Жұма, 26 Желтоқсан 2025
Әне, көрдің бе? 286 0 пікір 26 Желтоқсан, 2025 сағат 12:53

Мәдени экспансияға дайынбыз ба?!

Сурет: автордың фейсбук парақшасынан алынды.

Жақында Ресей астанасы Мәскеуде мен өзім оқып бітірген Кинематографистер институтында (ВГИК) Киногерлер одағының съезі өтіпті, киноға қатысым болған соң осы жаңалық туралы айтқым келді. Киногерлер одағы Ресейде өте үлкен орын алатыны сөзсіз және мәдениеттік ықпалы зор деуге болады. Кейбіреулер бөтен біреулердің съезінде не шатағымыз бар деуі мүмкін, бірақ бұндай көрші елдің мәдениет өміріндегі ірі шара біздің мәдениеттегі жағдайға да әсер ететіні сөзсіз, өйткені белшемізден ресейге байланып қалған экономикамыз бен билігіміздің арқасында амалсыз көршінің болып жатқан әр қимыл қозғалысына мән беруге тура келеді. Әсіресе олардың мәдениет пен өнердегі өзгерістері біздің де қоғамға әсері мол екенін ескерсек. Үлкен көршінің мәдениеттегі идеологиялық ұстанымы мен бағыты біздің мемлекеттік ақпараттық кеңістікте басымдығы зор болғандықтан біздің қоғам сағат сайын солардың насихатына тәуелді, ал насихат қоғамды тәрбиелейді.

Ресей киногерлер одағының сьездеріндегі қойылған басты бағыты Ұлттық киноны биік деңгейде дамыту, мәдени идеологияның басты насихаты соғысты (СВОны) дәріптеу, басқыншы саясатты мейлінше қасиетті етіп көрсету, титулдық халықтың пәк және таза келбетін үгіттеу! Міне қандай орасан зор бағыт қойылған, ал енді осы идеологиялық үлкен дүние бізге әсер ете ме? Әлбетте, әсер етпек тұрмақ қоғамымызға батпандап кіріп, алақайлап жайлайтыны анық, өйткені біздің киномыз да, теледидарымыз да, ақпараттық кеңістігіміз де осы "ұлы көршіміздің" табанының астында.

Өскелең ұрпағымыз бен жастарымыз ресейдің қандықол соғысқұмар басқыншы саясатын жан-тәнімен қабылдап, оның қылмыстық тіршілігіне сүйсініп уланса орға жығылғанымыз да...

Әсіресе киногерлер одағын басқаратын және қайта басшы болып сайланған 80 жастағы Н. Михалковтың орны тіпті бөлек, бұл кезінде өте таланты кинорежиссер болған тұлға, қазіргі күнде "соғысқұмар" саясаттың атасы, "орыс шовинизмының" бас қолдаушысы, ақпараттық кеңістіктегі "шайтансоққыш" (бесагон) сардар. Осы соқыр соғысты (СВОны) дәріптейтін "ақсақал" әрі қарай ресейдің агрессивтік, милитаристік бағытын үлкен деңгейге көтеруге барлық күшін салмақ екен.

Міне, осындай агрессивті "мәдени экспансия" жүргізетін мемлекеттің астында отырған Қазақстанның жағдайы не болмақ деген үрей туады осындайда. Біздің мәдениет пен ақпарат министірлігі Ұлттық киноға дұрыс мән берер ме екен, әлде табыс іздеп комедия мен коммерцияға жол беріп, "үлкен көршінің" үгіт насихатына қауқарсыз қарап отыра ма?

Ақпарат қоғамдық қару болса, Мәдениет қоғамдық идеологиялық қалқан.

Сәбит Құрманбек, режиссер

Abai.kz

0 пікір