Бейсенбі, 8 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 1106 0 пікір 7 Қаңтар, 2026 сағат 14:25

АҚШ қарулы күштері Гренландияға талап қоюы мүмкін

Сурет: livejournal.com сайтынан алынды.

Ақ үй Гренландияны иемдену АҚШ-тың "ұлттық қауіпсіздік басымдықтарының" бірі екенін мәлімдеп, бұл мақсатқа жету үшін АҚШ Қарулы күштерін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылып отырғанын айтты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитттің айтуынша, президент Трамп Гренландияны иемдену Америка Құрама Штаттарының ұлттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін және Арктика аймағында қарсыластарды тежеу шешуші мәнге ие екенін ашық білдірген.

Президент пен оның командасы осы маңызды сыртқы саяси мақсатқа жетудің бірнеше нұсқасын талқылап жатыр. Әрине, АҚШ Қарулы күштерін қолдану мүмкіндігі бас қолбасшының құзырында әрдайым бар, — делінген мәлімдемеде.

Ақ үйдің бұл мәлімдемесі Еуропадағы негізгі одақтастар, оның ішінде Дания, бірлескен үндеу жасап, Гренландияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғаудан «бас тартпайтынын» мәлімдегеннен кейін жасалды.

Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі NBC News-ке берген ақпаратында қарастырылып жатқан нұсқалардың қатарында Гренландия аумағын Даниядан сатып алу немесе аралмен "еркін қауымдастық туралы келісім" деп аталатын шарт жасасу бар екенін айтты.

АҚШ бұған дейін Маршалл аралдары Республикасымен, Микронезия Федеративтік Штаттарымен және Палау Республикасымен осындай келісімдер жасаған. Бұл келісімдер АҚШ-қа қауіпсіздік күштерін орналастыруға рұқсат беру есебінен қаржылай көмек көрсетуді көздейді.

Бұған дейін Ақ үйдің аға кеңесшісі Стивен Миллердің жұбайы Кэти Миллер X әлеуметтік желісінде Гренландия картасын АҚШ туының түстерімен бояп, «Жақында» деген жазумен жариялағаны хабарланған болатын. Ал Дания өз кезегінде Трамп әкімшілігін қоқан-лоққыны тоқтатуға шақырды.

Abai.kz

0 пікір