Сейсенбі, 21 Сәуір 2026
Әдебиет 154 0 пікір 21 Сәуір, 2026 сағат 15:25

Эвелина

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Ақшам жамырай терезенің алдында көше тіршілігін тамашалап отыр. Басын терезе пердесіне сүйеп еді, танауына шаң басқан кретон иісі келді. Неге екені белгісіз, әбден діңкесі қатқан.

Көшеде қайшыласқан кісі қарасы саябырлапты. Ең шеткі үй иесі де қоналқаға қарай аяңдады. Бетон үстінде тақылдаған, қызыл кірпіштен жаңадан салынған үйлердің алдындағы шлакты шықырлатып басқан аяқ дыбысын сезді. Бұрын бұл жер бос алаңқай еді, әр күні кешке осында балалармен бірге ойнайтын. Кейін Белфасттан келген біреу сатып алып, үй салып тастады. Өзі бұздырған ұсақ үйшіктер сияқты емес, шатыры жарқыраған кілең зәулім кірпіш үйлер. Көше бойында тұратын балалар: Девиндер, Ватерлер, Дундар, кішкентай мүгедек Георг, өзі және бауырлары – бәрі-бәрі осында асыр салатын.

Алайда Эрнест бұларға ешқашан қосылған емес, себебі ол есейіп кеткен еді. Әкесі үнемі жетіп келіп, қолындағы шыбығын шошаңдатып, қуа жөнелетін. Көбінесе кіші Георг қарауылға тұрып, әкесі көрінсе бұларға хабар беретін. Дегенмен сол күндер шын бақытты шақтары екен. Ол кезде әкесі соншалық қатыгез емес-ті, әрі анасы да тірі-етін. Енді сол сәттер елес болып артта қалыпты. Сіңілі, бауырлары түгел бойжетіп, ержетіп, анасы дүниеден озды. Тиззе Дун да бақилық болды. Валтерлер де Англияға қайтты. Бәрі өзгерді. Енді, міне, өзі де өзгелер секілді бұл жерден жырақтап, туған үйін тастап кетпек.

Үй! Бөлме ішін барлады, қаншама жыл аптасына бір рет шаң-тозаңын қағып-сүртетін осынау таныс заттарға, көк ала шаң қайдан келетініне таңдана көз жүгіртті. Осылай бәрін тастап кететіні үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Мына таныс, естелікке толы заттарды енді ешқашан көрмейтін шығар. Тіпті, қасиетті Маргарита Мария Алакокқа берілген өсиетнаманың транскрипциясын көрсететін литографияның жанындағы сынған кішкентай шыны қораптың үстіне ілінген сарғайған суреттегі діни қызметкердің атын да күні бүгінге дейін көңіл қойып есіне сақтамапты. Ол әкесінің мектептес досы еді. Әкесі қашан да үйге келген қонаққа суретті көрсетіп, сүлесоқ қана:

– Ол қазір Мельбурнда, – дейтін.

Ол жырақтайтынына да, үйін тастап кететініне де көндіккен. Қарары дұрыс па? Мұны екі тараптан да таразылауға тырысты. Үйінде жоқ дегенде баспанасы, ішіп-жемі бар; төңірегінде өмір бойы танып-білген жұрт бар. Иә, үйде де, жұмыста да көп еңбектенуі қажет болатын. Біреуге еріп қашып кеткенін білген сәтте дүкендегілер не демек? Ақымақ дер, бәлкім; орнына басқа біреуді аламыз деп хабарландыру беріп, сұрау салар. Мисс Гаван жаулығын аспанға атып қуанар.

– Мисс Хилл, ханымдардың күтіп қалғанын көріп тұрған жоқсыз ба?

– Жылдамырақ қимылдасаңызшы, Мисс Хилл, қане.

Дүкеннен кеткеніне аса бір қайғырмас.

Жаңа үйінде, белгісіз алыс жерде тап бұлай бола қоймас. Ол кезде Эвелина тұрмыс құрады. Сонда жұрт оны құрмет тұтар еді. Анасы көрген зәбірді бұған ешкім көрсетпес. Он тоғыздан асса да, әлі де әкесінің қарадүрсін-қатыгездігінен жасқанып, қорқады. Бала кезінде, есейгенде де әкесі мұны қыз баласы болғаны үшін Хәрри мен Эрнестті ұрғандай ұрып-соғып көрмеді. Бірақ кейінгі кездері әкіреңдейтінді шығарды, қайтыс болған анасының беті үшін демесе, бұған не істеп, не қоятынын айтып, әбден қоқаңдап бақты. Оның үстіне, қазір қорғайтын ешкімі де жоқ. Эрнест қаза тапқан, шіркеу безендірушісі болып күн көре бастаған Хәрри де көптен бері ел сыртында, жырақта жүрген-тұғын. Әсіресе, сенбінің кешінде ошақ басында қоздайтын ақша туралы жанжал әбден мезі қылып біткен. Бұл қашан да бар тапқан-таянғанын әкесіне беретін. Хәрри де беруге тиістінің бәрін оның алақанына салады, алайда әкесінен ақша алу бір үлкен қиямет еді. Әкесі оған «сен ақшаны ысырап еттің, ақылсызсың, маңдай термен зорға тапқан тиынды далаға шаштың» деп қай-қайдағыны айтатын, осылай әр сенбі көңілбұзар бір азаппен өтетін. Әкесі соңында ақшаны беріп, жексенбінің ас-ауқатын дайындауың керек деп тапсырады. Содан азық-түлік алу үшін дереу дүкенге бет алады; қара түсті әмиянын алақанына тастай қысып алып, қарақұрым жұрт ішінен зорға өтіп, қас қарая бір дорба жүгін арқалап қайта оралады. Үйдің ас-суымен қатар, бар қажеті өз қарауында, қалған екі баланың уақытылы тамақтанып, сабағына барып-келуін қамтамасыз ету үшін көп еңбектенуі керек болатын. Тірлігі, өмірі қиын-тұғын, бірақ дәл қазір, бәрінен қол үзіп кетер шақта, соншалықты бір жек көрерліктей азапты өмір сияқты көріне қоймады.
Франкпен бірге мүлдем басқаша бір өмір өлкесіне қадам баспақ. Франк – кең, ашық, мәрт азамат. Түнге қарай екеуі кемеге мініп, үйленіп, өздері қалаған үйде өмір сүруі үшін Буэнос-Айреске кетпек. Оны алғаш көрген сәті ап-анық көз алдында. Үлкен даңғылда, ара-тұра өзі кездесуге баратын шағын қоналқада тұратын. Бейне бір-екі апта бұрын ғана болған сияқты. Оны қақпа алдында тұрған жерінен көрді, бас киімін бір жақ шекесіне қарай бастыра киіпті, ұзын шашы маңдайын көмкере жүзін жауып тұр. Сосын танысты. Әр күні кешкісін мұны дүкеннің алдында күтіп алып, үйге дейін шығарып салады. Бірде «Сергелдең қыз» спектакліне ертіп апарды, қойылымның түсініксіз жеріне келіп, онымен тізе қағыстырып қатар отырған сәтте өзі құдды бір аспанда қалықтап жүргендей күй кешті. Жігіт музыканы жақсы көретін, ән салатыны да бар. Екеуі бір-біріне ықыласты көрінді; теңізшіге ғашық қыздың әнін айтқан сәтте қызара бөртіп, не істерін білмей қипақтап қалады. Бұл оған әзілдеп «қуыршақсың» дейді. Бастапқыда жігітпен жүріп, сөйлесу қызық көрінді, дегенмен кейінгі кездері шындап ұната бастағанын сезді. Шалғайдағы бейтаныс өлкелер туралы қызықты хикая айтатын. Жұмысын Канадаға барып-келетін Аллен компаниясындағы бір кемеде, айына бір фунт стерлинг қана алатын қарапайым жүк тасушы болып бастапты. Бұған өзі жұмыс істеген кеменің, басқа компаниялардың аттарын тізбектеп айтып беретін. Магеллан бұғазынан қалай өткенін, патагониялықтардың қорқынышты хикаяларын баяндайтын. Буэнос-Айрестен табанынан тозып зорға шығыпты, өзінің айтуынша, байырғы отанына жақсылап бір демалмақ үшін келіпті. Әрине, әкесі бәрін білді, қызының да онымен кездесуіне тыйым салды.
– Мен ол теңізшілерді беске білем, – деді ол.

Бір күні Франкпен сөзге келіп қалды, содан бастап сүйіктісімен жасырын кезігіп жүр.

Даланы қараңғылық қымтай бастады. Қолындағы екі хаттың бірін Хәрриге, екіншісін әкесіне жазған. Эрнестті бәрінен артық көретін, Хәрриді де жақын тартты. Әкесі шау тартып қалды; үйден кетсе, ол да қызын сағынатын шығар. Кейде ерекше көңілі түсіп, жақсы көрінетіні де бар-ды. Жақында, бір күн ауырып төсек тартып жатқанда, кітаптан бір елес жайлы хикая оқып, отқа нан қойып қытырлақ қып пісіріп берген. Бұрын да, анасының тірі кезінде, бәрі бірге Хоут жотасына сейілге шығатын. Сонда әкесі анасының жаулығын тағып алып, бәрін күлкіге қарық қылғанын есіне алды.
Уақыт сырғып өтіп жатыр, ал бұл терезенің алдында, пердеге басын сүйеп әлі отыр, тағы да шаңды кретон иісі танауына келді. Көшенің алдыңғы жағынан шарманканың сазы естілді. Өзіне жақсы таныс әуен. Бұрын да шарманкашының тап осы әуенді шалғаны, қолынан келгенше  отбасына бас-көз боламын деп анасына уәде бергені есіне түскені неткен өкінішті. Аурушаң анасының соңғы түні көз алдына келді; онда да залдың түбіндегі шағын, қараңғы бөлмеде жатқан және сырттан мұңды итальян сазы естілді. Шарманкашыға жарты шиллинг (Батыс Еуропаның ақша бірлігі – ауд.) беріп, басқа жерге кет деп өтініп еді. Әкесі қомпылдап, науқас әйеліне жақындап:
– Қарғыс атқыр, итальяндар! Мұнда несі бар?! –  деп ызбарланып кірген.
Анасының аянышты өмірінің көрінісі осы бір қайғылы сәтте бар сиқырымен жан дүниесін жаулап, ақыры шөлге жұтылып бітетін құрбандық керуеніндей көз алдында көлбеңдей берді. «Deravaun Seraun! Deravaun Seraun!» деп ақымақша жалбарына күбірлей бастаған анасының дауысын естінгендей өне-бойы діріл қақты.
Кенет үрейлене орнынан атып тұрды. Қашуы керек! Қашуы керек енді! Франк құтқарар еді. Бұған жаңа өмір, бәлкім махаббат та сыйлар. Қалай да өмір сүргісі келеді. Не үшін ол көңілсіз болуы керек; бақытты болуға хақылы ғой. Франк мұның қолынан ұстап, құшағына басар еді, құтқарар еді.
Солтүстік айналымдағы станцияда қайшалысқан қарақұрым жұрт ішінде тұрған. Франктың қолынан ұстап, кемеге міну жайында бірдеңені қайта-қайта пысықтап тұрғаны анық есінде. Станция маңы иығына сумка асынған әскерлерге толы. Көз алдына лиман тұрағынан баяу қозғала бастаған кемелердің сұлбасы келді, дөңгелек терезелері жарқырап, қондырғы-бұйдасы үзілердей тербеліп тұр. Бұл ештеңе сезінбеді, тіпті тіл қатпады. Беті тастай қатып, бозарғанын сезді, әрі құдіретті құдайдан қазіргі міндеті не екенін ұқтырып, өзіне бір жол нұсқашы деп өтіне дұға тілеп жатты. Бір алып кеме тұман ішінде мұңлы дауыс сала боздап, гуілдеп өткендей болды. Кетсе, Франкпен бірге Буэнос-Айрес бағытындағы теңіз жолында болар еді. Билеттерін де алып қойған. Франктың өзі үшін жасаған осыншама ісінен соң қалай ғана кері қайтпақ? Уайым-қайғыдан жүрегі қысылғандай; қасиетті дұғаны ішінен үнсіз күбірлеп тұрғандай, ерні дір-дір етті. Жүрек түкпірінен әлдебір қоңырау соғылғандай болды. Әлдекім қолынан ұстағанын сезді:

– Жүр!

Әлемдегі бүкіл теңіз атаулы жүрегін қаумалай қоршап алыпты. Франк теңіз толқындары ішінен мұны өзіне арбап, тартып барады: тұншығып, тынысы тарылды. Екі қолымен қоршау темірден құлай құшақтады.

– Жүр, кеттік!
Жо-жоқ! Жоқ! Бейне жынды адамдай қос қолымен темірге тастай жабысты. Теңіз жақтан бір ащы айқай естілді.

– Эвелина! Эви!

Франк тосқауылдан қарғып өтіп, өзіне қарай шақырды. Оған біреу айқай салды, алайда ол Эвелинаны шақыра берді. Оған шүберектей бозарған қуарыңқы жүзін бұрды; бейне енжар, шарасыз, мөлиген бір мақұлық сияқты. Жанарында не сезім-махаббат, не бір қоштасатын ишара, не бір таныс-жақындық ілтипат білінбейді.

Джеймс Джойс

Түрік тілінен тәржімалаған – Естемес Шәкіржан

Abai.kz 

 

0 пікір