Сәрсенбі, 25 Ақпан 2026
Бұ не мазақ? 1982 0 пікір 25 Ақпан, 2026 сағат 13:56

Ресейлік тарихшы Қазақстанға сес көрсетті...

Сурет: sia.az сайтынан алынды.

Ресейлік мемлекеттік БАҚ-тарға тұрақты түрде сарапшы ретінде шығып жүрген ресейлік саясаттанушы әрі тарихшы Дмитрий Верхотуров ашаршылық тақырыбына қатысты Қазақстанға сес көрсетіп, қоқан-лоқы жасады, деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Ашаршылықпен байланысты бұл мәселелер Қазақстан үшін жай ғана қауіпті емес, олар дәл мемлекеттіліктің сақталуы тұрғысынан өте қауіпті. Украинаның қазіргі жағдайына қарап отырып, Қазақстанның болашағы қалай болмақ? (...) Олар Украинадағы «майданшылар» жүргізген саясатты айнытпай қайталауы мүмкін, бірақ, бұл қарулы қақтығысқа әкеп соғады. Қазақстан, біріншіден, бұған дайын емес, екіншіден, Ресейге қарсы тұру үшін ол тым әлсіз әрі кішкентай», - деді Верхотуров желіде кең тараған сұхбаттарының бірінде.

Оның айтуынша, «дәл осы жағдайда қазақтар әрқашан ескеруі тиіс тағы бір мәселе бар».

«Біз үшін украиндар – өте жақын туыс, іс жүзінде өз адамымыз. Соған қарамастан, олар бізді соққыға жығатын жағдайға жеткізді, ал қазақтар орыстар үшін олай емес. Иә, олармен дос болуға болады, бірақ, бұлар бәрібір алыстау адамдар. Сондықтан, оларды украиндарға қарағанда қатыгездеу әрі қаталдау соғатын болады», - деді Верхотуров.

Айта кетейік, Верхотуров «Казахский геноцид, которого не было» («Қазақтың болмаған геноциді» атты кітаптың авторы.

Тарихшылардың бағалауы бойынша, 1930-1933 жылдардағы ашаршылықтың құрбандары әртүрлі мәліметтер бойынша шамамен 2 миллион адамды құраған. Олардың басым көпшілігі (шамамен 90%-ы) өз санының жартысына жуығынан айырылған этникалық қазақтар еді.

Мәселен, 1926 жылғы 4 миллионға жуық қазақтың саны ашаршылық салдарынан 1939 жылға қарай 2,3 миллионға дейін азайған. Қазақстанда бұл трагедияны есте сақтау мемлекеттік деңгейде бекітілген: 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді, Астана мен Алматы қалаларында ескерткіштер орнатылған, ал арнайы мемлекеттік комиссиялар қаза тапқандардың есімдерін тізімдеу үшін архивтерді белсенді зерттеуде.

Осылайша, Ресей, өзінің Кеңес Одағын құқықтық мұрагері және ізбасары деп санай отырып, Қазақстан мен Украинадағы ашаршылыққа қатысты мәселені ауыр қабылдайды, өйткені, осы трагедияның себебі объективті түрде кеңестік Мәскеудің қылмыстық саясаты ретінде саналады.

Abai.kz

0 пікір