Қару. Қорғаныс һәм ғылымға көңіл бөлу!
Қазір әлем бұрын-соңды болмаған өзгеріске түсіп, БҰҰ-ның бір орталықтан басқарушылығын кейбір алпауыт мемлекеттер керек те қылмайтын болды. Жан-жағымыз жаңа соғыс ошақтарына айналып, оның лебі барлық құрлықты қамтыды.
Бұдан еліміз қалай жол тауып шығады деген сауал шынымен ойландыра бастады. Және оған жауап оқу білімге, ғылымға ден қою арқылы қорғанысымызды техникалық тұрғыдан өркендету екендігі дау тудырмайды.
Ғылым мен білімді дамыту – әлемді өзгертеді. Оны айналамыздан көріп жүрміз. Ғылымы озық елдің – қаруы да жойқын. Ғылымы жүйрік елдің майданда күші де мықты. Егер Қазақстан ғылымға, білімге көңіл бұрмаса – Қазақстан тұтынушы ел болып қала бермек. Ондайда Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі де, басқасы да болмайды. Қазіргідей жаһандық тенденцияларға қарай қорғаныс стратегиялары да өзгеріп отыратыны белгілі. Осы тұста 4 маңызды мәселені атап айтар едім:
Әскери әлеуетті жаңарту: Заманауи қару-жарақ пен технологияларды енгізу, әскери дайындықты арттыру.
Ұжымдық қауіпсіздік: Халықаралық ұйымдарға мүше болу арқылы бірлескен қорғаныс жүйесін құру.
Ақпараттық қауіпсіздік: Кибершабуылдардан қорғану, дезинформациямен күресу.
Азаматтық қоғамды жұмылдыру: Халықтың патриоттық рухын көтеру, қорғаныс ісіне қолдау көрсету.
Міне, осындай төрт құбыламыз тең болу үшін бар күшті оқу білімді дамытуға жұмсауға тиіспіз. Білімді ел ғана өз елінің егемендігін қорғай алады. Кез келген мемлекет заманауи қару-жарақты өзінде шығармаса, оның экономикалық әлеуетінің бір тамыры кем соғып жатады. Өндіруші ел мен сатып алуышы елдің арасалмағы жермен көктей десек артық айтпаймыз. Тек өз қаруымыз болған жағдайда ғана мазасыз әлемде ұйқымыз түзу болады. Бұған тек біліммен ғана қол жеткіземіз.
Осы ретте ұсынылып отырған Конституция жобасына бір көз жүгіртіп, ғылым мен білім мемлекет қызметінің стратегиялық басым бағыттары ретінде бекітілгеніне назар бұра кеткен жөн. Бұл өзгеріс елдің болашағын адами капиталмен байланыстырады, табиғи ресурстардан гөрі зияткерлік әлеуетке басымдық береді. Расында солай: мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтары негізгі бағдар болуы керек-ақ. Сол себепті де бұл бағыт Конституцияның негізгі идеясы ретінде айқындалған. 3-баптың 2-тармағында: «Қазақстан адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты» деп таниды. Бұл алғашқы рет негізгі заң деңгейінде ғылым мен білімнің басымдығын бекітіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Тіпті преамбуланың өзінде «білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып» алға жылжитынымыз жайлы айтылған.
Анығы солай – бүгінгі тенденцияда білім мен ғылымды дамытпай, Тәуелсіздікті ұстап тұру қиын, мемлекетті қорғау қиын. Ғылым мен білімісіз қай мемлекет болсын, өзгелердің алдында дәрменсіз. Міне, осы дәрменсіздіктен қазақ елінің құтылуы заңмен бекітілуі жөн-ақ...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz