Бейбіт Исабаев елдің он дүркін чемпионы «Жетісу» волейбол командасының ойыншыларын қабылдады
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Жетісу» клубының спортшылары мен жаттықтырушылар құрамын қабылдап, оларды Қазақстан Республикасының әйелдер командалары арасындағы Ұлттық лиганың XXXIV чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Астанада Ұлттық лиганың кезекті маусымы аяқталып, онда жетісулық әйелдер командасы елдегі ең мықты клубтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстанның он дүркін чемпионы атанған болатын.
Өңір басшысы бұл жеңістің баршамыз үшін ортақ мақтаныш әрі кәсібиліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
– Тәуелсіз Қазақстанның тарихында сіздер он дүркін чемпион атанып, рекорд орнатқан алғашқы командасыздар. Бұл – үлкен жетістік. Ортақ жеңіске қосқан үлестеріңіз үшін әрбір ойыншыға және жаттықтырушылар құрамына алғысымды білдіремін. Жеңіске жетелейтін командалық рух пен бірлік, жігер мен тәжірибе, мақсат пен сенім сияқты қарым-қабілеттің бәрі сіздердің бойларыңыздан табылады. Біз спортқа қолдау көрсетуді бұдан былай да жалғастырамыз. Сіздерге жаңа жеңістер мен биік белестер тілеймін! – деген Бейбіт Исабаев алда өтетін Азия чемпиондар лигасындағы ойындарға сәттілік тіледі. Сол сияқты «Жетісу» волейбол командасының 25 жылдық мерейтойына орай клуб базасында оның тарихын паш ететін музей құру туралы ұсынысын жеткізді.
Өз кезегінде команданың бас бапкері Марко Гршич клубқа көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысын білдірді.
– Қазіргі спортта нәтиже кездейсоқ болмайды – бұл жүйелі әрі тұрақты еңбектің жемісі. Бұл титул – тек команданың жеңісі ғана емес, ортақ еңбектің нәтижесі. Клубтың әрбір мүшесі жауапкершілік сезініп, өз үлесін қосты, сондықтан бұл жетістік біз үшін ерекше құнды. Әсіресе, ойыншыларымыз маусым бойы мінез танытып, жоғары деңгейде ойын көрсетті, – деген М. Гршич бұдан былай да клубты дамыту және облыс пен Қазақстанды жоғары деңгейде лайықты таныту үшін бар күш-жігерін жұмсайтындарына сендірді.
Команда ойыншысы Мария Фролова өздерінің сапалы жаттығуына барлық жағдай жасалғанын атап өтіп:
– Бізге жаттығуға, тынбай еңбектеніп, жеңіске жетуге барлық жағдай жасалғанын тәжірибелі ойыншы ретінде сеніммен айта аламын. Біз биіктен көрінуге бар күшімізді салып келеміз. Қолдау көрсеткені үшін облыс басшылығына, жеңіске жетуге жол нұсқағаны үшін бапкерлерге, жаттығу мен ойын барысында барын салған әріптестеріме зор алғысымды білдіремін, – деді.
Айта кетейік, маусым қорытындысы бойынша «Жетісу» әйелдер волейбол командасы негізгі турнирлерде жеңіске жетіп, өзін дара көшбасшы ретінде танытты. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасының чемпионатында, ел Суперкубогында топ жарды. Бұл ретте Мария Фролова «Ең құнды ойыншы» (MVP), Дарья Шаргородская «Үздік байланыстырушы», Валерия Якутина «Үздік тосқауылшы», ал Мяо Йивэн «Үздік шабуылшы» атанды.
Енді сәуір айының соңында команданы жаңа сынақ күтіп тұр, яғни жетісулық волейболшылар Тайландта өтетін Азия чемпиондар лигасына қатысады. Өңір басшылығы спортшылардың облыс пен ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғайтынына сенім білдірді.
Abai.kz