Сәрсенбі, 4 Наурыз 2026
Жаңалықтар 123 0 пікір 4 Наурыз, 2026 сағат 15:10

Шетелдерде соғысқа қатынасқандарға жаза жеңілдей ме?!

Сурет: Aikyn.kz сайтынан алынды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан Қазақстан азаматтарына қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Бұл тұрғыда террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған адамдарды қамту керек екені айтылды.

- Қазіргі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесінде геосаяси және геоэкономикалық шиеленістер күшейе түсті. Мемлекеттер арасындағы санкциялық шектеудің ұлғаюы, әскери-саяси текетірестің жиілеуі әлемдік қауіпсіздік архитектурасына айтарлықтай әсер етіп отыр. Осындай күрделі жағдайда түрлі тараптар қарулы қақтығыстарға адамдар тарту үшін жалдау, алдау, үгіттеу тәсілін белсенді қолдануда. Өкінішке қарай, мұндай ықпалға түскен отандастарымыздың саны артып келеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) тіркелген қылмыстық істердің саны жыл сайын өсіп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы – 141 іс тіркелді. Осы 2025 жылы тіркелген істер бойынша 26 адам сотталған, - деді Ж. Амантайұлы Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, бұл көрсеткіш әлемдегі әскери қақтығыстың ушығуы салдарынан азаматтарды тарту әрекетінің де еселеп артқанын аңғартады.

- Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс ретінде қарастырмайды. Қатаң жауапкершілік, негізінен, террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады. Әрине, қарулы қақтығыс аймағына ешкім ажал іздеп, себепсіз бармайды. Бірі – әлеуметтік қиындықтың салдарынан, бірі – адасу немесе алдану арқылы, енді бірі мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін. Осындай жағдайға тап болғандардың дені табысты жұмыс табамыз деген үміттің жетегінде жүріп ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта, шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап, ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады. Алайда өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр. Тәубесіне келіп, Отанға оралған азаматтың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның толыққанды қайта әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін, - деді депутат.

Оның пікірінше, осы ретте халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды болар еді.

Осыған байланысты депутат мынадай ұсыныстарды жолдады:

  1. Әлем елдерінің құқықтық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің

170-172 баптарын жетілдіру және саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп, Парламент қарауына енгізуді;

  1. Террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елімізге оралған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізуді қарастыру қажет. Атап айтқанда, олардың қоғамға қауіптілік деңгейін ескере отырып, шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе өзге де баламалы жазаны қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді;
  2. Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысып, елге оралған азаматтарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Abai.kz

0 пікір