Алматы-1 вокзалының сейсмикалық төзімділігі күшейтілуде
Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбуғанов Алматы-1 теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Көшпелі кеңеске мердігер ұйымның, Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның, техникалық қадағалау қызметінің және қала әкімдігінің өкілдері қатысты.
Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жоба аясында вокзал ғимараты мен кешеннің бүкіл инфрақұрылымын кешенді жаңғырту көзделген. Инженерлік желілер жаңартылып, заманауи энергиямен жабдықтау, желдету, цифрлық бақылау және қауіпсіздік жүйелері енгізілуде.
- Жобаның негізгі басымдығы – нысанның сейсмикалық төзімділігін арттыру. Тірек конструкциялары күшейтіліп, ғимарат өңірдің сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестендірілуде, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері жаңартылып жатыр.
Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың өткізу қабілеті артып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарады және толыққанды кедергісіз орта қалыптастырылады. Жаңартылған нысан қауіпсіз, технологиялық әрі жайлы болмақ.
Қайта жаңғырту жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, вокзалдарда мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметі іске қосылды.
Abai.kz