Қазақстанға Ресейден зарарланған арпа әкелінген
Қазақстанға Ресейден зарарланған арпа әкелінді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің қызметкерлері импорттық өнімдерге фитосанитарлық мониторинг жүргізу барысында карантиндік жүктердің қауіпті арамшөптермен зарарлану фактілерін анықтады. Заң бұзушылықтар Қостанай және Ақтөбе облыстарында тіркелді, онда зарарланған азық-түліктік арпа мен гуар тұқымдарының партияларын әкелуге дер кезінде тосқауыл қойылды», — делінген дүйсенбі күні таралған хабарламада.
Мәселен, АШМ мәліметінше, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында Ресей Федерациясынан келген көлемі 3 тонна гуар тұқымы (гуар бұршағы) партиясына қайталама фитосанитарлық бақылау жүргізу кезінде аумақтық инспекцияның инспекторлары карантиндік нысандармен зарарлану белгілерін анықтаған. Алынған үлгілер Қостанай облыстық карантиндік зертханасына жіберіліп, сараптама қорытындысы бойынша жусан жапырақты амброзияның (Ambrosia artemisiifolia) бар екені расталды.
«Осыған ұқсас заң бұзушылық Ақтөбе облысында да анықталды. Ресей Федерациясының Башқұртстан Республикасынан автокөлікпен әкелінген көлемі 50 тонна азық-түліктік арпа партиясын тексеру кезінде аумақтық инспекция мамандары карантиндік нысандармен зарарлану белгілерін тапты. Фитосанитарлық сараптама нәтижелері жусан жапырақты амброзия мен үштілімді амброзияның (Ambrosia trifida L.) бар екенін растады», — делінген хабарламада.
Әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жіберілді.
«Амброзия — аса қауіпті карантиндік арамшөптердің бірі. Оның таралуы топырақтың құнарсыздануына және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін төмендетуге әкеліп, салаға айтарлықтай нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, амброзия тозаңы күшті аллерген болып табылады және халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіреді», — деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Abai.kz