Сейсенбі, 31 Наурыз 2026
Жаңалықтар 143 0 пікір 31 Наурыз, 2026 сағат 15:41

Елімізде қан донорлығын дамыту жоспары пысықталуда

Сурет: Информ сайтынан алынды

 

Денсаулық сақтау министрлігі 2028 жылға дейін қан донорлығын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, жоспар медициналық қызметтер тізбесін кеңейтуді, оның ішінде гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялауды ескере отырып, мемлекеттік саясатты жетілдіруді көздейді.

– Қан компоненттерін сапалы әрі қауіпсіз қолдануды қамтамасыз ету үшін донорлық қанға екі кезеңді скрининг енгізілді. Сонымен қатар оның компоненттерін өңдеудің заманауи әдістері қолданылады, оған қоса инфекциялық және иммунологиялық қауіпсіздікке бақылау күшейтілді, – делінген құжатта.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы елімізде бүгінгі күні қауіпсіздік пен сапаның заманауи талаптарына сәйкес келетін қан қызметінің орталықтандырылған және стандартталған моделі қалыптасқанын атап өтті.

– Қазіргі уақытта республика бойынша қан қызметінің 19 ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 2 республикалық, 15 облыстық және 2 қалалық ұйым бар, – деп толықтырды Олжас Бектенов.

Abai.kz

0 пікір