Махамбет жырындағы «изен» мен «Күрдек» туралы
Махамбет айтады:
«Арқаның қызыл изені,
Басы — Күрдек, түбі — Арал».
Оқырманның қиялы шартарапқа кетуші еді: «Сонда изеннің басындағы шоғын күрдек деп атайтын ұқсаймыз. Арал дегені түбі ме?» деп. Махамбеттің дәл осы екі жол жырының арасында түсіп қалған, ұмытылған жолдар бар.
Ноғай жырауларының жырын парақтап отырсақ, олар Арал деп Каспий теңізін атапты. Қазіргі уақытта Арал деп атап жүрген теңізіміз бұрын Каспий теңізімен тұтасып жатқандықтан, Арал деген ұлы атаудың бір шетін ғана ұстап қалыппыз. Оның Арал аталу себебі, арал сияқты кішкентай болғанынан емес. Ол өте үлкен теңіз — Каспий мен Аралдың тұтасып тұрған аймағы. Бұл Орал тауынан аққан көптеген сулардың құйылуымен Орал теңізі, бірте-бірте Арал теңізі аталған айдын.
Мәскеу мемлекеттік университетінің ғалымы Екатерина Бадюкованың: "Арал теңізі аймағының жер бедерінің даму тарихын талдау соңғы он мың жыл ішінде ұлу қабыршақтарының Арал теңізіне енуі мүмкін болғанын көрсетеді. Бұл ену бұрын қалыптасқан, кең әрі терең жыра арқылы жүзеге асқан. Айтулы жыра Батыс Сібірден Торғай ойысы арқылы, одан әрі Тұран жазығы мен құрғаған арналар арқылы Каспий теңізіне қарай аққан сулардың әсерінен қалыптасқан" деген қорытындысы осыған саяды.
2009 жылы 20 мамырда Махачқаладағы «Лотос» баспасында басылған «Йыр иеси мен эдим» кітабында Махамбет өзіне үлгі еткен Доспамбет жыраудың жаралы жатқанда шығарған, мынадай қылыш жүзі тиген жыры жарқ ете қалады:
«Азаулы ер Доспамбет
Өзі айтар:
Қарағайлы Күрдек бойында,
Қамшым қалды жайында,
Қамшым менің — қайма алтын,
Бүлдіргесі — бүкпе алтын,
Өзегі — өгіз терісі,
Өрмесі — бұлан таспасы,
Қамшыма мен бара алман.
Қамшыма мен барсам,
Қайтып елім таба алман —
Қазақ жазық, Теңімді.
Қарға-құзғын жер тағы.
Оны атам естісе:
— Қабырғада лаулап жанған,
Қос білтелі шырағым,
Жаны сөнді! — дер тағы.
Күрдек өзені — Перьм қиырдың жеріндегі Еділ өзенінің бастау қайнары болған су. Ақ Еділ мен Ақ Жайық соншама көп суларды шұбыртып ертіп әкеліп Аралға(Каспийге) құяды. Қама өзенінің бір саласы болған Күрдек суы да әп-сәтте алып Еділге сіңіп кете береді. Сол Еділдің бастауы Күрдек өзені болғанын барша ноғай біліп тұр. Алайда, Перьм жеріндегі өзенді неге «Қарағайлы Күрдек» деп қосарлап айтады? Әлікей Марғұлан өзінің «Саят құстары және олардың жаратылыстағы ерекшеліктері» деген еңбегінде Сібірдің қыранының «Қарағайдың қоңыраласы» деп аталатынын түсіндіреді. Сонда бес ғасырдан бері белгілі болып тұрғаны Тайганың, яғни Сібір тоғайының ноғайша, қазақша баламасы — Қарағайлы болған.
Бұл жерде Доспамбет атап өтетін Азау — Азов теңізі жағалауы. Өзін кейде "Азау ұлы" деп те жазады, "Азаулы" деп те алады. Өзінің туып-өскен жері. "Қазақ жазық" деп атағаны — Тұран ойпатының батыс бөлігін ішіне алған Еділ атырауы мен Арал теңізінің аралығын алып жатқан кентті, майлы, шаңды үш жазық. Мұрат ақын оны Үш Қиян дейтін:
«Еділдің бойы — қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян,
Маңғыстау бойы — шаңды қиян».
Доспамбет жыраудың бір ерекшелігі, ол жырларында өзін — Қазақ, оның ішінде Қыпшақ ретінде көрсетеді. Оның «Шабаған қазақ ерге оқ тиді, Оқ тигенде бек тиді» дейтіні кейін айтылса, жоғарыдағы жырдың жалғасы ретінде:
«Алғаншығым естісе:
— Есей-Қосай екі ұл,
Жастай қалды, — дер тағы
Теңдерім менің естісе:
— Мал іздеген қазаққа,
Қиын болды! — дер тағы» деп өзін басқалардың қазақ ретінде көретінін білдіреді. Өз ұлы Қосайға арнаған әкелік мейірім жырында «Қыпшақтың көркі едің, Қосайым» деп еміренетіні бар.
Шалкиіз жырау өз кезегінде осы Қазақ жазығы туралы тіпті толғай түсіп:
«Жалп-жалп еткен жапалақ,
Жазықта кімге жолдас болмаған?
Жан-жағы түлкі, жылқы аюан,
Жазықта кімді жау салмаған?
Саздауға біткен сары тал,
Ерлерге қайда салқын болмаған?
Сақалына сары шыбын ұялап,
Миығына қара шыбын паналап,
Жазықта мал іздеген қазақтың,
Басы да қайда қалмаған?» деп от қопарады. Махамбет дәл осы жыр жолдарына шәкірттік қылып, оны былай өңдейді:
«Саздауға біткен құба тал,
Кімдерге қоныс болмаған?...
Садағына сары шіркей ұялап,
Жау іздеген ерлердің
Қайда басы қалмаған?» деп.
Доспамбеттің жырындағы Тең дегені — Азау теңізіне құятын Дон өзені. Сонымен, Махамбеттің «Басы — Күрдек, түбі — Арал» деп сарғайып айтып тұрғаны ең басы Күрдек суынан басталатын Еділ өзенінің Аралға келіп тоқтайтынын айтқаны, сол жыраулардан алған сөзі. Доспамбет осы арада өзінің қамшысының таспасын мақтағанда «Өрмесі — бұлан таспасы» деп атайды. Шалкиіз жырау болса:
«Менің ием — Би Темір,
Мұз үстінде от жаққан,
Бұзбай бұлан пісірген» деп иесін алқайды. Доспамбет пен Шалкиіз өмір сүрген Азаулыда, Қобан аймағында бұлан жоқ. Бұлан Донның жоғары жағында жатқан, қазіргі Воронеж облысы жерінде болған. Еділдің жоғары жағындағы Күрдекте де бұлан бар. Сонда Доспамбеттің Тайганың бұланының терісінің таспасымен жасалған қамшысы сол жақтың өзінде қалған болып отыр бір сапарында. Ол өзі де ашық айтып өтті ғой — "Қамшыма қайта баруым үшін Теңді, Қазақ жазықты басып өтуіме тура келеді» деп.
"Қамшыма мен бара алман.
Қамшыма мен барсам,
Қайтып елім таба алман —
Қазақ жазық, Теңімді.
Қарға-құзғын жер тағы" деп бұл сапардың қиындығын, жапасын көрсете келе, атасының Доспамбеттей ұлы өлсе "қабырғамда лаулап жанған қос білтелі шырағымның жаны сөнді" деп күйіктенетінін айтады. Бұл сол кездегі қоғамның алмағайып, саяси тұрақсыздығын да көрсететін дүние. Қамшы — биліктің нышаны болса, Ноғай ордасының айырылып жатқан жерлерін де осы арқылы атап өтті дей аламыз.
Каспий теңізінің Арал теңізі деп аталғанын Шалкиіздың жыры тұрақтандыра түседі. Шалкиіз сөйлесін:
«Асқар тауға арымай шығып қарасам,
Ана-Еділдің ақ желкенін көремін.
Ана-Еділден Ақ Қобанға қарасам,
Ақыр жігіт алып ноғайым көремін» дегені оның қабартының сұлуын өзіне некелеп, Кабардин жеріндегі Бестауда көп жүргенімен де байланысты. Сол жырау:
«Отауымда менің, жандар, ойнаған —
Қабартының айдай сұлу жасы еді.
Қазанымда менің, жандар, қайнаған —
Бұл ноғайдың қара қошқар басы еді» деп біздің қабарты қауымы жайындағы сөзімізді дәлелдей түседі. Жырау "асқар тау" деп сол Қап тауын — Кавказды меңзейді.
«Көз алдымда қобырсыған Қап таулар,
Қабартыға мен аттанбан мал үшін.
Мен-ші бүгін малым, басым аяман,
Қабартының бүлкілдеген жаны үшін» делінген жаңағы жырының жалғасында. Сол тауға шығып шығысқа қараса ол Ақ Еділдің желкенін көрмек. Ал, батысқа қараса, Азау теңізіне құятын Ақ Қобанға, яғни орыстар Кубань деп атайтын арнаның ақ сағымын көрмек. Таман түбегі ретінде Азау теңізіне шығыстан сұғынған тарихи Қобан аймағының жерінде қазір Краснодар қиыр, Ставропльский қиыр мен Адыгея республикасы, Қарашай-Шеркеш республикасы тұр. Қабарты қауымы да сол адыгейлердің бір бұтағы есептеледі.
Сол Ақ Қобаннан шығыстағы Ақ Жайыққа жол тартқанда оның көрген теңізі — Арал, яғни Каспий теңізі:
«Ақ Қобаннан Ақ Жайыққа жол тартсам,
Алдын буып Арал ноғай маңырайды.
Алдаспанын әрі тастап, қол тұтып,
Ақ Қобаннан ауыр хабар сорайды.
Астымдағы ақ аруана шапқанда,
Артымдағы ақ сағымым борайды» дейді өскелең жырмен үдете шапқан батыр.
Махамбет Еділді атап, Жайықты Ақ Жайық деп еркелетіп көп айтса, ноғай жыраулары Еділ мен Теңді көп айтады. Ақ Жайық пен Ақ Еділ, Ақ Қобан сөздері таусылып бермейді.
Махамбет жырындағыдай «Арқаның қызыл изені» деген жағымды сөз Ертістің батысынан Еділге дейін созылып жатқан аласа таулар жүлгесінің жалпы аты — Сары Арқамен байланысты. Мұны Еділдің бойынан шыққан Шалкиіз жыраудың:
«Аспан ұшып, Арқа кезіп,
Көп жүріп,
Әділдікті еш көрмедім
Көзіммен.
Атан жегіп, аттан түсіп,
Ит үрып,
Алапамды алып келдім
Сөзіммен» деген жолдарынан да қарауға болады. Бұл Арқа туралы ол тағы да:
«Екі арыстан жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сары Арқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес» деп өзінен көп кейінгі Ақтанберді, Махабмбеттердің аузына, Құрманғазы домбырасының шанағына осы сөзді салып кеткен.
«Әрайна, билер, Әрайна,
Арғымағым жарай ма?» деп Махамбет жырының ортасындағы қайырмаға «Әрайна» деген қайыру қосып отырса, Шалкиіз жырау мына жырында «Алай» деген қайыру қосып, тыңдаушысын осы сөзбен тербеп отырған:
«Ана Еділдей, Алай жаным, су ақса,
Жағасына біткені оның тал болар.
Сүйгенінен ер жігітім айырылса,
Жүрегінің басы оның қан болар».
Бұдан кейін жырау бізді көп күттірген, Махамбет сөз ететін Арқаның қызыл изенін айтып өтеді:
«Қызыл изен, Алай жаным, боз жусан,
Ат семіртер, Алай жаным, күр бітсе.
Арғы атасын, Алай жаным, көрмеген,
Бергі атасын, Алай жаным, білмеген,
Намарт мырза өктем сөйлер мал бітсе!»
Бірі 15 ғасырда, бірі 16 ғасырда өмір сүрген қос жыраудың от құсқан жырларына мұрагер болған ұрпақтардың қазақ арасында мұны дамытқанын, сол рухани шәкірттердің заңды жалғасы — Махамбет жырау, Мұрат ақындар болғанын білеміз. Оның үстіне, Шалкиіз жыраудың ұрпақтары — түгел қазақ. Оның би Темірге өкпелеп, Еділді қақ жарып Қазақ хандығына көшіп кеткен сапарын сарнап айтқан өз жыры осы мақаламызды да тамамдасын:
«Тәлейсіз Шалкиіз бүгін де,
Қазақ шығып барады.
Біздей болған жырауға
"Жолың болсын!" дермісің?
Ей, би Темір, би Темір,
Қыр иесі сен едің.
Жыр иесі мен едім.
Қырды жырдан айырдың,
Омыртқамды қайырдың.
Ақ киік болдым шөлі жоқ,
Аққу болдым көлі жоқ,
Қобыз-ау болдым үні жоқ,
Қобызсыз елдің күні жоқ.
Қайранда болды-ау саз үнім,
Боранды болды-ау аз күнім.
Жұрт тастатты жаламен,
Қазаққа шығып барамын,
Қайранда болып қаламын».
Көкбөрі Мүбарак
Abai.kz