Жұма, 8 Мамыр 2026
Білгенге маржан 223 0 пікір 8 Мамыр, 2026 сағат 13:46

Немістерден 10 есе көп шығын: Бұл қандай жеңіс?

Суреттер: wikipedia.org, esquire.kz сайттарынан алынды.

Ертең «9 мамыр – жеңіс күні» деп жатыр. Фашистік Германиядан 7 -10 есе көп шығынға ұшырап қол жеткізілген бұл не қылған жеңіс?

2014 жылға дейін Ресейде 1941-1945 жылдардағы соғыс туралы бірқатар шындықтардың шеті шығып жүрген. Кейін Украинаға шабуыл жасап басып кірген соң Ресей билігі көп деректерді қайтадан құпиялап тастады. Бұл өзі онсыз да құпиясы мол соғыс еді. Германия бүкіл соғыста 8,5 млн, советке қарсы шығыс майданда 5,5 млн солдаты мен офицерінен айырылды. Ал Совет Одағы 2018 жылы құпиялылығы алынған Мемлекеттік жоспарлау комитетінің жария деректері бойынша 43 млн адамынан айырылған. Оның 19,5 млн-ы әскери адам. Сонда бір немісті өлтіруге кеңестер жағынан 7 -10 адам шығын болған. Сонда бұл қандай жеңіс? Орыс қолбасшыларының тапқырлығынан ба? Масқара ғой!

Тәуелсіз Қазақстан үшін 9 мамыр шынымен жеңіс күні ме? Қазақстан ыдырап кеткен Кеңес Одағының құқықтық мұрагері емес қой. Тәуелсіз Қазақстан кіммен соғысып жеңіпті? Ақылға қонымсыз ұят жағдай. Бұл Қазақстан үшін жеңіс емес, Екінші жаһан соғысында қаза тапқан, жаралы болып келіп елде қайтыс болған өз азаматтарымызды, сондай-ақ сол соғыстың барша құрбандарын еске алу күні! Сондықтан 9-мамыр мерекесінің мәртебесі қайта қаралуға тиіс!

Ақиқатында Екінші жаһан соғысы тек совет-герман соғысымен шектеліп қалған жоқ. Ол әлемнің сол кездегі бар 72 мемлекетінің 62 мемлекетін қамтыды. Соғыс өрті ендіктерде АҚШ пен Жапонияға дейін, бойлықтарда Солтүстік мұзды мұхит пен оңтүстікте Австралияға дейінгі аралықты қамтыды. Екінші жаһан ұрыстарында соғыс қимылдары Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа, Жерорта теңізі, Африкалық және Тынық мұхит аумақтарында яғни бес әскери театрда өтті. Соның төртеуінде АҚШ пен Англия жеңді. Тек біреуінде ғана, Шығыс Еуропадағы совет-герман соғысында орасан зор ленд-лиз көмегімен Кеңес Одағы жеңді. Ал сол одақ тарап кеткелі қашан?

Бүгінде Ресей сол соғыстардың бәрінің жалғыз жеңімпазы өзі құсап күндіз-түні жар салып жатады. Әділетсіздіктің салдарынан ол соғыста атылған әр он оқтың тоғызы Шымкент қорғасын зауытында жасалғанын ешкім айтпайды. Мәскеуді қорғаған Бауыржан Момышұлының, 239 фашистің көзін жойған сұр мерген Ыбырайым Сүлейменов, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев сияқты қаһармандардың Совет Одағының Батыры атағына ілігуі мүмкін болмады. Өкінішке қарай, ерлігі лайықты бағаланбаған қазақ жауынгерлері өте көп. Атыраулық зерттеуші Жұмабай Доспановтың жиған деректеріне қарағанда Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып бірақ ол атақ берілмеген сардарлар мен сарбаздар саны 160 екен. Шовинистік, империялық астамшылық көріністері соғыс кезінде ғана емес, Ресейдің Украинаға қазіргі озбырлық саясатынан да көрініп тұр ғой.

Совет-герман соғысына қатысқан майдангерлерден қазір жер басып жүргені саусақпен санарлық қана. Қазір елімізде сол соғысқа қатысқан немесе оған теңестірілген көзі тірі небары 57 майдангер қалыпты. Біз бұл соғысқа әлі күнге Ресей тұрғысынан, Ресейдің ұстанымдарымен қараймыз. Мұны өзгертетін уақыт жетті!

Қазақ халқы Екінші жаһан соғысының мәжбүр қатысушысы болды. Сондықтан тарихшылар мен қарапайым халық соғысқа кеңестік, ресейлік идеологиядан аулақ, жаңаша көзқараспен қарау керек. Бізге 1941-1945 жылдары әскери комиссариат арқылы соғысқа алынып, алғы шепте неміс-фашизмімен шайқасқан қазағымыз да, Украина көтерілісшілер армиясының (УПА) құрамында Қазақстанды большевизмнен тазарту жолында күрескен қандастарымыз да қымбат. Түркістан легионы қатарында қолына қару алған отандастарымызды да түпкілікті ақтау қажет.

Қазақтар бұл соғыстың бастаушысы болған емес. Мәжбүр қатысушысы ғана болды. Сондықтан окоптың қай жағында соғысқанына қарамастан сол барша қандастарымызға ешқандай саяси айыпсыз, түгелдей ұлттық жанашырлықпен, адамдық әділдікпен қарауымыз қажет!

Бұл күні біз бір-бірімізді жеңіспен құттықтауымыз күлкілі. Бұл күні біз Екінші жаһан соғысында қаза тапқан барша адам баласын еске алғанымыз орынды.

Солардың рухына – фатиха!

Марат Байділдаұлы Тоқашбаев, жазушы-публицист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2100
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1603