Сәрсенбі, 22 Сәуір 2026
Ақмылтық 222 0 пікір 22 Сәуір, 2026 сағат 12:59

Миграция мәселесінде жайбасарлыққа жол жоқ!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

(Шетелдіктердің Қазақстанға ағылуы қандай қауіп төндіруі мүмкін?)

Әлеуметтік желілерде бірқатар авторлардың мазасыз мақалалары жарық көруде: олардың пайымдауынша, Ресей мен Украина арасындағы қиян‑кескі соғыс Ресей экономикасын тұралата бастаған ‑ мұнай және басқа қазба байлығы экспортынан түскен пайданы соғыс жалмауда. Ал, соғыстағы күнделікті адам шығыны – жаппай мобилизацияға алып келуде. Осы жағдайда, соғыстан қашқан ресейліктер шет елдерге кетуде, соның ішінде, тілдік және ментальдік тұрғыдан бірашама  жақын Қазақстанға қоныс аудару олар үшін ең қауіпсіз төте жол болып тұр.

Нұрмұхамед Байғараев:

Ресей үлкен экономикалық дағдарыстың қарсаңында тұр.Әрине, бәрі өзі бастаған соғыстың нәтижесі. Неге үлкен? 2008 жылы әлемдік дағдарыстың әсері болса, бұл жолы соққы сан тараптан. Шетелдік компаниялар кетіп қалды, жан-жақты санкция, газ-мұнайы сатылмай жатыр, шетелден инвестиция келмейді, соғыстың қаржылық шығыны тым мол. Содан бизнес жабылып, жұмыссыздық артып, өндіріс тоқтап жатыр.

Соның әсерінен тек 2025 жылы 800 мың кәсіпкер бизнесін жапқан. Ресейліктердің 60 пайызының жиған ақшасы жоқ. 2026 жылы былтырмен салыстырғанда Мәскеу мен Петерборда 7500 дүкен жабылған. Былтыр бұл елдегі өндіріс орындары 7,5 трлн рубль шығын көрген. Ең көбі – Газпромда. Тек РЖД биыл 6 мың адамды жұмыстан шығармақ. Қысқарту жүргізетін зауыттар аз емес.

Мұндайда ресейліктер не істейді? Соғыс пен жұмыссыздықтан қашып, жақын елдерге жаппай көшеді. Биыл жазда көш деңгейі өсуі мүмкін. Қазір Threads толған ресейліктердің жазбасы. Алматы, Астана, Көкшетауға қалай көшкенін тәптіштеп жазады.

Ең бастысы – тіл проблемасы жоқ, ешкім қазақ тілін талап етпейді дегенге келтіреді. Бәрі орысша дегені ғой. ВНЖ алу үшін қазақ тілінің ең төмен деңгейін білу талабы жақында ғана енді. Көбі азаматтық алып үлгерген. Бұрын көшіп кеткендер енді отбасылы болып қайтып келіп жатыр.

Енді олар басқа ресейліктерді Қазақстанға көшуге үгіттеген посттар жаза бастады. ВНЖ-ға қазақ тілін сұрайтын талапты алыптастауды сұраған фейк аккаунттар көбейді.

Бұлар – қазір бас сауғалаған мигранттар. Дегенмен көзқарасы еш өзгермеген, сол путинист, сол соғысты қолдаушы, Батысты жау, өзге ұлттарды өзінен төмен көрушілер деп ойлаймын. Тек тірі қалу үшін жан бағуға келгендер.

Ең қиыны, мұндай топ ертең «біздің құқығымызды таптады, орысша бізге жауап бермейді, 9 мамырда парад, марш өткізбейді» деп шу шығаруы әбден мүмкін. Кремльге сонысымен ыңғайлы. Ал ол Қазақстанға ақпараттық, саяси қысым жасауға жақсы себеп.

Ресей – үнемі шеттен жау іздеуші ел. Солай ішкі қоғамды мобилизация жасайды. Өздерінің дәстүрлі саяси технологиясы. 1990жж АҚШ-ты, кейін Шешенстанды, содан кейін НАТО, Еуропаны, Украинаны, қазір мигранттарды жау образына теліп қойды. Ертең Украинадан түк таппай оралғанда жаңа жау іздеуіне тура келеді. Міне, сонда қазіргі көшіп жатқан мигранттарды қолдануы бек мүмкін.

Мұндай әдісті Кремль Эстонияның Нарвасында, Молдованың Преднестровьесінде қолданды. Сондықтан қазіргі ресейліктердің жаппай көші – жай миграция емес, келешекке ақырын жиналып жатқан саяси қауіп. Ал мигранттардың еңбек нарығында жергілікті мамандарды ығыстырып жатқаны бөлек әңгіме.

Қуаныш Еділхантегі:

РФ экономикасы туралы жап-жақсы пост көрдім. Айтқысы келген ойы - Ресейде зауыттар тоқтап, жұмысшылары қысқартуға ұшырап жатыр, ертең олар, мысалы күзге, қысқа таман жан-жаққа ағылуы мүмкін дейді. Ып-рас. Келсе жұмысқа, ішер асқа ортақтасады, тіпті өзімізді ығыстырып шығаруы мүмкін, өйткені ұятсыз халық, нахал, біздер сияқты ақкөңіл емес.

Тағы бір видеода Берлиндегі орыстарды көрсетті, олар қандай да бір ескерткіштің айналасына жиналып, Ресей деп айқайлап жүр (оның да авторы есімде қалмады), шамасы әлгі ескерткішті бұздырмауға тырысып жүрген сияқты. "Можем повторить" деп жазып қойған. Автордың ойы - көрдіңіздер ғой, бұларды жолатсаң, кішкенеден кейін басыңа тышады дейді. Бұл да ып-рас. Немістерге солай деп жүргенде бізді тіпті адам қатарына қоспауы мүмкін.

Сосын тиктокта бұрынырақта келіп алған орыстар әртүрлі видеолар таратып, Ресейде қалғандарын бізге шақырып жатыр дейді. Бастысы - тілден проблема жоқ көрінеді Қазақстанда. Яғни орыс тілді дегені ғой.

Мұндай посттар жиі ұшыраса бастаған сияқты. Бұл дұрыс, қауіптің алдын алмаса болмайды. Мұның бәрін үкімет біліп отыр деп сенемін. Оған басты маркерім мынау - енді бұрынғыдай кез-келгенге уақытша баспана бере бермейтін болыпты, ол үшін алдымен қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек екен. Бірақ... халқымыз қандай жайбасар болса, үкіметіміз де сондай жайбасар - бұл істі баяғыда-ақ жолға қою керек еді. Әлде біліп отырғандар, іші білсе де үндемей отырды ма? Негізі халықта кінә жоқ, сол кезде-ақ шуладық қой, келтірмеудің жолын тап деп.

Бұл талаптың екінші жағы бар - ол Отанына оралғысы келетін қазақтарға қолданылмауы керек. Әйтпесе бізде шаш ал десе бас алатындар жеткілікті - кішкене болса да пара алғысы келіп, Отанын аңсап келгендерді қазақ тілін сылтауратып әлекке салуы мүмкін. Онсыз да қазақ екеніңді дәлелде деп жүргендер біздің СІМ жеткілікті.

Айтпақшы... кеше Бураханның видеосын бәріңіз де көрген шығарсыздар? Сонда Ираннан келген қыз не айтты дейсіз ғой: Иранда тек адайлар ғана тұра ма әлде басқа да рулардан бар ма, мысалы наймандар деп сұрады Бурахан. Сондағы қыздың жауабы: бар, бірақ бізде паспортта ұлты жазылмайды, сондықтан олар фамилия орнына адай деп жаздыртады деді.

Мен мұны былай түсіндім: Иран қазақтарының 90%-і адайлар, сондықтан да Адай деген сөз - Қазақ деген сөз болып кеткен, яғни адай-қазақ синоним сөздер. Паспорттарында ұлты жазылмайтын болған соң, өзінің қазақ екендігін ұмытпау мақсатында олар адайды фамилия етіп алған болуы мүмкін. Әрине, бұл өз жорамалым, әйтпесе фамилиясын Найман немесе Қазақ деп жазса болмай ма деген сұраққа берер жауабым жоқ, иранист емеспін ғой.

Қорытынды. Азғантай ғана ұлтпыз. Қазақстанда соншама жерге бар болғаны 14,5 млн адамбыз. Оның үстіне жартымыз өз тілімізде сөйлемейміз, орысшаға бейімбіз. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең Ресейден оншақты млн адам көшіп келсе тіліміз жұтылып кеткені ғой? Қатаң шаралар алуға үкімет те сескенетін болар, өйткені жақында РФ Мем. думасы егер РФ азаматы шетелде сотталса президентіне әскер кіргізуге рұқсат беретін заңды бірінші оқылымда бекітті деген ақпар шықты. Осыны пайдаланып бізде қандай ойы барын кім біліпті? Ең бастысы - өзімізге мықты болайық, іштей қай нәрсеге де дайын болайық, тілімізді дамыта берейік. Арабқа да, қытайға да, орысқа да далаңдап жалбақтай бермей кішкене жинақталайық. Саяси сауатымызды көтеріп жан-жағымызға қараңқырайық  дегім келеді.

Түйін: Міне, бізге әлеуметтік желілерден осындай дабылдар келіп жатыр. Бұл, әрине, дауыл емес, бірақ, дауылалды ситуация екені рас. Өйткені, қазақ халқы әлі де моноұлттық мемлекет ретінде құрала алмай келеді. Бізде тіл тұтастығы, мәдени тұтастық, мемлекетшілдік түсінігі әлі де әлсіз күйде. Көп жағдайда, біздегі азаматтық институттар өзге ұлттарды өзіне ассимиляциялауға, өзіне сіңіруге  қауқарсыз.

Жоғарыдағы көтерілген сұрақтар осы мәселені қауіп санайды. Бұл – азаматтық деңгейде шешілетін мәселе емес ‑ оны тек мемлекеттік жігер арқылы шешуге болады. Мемлекет бен билігіміз соған даяр ма?

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір