Жұма, 13 Ақпан 2026
Күбіртке 5354 0 пікір 13 Ақпан, 2026 сағат 13:29

Кемшілік – адам капиталын емес, цифрды ғана өлшеуде!

Сурет: lenta.ru сайтынан алынды.

Қоғамның тамырына үңілсең, ең әуелі халықтың тұрмыс-тіршілігі назарың ауады. Қалтасы жұқа, көңілі жүдеу, ертеңіне сенімсіз елдің үні бәсең, үміті әлсіз болады.

Қазіргі күні «неге халық осыншалықты күйзеліске түсті?» деген сауал әрбір ойлы азаматтың көкейінде тұр. Бұл жағдай күнде пайда болған ахуал емес, жылдар бойы жиналған жүйелі қателіктер мен жауапсыз шешімдердің салдары. Біз елдің арасына жиі шығып тұратындықтан, елдің тұрмысының әлі де ауыр, кедейшілікте өмір сүріп жатқандығын жиі көріп жүреміз.

Билік – халыққа қызмет ету үшін құрылған институт. Алайда уақыт өте келе бұл қағида қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде бұрмаланды. Шенеуніктік аппарат қалыңдап, шешім қабылдау халықтан алыстай түсті. Қарапайым азаматтың күнделікті проблемасы – жалақы, баспана мен медицина, білім – жоғары мінберлерде екінші қатарға ығыстырылды. Ал бірінші қатарда есеп, баяндама, көрсеткіш қуалау орын алды. Сан бар, сапа жоқ; жоспар бар, нәтиже шамалы.

Экономикалық саясаттың басты кемшілігі – адам капиталын емес, цифрды ғана өлшеуінде. Елдің тұрмысы жақсарып, экономика өсіп жатыр деген ресми мәлімдемелер халықтың тұрмысымен қабыспайды. Өйткені осы байлықтың қалай бөлінетіні – негізгі сұрақ. Теңсіздік тереңдеген сайын қоғамдағы әділет сезімі әлсірейді. Бір жағында – сән-салтанат, екінші жағында – несие мен қарызға белшесінен кірген отбасы. Бұл айырмашылықты кездейсоқ демейік, ол жүйенің ішкі ақауын көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлық – халықты бейшара хәлге жеткізген негізгі себептердің бірі. Ол тек қаржыны жеп қою емес, ол – үмітті ұрлау. Мектеп салынбай қалса, жол жөнделмесе, аурухана құралсыз отырса – соның бәрі өзгелердің қалтасын қампайтуының нәтижесі. Жемқорлық бар жерде әділ бәсеке тұрмайды, ал әділ бәсеке жоқ жерде даму тежеледі. Нәтижесінде қарапайым азамат еңбегімен емес, танысымен ғана алға жылжитын қоғам қалыптасады.

Әлеуметтік саясаттағы олқылықтар да көзге ұрып тұр. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер уақытша демеу болғанымен, түбегейлі жағдайды шешпейді. Еңбек адамының еңсесін көтеретін – лайықты жалақы мен тұрақты жұмыс. Ал ол үшін шағын және орта бизнеске шынайы қолдау керек. Өкінішке қарай, қолдау бағдарламаларының көпшілігі қағаз жүзінде әдемі көрінгенімен, іс жүзінде қолжетімсіз. Құжат көп, талап ауыр, ал нәтиже мардымсыз.

Медицинадағы ахуал да бейжай қалдырмайды. Қымбат дәрі-дәрмек, ұзын-сонар кезек, ауылдағы медициналық қызметтің әлсіздігі – халықтың денсаулығын ғана емес, жүйкесі мен сенімін де сарқып жатыр. Денсаулығы нашар, болашағына алаң ел қалайша толыққанды өмір сүрмек? Бұл сұраққа нақты жауап беретін кез әлдеқашан жетті.

Жергілікті басқарудың әлсіздігі де назардан тыс қалмауы керек. Ауыл мен қаладағы проблемаларды орталықтан шешу – тиімсіз. Әр өңірдің өз ерекшелігі, өз мұқтажы бар. Сол үшін жергілікті билікке дербестік пен жауапкершілікті қатар беру қажет. Әйтпесе, «жоғарыдан бұйрық күтетін» енжар жүйе халықтың жағдайын дер кезінде шеше алмайды.

Халықтың бейшара хәлге түсуі – тек экономикалық емес, рухани дағдарыс. Әділетке сенім азайған жерде үміт сөніп, немқұрайлылық орнайды. Ал немқұрайлы қоғамды басқару оңай, бірақ дамыту қиын. Билік осыны түсінуі тиіс: халықтың үнін есту – әлсіздік емес, даналық.

Ендеше, шығу жолы бар ма? Иә бар. Ол үшін ең алдымен жауапкершілікті мойындау керек. Қателікті жасыру емес, түзету – нағыз басқарудың үлгісі. Ашық бюджет, әділ сот, тәуелсіз БАҚ, нақты әлеуметтік лифттер – бұлар ұран емес, қажетті құралдар. Халықтың жағдайын жақсарту үшін билік өзіне ыңғайлы емес, елге пайдалы шешімдер қабылдауы шарт.

Қорытқанда, халықты бейшара хәлге жеткізген бір ғана себеп жоқ. Бұл – жылдар бойы жиналған жүйелік олқылықтардың жиынтығы. Бірақ дәл сол сияқты, жағдайды түзеудің де бір ғана тетігі жоқ. Ол үшін саяси ерік, қоғамдық сенім және ортақ жауапкершілік қажет. Билік пен халық өзара қарсы емес, дегенмен бір кеңістікте қозғалғанда ғана бұл тығырықтан шығуға болады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір