ҚАЗАҚ ДЕГЕН ЕЛМІЗ БІЗ!
Бұл күні Астананың аспаны да шайдай ашық болды. "Қазақ елі" алаңына жиналған халықта қисап жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл жерге 70 мыңдай адам жиналыпты. Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, танымал ақындар мен жазушылар, өнер адамдары, студенттер, қаланың байырғы тұрғындары елдің Тәуелсіздікке байланысты басты шарасының біріне куәгер болмаққа асығып жеткен сияқты. Олардың арасында облыстардан үлкен қалалар мен елді мекендерден жеткен адамдар да көп болды.
Бұл күні Астананың аспаны да шайдай ашық болды. "Қазақ елі" алаңына жиналған халықта қисап жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл жерге 70 мыңдай адам жиналыпты. Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, танымал ақындар мен жазушылар, өнер адамдары, студенттер, қаланың байырғы тұрғындары елдің Тәуелсіздікке байланысты басты шарасының біріне куәгер болмаққа асығып жеткен сияқты. Олардың арасында облыстардан үлкен қалалар мен елді мекендерден жеткен адамдар да көп болды.
Ашылар алдында монументтің орталық барельефі ақ пердемен жабық тұрды. Мерекедегідей безендірілген алаңға орналасқан халық аспаптары оркестрі қазақ күйлерін орындауда. Салтанатты жиынның төріне шыққан алқалы топтың арасынан Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мінберге көтеріліп, мерекені ашты. Ардақты ағайын, алқалы қауым, деп бастады әкім өзінің сөзін. Түп шежіресі сонау, ежелгі түркіден бастау алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны - оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Еуразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл кіндік ортасындағы ұшы-қиыры жоқ Ұлы даланы "үстінде көк, астында жер жаралғаннан бері" мекен етіп келе жатқан халқымыз әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық атты ұғымдармен ұлықтанып келеді. Оған ұлы уақыттың өзі куә. Осы тұрған сіз бен біз куә.
Еркіндік пен теңдік, егемендік пен тәуелсіздік қай халық үшін де ежелден аса қадірлі ұғымдар. Мұны түсіну үшін елім деп соққан зор жүрек керек, жерім деп соққан жан пида сезім керек.
Адам болып өмірге келу де, азамат болып қалыптасу да, тізгін ұстап ел басқару да, сол елдің тұғырлы тұтқасына айналу да алдымен Тәңірдің, сосын халықтың арқасы. Тағдыр Қазақстанға бұрын-соңды болмаған тарихи мүмкіндікті сыйға тартса, сол еркіндік пен теңдіктің, егемендік пен тәуелсіздіктің туын көтерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі қазақтың киіз шежіресіне көне түркінің тасқа басқан таңбасындай мәңгі қашалатын мол мұра, деп жалғады сөзін Иманғали Нұрғалиұлы.
Халықты жасайтын тарих, тарихты жасайтын жеке тұлғалар. Қазақстан Президенті сондай тұлғалардың бірі де, бірегейі де. Соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде елдің ел болғаны, ес жиып, етек жауып, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылғаны, Қазақстанның бұрын-соңды болмаған экономикалық және рухани биікке көтерілгені сол кісінің саяси жетістігі деп білемін. Сондықтан Астана қаласы мәслихатының бастамасымен ашылып отырған осынау рәміз - біздің ата-баба аманатына адалдығымыздың, ұлттық сана-сезіміміз бен тарихи таңдауымыздың, Ел мен оны жетектеген Елбасымызға деген құрметіміздің, халық үшін керекті, тарих үшін деректі айғағымыздың дәл көрінісі деп қабыл алайық, ардақты ағайын.
Одан әрі И.Тасмағамбетов Елбасы еңбегінің шырқау шыңы бүгін еліміздің жүрегіне айналып, ұлттық ұйытқысы болып отырған Астана қаласы екенін қадай айтты. Халық пен оның лидерінің бүгінгідей қуатты күш болып бірлесуі ел дамуының рухани қозғағыш үйлесімі екені "Қазақ елі" монументінің бойынан толық көрініс тауып тұр. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ежелгі арманы, болашақ ұрпақтардың мақсаты. Сондықтан да ол біздің сезімдерімізді селт еткізіп, елдің болашағы мен тұңғыш Президентіміздің алдындағы жауапкершілігімізді сезіндіреді.
Осыдан кейін сөз Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Парламент Сенатының Төрағасы:
"ҚАЗАҚ ЕЛІ" МОНУМЕНТІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АСҚАҚ РУХЫН ПАШ ЕТЕДІ
Бүгін біз бүкіл қоғам, әлеумет болып дәуірлік маңызы бар оқиғаға - "Қазақ елі" монументін ашу салтанатына жиналып отырмыз. Дана халқымыз: "Еркіндік қайда болса - елдік сонда, бірлік қайда болса - ерлік сонда" деп айтқанындай, "Қазақ елі" монументі еліміздің сан ғасырлық тарихына, ұлтымыздың ұлы перзенттеріне, асыл мұратына, атажұртымызға арналған мәңгілік ескерткіш. Шын мәнінде бүгінгідей байтақ елімізде, жауһар Астанамызда осындай мағынасы терең монументтің орнауы қазақ халқы үшін тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды. Еліміздің басты ескерткіші ұрпақтар байланысын, уақыт үндестігін бейнелейді. Бұл - ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын. Міне, сондықтан да біздер үшін оның маңызы аса зор.
Қазақ халқы талай аумалы-төкпелі замандарды бастан кешті. Алайда, еркіндікті аңсаған қайсар рухымыз, қайрат-жігеріміз бізді әрдайым алға жетеледі. Ұлтымыздың ұлы жеңістері ешқашанда оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік жолына түскен сын сағаттарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев нар жүгін мойымай көтеретін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады. Президентіміз елінің үмітін ақтауда аянбай, орасан зор еңбек сіңірді. Ол халқының әл-ауқатын арттыруды өз өмірінің басты қағидасы ретінде таңдап алды. Елбасымыз алған бағытынан таймай, мемлекет тізгінін нық сеніммен ұстап келеді.
Әлем жұртшылығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты әйгілі реформатор, ұлт лидері деп таниды. Қазақстанның қол жеткізген барша табыстарын Елбасымыздың есімімен байланыстырады.
Қазақ жақсылыққа жаны құмар, пейілі кең, парасаты биік, мінезі дарқан халық. Бауырмал жұртымыз зұлмат жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген ұлттарға қамқорлық жасады. Мемлекеттік мәртебе алған ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін, бай мәдени мұрасын қайта жаңғыртқан халқымыз бүгінде барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен достығына, береке-бірлігіне ұйытқы болуда.
Шын мәнінде Президентіміздің бастауымен біз қысқа мерзімде Отанымыздың шаңырағын биіктетіп, іргесін нығайттық. Ұлттық мүддемізді қорғап, рухани байлығымызды молайттық. Бәсекеге қабілетті экономикамызды құрып, ғаламдық өркениеттің ажырамас бөлшегіне айналдық, мәртебесі биік, абыройлы мемлекет болдық. Байыпты сыртқы саясатымыздың арқасында қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткіздік. Барлық көрші елдермен арадағы мемлекеттік шекарамызды анықтап, бекіттік.
Халықаралық қоғамдастық Қазақстанды адамзат тарихында бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел, дүниежүзілік қауіпсіздік пен бейбітшілікке айтулы үлес қосқан мемлекет деп құрметтейді. Халықтар достығын, діндер татулығын және рухани келісімді сақтауға бағытталған ізгі бастамаларымыз жоғары бағалануда. Келесі жылы Қазақстан ТМД мемлекеттері, Орталық Азия және бүкіл түркі тілдес мемлекеттердің арасынан бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін тұңғыш мемлекет болмақ. Әлемдік мұсылман қауымдастығының беделді мүшесі ретінде біздің еліміз 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына да төраға болып сайланды. Бұл да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев стратегиясының дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан кең қолдауға ие болғанын паш етеді. Бүгінгі бас қосып отырған салтанат еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын естен кетпес ерекше оқиға. Астана бүкіл әлемге "Орталық Азияның гауһары", "Арман қала", "Болашақтың жаңа символы" ретінде танылды. Астана - Отанымыздың жүрегі, халқымыздың тынысы, ұлттық жаңғыруымыздың, рухани өрлеуіміздің рәмізі, берік негізі. Біздің бас қаламыз - еліміз өркендеуінің айқын нышаны, сенімінің алтын бесігі.
Астана шын мәнінде біздің ұлттық идеямыз, болашаққа бағдарымыз. Сондықтан елорда төрінен салтанатпен бой көтерген "Қазақ елі" монументі - ғасырдан ғасырға, атадан балаға мұраға қалатын айрықша рәміз. Ол біздің бабалар аманатына адалдығымызды, ұрпақтар алдындағы парызымызды, аялы да асыл үмітімізді бейнелейді.
Бүгінгі күні Қазақстан өзінің лидерінің басшылығымен инновациялық қарқынды даму жолына түсіп отыр. Мұндағы басты бағдар білім, ғылым, мәдениет пен денсаулық сақтау істерін дамытуға бағытталған. Елбасы экономиканы жаңа технологиялардың негізінде жаңғырту мен индустрияландырудың болашағы аса зор көпжылдық жоспарын қолға алып отыр.
Біздің ең басты үмітіміз жастарда. Ұлт лидері сіздерден оқыңыздар, жасаңыздар, еңбек етіңіздер деп талап етеді. Қазақстанды жаңғырту міндеті, оны алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына қосу міндеті сіздердің мойындарыңызға жүктеліп отыр.
Біз, Қазақстан халқы өзіміздің жаңа Астанамызбен және оны құрған, жасаған Президентімізбен мақтанамыз. Біздің еліміздің жүрегі Астана қаласында соғады. Еліміз үшін аса маңызды шешімдер осында қабылданады. Астана - біздің халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысының символы.
Заңғар көкке ұмтылған "Қазақ елі" монументі халқымыздың асқақ рухын паш етіп, бірлік пен татулыққа, жақсылық пен жасампаздыққа шақырады. Бүгінгі тарихи сәтте баршаңызды "Қазақ елі" монументінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекетіміздің баянды болашағы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын.
Спикердің сөзінен кейін "Қазақ елі" монументі салтанатты түрде ашылды.
Шерхан МҰРТАЗА, халық жазушысы: КӨБЕЙМЕСЕК КӨСЕГЕМІЗ КӨГЕРМЕЙДІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап Қазақстанды сонау 90-шы жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды. Бүгінгі күні ол халқымыздың санының көбейгенін қалап отыр. Үкімет көп бала туған аналарға үлкен қамқорлық жасауда. Осы үрдісті қолдауымыз керек. Біз сапамыз тәп-тәуір халық болғанымызбен, санымыз әлі де тым аз халықпыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: "Біз жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз", деген еді. Мұхтар Әуезов те: "Ел боламын десең, бесігіңді түзе", деген. Бізге көбею керек. Осыған Президент өзі бас болып қамқорлық жасап жатыр. Осыны іске асыратын бізге мықты Үкімет керек. Сонда ғана біздің мәртебеміз биік болып, ешқашан қор болмаймыз. Сонда ғана біз барлық кедергілерді жеңеміз. Халқымыздың басына бақ қонсын. Қазақстан аман болсын. Қазақ елі аман болсын.
Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері: ҚОЛДАҒЫ ҚАЗЫНАМЫЗДЫ БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан Қазақстан халқын бүгінгі оқиғамен құттықтаймын. "Қазақ елі" монументінің ашылуы - символикалық мәні зор оқиға. Бұл - Қазақстанның өткенін, қазіргісін және болашағын бірге ұштастырып тұрған айшықты белгі. Ол қазақ халқының көп ғасырлық тарихындағы өткен жолын, ой-арманын көрсетіп тұр.
Тәуелсіздік алған жылдары біздің мемлекеттілігіміз төрт аяғынан тең болып қалыптасты. Бүгінгі күні Қазақстанды бүкіл әлем саяси тұрақтылық пен экономикадағы қарқынды дамудың белгісіндей көреді. Сонымен қатар, біздегі халықтар достығы мен дінаралық тұрақтылықты өздеріне үлгі етеді.
Қазақстанның бүгінгі барлық жетістіктерін дүние жүзі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Мемлекет басшысының әлемдегі бейбітшілікті, достық пен келісімді, этносаралық төзімділікті сақтау жолындағы маңызды бастамаларын барлық әлем қолдайды.
Мен ауыл шаруашылығының қызметкері ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бізге көрсеткен қамқорлығы үшін қатты құрметтеймін. Ол кісінің көмегінің арқасында қол жеткізген жоғары технологиялы жаңа техникалардың арқасында біздің облысымыз биыл 6,1 млн. тонна астық жинады. Бұл - бұрын болып көрмеген рекордты көрсеткіш.
Президенттің "Нұр Отан" ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде қолға алған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын біздің облысымыз табысты түрде жүзеге асыруда. Ондаған жобалар іске асырылып, өндіріс өнімдері артып келеді. Бұл біздің облыстың Қазақстанның гүлденуіне қосқан сүбелі үлесі.
Мен барша отандастарымды қол жеткен табыстардан айырылмауға, оны еселей түсуге шақырамын. Қолда бар қазынамыздың құнын бағалай білейік.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ, сенатор:
ОРДАЛЫ АСТАНА ТҰРҒЫЗУ ОЛЖАЛЫ ЖОРЫҚҚА ШЫҒУДАН ҚИЫН
Осыдан он үш ғасыр бұрынғы бабаларымыз айтқан: "Елім бар жұрт едім ғой - елім қайда?! Төрім бар жұрт едім ғой - төрім қайда?!" - дейтін қаһарлы ұранмен қалшылдатқан желтоқсанның үскірігіне қарамай, ұл-қыздарымыздың көшеге шыққанына - міне, биыл жиырма үш жыл болмақ. Қатал режім қаһарына мініп, қыл бұрау салып баққанымен, оны тәңір естіп, тарих қолдап, тәуелсіздік алғанымызға жақында он сегіз жыл толмақ. Тәуелсіздік алғаннан кейін алты жыл өте, көштің басын Сарыарқаға бұрдық. Жетінші жылы іске кірістік. Одан бері он бір-ақ жыл өтіпті. Неткен болмашы уақыт?! Бірақ, сол он бір жылдың ішінде бабаларымыздың әлгі он үш ғасыр бойына орындай алмай келе жатқан асыл арманы - Баянды Елі дүниеге келіп, Есілдің екі бетіне самаладай-самаладай ғимараттар самсатып, әлем сүйсінген зәулім Астана салыппыз. Неткен көп іс тындырғанбыз?! Бұл тек ертегілерге ғана сыятын ерен іс. "Тіл- аузымыз тасқа! Тәубе-тәубе!" - дейік.
Өйткені, ертедегілер етегі тола еңірегендей, ұлдар әкесіне, інілер ағасына тартпай, арбағанға еріп, алдағанға көніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналып, тіл, дін ұмытылып, діл азып, атымыз өшіп, затымыз жойылып кете жаздағанымыз күні кеше ғана емес пе еді?! Өшкен жанып, өлген тірілді деген осы емес пе?!
Бір кезде Білге Қаған: "Баз кешсек - өкінерміз, жаңылыссақ - түзелерміз. Біріксең етті, елім!" - деп еді. Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем. Жалпақ әлем тегіс мойындаған мемлекет болуымыз, жарық дүние түгел таңқалған астана салуымыз - соның айғағы. Мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жайбарақат жетіппіз. Ол бірлікті елі, білікті төрі бар салиқалы қауымдардың ғана қолынан келмек.
Ордалы астана тұрғызу олжалы жорыққа шығудан әлдеқайда қиын. Ол өткендегілердің арманын орындап, бүгінгілердің мүддесін түгендеп, ертеңгілердің мерейін тасытатындай болуы керек еді. Құдайға шүкір, ондай жасампаз күш-жігер елімізден, оны рәсуа етпей, өрелі іске жұмылдыра алар пәтуа төрімізден табылды. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде данышпан халқымыз өз тағдырын кімге сеніп тапсыруды білді. Тұңғыш Президент - ерекше Президент. Талай жыл билеп-төстеген отаршылдықтан арылу, атақонысымызды, ұлттық дербестігімізді түгел мойындатып, іргелі ел ету, жан-жақпен жарастықты қарым-қатынас орнатып, қандай жолмен ойдағыдай дами алатындығымызды айқындау, соған лайық саяси құрылым түзіп, мұндайда болмай қоймайтын заңсыздықтармен ұтымды күресіп, жалпақ қауымды жаңа үрдіске бастау соның еншісінде.
Біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бойында ондай терең білік, қапысыз көрегендік, биік талғам, ойдағысын іске асырмай тынбайтын табандылық пен ыждаһат жетіп артылады. Ол әншейін көшке ерген жетім тайлақтай салпақтай бермей, қайткенде іргелі ел, жоралы жұрт бола алатындығымызды даусыз мойындататындай өрелі мақсатты дер кезінде дәл тауып қоя білді. Кемеңгер халқымыз оны жете түсініп, ойдағыдай жүзеге асыра алды. Соның арқасында: "Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ", дейтіндей керемет шаруа тындырылды.
"Ораздының отыз қонағы бір келеді" дегендей, бұл қуанышымызға төрткүл дүниенің өкілдері түгел куә болып үлгерді. Он жылда осы дәуірдегі озық үлгідегі сәулетті астана салған Қазақ елінің заманға сай кемел мемлекет болып, жарқын келешекке лайық келелі істер тындыруға әзір екендігін өз көздерімен көрді. Аз жылдар ішінде жер-жаһандағы осы заманғы зымыран атаулының бәрі шүйліге қадалған халықаралық қатер аймағы - хартлендтен сан алуан ұлт, тіл, дін өкілдерінің бастары бірігіп, тілектері қосылған шын Жиделі Байсынға айналғанына таңқалды. Жер бетіндегі ядролық қарусыздануды алғаш қамтамасыз ету арқылы ұлттық, экономикалық, экологиялық қауіпсіздікті да бірдей шешудің өнегесін көрсетті. Санаулы жылдарда салауатты жолдардан өтіп, салиқалы қорытындылар түйді. Бәсекесіз тұрмайтын нарық жағдайындағы дағдарыстың алдын алу жолдарын қарастырды. Аса толғақты кезеңдегі экономикалық, экологиялық, әлеуметтік мәселелерді үйлестірудегі инновациялық саясаты Қазақстанды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына дейін жоғарылатты. Қазіргі Қазақстан қай саланы да халықаралық стандарттарға сәйкес дамытатын мүмкіндіктерге ие. Жаңа халықаралық мәртебе оза дамыған елдер санатына қосылу үдерісімізді жеделдете түседі деп сенеміз. Осы заманғы ұлттық даму арнасымен әлеуметтік әділет, ғылыми инновация, интеллектуалдық прогресс және демократия жолымен алға баса беретініміз даусыз. Біткен істер өте мәнді. Бітпегені одан да маңызды. Жеткен жеңістерді жемісті жалғастырып, тарихи сабақтастықты өркениетті жолмен одан әрі өрістете білу - осы заманғы ұлттың басты парызы. Ал Қазақстанның дәл сондай осы заманғы екендігіне күллі әлем куә. Осы мақсат жолында тарихтың талай қатал сынағын тайсалмай еңсеріп, тайынбай тәуекелге мінетін табанды күрескер, аса талантты саясатшы, тарлан көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз, әрине, айрықша болмақшы. Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді, батыл бастамашылыққа толы ертеңімізді белгілейтін ақ мәрмәр монументтің ортақ тұлғасы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы әбден орынды. Тәуелсіздіктің қуанышына кенелген шат-шадыман ағайынның асқақ көңілі алып самұрықтай аспанға самғайды. Әлем сахнасына өз Конституциямызды қабылдап көтерілген күнімізді еске салады.
Бұл - Ел жолында жүк қалдырмас Ерлікке ескерткіш. Бұл - абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дарқан Елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орындаған ардақты ұлын аялаған халықтық Махаббаттың ескерткіші. Жасампаз халық, жаңашыл қауым екендігімізге ел жолындағы еңбекті әділ әспеттей білгендігімізбен сендіреміз.
Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты:
АСТАНАМЫЗ АЛПАМЫСТАЙ КҮН САНАП ӨСУДЕ
Азаттықтан асыл, тәуелсіздіктен тәтті ұғым бар ма? Біз ежелден еркіндік аңсаған Алаштың баласы едік. Бұл ұлы ұғымдардың қадірін бір білсе, біз білеміз. Ақырып теңдік сұраған ата-бабамыздың аялаған арманын біз бағалай аламыз. Исатай-Махамбет, Кенесары-Сырым, Қалибек-Оспандардың жан қиып, аһ ұрған арманына біз жеттік. Бірақ санамызды жаншып, жанымызды жасытқан құлдықтың қыл бұрауынан құтылсақ керек-ті. Қалқанына қазан-қазан ет тураған, жебемен тіс шұқыған батыр елдің ұрпағымыз біз.
Тәуелсіздік тәңірдің сыйы дедік. Басында аңырап қалғанымыз да рас еді. Ақтанберді жырау айтпақшы, осынша берген дәулетті көтере алар ма екенбіз дедік. Дедік те сананы сілку керек деп Мұса пайғамбардың жолымен 40 жылға меже белгіледік. Онымыз 2030 жыл еді. Жарқын болашақта бәрін жаңадан бастау үшін жаңа астана іздедік. Анкараны Түркияның жаңа астанасы қылған Ататүріктің ізімен біз де Ақмоланы жаңа астанаға айналдырдық. Арқаның төсіндегі көделі дода көркем Астанаға айналды. Бұл Нұрсұлтанға сеніп, тізгінін берген Алаш баласы бірлігінің белгісі еді ғой. Алпамыстай күн санап аршындап өссе, бұл алты айлық жолды алты аттаған, арғымақ адымды Алаш баласының көрінісі емес пе, ағайын. Елім деп еміренген ұлан, ерінің қадірін білгенде ғана біздің тәуелсіздігіміз баянды болады. Баю үшін арын сатқан, тою үшін тонын сатқан, тілі мен дінінен безген пенде емес қазақияны ұшпаққа шығаратын, қазақияны ұшпаққа шығаратын сенің бірлігің. Біз бүгін берекеліміз, біз бүгін мерекеліміз, ағайын. Тәңірге тәубе, дарқан пейілімізге, кең көңілімізге Алланың бергені болар, бәлки. Тілің аман, ділің аман, бауырың бүтін, рухың бұла, мекенің берекелі болғай. Қазақ елі жасай бер
«Егемен Қазақстан» газеті. 2009-10-21: