Дүйсенбі, 9 Ақпан 2026
Өзекті 287 0 пікір 9 Ақпан, 2026 сағат 14:03

Тіл туралы: Пессимизм мен оптимизм

Сурет: сайт мұрағатынан алынды.

Мен Жаңа Конституция жобасынан 9-баптың 2-тармағындағы «Орыс тілі тең қолданыста болады» деген шарт өзгереді деп ойламаймын. Бұл мәселеде мен толық пессимистік көзқарастамын. Яғни, ол тармақ өзгерусіз Жаңа Заңға енеді деп ойлаймын.

Ендеше, «Одан әрі не істеу керек?» деген сұрақ мені көбірек толғандырады. Мәселен, еліміздің Оңтүстік облыстарында, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Семей өңірлерінде бұл мәселе аса өткір емес дер едім. Яғни, бұл өңірлерде мүмкін болатын демографиялық дүмпу, болашақтағы қазақ тілінің қалқаны мен найзасы болып қала беретіні анық.

Негізгі, Тіл бойынша атқарылатын жұмыстар мен болашақ шиеленісті жағдайлар ірі мегаполистер мен солтүстік облыстарда жалғасатын сыңайлы.

Сондықтан, еліміздің зайырлы һәм зиялы қауымы осы бастан өз арамызда «Қазақ тілінің қолдануына кедергілер не?» деген сұрақты қойып, осы бағытта жұмыстарымызды сапалы деңгейге көтеруіміз керек.

Халық жаңа Конституцияны қалай қолдап шықса, Мемлекет те халықтың өз Ана тілі бойынша қойып отырған талаптарына мейлінше қолдау көрсетуі керек. Сонда ғана Қазақстандағы әділеттілік туралы айтуға болады деп санаймын...

Қазақстанда Қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тілге айналуы үшін әлі талай жұмыстар атқарылуы керек: тіл қоғам өмірінің бар саласында емін-еркін функционалдық және коммуникациялық қатынас тілі бола алатын деңгейге жетуі керек. Оның драйвері болып таза қазақ тілді өңірлер алға шығады.

Сондықтан, осы өңірлердегі экономикалық секірісті тек Қазақ тілі арқылы қамтамасыз етуді ұсынсақ, одан ешкім ұтылмайды.

Елімізде жылдан жылға Қазақ тілінің үстемдігі арта береді. Оны ешқандай «форс мажор» өзгертуге қауқарсыз. Себебі, «тілді күштеп ендіру заманы» қазіргі заманда өз дәуірін аяқтады.

Олай болса, «өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған тіл» де өзінің статусы «мемлекеттік тіл» деп белгіленген мемлекетте өмір сүре береді, эволюция заңына сай үстемдігін де арттыра береді. Оған тек аздаған мүмкіндік жетпей тұр, ол бірінші тармаққа: «Барлық мемлекеттік құрылымдарда өзге тілмен жазылған құжаттардың мемлекеттік тілдегі көшірмесі талап етіледі» деген талапты қосу. (Осы мәселені Abai.kz сайтының Бас редакторы Нұргелді Әбдіғани комиссияға арнайы хатпен жолдады).

Тіл мысалына оралсақ, оған мысал Малай тілі.

Малайзия тәуелсіздік алғанда мемлекеттегі қатынас тілі қытай тілі еді. Қазір малай тілі өз статусын қалпына келтірді. Әрине, онда ол заң көмегімен жүзеге асты.

Ал, бізде бұл мәселе демография көмегімен жүзеге асатын сияқты.

Ендеше, барша қазақ баласы жұмылып, Ұлттық мәдениетті балалардың санасына балабақшадан бастап сіңірудің кешенді жобасын жасау керек.

Бастауыш сыныптарында тек Қазақ тілінде оқыту ережесін талап етуіміз керек.

Өзге Ұлт өкілдерін Қазақ мәдениеті мен дәстүріне, аспаздық мәдениетімізге, өзімізге тән адалдық пен шыншылық, намысшылыққа деген құрметін оята отырып, біз оларды бойында әлі де бұғып отырған «ұлылық астамшылық» синдромынан арылуға көмектесіп, тіліміз бен мәдениетімізге деген толерантылықты бойына сіңіруге әсер ететін бағытты айқындап алуымыз керек, осы бағытта біз аса белсенді болуымыз керек.

Осы саясатты тек жоғарғы билік қана емес, жер жердегі барлық билік өкілдері «ішкі ереже» деп қабылдап, өте байсалды және сауатты іс жүргізер болса, онда бүгінгі күніміздегі «жүйкенің жұқаруын» да тез ұмытып, алаңсыз тірлікке көшетін боламыз...

Осы тұрғыда мен оптимистпін!

Әзірге, одан өзге жолды көріп тұрғаным жоқ,, мүмкін, көре алмай отырмын...

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір