Түзеу колониялардағы өлім 5%-ға төмендеді
2025 жылы Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандар арасындағы өлім-жітім 5%-ға төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлап, көрсеткіштің жақсаруын медициналық көмекке қолжетімділіктің артуымен байланыстырды.
Ведомствоның мәліметінше, профилактикалық тексерулер мен скринингтермен қамту деңгейі артқан. Соның нәтижесінде ауруларды анықтау көрсеткіші 28%-ға өсті. Әсіресе қан айналымы жүйесі аурулары мен қант диабетін қоса алғанда, созылмалы жұқпалы емес дерттерді анықтау айтарлықтай көбейген.
Қылмыстық-атқару жүйесінің 17 мекемесінде телемедицина жабдықтары енгізілді. Бұл қашықтан жүргізілетін консультациялар санын 5 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар стационарлық медициналық көмектің қолжетімділігі де кеңейді – тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі стационарларға жатқызу саны көбейген.
Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берілгеннен кейін инфрақұрылымды жаңғырту басталды.
Қазіргі таңда қылмыстық-атқару жүйесінің 78 мекемесінде медициналық қызмет көрсету жағдайы жақсарған. Оның ішінде 62 дәрігерлік амбулатория мен 16 медициналық пункт бар.
Ал 55 нысанда, яғни жалпы санның 70%-ында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Abai.kz