Әдебиет пәні ұлттық иммунитетті қалыптастырады!
Қазақ орта мектебінде оқушылар әдебиет пәнін мың сағаттан артық оқиды. Бірақ мектептен шыққан бойда әйтеуір бір сектаға тап болып, соны бір сағат тыңдаса, мұрны тесілген тайлақтай соған еріп жүре береді. Неге?
Әдебиет пәнінің басты мақсаты – оқушының ұлттық рухын көтеру, оны елдің азаматы ретінде қалыптастыру. Әдебиетті оқымаған ұрпақ – тамырсыз ағаш. Бала әдебиет арқылы ғана елдік пен ерліктің, ізгілік пен парасаттың дәнін бойына сіңіреді. Осы мақсат орындалып жатыр ма? Бұл туралы Жүсіпбек Аймауытұлы: «Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы», – дейді. Қазақ әдебиеті жалпы адамзатқа тән құндылықтың аясында оқырманына алдымен ұлттық мінезді қалыптастыруы керек. Қазақ әдебиеті пәні мектептерде осы мақсатта оқытылуы тиіс.
Негізгі орта білім беру деңгейінің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы мамандандырылған желілік Абай мектептері қолданыстағы бағдарламамен қатар, биыл 7-сыныптары қазақ әдебиеті пәнін эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасымен оқып жатыр. Екі бағдарламада қазақ әдебиеті пәнінің мақсаты екі түрлі берілген. Салыстыралық:
Қолданыстағы бағдарламада: «Қазақ әдебиеті бағдарламасының мақсаты – сөз өнерін мәдени мұра, ұлттық құндылық ретінде түсініп, бағалай алатын, интелектуалдық эстетикалық деңгейі, адамгершілік ұстанымы жоғары шығармашыл тұлға қалыптастыру».
Эксперименттік «Qazaq national school programme» бағдарламасында: «Қазақ әдебиеті оқу пәнінің мақсаты – білім алушылардың көркем шығармалар арқылы эстетикалық талғамын дамыту, ұлттық рухын ояту, рухани адамгершілік қасиеттерін, эмоционалдық интеллектісін, оқырмандық мәдениетін және коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру» делінген.
Қолданыстағы бағдарлама әдебиетті ұлттық құндылық, мәдени мұра ретінде танытып, соны бағалай алатын, рухани талғамы жоғары, адамгершілігі қалыптасқан шығармашыл тұлға тәрбиелеуді көздейді. Бұл – әдебиетті ең алдымен тәрбие мен таным құралы ретінде қарайтын дәстүрлі ұстаным.
Ал эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасы бойынша оқушы әдебиетті танып қана қоймай, оны түсініп, талдап, өз ойын дәлелдей алуы тиіс. Бағдарлама эстетикалық талғамды дамытумен қатар, эмоционалдық интеллектіні, оқырмандық мәдениетті және коммуникативтік қабілетті қалыптастыруды алдыңғы орынға шығарады.
Бүгінгі білім беру кеңістігінде әдебиет пәнін оқыту жай ғана мәтін тану емес, тұлға қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі екені жиі айтылады. Алайда осы ұлы мақсатқа жетудің жолы қаншалықты жүйелі? Бұл сұраққа жауап іздегенде ең алдымен оқу үдерісінің өзегіне үңілу қажет.
Кез келген білім беру жүйесі үш тағанға сүйенеді: нені оқыту, кімге оқыту, қалай оқыту. Осының ішінде ең маңыздысы – нені оқыту, яғни білім мазмұны. Себебі мазмұн айқын болмайынша, әдіс те, нәтиже де жүйелі болмайды. Демек, бағдарлама ең алдымен осы сұраққа нақты әрі дәл жауап беруі тиіс. Білім мазұны, оқытылатын шығармалар осы тақырыптардың айналасында іріктеліп, жинақталып, оқушыларға ұсынылады.
«Нені оқыту?» мәселесінде қазіргі қолданыстағы бағдарлама мен «Qazaq National School Programme» бағдарламасына ортақ бір мәселе бар, ол – тақырыптардың жүйесіздігі мен нақтылықтың жоқтығы. Қолданыстағы бағдарламада берілген тақырыптар:

Біріншіден, екі бағдарламада да берілген тақырыптар бір парадигманың бойында жатпайды. Тақырыптардағы «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Жапанға біткен бәйтерек», «Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық» деген секілді Абай, Махамбет, Ахмет өлеңдерінен алынған, қиял мен шындық, таным мен тағылым, тарихи шындық пен көркем шешім дейтін – әдебиет теориясының тақырыптары. Адам және табиғат, адам жанының құпиясы деген – өз алдына бөлек философиялық тақырып. Тақырыптарда номинативтік нақтылық жоқ. Тақырыптың басым көпшілігі нақты ұғым емес, көркем атау ретінде берілген. Мұндай тақырыптар білім мазмұнын нақтыламайды, оқыту мақсатын анық көрсетпейді. Ғылыми-дидактикалық талап бойынша тақырып нақты, ұғымдық, мазмұнды айқындайтын сипатта болуы тиіс.
Жүйесіз, бірізді берілмеген тақырыптың кесірінен балаға оқытылатын шығармалар да жүйесіз жинақталады, берері де аз болады. Тақырыптың аты әдемі болғаны аз; өзектің өзі баланың өмірімен түйісуі керек.
Осы тақырыптар айналасында оқытылатын шығармалар саны қолданыстағы бағдарламаға қарағанда экперименттік «Qazaq national school programme» бағдарламасында азайған. Қолданыстағы бағдарламада 7–9-сыныптарда әдебиет пәніне аптасына 5 сағат, жылына 170 сағат бөлінсе, жаңа бағдарламада бұл көрсеткіш едәуір төмендеген: 7-сыныпта – 3 сағат (114 сағат), 8–9-сыныптарда – 4 сағат (152 сағат). Сағат қысқарған жерде оқытылатын шығармалардың да саны кемитіні анық. Шынында да, салыстырмалы түрде қарасақ, қолданыстағы бағдарламада қамтылған көркем мұра ауқымы әлдеқайда кең: батырлар жырынан бастап, ежелгі дәуір әдебиеті, шешендік өнер, ХІХ–ХХ ғасыр классиктері мен қазіргі әдебиетке дейін ұсынылған. Ал «Qazaq National School Programme» бағдарламасында оқытылатын шығармаларды ықшамдаған. Екі бағдарлама бойынша оқытылатын шығармалардың санын салыстырайық. Қолданыстағы бағдарлама бойынша 7-сыныптың 3-тоқсанында оқытылатын шығармалар: М.Дулатовтың «Елім-ай» өлеңі, М.Жұмабаевтың «Түркістан», «Толқын», «Мен жастарға сенемін» өлеңдері, С.Торайғыровтың «Мен қазақ», «Бір адамға» өлеңдері, Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі, М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі, І.Жансүгіровтің «Домбыра», «Жетісу суреттері» өлеңдері, Ғ.Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі, Қ.Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» повесі, Қ.Аманжоловтың «Туған жер» өлеңі, Ғ.Ормановтың «Қарағай» өлеңі, С.Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повесі, Ш.Смаханұлы шымшымалары. Ал «Qazaq National School Programme» бағдарламасында бар болғаны 4-5 автор мен тақырып берілген: Төлен Әбдіктің «Қонақтар» әңгімесі, Думан Рамазанның «Бала Қазыбек» (аңыз) пьесасы, Марат Қабанбайдың «Бауыр» әңгімесі, Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» повесі. Бұл қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептің бағдарламасына осы тұста маңызды сұрақ туындайды: әдебиетті аз оқытып, терең оқыту мүмкін бе?
Әдебиет – тек ақпарат беретін пән емес, ол – тарихи жад, ұлттық код, рухани тәжірибе. Батырлар жыры мен жыраулар поэзиясы, Абай мен Мағжан, Әуезов пен Мұқағали шығармалары бір-бірін алмастыратын мәтіндер емес, әрқайсысы ұлттық дүниетанымның жеке қабатын құрайтын іргелі мұралар. Шығармаларды қысқарту – белгілі бір деңгейде сол рухани кеңістікті тарылту деген сөз. Екінші жағынан, қазіргі білім беру жүйесі функционалдық сауаттылықты, талдау мен интерпретация дағдыларын алдыңғы орынға шығарып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мәтін санын азайтып, әр шығармаға тереңірек үңілу заман талабына сай қадам ретінде қарастырылуы мүмкін. Дегенмен, әдебиетті оқытудағы басты мәселе сағат санында емес, сол сағаттың қалай және немен толтырылатынында. Әдебиетке бөлінген сағат оны тереңдете оқытатын мектепте қысқармауы тиіс. Әйтпесе ол пәннің білім мазмұнына тікелей әсер етеді. Әдебиетті ықшамдау емес, жүйелеу қажет. Егер бағдарлама ұлттық әдебиеттің өзегін сақтай алмаса, онда ол қанша заманауи болса да, өзінің негізгі миссиясын орындай алмайды. Себебі әдебиет – жай пән емес, ұлттың рухани тірегі.
Майра Жұбандыққызы
Abai.kz