Бейсенбі, 5 Наурыз 2026
Білгенге маржан 2790 0 пікір 5 Наурыз, 2026 сағат 13:37

Ұрпақ тәрбиесіндегі поэзияның рөлі

Сурет: ЖИ арқылы жасалды

Ғасырлар бойы ұлттық қасиеттеріміздің бояуына әбден қаныққан поэзиямыз әр дәуірде өзінің дарынды ақындарының ұлттық және әлемдік сипаттағы мұраларымен жалғасын тауып, жасарып, жаңарып келеді. Сонау бағы заманда бөрілі байрақты ту еткен көк түріктер заманын айтпағанның өзінде, кешегі «аяққа тұсау, жағымызға құрсау» болған кеңес дәуірінің өзінде ұлтымыздың ұлық қасиеттерін насихаттап, оны ұрпақ бойына асау жырымен дарытқан ақындарымызды ұлықтап, бүгінгі ұрпақтың құлағына құя беру біздің басты парыздарымыздың бірі болуға тиіс.

Лирикадағы ақын бойынан от алған асау мінез бен биік рух,тереңдік пен талғампаздық оқушысын бей-жай қалдырмайтыны анық. Алайда ол аздық етеді, біз оны ұрпақ бойына сіңіруіміз керек. Жаны таза, рухы өр, арманы асқақ, өмірге құштар ұрпақ тәрбиелеуде поэзияның алатын орны зор. Өйткені біз немересін ертегі, жырмен сусындатып, жұмбақ шештіріп ой қиялын ұштайтын аталар мен әжелер мектебінен айрылып қалғанбыз. Олардың орнын мектеп пен пән мұғалімдері басқалы қашан?! Сондықтан мұғалімдер тек білім беру ғана емес, сонымен қатар ұлт тәрбиесіне жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Бала оң-солын танып, поэзияны тұшынып оқи бастағанда рухымызды көтеретін дауылпаз ақындар шығармасын оқытуға назар аударғанымыз жөн. Осы орайда Махамбеттің   отқа оранған өлеңдерінен кейін аузымызға Мағжан, Қасым, Жұбан, Қадыр, т. б. ағаларымыздың есімдері түсетіні даусыз. Жалпы өршіл рух жаугершілік заманда атойлап атқа қонған Махамбет поэзиясына етене тән.

Арғымақ аттың баласы

Аз жусар да, көп жортар.

Азамат ердің баласы

Аз сөйлер де көп тыңдар.

Қазақ «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» ғана айтатын зерлі сөзге ұста ел. «Сөз қадірін өз қадірім» деп түсінеді. Жоғарыдағы өлеңде халықтың сөз өнері жайындағы осындай ғаламат ойларын бойына жиып өскен Махамбет ақын азамат ер мен арғымақ аттың бағасын екі-ақ ауыз сөзбен дәл беріп отыр. Осы жолдардың өзі біздің парасат-пайым, тектілік пен әдептілігімізден сыр шертіп тұр.

Ұлтжандылық идеясын көтере жырлаған ақынның бірі - Мағжан Жұмабаев. Ол тұтастай бір халықты бай-кедей деп екі бөліп, бірімен-бірін атыстырып, шабыстырып қойған алмағайып заманда тап ақыны болмай, ұлт ақыны болды. Азаттық идеясын ту ғып көтерді. Туған халқының (қазақтың) тағылымды тарихын сонау Гундер дәуірінен бастап тілге тиек етті. Тұранның көркі болған көк түріктің батырлары мен данышпандарының атын аңызға айналдырды. Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Бабасы Қожаберген жырауға еліктеп, қазақтың шекара аймағын түгел болмағанымен біразын «соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп берді. Түрік, Алаш ұлына тірі адамды тең көрген жоқ. Арман мұраты адыра қалып, басына алмағайып күн туғанның өзінде өткен күндер елесін аңсап сары уайымға салынғанымен, дүниеден түңілген жоқ. Алаштың, қазақтың ертең-ақ нұрлы күндермен қауышарына бек сенді.

Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда.

Мен жастарға сенемін! –

деп, жастардың жігер отын жаныды. Оларға үлкен үміт артты. Әйтеуір бір замандарда өзгенің қолына кеткен ұлт тізгінін қайтарып аларына имандай сенді. 1937 жылдың зұлмат-зобалаңы келіп, Мағжан, Сәкен, Ілиястар атылып кеткен тұста поэзия сахнасына буырқанып, бұлқына Қасым шықты. Әр дәуірдің өз әні бар десек, ол әнді айтатын да сол дәуірдің ұландары. Тек әркім әртүрлі айтады. Елдің көңілінен шығып, шөліркеген жұрттың шөлін басқан жыр ғана мәңгілік десек, әңгімемізге арқау боп отырған Қасым Аманжолов осындай тұтас бір халықтың жүрегінен өшпес орын алған үлкен ақын. Оның сыры ақынның ұлттың ұлы қасиеттерін ұлықтауы және оны асқақтата жырлауы деп түсіну қажет. Заманының тар қалыбына сыймаған ақын мұрасы Махамбет шығармаларындай өрлік сипатқа ие. Ал өрлік пен тәкәппарлық өмір бойы сұлу табиғат аясында емін-еркін көшіп қонған, Алтайдан Балқанға, Қытайдан Ұрымға дейінгі ұлы даланың көркі болған көк түріктің ұрпағы қазақ баласы бойындағы ірі мінездердің бірі. Қасым ақынның:

Тәкәппарлық, өрлікті

Асқар таудан үйренгем, –

деуі, сірә да тегін емес. Басынан бұлт арылмаған Қарқаралыда өскен Қасым, табиғатқа етене жақын ата-бабаларының мінезін өз бойына сіңіргенге ұқсайды. Өйткені Қасым поэзиясы өзгеге ұқсамас өрлігімен, өршілдігімен ерекше. Оның шығармаларының өн бойынан еркіндікті сүйіп өскен ерке жанның еркелігі төгіле көрініп жатады. Қасымның жаны еркелікке қанша іңкәр болғанымен өмір де, социалистік қоғам да оны сонша еркелете қойған жоқ. Себебі Қасым кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймай, оның ауқымынан асып, өзгеден гөрі өз ұлтының береке бірлігін, қажыр-қайратын, кеңдігі мен елдігін жырлады. Соның салдарынан 1950 жылдарға дейін қазақ зиялыларының басынан кетпей қойған қиқу мен құқайдың талайын Қасым да көрді. Көрмей қайтсін, 1940 жылдардың өзінде:

Ей тәкәппар дүние!

Маған да бір қарашы,

Танисың ба сен мені,

Мен қазақтың баласы! –

деп, қасқайып тұрса... Қасым тәкәппар дүниені өзіне қаратып, айдай әлемге «Мен қазақтың баласы» деп, бар даусымен жар салды. Жері мен жанының кеңдігін, ниеті түзу адамға достық құшағының қашанда ашық екенін қадай айтты. Тіпті ара-арасында:

Енді мені менсінбес,

Европаның қай елі?!-

деп, өзіне риторикалық сұрақ та қояды. Бұл біреуді менсінбеу, немесе басқаларға шекесінен қарау емес, өзінің елдігіне шүбәсіз сүйсіну, шексіз мақтаныш.

Ұлттық тәрбие, ұлттық идея мәселесі дегенде ойымызға венгр халқының ұлы ақыны Шандор Петефи түсіп отыр. Өз халқын өлердей сүйген ақын, махаббаттардың ұлысы өз ұлтыңа деген махаббат екенін жүректен қан сорғалата, тіл мен сөздің бар құдіретін пайдалана отырып, жалпақ әлемге жайып салды. Өмір бойы аңсағаны – венгр халқының азаттығы болатын. Өзі де сол ұлы күресте шәйіт болды.

Атамекен, армекен

Мен сен үшін күйген ұл.

Дүниеде бар ма екен

Сені мендей сүйген ұл [107, 87 б.].

Немесе:

Өз жеріңде өзің ауна, шөбіңді шап, егін сеп,

Іші күйсе тұз жаласын қожайыншыл келімсек.

Келімсектің кеудесіне қадалады өкшеміз

Ат үстінде, ер үстінде отырып ап тебінсек [107, 200 б.].

Өз ұлтын өлердей сүйген әр азаматтың санасы мен сезімінде, көкірегі мен көңілінде осындай бір ұлы ойлар жату керек секілді. Ал туған елді сүю – бәріміздің басты борышымыз. Петефи шығармаларында осындай тегеуірінді рух, жаншылмаған күрескерлік сезім тасқындай көрініп жатады.

Махаббат пен бостандық,

Білмеймін бұдан басқаңды.

Махаббат қонса қолыма,

Өмірім беріп аламын.

Еркіндігім үшін соны да

Құрбандығыма шаламын [107, 10 б.].

«Бостандық», «азаттық», «еркіндік» деген нәрселердің құдіреті мен ғажайып мәнін жете түсінгендіктен ақын осылай деп ағынан жарылып отыр. Оның күллі шығармашылығындағы азаттық идеясы – жеке, қарақан басының емес, тұтас ұлттың, нақтырақ айтқанда венгр халқының еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы ұлы күрестің мағынасын терең түсіндіруден тұрады. Ақын үшін ең қымбат нәрсе – «махаббат пен бостандық». Ол махаббат үшін өмірін беруге даяр. Ал еркіндік үшін сол өмірін беріп алған махаббаттың өзін құрбандыққа шалмақ. Бұл ойлардың өте әдемі айтылғандығына ешқандай талас жоқ. Бірақ біз үшін бұл жаңалық емес. Өйткені біз бала күнімізден бабаларымыздан қалған «... Жаным арымның садағасы» деген даналық сөзді санамызға құйып өскенбіз. Аталарымыз «Не тәтті?» дегенде, «Жан тәтті» дегенімен, оны ардан жоғары қоймаған. «Ар» мәселесінің философиялық мәні өте терең. Петефидің осы ойларды тамаша таратып айтқаны таңдандырмай қоймайды. Оның аңсағаны ұлт еркіндігі екенін жоғарыда айттық. Шандор Петефи шығармаларының мұндай өршілдік сипат алуына  азаттық жолындағы күресте ширығып, шыныққан сананың әсер еткендігіне дау жоқ. Ал Қасым шығармашылығында ұлтжандылық идеясы Петефиге қарағанда басқашарақ өріс алды. Венгр ақынында Махамбетке тән күрескерлік рух басым көрінсе, Қасым шығармаларында жұртын сүйген жүректің үні ерекше күйге бөлейді.  Ол қазақ ұлтын жан-тәнімен сүйе алды. Көзінің қарашығындай сақтап келген қасиетті жерін жырға қосудан жалықпады. Елдің сиқын көріп қүйзелгенімен, зар заман ақындарындай сары уайымның жетегінде кетпеді. Абай ағасындай ащы, уытты сын айтпады. Ол елдікті айтты, туған жердің қасиеті мен киесін айтты. Оны сүюді өсиет қылды. Осындай үлкен мәселелерді айтуда Қасымның сөзі Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұт ағаларының терең ойларымен үндесіп жатты. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін біраз мысалдар келтіре кетейік. Қасым «Атамекен» өлеңінде:

Сүйем сені туған ел Атамекен,

Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.

Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,

Сенен артық не табам, қайда кетем, -

десе, «Сарыарқада»:

Сарыарқа сағындырдың Ата мекен,

Сар дала анам едің құшағың кең.

Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,

Артта – сен, алда – майдан, қайтсем екен?!

«Сарыарқа» ақынның Қиыр Шығыстан Батысқа, майданға аттанып бара жатқанда жазған лирикасы. Бұл уақыт Қасымның кемеліне келіп, ақындық тұғырға қонған кезі. Жол бойында ол «Ертіс», «Сібір», «Орал» секілді тамаша туындылар туғызды. Туған жердің сұлу табиғатын көркем жырына кесте  ғып  төкті. Сарыарқа - ақынның кіндік  қаны  тамған жер.  Жетімдік  қасіретін  тартқан  жалбыр тонды  баланы «сұр бейіттен» аулақтап, үлкен өмірге жетелеген ұлы өлке. Туған жердің  қасиетін  суреттеуден  қиын не бар?! Ақынның жаны аһ ұрып, көбіктей  жеңіл  мұңға батады.  Бірақ бұл сені  тұңғиыққа  батырмайтын   мұң, мұң емес, Қасымға тән сыршыл романтика.

Байкалдың ор түлкісін

Аңшы берді алмадым;

Жарқылдатып шолпысын

Қыз шақырды бармадым, –

деп, аялдауға мұрша жоқ, майданға асыға аттанған ақын «Сарыарқасын» қимай қатты тебіренеді. Қараңызшы:

Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,

Артта – сен, алда –майдан, қайтсем екен.

Туған жерге деген ұлы махаббаттың үлкен жүректегі көрінісі осы емес пе?!

Ақын  «Елге хат»  өлеңінде  шерге толы сезімін сыр ғып төгеді. Өзін  өсірген  Қазақстан  деген  алып  елді  әкесіндей  көріп,  жалын шарпыған  жанына  сол елдің ұлылығын медеу етеді. «Өлі ме, тірі ме екен сол  құлыным»  деген  жолды,  әсіресе,  «құлыным» сөзін оқығанда сәби күнің көз алдыңа елестеп, көкірегіңе бір жылы нұр құйылғандай сезімге бөленесің. «Құлыным» - кекіл шашың желбіреп, құлдыраңдай жүгірген, аяғыңды  асыға,   апыл-тапыл    басқан    бүлдіршін  бейнең...  Бүгінгі  күні  қалада  өскен  қазақтың   құлағына   түрпідей   тиер-ау!  Ал бірақ   ұлтымыздың   ұлы   құндылықтарын   бойына   сіңірген   адамның өзегін   өртейтін,   еркелей   кеткің келетін, құлағыңнан өмірі кетпейтін қоңыр үн емес пе?!

Соғыстан кейін жазылған «Қазақстан» өлеңі туралы да көп нәрсе айтуға болады. Жарты ғасыр бұрын жазылса да бүгінгі күннің бейнесін айна қатесіз берген туынды. Қазақ елінің мәңгілігін паш еткен шығарма. Оның теңдігі мен кеңдігі, қойнауына сыймаған байлығы, асыр салған ұлы мен қызы, шетсіз, шексіз ұланғайыр даласы бәрі-бәрі кестелі сөзбен көркем көрінісін тапқан.

Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,

Тоңы алтын, түгі торқа жер мынау,

Қарағанды қара қазан қайнаған,

Дүние байлық жайнап тұрған айналам,

Елдігіме етер шүбә қандай жау!

Нағыз ақын байлықты, елдікті дәл осылай, тілдің майын тамыза, таңдай қақтыра жырласа керек. Қарап тұрсаң, қазақ жері «көздің жауын алғандай» тұнып тұрған байлық. Олқы соғып, осалдау көрінген бір аймақ жоқ. Айналасының бәрі жайнап тұрған, қуаты тасыған Қазақ елі. Елдігінде, береке бірлігінде шүбә жоқ. Бұл – байтақ елдің байлығы. Ақын әрі қарай сол елге тұтқа болған қазақ жұртының бойындағы бағасыз қасиеттерді санамалап береді. Даласы кең қазақтың пейілі де кең. Рухы биік, таным-түсінігі терең. Сондай елдің азаматы қандай?

Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.

Хас тағдырдың қиқаңына көнбейміз,

Ел тағдырын ешбір жауға бермейміз,

Сертің осы азат жігіт, азат қыз!

Адамы құл емес, еркін азат. Туған халқын қандай жауға да бермейтін, аумалы-төкпелі тағдырға көнбейтін азат жігіт пен азат қыз. Қарап отырсаң осы бір жолдар бүгінгі ұрпақтың айтар әні мен жыры болуға тұрарлық. Біз бүгін Қасым дәуіріндегі кеңестік Қазақстан емес, тәуелсіз, іргелі елміз.

Ел тағдырын ешбір жауға бермейміз,

Сертің осы азат жігіт, азат қыз!

Бұл дегенің бүгінгі өскелең ұрпақтың құлағына құяр өсиет десе болғандай. Азат елдің азат жігіті мен азат қызының ұраны осы болуға тиіс.

Қазақ   туған   елдің қадіріне   ешнәрсені    тең   көрмейтін  халық.  Мұны қысқа қайырып, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Қасымда   осы   мәселені қайталап еске салады. Ол «өзге елдің патшалығынан өз елінің  тезегін  тергенді»  әлдеқайда  артық санайды. Ал біз осындай тереңдікке,  осындай  даналыққа дайынбыз ба?! Петефидің «Өз жеріңде өзің ауна, шөбіңді шап, егін сеп...» дегенін  қаперімізге  де  ілмейміз.  Өйткені  бізде  елсүйгіштікке  тәрбиелейтін   идеология  жоқтың қасы.   Сондықтан   Отансүйгіштік   қасиетті   бүкіл ел   болып,   ұрпақ   бойына  бала  күнінен сіңіруіміз  қажет. «Ата жұрт», «туған жер»,   «Отан»,   «кіндік  қаның тамып, өскен жер», «перзенттік парыз» дегендей   киелі сөздердің қадірін өскелең ұрпақтың құлағына құя беру әрқайсымыздың басты борыштарымыздан саналуға тиіс. Қасым шығармашылығындағы патриотизм    мен    ұлтжандылық    идеясын    жарқырата    көрсету   аз,   оны   жеткіншектеріміздің   бойына  сіңіруіміз  керек.  Сонда ғана «Отан үшін отқа түсетін», тіпті қажет болғанда Сұлтан Баймағамбетовтей пулеметтің ұңғысына кеудесін тосатын, Нүркен Әбдіровтей саналы түрде жалын мен оттың ортасына түсетін өз елінің жалынды   патриоттарын   тәрбиелей   аламыз.  Бүгінгі  күні  мектеп оқушылары  арасында   Қасым   Аманжоловтың кім екенін білмейтіндер жетіп   артылады.   Ол  ол  ма,  жалпы  көркем әдебиетке деген құштарлықтың күн санап төмендеп бара жатқанын кімнен жасырамыз. Бұл енді ащы болса да шындық, жаныңды ауыртатын жай. Патриоттықтың үлкен үлгісін қалап кеткен Мағжан, Қасым секілді ірі ақындар тек әдебиетшілер, көзіқарақты оқырманның ғана емес, қалың елдің сүйікті ұлдары, ардақ тұтар ақындары болуға тиіс.

Қара жерде қылтаңы жоқ бір елміз,

Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.

Әніміз бар алтын жалау секілді,

Көтерілсе тік көтерер жұртымды,

Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз!

Сол уақыттарда, Сталиндік цензураның қаны тамып тұрған кезінде ақынның дәл осылай айта алғанына таң қаласың. Таң қалмасқа шараң да жоқ. Ақын «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» өз елінің керемет қасиеттерін кестелі сөзбен өрнектеп отыр.  Шынында да біз өмірге мәңгілікке келгенбіз. Біз кеше «Ақтабан шұбырындыға» да, ашаршылыққа да, зұлмат-зобалаңға да төтеп бергенбіз. Сондай қысталаң күндердің өзінде еңсемізді түсірмей, рухымызды өз биігінде сақтап қалған елміз. Әрі-беріден соң бұл өлеңдер біздің бүгінгі өміріміздің сырын тереңірек ашатын секілді.

Қайран менің туып өскен өз елім.

Өмірімдей өршіп аққан өзенім.

Артым жақсы,

Алдым қандай тамаша.

«Бөтен елдің падишасы болғанша,

Өз елімнің терсем артық тезегін».

Елінің ұл қызына патриоттық тәрбие берем деген мемлекет дәл осындай идеология ұстануы қажет. Өз елін «жүрегін жұлып берердей сүю» өзгені жек көру деген сөз емес. Әйтпесе, «өзгенің патшалығынан өз елінің тезегін тергенді артық санаған» Қасымды ұлттық шеңбермен шектелген ақын деп кім айта алар?! Поэзиясына көз салсаң, ол испанканы да сүйеді, азербайжан қызымен де жүрегі бір, қытай қызына да жыр жазған. Низамиді ақындардың сұлтанына балайды. Пушкин, Маяковский, Горький, Руставели Шотаға жыр арнаса, Лермонтовты, Шевченконы, Байронды, Твардовсийді, Миршакарды қазақ тілінде сөйлетті. Демек, жеріңді сүю, еліңнің патриоты болу өзгеден томаға тұйық, бөлектену деген сөз емес. Олай болса, жас буынға тәбие беруде осындай ұлттық рух қуаты тасқындаған шығармаларды пайдалану арқылы олардың бойына патриоттық сезімнің дәнін себуге болады деп есептейміз.

Мұхтаров А. Х.

«Өркен» БӘАҰҒПИ,

ғылыми-зерттеу бөлімінің

жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғ. к.

Abai.kz

 

0 пікір