Алатау сити - кімнің идеясы?!
Алматы мен Қонаев арасындағы жаңа қала құрылысы туралы талқылау елдегі тұрақты және дағдарысты кезеңдердің айнасы іспетті. 2006 жылы жобаны қоғам назарына Caspian Group компаниясының басшысы, олигарх Юрий Цхай ұсынды. 2008 жылы бастама тоқтап қалды. Бір жылдан кейін қайта көтеріліп, кейін тағы кейінге шегерілді. 2012 жылдан соң екі жыл өткенде жоба тиімсіз әрі экологияға зиян деп танылды, алайда 2018 жылы қайта іске асыру мүмкіндігі қарастырылды. Бірнеше жыл талқыланып, 2021 жылы Surbana Jurong Group атты сингапурлық инвестор табылғанымен, құрылыс бастала қоймады. Ақыры 2023 жылы жобаға «Алатау» атауы беріліп, 2024 жылдың қаңтарында картада ресми түрде пайда болды.
Бірнеше айдан кейін үкімет бұл жобаға жауапты тұлға ретінде вице-премьер Қанат Бозымбаевты бекітті. Оның айтуынша, Алатауды салу тәжірибесін кейін Қазақстанның басқа өңірлеріне де қолдануға болады.
– Алдымен, Алатауды салып алу керек. 2-3 жылдан кейін нақты нәтижелер болады. Оң да, теріс те тұстары болуы мүмкін, соның бәрін реттеу қажет. Сол тәжірибеге сүйеніп, басқа өңірлерді де реформалай аламыз, – деді ол.
Қаланың кемшін тұстары қазірдің өзінде байқалады. Ұзақ жылдар бойы айтылып келе жатқанымен, инвесторлар саны көп емес. Қазір Mars Petcare Kazakhstan мен PepsiCo өз зауыттарын салуды бастаған. Сонымен қатар картон қағазы, фибробетон, аккумулятор шығаратын кәсіпорындар салу жоспарланған. Алайда олардың басым бөлігі нақты жоба емес, әлі келісім деңгейінде ғана.
Негізгі мәселе – жер тапшылығы. Жалпы аумақтың 40 пайызы жекеменшікке тиесілі, тағы бір бөлігі ұзақ мерзімге жалға берілген, ал бірқатар жер әскери және басқа да құрылымдардың иелігінде.
– Алатау аумағы шамамен 88 мың гектар. Соның 37 мың гектары жеке меншікте, 27-28 мың гектары ауыл шаруашылығы үшін жалға берілген, шамамен 10 мың гектар тұрақты пайдалануда, ал 14 мың гектары қолайсыз жерлер, – деді Бозымбаев.
Үкімет бұл жерлерді қайтару бойынша келіссөз жүргізіп, басқа өңірден жер беру, нарық бағасымен сатып алу немесе сот арқылы қайтару нұсқалары қарастырылуда. Сонымен қатар екі жылдан кейін жер салығы 10 есеге, үшінші жылы 15 есеге өсетіні айтылды. Дегенмен кемінде алдағы екі жылда жаңа инвесторлар үшін жер алу қиын болатыны анық.
Соған қарамастан, кейбір ірі кәсіпкерлер жер алып үлгерген. Мәселен, кәсіпкер Марат Сәрсенов логистикалық орталық салып жатыр. Жобаның инициаторы Юрий Цхай тұрғын үй кешендерін тұрғызып, бизнес орталық салуда. Ал Вячеслав Ким Jusan Bank атауын Alatau City Bank деп өзгертті.
Бозымбаевтың айтуынша, Цхайға тиесілі жер көлемі аса үлкен емес, шамамен 2,8-3 мың гектар.
Жобада негізгі қаржыны мемлекет емес, жеке инвесторлар салуы тиіс деп айтылып келеді. Алайда бүгінгі Алатау – бұл әлі де бірнеше ауылдың жиынтығы. Тұрғындардың басым бөлігі күн сайын Алматыға жұмыс іздеп шапқылайды.
Көптеген елді мекенде орталық су мен кәріз жүйесі жоқ, әлеуметтік нысаны мен жолдары да көңіл көншітпейді. Тіпті Жетігендегі әкімдік жанында әжетхана тұр.
– Қала бір-екі жылда салынбайтыны белгілі. Қазір әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамытуға күш салып жатырмыз, – деді қала әкімі Аркен Өтенов.
Қаланың бюджеті жылына шамамен 12 млрд теңге. Салыстыру үшін, 2000 орындық мектептің өзі 10,3 млрд теңге тұрады, ал 1 км жол – 500 млн теңге. Мұндай қарқынмен толыққанды инфрақұрылым қалыптастыру ұзақ уақытты қажет етеді.
Бозымбаевтың айтуынша, әлемдегі осындай жобалардың 60 пайызы сәтсіз аяқталған. Мысалы, Оңтүстік Кореядағы Сонгдо қаласы жоспарланғандай толық дамымаған. БАӘ-дегі Масдар мен Малайзиядағы Forest City де толыққанды іске аспай қалған жобалар қатарында.
Мұндай жобалардың негізгі мәселесі – ұзаққа созылған құрылыс пен экономикалық жағдайдың өзгеруі. Сонымен қатар қалада тұрақты жұмыс орындары болмаса, онда жобаның құны көк тиын.
Алатауда жоспарланған кәсіпорындар тек бірнеше ондаған мың адамды жұмыспен қамти алады, ал 2050 жылға қарай халық саны 2 миллионға жетеді деп күтілуде.
Жоба тәуекелге толы болғанымен, оны президенттің өзі қолдап отыр. Егер билік тек оптимистік сценарийді ғана емес, сәтсіздік жағдайындағы нақты әрекет жоспарын да ұсынса, онда құрылысты бастауға болады.
Дереккөз: Ulysmedia.kz
Abai.kz