Әпке
(Ақтеректің аруынан Алматының айымына дейін)
(Эссе)
Сіздермен қанаттас өмір – сүргеніме бақыттымын.
Рақымжан Отарбаев.
Ескі газет тігінділерін ақтарып отырғанмын, «Алматы ақшамы» газеті болу керек, 2015 жылғы сандарының бірі... Айқара бетке берілген мақалаға көзім түсті. Әйел туралы. Авторы да әйел, кейіпкер де әйел. Авторы белгілі журналист, халықаралық «Түркістан» газетінің аға тілшісі Таңсұлу әпкем – Таңсұлу Алдабергенқызы екен. Ал, кейіпкер – Гүлзейнеп Сәдірқызы.
Бұрын атын естігенім болмаса, жүзтаныстығым жоқ адам. Мақаланы қызыға оқыдым. Кейіпкермен осылайша сырттай таныстым. Ол кісінің өмір жолы, өскен ортасы жайлы білдім. Әсіресе әкесі Сәдір ақсақал жайлы деректер ерекше әсер етті. Кешегі ІІ дүниежүзілік соғысына қатысқан, неміс тұтқынына түскен, онан босап келген соң «сенімсіз адамдар» тізіміне ілігіп Сібірге жер аударылған... Сонда жүріп татар қызына үйленіп, көп жылдан кейін елге оралған, талай жыл соғыс ардагері екенін дәлелдей алмаған... Бейбіт күндегі құсалық майдандағы қан-қасап, тұтқындағы тауқыметтен кем әсер етпегені рас. Сәдір ақсақалдың ішкі күйзелісі, 9-мамыр мейрамында ауыл шалдары мерекелік парадқа аттанғанда атына мініп ауыл шетіне шығып кететіні менің де жан дүниемнің астаң-кестеңін шығарды. Көпке дейін сол күйден арыла алмай жүрдім. Содан шарқ ұрып кейіпкерді іздейін. Бірақ жолымыз тез арада түйісе қоймады. Бір ағамыздан телефон нөмірін алып қоңырау шалдым. Өзі туралы «Алматы ақшамында» жарияланған мақаланы оқығанымды айттым. Әкесі Сәдір ақсақал туралы сұрадым. Біз осылайша танысқан едік.
Стенографистен журналистикаға дейін
Гүлзейнеп Сәдірқызы 1955 жылдың желтоқсанында Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ақтерек ауылында дүниеге келді. Әкесі соғыс ардагері. Ал, анасы татар молдасының қызы. Осындай отбасында өскен қыздың үлкен арманы – экономист-қаржыгер болу еді. Ауылдағы он жылдық мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға келіп, өзі аңсаған оқуға түспекші болады. Бірақ, байқауда бағы жанбай Алматыдан ауылға қайтып кетуден ұялған намысты қыр қызы арадағы бір жылды бекерге өткізгенше деп Алматыдағы стенографистерді даярлайтын училищеге оқуға түседі. Ондағы ойы осында жүріп келесі жылғы емтиханға дайындалу. Әйтсе де, талапты қызды бұл мамандық қатты қызықтырса керек, ондағы оқуын үздік бітіреді де, оқуды тәмамдаған отыз қыздың арасынан стенографист дипломын алған үш студент қыздың бірі Гүлзейнеп Сәдірқызы болды. Ал, қалғаны тек машинист болып шығады. Оқу бітірген соң Қазақ радиосына стенографист болып қызметке тұрады. Ол кезде қазіргідей техникалық мүмкіндік қайда, журналистердің қолында диктафон жоқ, барлық жиналыстар мен мәжілістер (съезд), талқылаулар мен кездесулер, тіпті телефон арқылы алынатын күнделікті хабарлар стенографист мамандар арқылы жазылып, хатталатын. Барлық орындарда стенографист кадрлар тапшы.
Бірде Алматының іргесіндегі Талғар ауданында үлкен сот процесі өтетін болып «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы стенографист іздейді. Гүлзейнеп Сәдірқызына өтініш айтады. Кәсіби маман ретінде тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындаған қыздың жұмысы, ұқыптылығы сол кездегі газет редакторы Сапар Байжановқа бірден ұнайды да, оны «Социалистік Қазақстанға» қызметке шақырады. Мұнда ол қазақ стенографиясының негізін қалаушы Данабике Байқадамова (ұлы Әуезовтің машинист-стенографисті болған), Мәриям Исаевадан (әйгілі мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың келіні) тәлім алады. Үлкен кісілердің тәрбиесінен өтіп, кәсіби шеберлік мектебін көреді. Жастайынан әдебиетке құмарлығы бар жас қыз епттеп мақала, әңгімелер жаза бастайды. ҚазҰУ-дың журналистика бөлімін сырттай оқып бітіреді. Газеттің сол кездегі редакторы Балғабек Қыдырбекұлы оның жазған-сызғандарын оқып, байқап жүрсе керек. Бір күні өзіне шақырып алып: «Қарағым, жап-жақсы дүниелер жазып жүрсің. Оны білемін. Өкініштісі, біз сені редакцияға қызметке ала алмаймыз. Бізге тілші, редакторлар табылар. Бірақ, сендей стенографист маман таба алмаймыз. Дегенмен саған стенографист тілші деген куәлік жасап берейік. Тиісті орындардан дерек алғаныңа жеңіл болсын. Жазуыңды тоқтатпа» дейді. Тумысынан кірпияз, қызметке қатал болғанымен, қарамағындағы қызметкерлерге әділ қарайтын Балғабек ағасының бұл сөзі жас талапкерге үлкен шабыт пен күш береді.
Кейін «Социалистік Қазақстанға» атақты Шерағаң – Шерхан Мұртаза бас редактор болып келеді. Бұл 1980 жылдардың соңы, 1990 жылдардың бас кезі (1989-1992 жылдар). Біздің кейіпкеріміздің баспасөзде жарқырап көрініп, Гүлзейнеп Абдрахманова болып көпке танылған кезі осы тұс. Жаңа келген редактор тым талапшыл, қатал еді. «Социалистік Қазақстан» газеті түрленіп сала береді. Қаншама ұлттық, мемлекеттік мүддені көтерген мақалалар жарық көрді. Қоғамдық, мемлекеттік институттар айлап, жылдап шеше алмаған ұлттық мүддеге қатысты мәселелер бір ғана «Егемен Қазақстан» арқылы шешімін тауып отырды. Себебі, бас редактор үнемі журналистерді қайрайтын, ең көкейкесті өткір тақырыптарды көтеруде жұмсайтын. Жанып жатқан отқа жасқанбай кірер, ірі дүниелерге іркілмей кірісетін батылдықты бағалайтын. Осы тұста бірсыпыра жас таланттар жарқырап көрінді. Соның бірі – Гүлзейнеп Сәдірқызы еді.
1980 жылдардың ортасында «Қазақ әдебиетінде» Шерхан Мұртаза бас редактор болып тұрған кезде Гүлзейнеп Сәдірқызының «Әйел жаны» деген әңгімесі жарияланғаны бар. Сол әңгімені Шерағаң ұмыта қоймаған көрінеді, бір күні бөлім редакторы Қайнар Олжайды өзіне шақырып алады да «осында стенографист болып істейтін Гүлзейнептің әйел туралы жақсы бір әңгімесін білемін. Ұмытпасам, әңгіменің аты «Әйел жаны» болуы керек. Сол балаға әйел тағдырын жазуға тапсырма беріп көрші» дейді. Бұл кезде біздің әпкеміз үшінші перзентін ауыр жағдайда босанып, перзентханадағы сұмдық, сорақы жағдайды басынан кешіп, жұмысқа қайта оралған кезі-тін. Редактордың тапсырмасы бірден орындалады. «Перзентхана пердесі... талай сырды бүркеп тұр» деген сериалы мақала газеттің үш нөміріне қатарынан жарияланады. Материалға риза болған бас редактор «Енді шопан әйелінің проблемасын көтеріп мақала жазып келсінші» деген тапсырма береді.
Өзі қойшының келіні болған соң, ол ауыл әйелінің жағдайын жақсы білетін еді. Бұл тапсырманы да тиянақты етіп орындап, «Айдалада ақ отау» деген мақала жазады. Артынша көп балалы аналар туралы «Аты ғана ардақты ма?!» деген мақаласы жарияланады. Жазуға қабілетін бас редактордан бастап, басқалар да мойындай бастаған шақта Шерхан Мұртаза бір бұйрықпен газеттің хат бөліміне әдеби қызметкерлікке ауыстырады. Редактордың үміті ақталды. Гүлзейнеп Сәдірқызының газет бетінде өткір де өзекті мәселелерді көтерген мақалалары, әдеби портреттері жиі-жиі жарияланып тұрды. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін бірер мысал келтіре кетейік.
1991 жылдың шілде айы. Қазақстан Тәуелсіздігін алмаған кез. Советтік солақай саясаттың салқыны желдей есіп тұрған уақытта ұлы тарихи тұлғалар туралы жағымсыз пікірлер айтыла бастайды. Дәл сол кезде "Ленинградтағы Жамбыл көшесінің атын өзгерту керек", "Әлия Молдағұлова атындағы мектептегі мұражайды жауып, Батыр қызымыз атындағы көшенің атын өзгерту жайлы да әңгіме шығарып, елді дүрліктіреді. Мұндай келеңсіз хабарды Қазақ радиосынан құлағы шалып қалған Гүлзейнеп Сәдірқызы бірден бөлім редакторы Қайнар Олжайға барады. Қайнекең бас редакторға кіріп, мән-жайды баяндайды. Шерағаңның мұрты едірейіп: «Олай болса, әйда, тартсын» дейді сөзге келместен.
Содан тілші көп ұзатпай іссапарға шығады. Сол кезде газетте істейтін әріптес ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы "қандай-қандай заман болады, Жамбыл бабамыздың зиратынан бір уыс топырақ ала кет" деп кеңес береді. Содан не керек, беторамалға түйген топырағы бар, мойынға алған жауапкершілігі бар, соғыс жылдары қоршауда қалған тағдырлы қалаға жол түседі. Алдымен атақты жырау атындағы көше бойындағы гүлзарға барып, елден әкелген бір уыс топырақты өсіп тұрған жас талдың түбіне салып тұрып, Жамбыл бабасының әруағынан медет тілейді. Іштей ширығып Ленинград қалалық Атқару комитетінің жанындағы ономастика жөніндегі комиссияға барады. Ондағылар бәрін кесіп-пішіп дайын отыр екен. Г.Никитенко деген маман: «Егер Ленинград қаласының аты өзгеретін болса, Жамбыл көшесінің аты өзінен-өзі алынып тасталады. Ал, 1978 жылы берілген Әлия Молдағұлова атындағы көшені міндетті түрде өзгертеміз. Себебі, біз осы есімді айтқанда да, жазғанда да қатты қиналамыз. Оның атына ілінген тақта да жеткілікті. Ал, Жамбыл көшесінің алыну-алынбауы туралы бұрынырақта сөз болғаны рас. Біздің әдебиетшілер «өлең, аударма – оны кімнің жазғаны белгісіз» дегенді айтады» деген жауап алады. Шамасы жеткенше айтысып-тартысып, бұл мәселе жөнінде жоғары жақтағыларға шағымданатынын, әрі газет бетінде бұл мәселені көтеретінін айтып шығып кетеді.
Содан батыр қызымыз оқыған Ә. Молдағұлова атындағы №140 мектепке сол кездегі Ленинградтағы "Қазақ тілі" қоғамдық ұйымының төрағасы Тастемір Әбішовпен бірге барады. Мұражай жабылған. Ол сыныпта сабақ жүріп жатыр екен. Үзілісті күтіп кіреді. Кірсе, оқушылар батыр қыздың бюстін ат қып мініп ойнап жүр екен. Мұрнын тесіп, аузын бояп тастаған. Өн бойында жазылмаған, сызылмаған жер жоқ. Бұл көрініс зығырданын қайнатады. Мектеп директорының музейдің бүкіл заттарын радиорубкаға тығып тастағанын біледі. Содан Ленинград қалалық Атқару комитетінің жанындағы музей мен көркемсурет басқармасының басшысы Б.Назарцев дегенге кіріп, жаңағы өзі көрген сорақы жағдай мен мектеп директорының теріс әрекетерін жеткізеді. Көзі атыздай болып шарасынан шығып кете жаздаған басқарма басшысы ақталып әлек болсын. Сөйтіп, құзырлы органдарға кіріп, нақты мәселені айтып, жауап берулерін талап етеді. Көрген-білгенін диктофонға жазып, таспалап алады. Елге келгесін «Егемен Қазақстан» газетінде қатарынан екі мақала жариялайды. Екеуіне ортақ «Ту ету мен тұл ету» деген атау қойылады. Мақала шығысымен еліміз бен Ресейдің ақпарат кеңістігінде үлкен қоғамдық пікірталас туындайды. Өкімет адамдары құлағдар болады. Ақыры Ленинград қаласының Красногвардейск аудандық мәдениет комитетінің төрайымы мен аудандық білім беру комитетінің төрағасы бар арнайы үкіметтік делегация Алматыға келеді. Екіжақты келіссөз жүріп, аталған екі мәселе де оң шешімін табады. Сөйтіп, «Егемен Қазақстан» журналисі Әбдірахманова Жамбыл мен Әлияның көшелерін қорғап қалады. Ұлы жыраудың құрметіне арналған көшеге ескерткіш тақта ілініп, әлгі Жамбыл қабірінен алынған топырақ себілген гүлзарға ескерткіші орнатылады.
Гүлзейнеп Сәдірқызының журналист ретінде ең көп қалам тартқан тақырыбының бірі – денсаулық сақтау саласы. 1990 жылдардың басында 21 жастағы бойжеткеннің қазасына орай жазылған «Соқтасы солқылдаған сыздауық» атты сыни мақаласы республиканың медицина саласын бір сілкіп алған еңбектің бірі. Денсаулық сақтау министрлігін тезге салып, министрді тәубесіне келтірген сол мақаланы сол кездегі ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы жоғары бағалап, талай баспасөзге үлгі еткен. Ал «Көші-қон кері бұрылып кетпесе екен» деген мақаласы үшін Алтынбек Сәрсенбайұлы ҚР Журналистер одағы сыйлығына ұсынған. Сол мақаланың ықпалы бойынша Парламентте тұңғыш рет қазақ тілінде Көші-қон заңы қабылданады.
«Мәншүк неге екі жерленді?» деген атақты мақаласы да бүгінде республика жұртшылығының, замандастарының есінде. Әрине, мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады. Оның газет бетінде көтерген проблемалары, жазған тақырыптары сан алуан. Өмірдің әр саласына қалам тартып, оны терең зерттеп-зерделеп, сол кездегі шешім күтіп отырған әлеуметтік мәселелерді, медицинаны, қазақ көші-қонын, ономастиканы, республикадағы әйелдер өмірін, бәрі-бәрін қаламына арқау етті. Қазаққа таныс әрі беймәлім Данабике Байқадамова (қазақтың тұңғыш стенографисі), атақты балет бишісі Алтынай Асылмұратова секілді тұлғалар туралы портреттік эсселер жазды.
Өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған, өзіне тән қолтаңбасын қалыптастырған журналист-жазушының өз сөзімен айтсақ, «Социалистік Қазақстанға» тарыдай болып кіріп, кейін тілші, әдеби қызметкер, шолушы болып «Егемен Қазақстаннан» таудай болып, ардагер журналист ретінде зейнет демалысына шықты. Бір сөзінде «Егемен Қазақстан» менің өмірім депті. Біздің кейіпкер рас айтады. Ол ұлттың бас басылымының қазақ журналистикасының шежіресіне айналған кешегі аға буындардың, абыздардың жалғасы да. Бүгінгі жас журналистердің ақылшы анасы да.
«Өмірде жазық жалғыз, қия қырық,
Келмейді шабыт шіркін жиі ағылып.
Жыр жаздым күйбеңменен күлді-көмеш,
Бала алып, қазан-аяқ жия жүріп» деп Шығыс Түркістан қазақтары поэзиясының көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәмші апам – Шәмшәбану Қамзақызы жырлағандай, бұл кісі де ана бола, әрі журналистиканың қазанында қайнай жүріп көркем прозаға қалам тартты.
Гүлзейнеп Сәдірқызы қазақ прозасына 1980 жылдардың ортасында келген жазушы. Сөз басында айтқанымыздай алғашқы әңгімесінің өзін Шерхан Мұртаза ұнатып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялауы тегіннен-тегін емес еді. Әңгіменің аты – «Әйел жаны». Сол туындысынан кейін аз да емес, көп те емес біраз хикаят жазды. Ол жазғандары «Әкесі өлген қандай-ды...», «Махаббатым жүрегімде», «Әйел жаны», «Айбике», «Аққу ғұмырлы тағдыр» секілді прозалық шығармаларға ұласты. "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған «Ақтоқал» әңгімесін қазақ прозасы классиктерінің бірі Сәуірбек Бақбергенов жоғары бағалаған. Ал "Әкесі өлген қандайды..." эссесі өмір мен өлімнің философиясынан тұратын шығарма. Өмірді қалай сүйсең, өлімді де солай қабылда деген ой бұл шығарманың өзегі. Ұлы Мұқағалидың «өмірді қалай сыйласаң, өлімді солай жат көрме» дейтіні бар емес пе? Мұны шығармашыл тұлғалардың ой үндестігі деп айтуға болар.
Гүлзейнеп Сәдірқызының прозасы негізінен әйел тақырыбына арналған. Өзі жүрген ортадағы әйел замандастарының өмірін терең зерттеп, өзімен замандас әйелдердің тағдыр-талайына, ішкі психологиясына терең үңіледі. Сол арқылы бүгінгі әйелдердің көркем бейнесін жасауға үлес қосып жүрген қаламгер. Қазақ прозасындағы кешегі «Ақбілек», «Шұға», «Ұлпан», «Айша» секілді көркем бейнелердің қатарын жазушының жасаған Айбике образы толықтырды деп ойлаймыз. Әрине, жазушының прозалық шығармалары туралы алдағы күндерде арнайы мақалалар жазылатыны сөзсіз. Жазушының прозалық шығармалары туралы белгілі әдебиет сыншылары Әмірхан Меңдеке мен Серік Нұғыманұлы баспасөзде жақсы айтып, жылы лебіздер білдірген болатын.
Шерағаңның қызыл шапаны
Гүлзейнеп Сәдірқызы ұзақ жылғы журналистік ғұмырында біраз редакторлардың ұстаханасында шыңдалды. Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Сауытбек Әбдрахманов, Дархан Қыдырәлі секілді басшылармен жұмыс істеді. Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев, Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Әмірхан Меңдеке, т.б. белгілі қаламгерлермен ақпарат майданында қатар жүріп, жарыса қалам сермеді. Әріптестері арасында өткірлігімен, өжеттігімен, тауып айтатын, кей кездері қауып айтатын айтқыштығымен де ерекшеленеді. Сондай бір оқиға өткен ғасырдың 80 жылдары болыпты.
Белгілі қаламгер Сабыржан Шүкірдің «Кіші 37 емес пе...» деген сын мақаласы жарық көреді. Мақалада Алматы облысы, Шелек ауданы, Сарыбұлақ кеңшарының директоры заңсыз қызметтен алынып қудаланғаны жазылған. Автор мақаласында өз кейіпкерін ақтап шығады. Мақала бірден Орталық Комитеттің назарын аударып, Орталық Комитеттің бюросында қаралады да, кеңшар директоры қайта қызметке кіріседі. Міне, сол кеңшар директоры «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына алғыс ретінде газет ұжымын ауылға шақырып, өңір оқырмандарымен кездесу ұйымдастырады. Кездесуге тек шығармашыл топ баруы керек. Бірақ Сабыржан ағасы келіп: «Қара қыз, кездесуге сен де жүр. Шерағаңа әлі үйренісе алмай жатырмыз. Ұжым кеңшармен алғаш рет кездесуге бара жатыр. Ептеп ән салатыныңды білемін. Оқырмандарға домбырамен ән айтып берсең» деп қолқа салады. Өзі де декреттік демалыстан жаңа келіп, ұжымды сағынып жүрген шағы екен, бірден келісе кетеді.
Ауылда оқырмандармен кездесу ойдағыдай өтеді. Соңыра қонақтарға арнап дастарқан жайылады. Бас редактор мен ұжымның алғаш рет іссапарға шығуы, қаһарлы басшыдан бәрі қаймыға ма, әйтеуір тым-тырыс. Шыбынның ызыңынан басқа дауыс естілмейді. Төрде - Шерағаң мен аудандық атқару комитетінің өкілі отырады. Анда-санда ғана Шерағаң фототілші Сиез Бәсібековты «Сырым Датұлының ұрпағы» деп сөзге тартады. Басқалар үнсіз. Әншейінде әзіл-қалжыңнан дауыл тұрғызатын әріптес ағалар моп-момақан. Бәрін бас редактордың – Шерағаңның мысы басқандай. Нұрлан Өнербаев қана гитарамен анда-санда ән салып отырады. Содан бір кезде Шерағаңмен қатар отырған аудан басшысының алдына даяшы ебегейсіздігінен кеседегі шәйін алдына төгіп алады. Үлкен кісі өте ыңғайсыз жағдайда қалады. Ешкімде үн жоқ, ләм-мим деген біреуі жоқ. Осы кезде біздің кейіпкер шыдай алмай «Ау, төраға, күйіп қалған жоқсыз ба? Болмаса, ертең «Социалистік Қазақстанды» айыптап жүрмеңіз» деп қойып қалады. Тығылып әзерге отырған жұрт ду ете түседі. Шерағаңның да езу тартады. Сірескен сең көбесі сөгілген соң әңгіме жарасып, отырыс жаймашуақтана түседі. Гүлзейнеп аттың басын жіберіп, әзіл-қалжыңды түйдектетіп төгеді. Жас келіншектің қылығына ырза болған Шерхан Мұртаза «волчица, мына бала қасқыр ғой» деп сұқ саусағымен нұқыған екен. Қаһарлы басшыдан мақтау естіген соң онан сайын қыза түседі. Домбырамен де, гитарамен де ән салады. Шерағаң да оталып, тарғыл даусымен татарша ән айтады.
Осындай көтеріңкі көңіл-күйде Алматыға бет алады. Жолай бір аялдамаға тоқтап, жолаушылар бел жазады. Бұрынғыдай емес, қыз-жігіттер қызып алған, гу-гу әңгіме... Шерағаңды қаумалап, өздерімен ала шыққан сарқыттарын ұрттап-тартып жатқандар да бар. Бір кезде Шерағаң жүргізушісін жұмсап көліктен шапан алдыртады. Елдің бәрі «бұл шапанды кімге жабар екен?» деп ентелеп тұр. Сол кезде Шерхан ағамыз: «Ал, жігіттер, бүгінгі кездесу де, отырыс та жақсы өтті. Баяғыда Нарынқолдан бір топ жазушы келе жатып, осы жерде Ғабең – Ғабит Мүсірепов «осы қара балаға кигізсем» деп менің иығыма шапанын жауып еді. Бүгін мен сол дәстүрді жалғастырып, мына қызыл шапанды осы қара қыздарыңызға жапсам деймін. Айтыңыздаршы, осы қызымыз бүгінгі отырысты гүлдендіріп жіберді емес пе?» деп біздің кейіпкердің иығына өзіне кигізген шапанын жабады.
Біз бұл оқиғаға қайта айналып соққанымыздың себебі, кейіпкеріміздің болмысын аша түссек деген ой болатын. Ол өзі де осы бір сәт туралы «Шерағаңның қызыл шапаны» деп аталатын тамаша эссе жазғаны бар. Сол еңбегі Шерағаңның 80 жылдығына арнап Жамбыл облысы әкімдігі ұйымдастырған республикалық әдеби байқауда бас жүлде алды. Бұл бәйге жалпы Гүлзейнеп Сәдірқызының прозашы ретіндегі алғашқы жеңісі. Онан кейін «Алқа» баспасы ұйымдастырған әйел тақырыбындағы үздік туындылар байқауында да жеңімпаз болды. «Айбибі» шығармасы сол баспадан кітап болып шығып, бүгінде оқырман ықыласына ие болған туындының біріне айналды.
Гүлзейнеп Сәдірқызының журналистикадағы еңбегі өкімет тарапынан болсын, әріптестері тарапынан болсын әрдайым еленіп, бағаланып келеді. Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты болды. «Жамбыл ауданының "Құрметті азаматы» деген атағы тағы бар.
Қазақтың аса көрнекті қаламгері, жазушы-драммтург Рақымжан Отарбаев бір сөзінде «Сіздермен қанаттас өмір сүргеніме бақыттымын» депті. Біз де Ақтеректің аруынан Алматының айымына айналған әпкемізбен қанаттас, қатарлас өмір сүргенімізге бақыттымыз. Біздің халықта әрқашанда әпкенің орны бөлек. Оны қадір тұтқан. Біз қадірі де, орны да бөлек Зейнеп әпкеміздің мерейлі жасымен құттықтап, ол кісіге мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!
Сержан Төлеби,
сыншы, Рақымжан Отарбаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты
Abai.kz