті орындарға хат жазып қазақ халқын мазақ еткен мультфильмдердің қолданыстан алып тастауына ықпал етті.
3. Академик Ә. Нысанбаевтың жетекшілігімен қазақ тілін «далбаса» деп, Абай қазақтардың қолдан жасап алған данышпаны деп қаралап, қазақ ауылының болашағы жоқ деп өшіккен, Ислам дінін өркениетке қарсы қоятын, тек Европаға, батысқа табын деп үгіттеген докторлық диссертациясын қорғамақшы болған Қанағат Жүкешевпен аяусыз айқасып (Ж. Шойынбет. «Жүкешевтің бұл қай «далбасасы»? («Түркістан» газеті, 27.09.2007 ж.), Ж. Шойынбет. «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ» («Қазақ әдебиеті» газеті, 12.09.2007 ж.). атты қарсы мақалалар жазып, тағы да зиялы қауымды, көпшілікті, тіпті мәжіліс депутаттарына хат жазып докторлық диссертациясын қорғатпай тастады.
4. Жазушы Роллан Сейсенбаев Лондонға барып «Дүниежүзілік Ахмадий мұсылман қоғамы» деген діни сектаға мүше болып, өзін Қазақстандағы жалған пайғамбар Ахмадишілердің лидерімін деп жариялайды әрі Халықаралық Абай клубының президенті бола жүріп «ахмадишілердің» ықпалымен Лонданда Абай үйін ашып, ал олардың тапсырмасымен Шымкент қаласынан Абай атындағы парктің ішінен 2 қабатты жайға Абай клубын құрып және 16 беттік «Абай» газетін, «Абай» кітап дүкенін ашады, жасырын мақсаты – жалған пайғамбар атанған Ахмадийді насихаттау.
Роллан Сейсенбаевтың Қазақстанда ислам дініне теріс бағытта жалған пайғамбар Ахмадийді насихаттап жүргенін әбден анықтап алып, оған қарсы «Мынау Абай, қай Абай немесе халықаралық Абай кубының президенті Р.Сейсенбаевқа хат» деген және «Жалған» «пайғамбарды» жалаулатқан жасанды «Одақ» деп республикалық баспасөзге қарсы мақала жазып жазушы Р.Сейсенбаевтың кімге қызмет жасап жүргенінің ақ-қарасын талдап көпшілікке жария етеді. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы «Абай» клубын, «Абай» дүкенінің нені көздейтінін айтып сол кезде облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен әкім орынбасары Әли Бектаевқа барып бәрін жаптырып тастайды. Керісінше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен «Хәкім Абай» музейі ашылады.
5. Елге келіп ылаң салған «миссионердің» зұлымдық ойларын жүзеге асыруға «Дін туралы» заңның осалдығын байқаған Жабал Шойынбет мәжіліс депутаттарына «Ашық хат» жазып, оны сессияда депутат Берік Бектанов оқып, 44 депутаттың қолдауымен «Дін туралы» заң қайта қаралып, «миссионерлік» туралы баптары түзетіліп, өңделді.
6. «Миссионер» Чарльз Уеллер Вашингтон университетінің профессоры атанып, сол университетте «Абайтану» орталығын ашып өзінің арбауына түскен Қазақстан ғалымдарына нұсқау беріп, Қазақтарды терістеп өз ойын жүзеге асыруда.
Соның айқын дәлелі Вашингтон университетін Абайтанудан дәріс беріп жүрген Зәуре Батаева Абайдың өмірде болғанына күдік келтіріп, Абайдың қарасөздерін Абай жазбаған, оны Әлихан Бөкейханов жазған деп әлеуметтік желіге 12 беттік мақала жазып, елді дүрліктірді. Зәуре Батаеваның кім екенін, қайдан шыққанын және кейінгі кезде қандай жолға түскенін жан-жақты талдап, оған қарсы Жабал Шойынбет республикалық «Айқын» газетіне (10.08.2022 ж.) мақала жазды. Сөйтіп оған қарсы мақала жазып, осылай тойтарыс берді.
Биылдың өзінде Абайдың 180 жылдығына байланысты Жабал Шойынбеттің Абайдың «Толық адам ілімінің негіздері», «Абайды зертте, таңырқат», «Мекемтас Мырзахметұлы – Абай жолымен», «Абайды қорғау – Қазақты қорғау» атты 4 кітабы шықты. Осыған дейін 30-дан аса мекеме, мектеп, арнаулы, жоғары оқу орындарында кездесу жасап, дәріс оқыды. Бұдан басқа да оншақты кітабы, екі жүзден аса ғылыми еңбектері, мақалалары жарық көрді.
Жабал Шойынбеттің қазақты, Абайды қорғаудағы жанкешті айқасының бәрі өз нәтижесін берді. Ол көтерген мәселелерді Президенттен бастап, Үкіметте және мәжіліс депутаттары да қолдап, тиісті шешім шығарып отырған. Сонда Жабал Шойынбеттің марапат алуына кім кедергі? Биыл 70-ке толып отырған ұлтымыздың, мемлекетіміздің көрнекті Абайтанушы ғалымы, қоғам қайраткері Жабал Шойынбеттің марапат алуын сұрап жазған ұсыныс-хат тиісті орындарға жіберілген. Өкінішке орай ол жақтан хабар осы күнге дейін болған жоқ.
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз сізден бір топ ғалымдар, қоғам қайраткерлері, азаматтар жоғарыда айтылған өтінішімізді қарап, Жабал Шойынбеттің ҚР Еңбегі сіңген қайраткер атағын алуына көмектесуіңізді сұраймыз. Ол қандай марапатқа болса да, тіпті «Халық қаһарманы» атағына да лайықты жан.
Ашық-хатқа қол қоюшылар:
Болат Әбділманов, ҚР Халық әртісі
Секен Тұрысбеков, ҚР Халық әртісі
Дандай Ысқақ, ф.ғ.д., профессор
Айгүл Исмак, ф.ғ.д., профессор
Оразалы Сәбден, академик, ҚР мем.сыйлық иегері
Төрәлі Қыдыр, ф.ғ.к., «Ислам» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Шамшидин Керім, ф.ғ.д., профессор
Болат Шарахымбай, қоғам қайраткері, жазушы, ақын
Ертай Айғалиұлы, жазушы-журналист, «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы
Әмірхан Меңдеке, жазушы
Abai.kz