Декларация: Сенаторлардың қалтасы қалың ба?
Қазақстан Сенатының депутаттары өздері мен отбасы мүшелерінің табысы туралы декларацияларды жариялай бастады. «Bes.media» порталы 50 сенатордың ішінде өз декларацияларын ашық жариялаған 4 сенатордың құжаттарын сараптап шығыпты.
Сонымен, Сенаторлар табыс туралы құжаттарында қандай деректер көрсетті?
Сенатор Сұлтан Дүйсембинов өз декларациясын ашық жариялаған аз депутаттың бірі. Құжаттарға сәйкес, депутаттың жұбайы 2024 жылы 5 млн теңге табыс тапқанын ашық көрсеткен.

Ал тағы бір сенатор Нұрлан Бекеннің жұбайы 11 млн теңге табыс тапқанын жариялапты.

Рас-өтірігі өзіне аян, депутат Сағындық Лұқпанов өз декларациясында 2024 жылғы табысы 43 760 теңге деп көрсеткен.

Ал сенатор Зәкіржан Кузиевтің жұбайы декларацияда 3 274 602 теңге табыс тапқанын жазып көрсетіпті.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктердің, парламент депутаттарының, судьялардың салық декларацияларында жарияланған деректердің тізімін қысқартқан болатын.
Енді тек жеке тұлғаның салық салынатын табысының жалпы сомасы мен декларация тапсырушы тұлғаның толық аты-жөні көпшілікке қолжетімді болады. Бұған дейін шенеуніктер Қазақстандағы және шетелдегі мүлікті сатып алу және сату туралы ақпаратты, шетелдік банктердегі шоттары туралы ақпаратты және мүлікке қатысты басқа да ақпаратты жариялауға міндетті болатын.
2024 жылдың қазан айының ортасында Қаржы министрі президенттің, премьер-министрдің, парламент спикерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігі басшыларының мәлімдемелерін қоспағанда, декларацияларды жариялау саяси шенеуніктерге міндетті болатынын мәлімдеді.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей табыс пен мүлік туралы декларацияның жаңа ережелері күшіне енді. Мысалы, декларацияның төртінші кезеңі жойылды: енді азаматтардың көпшілігі кіріс декларациясын тапсыруға міндетті емес (250.00 нысаны).
Abai.kz