Сәрсенбі, 1 Сәуір 2026
Алашорда 147 0 пікір 1 Сәуір, 2026 сағат 13:28

Ғалымның ілімі жалғасуы тиіс...

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Шәрапи Әлжанов – ұлт тарихында қалған тұңғыштардың бірі. Ғылымның педагогика саласын тұңғыш кәсіби негіздеген оның еңбегі қазақ тарихында еш талас туғызбайды. Өйткені қазақ ғылымының қайнар бастауы болған өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Шәрапи Есмұхаммедұлы осы саланың қалыптасуына өлшеусіз зор еңбек сіңірді. Небары отыз жеті жыл ғұмыр кешкен оның педагогика ғылымына қосқан үлесі мән-мағынасы жағынан әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Қазір айтылып жүрген мәселелерді ол бұдан бір ғасыр бұрын айтып, проблема ретінде көтергенін архив сөресіндегі шаң басқан тарихи құжаттар айғақтайды.

Ол – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихында педагогика кафедрасының тұңғыш меңгерушісі және педагогика факультетінің тұңғыш деканы. Бұл деректің архив қорынан әлі шықпай жатқанын ескерсек, Әлжановтану ғылымының жан-жақты зерттелмей жатқанын жасыра алмаймыз.

Шәрапи Есмұхаммеұлы Әлжанов (кейде Шарафи Әлжанов деп те айтылады) — XX ғасыр басындағы  қоғам қайраткері, ғалым‑педагог, сондай‑ақ саяси қуғын‑сүргін құрбандарының бірі. Шәрәпи Есмұхаммедұлы Әлжановтың туғанына биылғы 2026 жылдың 19 ақпаны күні 125 жыл толды.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

«Үлкен террор» жылдары 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясының үкімімен ату жазасына кесілді.  Алматы қаласында «ату жазасына» кесілген құрбандарды 40 шақырым жердегі қазіргі Жаңалық ауылының аумағына жасырын көмген. Бұл тек 1989 жылы жер телімдері бөлініп үй құрылыстары басталған уақытта ғана анықталды.

Шәрапи 1901 жылы ақпанның 19 жұлдызында Көкшетау уезінің Аксарин болысында (Бекшебай қыстауында Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы) дүниеге келген. 1915–1918 жж. Щучинск бастауыш училищесін (қазіргі Щучинск педагогикалық колледжі) бітірді. 1914–1917 жж. Омбы қаласындағы қазақ жастары ұйымы «Бірліктің» төрағасы болды. 1916 ж. «Бірлік» ұйымының төрағасы ретінде «Балапан» журналын шығарды. 1917 жылдан «Алаш» партиясын   қолдады. 1920–1921 жж. Бийск қаласындағы қырғыз (қазақ) атты полкінің саяси жетекшісі, 1919 жылы Алаш милициясы мүшелерінен құралған атты полкті басқарды. 1921–1922 жж. Орал қаласында 121-дивизияның кавалерисі, саяси комиссары, 1922–1923 жж. Ақмола қаласының уәкілетті комиссары, 1925 жылы Мәскеуде 9 айлық жоғары тәрбиешілер курсын аяқтады. 1925–1927 жж. Орынбор қаласындағы әскери мектептің оқытушысы. 1927–1929 жж. Қызылорда қаласындағы өлкелік кеңестік партия мектебінің оқытушысы. 1929–1930 жж. Қызылордадағы Қазақ халық ағарту институтының директоры қызметтерін атқарған.

Әлжанов Шәрапи басшылық еткен кезеңде С. Сейфуллин, С. Мендешев, Т. Жүргенов, Қ. Жұбанов сияқты қайраткерлермен қоян-қолтық жұмыс істеді. 1930–1932 жж. Мәскеудегі педагогикалық ғылымның ірі орталықтарының бірі – Н.К. Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясын бітірді. Академияны аяқтаған соң – жоғары оқу орнының оқытушысы, доцент ғылыми дәрежесі берілді (қазіргі А.И. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университеті). «От колониально-царистской школы к советской политехнической школе Казахстана» атты ғылыми еңбегін қорғады. 1930–1932 жж. Ұлттар ағарту институты жанындағы ғылыми-зерттеу тобының мүшесі болды.

Шәрәпи Есмұқамбетұлының бүгінгідей ғылым жолында бет түзеуі 1925 жылдан басталды деуге негіз бар. Өйткені сол жылы ол Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласындағы әскери мектепке сабақ беруге шақырылады. Соғыс өнерін, жауынгерлермен жүргізілер тәрбие жұмысын жетік игерген, қазақ және орыс тілін тең меңгерген Шәрәпи ұстаздық қызметінде де тыңдаушылар құрметіне бөленеді.

Мәскеудегі Жоғары Әскери педагогикалық курсын тәмамдаған ол 1932 жылы Ұлттар ағарту институтының аспирантурасын аяқтайды. Осы жылдан бастап Қазақстанның алғашқы жоғары білім ордасы Абай атындағы педагогтік институтының алғашында доценті, кейіннен профессоры болып қызмет атқарды.

Кезінде осы институттың доценті И.Мәдин «Қазақстандағы педагогика жөніндегі ең алғашқы еңбек – «Маркс – Ленин педагогика хрестоматиясы» (екі томдық) педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі профессор Ш.Е.Әлжановтың тікелей қатысуымен және оның редакциясымен жазылды» деп атап көрсеткені, кейіннен көптеген ғалымдарымыз өз еңбектерінде қазақтың педагогика ғылымы негізін қалаған аса білімді ғалым ретінде Шәрәпи Әлжанов есімін зор құрметпен еске алады. Оның жан дүниесі таза, аса кішіпейіл, білімді азамат болғандығын қызметтестері де, шәкірттері де аса бір ыстық ілтипатпен атайды.

«Әскери сұр шинелі мен сұр гимнастерка киген қою қара шашты Шәрәпидің инабатты жүзінде әрдайым шуақты нұр ойнап тұратын», – десе бір шәкірті, «ҚазПИ-дің от жағылмайтын азынаған аудиториясында қолымыз қалам ұстауға келмесе де профессор Ш.Әлжановтың 90 минуттық лекциясын тапжылмай таңдап, дәптерге түсіріп алушы едік», – дейді екінші бір студент.

Профессор Әлжановтың педагогика, психология ғылымдары саласында жазған әдістемелік оқу құралдары, Мәскеу, Алматы қалаларында шығып тұрған ғылыми журналдардағы зерттеу мақалалары оның сұңғылалы ғалым екендігін шүбәсіз аңдатады.

Кезінде бұл еңбектер уақыт талабына сәйкес маркстік-лениндік ілімдермен орайлас жазылды десек те негізінен бағыты айқын, берері мол, өз құндылықтарын күні бүгін жоймаған деп бағаланса керек.

Қазақстанда педагогика, психология ғылымдары тәй-тәйлі сәби шағында қадам басқанын ескерсек, бұл ғылымдардың іргесі бекіп, ілгерілей түсуінің бастауында көрнекті ғалым Шәрәпи Әлжановтың тұрғандығы ақиқат!

Оның әр жылдарда жарық көрген «Әйел делегаттарының жиналыстарын өткізу жөніндегі методикалық жинақ» (1928 ж.), «Партия оқуының жүйесі мен оқыту әдісі» (1928 ж.), «Ауылдағы әскерлік үгіт-насихат жұмысы» (1929 ж.) оқулықтары жарық көрді. Ал Мәскеу журналдарында «Аз ұлттардың жоғары оқу орындарында сабақ беру әдістері», «Ұлт мәдениеті жөніндегі екі майданда да күресуіміз керек», «Маркстік-лениндік теория таза және дұрыс баяндалсын», т.б. ғылыми мақалалары жарияланады.

Ш.Әлжанов әлемдік ғалым педагогтар еңбектерін ғылыми талдап, түсіндіру бағытында да зор ізденістерге бара алған. Оған Каменский, Абай көзқарастарын, тәлім-тәрбие, білім берудегі ой-пікірлеріне қатысты зерттеу еңбектері дәлел. Әсіресе оның «Әдебиет майданы» жорналының 1934 жылғы 4 санында жарияланған «Абайдың педагогика туралы көзқарасы» деген көлемді мақаласының актуальдығы күні бүгін жоғалған жоқ.

Кезінде Ш. Әлжановтың ҚазПИ-дегі сенімді шәкірттерінің бірі болған, Ұлы Отан соғысының ардагері, паритзан отрядының даңқы басшысы, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, жазушы, Әди Шәріповтың өзінің ұстазы туралы жазған естелігінен үзіндіні оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн көрдім: «Әрбір ұлы ойшылды шын мәнінен танып білу, дұрыс түсініп қабылдау – белгілі бір мерзім-мезгілдің ғана емес, байтақ уақыттың, бәлки, тіпті ғасырлардың үрдісі. Өйткені ең әділ сарапшы да, әділ төреші де – һәманда уақыт. Соңғы сөзін айтуға асықпайтын, қатал да әділ қазы – уақыт кезі келгенде әркімді, әрнәрсені тиісті өз орнына қояры даусыз.

Мына бір қызық фактіге назар аударсақ. Шәрапи Әлжановтың  «Жеке іс қағазы» ҚазПУ-дің Педагогика және психология ғимаратының жертөлесінен табылды. Аяқ астында шаң басып, жоғалуға айналған құжатты мұрағат меңгерушісі Головнева Тамара Викторовна сақтап қалыпты.

Алматы қаласындағы сол кездегі жалғыз қазақ мектебі №12 мектеп-гимназия мұғалімдері арасында үлкен қоғамдық-тәрбиелік жұмыс жүргізді. 1933–1937 жж. Құдайберген Жұбановпен бірге Мемлекеттік терминология комиссиясының төрағасы, «Гостерминком бюллетені» журналының редакторы болды.

Саяси репрессия кезінде көптеген қазақ зиялыларының отбасылары да зардап шекті — олардың әйелдері мен жақындары «халық жауының жұбайы» ретінде ұсталып, «АЛЖИР» және басқа лагерьлерге жіберілді. Шәрапи Әлжановтың жұбайы Гүлбарам Әлжанова да «АЛЖИР»-дің қасіретін екі жыл тартқан екен. Тар қапастан құтқарып, ақтап алған Гүлбарамның ағасы Сұлтанбектің қызы сол кезде судья болған Раися Бекқызы Құрманғалиева болатын. Сұлтанбек Құрманғалиев пен Шәрапи Әлжанов Мәскеуде бірге оқыған.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Шәрапи Сұлтанбектің қарындасы Гүлбараммен 1925 жылы отбасын құрады. Олардан Эмиль және Ирик атты екі ұл туады. Осы екі ұлды Гүлбарам «АЛЖИР»-де болған уақытында Раися Бекққызы жеңгесі Мәриям Жагорқызының қолына тапсырады.

Әлжановтың туғанына 125 жыл толыуына орай осы жылдың 18 ақпаны күні Жаңалықтағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған музейдің жанынан құлпытас ескерткіш орнатылды.  Оның ашылуына ҚазҰПУ өкілдері, архив саласының мамандары, әр өңірден келген ғалымдар мен зерттеушілер және ұрпақтары қатысты. Ғалымның рухына құран бағышталды.

Одан кейін Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогика университетінде «Тұңғыш профессор Шәрапи Әлжанов және ҚазПИ» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақ педагогика ғылымы көрнекті өкілінің туғанына 125 жыл толуына орай Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ базасында өткен «Профессор Шәрапи Әлжанов және ҚазҰПУ» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңызын жоғары бағалауға болады. Себебі жазықсыз жалалы болған боздақтардың есімін елдің есінде қалдырып, ұрпаққа ұлықтау үшін «Шәрапидің ізімен» жобасының авторы Мұрат қажы Ыбырысұлы бастаған топ ауқымды қызмет атқарып жүр.

Ал, университет базасында өткен конференцияға қатысушылар оның мұрасын зерттеушілер, ғалымдар мен ізденушілер жасаған баяндамаларды тыңдады. Қазақ педагогика ғылымының көрнекті өкілі, бүгінгі Абай университетінің қалыптасу тарихында елеулі орны бар тұлға, саяси қуғын-сүргін құрбаны, профессор Шәрапи Әлжановтың ағартушылық мұрасы мен ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуындағы ролі жан-жақты талқылап, терең зерттеуге лайық.

Жиынды ашқан университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау конференцияның ұлттық ғылымның дамуы мен жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне жаңа серпін беретін маңызды қадам екенін атап көрсетті. Ұлттық педагогика саласының көрнекті өкілінің ғылыми-педагогикалық мұрасы, қазақ білім беру жүйесінің қалыптасуындағы орны мен ұлттық мектептің дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында ҚазҰПУ тарапынан жүзеге асуы тиіс жоба-ұсыныстар да айтылды.

Ақмола облысы Біржан сал ауданының Құрметті азаматы, «Шәрапидің ізімен» жобасының авторы Мұрат Ыдырысұлы ғалымның туған жеріне байланысты деректер мен оның есімін есте қалдыруға байланысты туған жерінде атқарылған істерге тоқталды.

Педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Кәмешқызы, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева мен республика Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева архивтегі Ш.Әлжановке қатысты қорларды жан-жақты зерттеп, насихаттау, ұлттық мұраны сақтау мен зерттеудің маңызы жөнінде сөйледі.

Ал, PhD докторант Ертай Біләл қайраткер Әлжанов пен оның ағартушылық қызметі жөнінде мазмұнды сараласа, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов Алаш перзентінің өмірі мен қызметіне қатысты тың деректерге тоқталды. Өзге де баяндамашылар ғалымның ғылыми мұрасын жан-жақты саралап, оның ұлттық педагогика ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін, ағартушылық бағыттағы табанды қызметін және қоғамдағы азаматтық ұстанымын кеңінен сөз етті.

Әрине, Әлжановтану тақырыбы әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Тек оның өзі емес, онымен бірге жұмыс істеп, ұлттық ғылымды өрістетуге бірге жұмылған қайраткерлердің еңбектері де ұлықталуы керек. Осы бағытта «Әділет» тарихи ағарту қоғамының зерттеуші ғалымдары қажырлы еңбек етіп келеді. Қазақстанда ХХ ғасырда орын алған саяси қуғын-сүргіндер мен ашаршылықтар ақиқатын ашуды, тоталитарлық режим құрбандарын мәңгі есте қалдыруды,  тоталитарлық билік жасаған әділетсіздіктерді әшкерелеп, жазықсыз жазаланғандарды толық мәнінде реабилитациялауға жәрдемдесуді, тапталған адам құқтарын қалпына келтіру істеріне атсалысуды және сол кезеңдер жайындағы тарихи білімді кеңінен насихаттауды совет дәуірінде-ақ мақсат еткен тұңғыш республикалық қоғамдық ұйым. Осылай өткен заман шындықтарын қалпына келтіру арқылы, елдігіміздің мәңгілікке ұласуын қамтамасыз ететін ұрпақ санасын жаңартуға  атсалысуын жалғастыра бермек.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Ардақ Беркімбай,

«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің ғылыми қызметкері.

Abai.kz

0 пікір