Айдай анық ақиқатты белден басқан жүгенсіздік
Жуырда редакциямызға Ақтөбе облысынан үшбу хат келіп түсті. Хатты бізге жазушы, тарихшы Арман Жұмаділов жеткізді. Запастағы полиция подполковнигі Берік Алдоңғаровтың авторлығымен жазылған «Айдай анық ақиқатты белден басқан жүгенсіздік» деген мақалада шекті Бөгенбай батырдың жатқан жеріне байланысты дау айтылған екен.
Abai.kz – еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы ерікті. Мақала редакция ұстамын білдірмейді және алдағы уақытта мақалада есімдері аталатын жекелеген азаматтар редакциямызға пікір білдіруге ниетті болса, олардың да пікірлерін жариялайтынымызды ескертеміз.
Редакция
АЙДАЙ АНЫҚ АҚИҚАТТЫ БЕЛДЕН БАСҚАН ЖҮГЕНСІЗДІК
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев 2026 жылдың қаңтар айының 5-інде Республикалық «Түркістан» газетінде «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген тақырыпен берген сұхбатында былай деп еді: «Кез келген елдің, соның ішінде біздің де төл тарихымызда қайшылыққа толы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы басым тұлғалар жетіп артылады. Тарихи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету – мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе...
Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол».
Мемлекет басшысы тап басып айтқан осы жағдайды Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының оңтүстік-батыс жағында, қырық бес шақырым жерде орналасқан Шекті Бөгенбай шоқысының (таудың) ежелден келе жатқан атауын Табын руынан шыққан Бөкенбай батырдың есімімен алмастыру үшін бой көтерген дөкір топтың жөнсіз, дөрекі әрекеттері де дәлелдеп отыр.
Шекті Бөгенбайдың ұрпақтары әр жылдары түсірілген карталарды, ел ішінде сақталған ауызша мәліметтерді, орыс офицері Я.П. Гавердовский жазып қалдырған деректерді негізге алып, 2016 жылы қыркүйек айында біз атап отырған шоқының етегіне тас белгі орнатқан-ды.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы территориясындағы аталған шоқының (таудың) етегіне тас белгіні орнатуға негіз етілген нақты дереккөздер мыналар:
1. История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Первые историко-этнографческие описания казахских земель. Первоя половина XIX века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. Том. V. Стр. 219-220.
2. Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы картасы: «240,3. г. Богенбай» деп тайға таңба басқандай жазылған. Және былай деп дерек берілген: «Составлено по карте масштаба 1: 50000, созданной по материалам съемкий 1962 г. Исправлено по карте масштаба 1: 50000, обновленной в 1987 г.» (1-картада, Бөгенбай тауы немесе шоқысы).
3. «Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі картасы». Мұнда былай деп жазылған: «Бұл карта 1976-1993 жылдардағы материалдар бойынша РМҚК «Картография» баспасында құрастырылып, дайындалды. Карта 2001 жылы түзетілді». Міне, осы картада «Бөгенбай тауы» (240 м.) деп қазақша ап-анық жазылған. (2-картада Бөгенбай тауы).
4. Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі картасы. «Картаны 2012 жылы «РМҚК-ның Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» жасап, баспаға дайындап және басып шығарған. Осында пікір өзегі болып отырған шоқы «Бөгенбай тауы» деп көрсетілген.
5. Қазақстан табиғаты. А-Е. 1-том. Бас ред. Б.Ғ.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2008 жыл, 272-бет. Мұнда былай деп жазылған: «Бөгенбай – Шалқар-Ырғыз автомоб. жолы бойындағы шоқы. Ақтөбе обл. Ырғыз ауд. Ырғыз а-нан оңт.-батысқа қарай 45 км жерде. Абс. биікт. 240 м. Оқшау орналасқан шоқының орта тұсы дөңгелек пішінді және көтеріңкі келген. Оның ұзындығы мен ені шамамен 300 м-ге жуық. Батысынан Ырғыз өз-нің кішігірім саласы – Талдысай өз. өтеді. Шоқының басында Жангелді аталығының ру басы, Шектінің батыры Бөгенбай батыр жерленген».
6. Атамекен: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл, 160-161 беттер). Шекті Бөгенбай батыр жөнінде осы энциклопедияда да жазылған. (Карталар, энциклопедия деректері қоса тіркелді).
Даудың бастауы былай болды: біраз жылдан соң Шекті Бөгенбайдың бір ұрпағы мына мен – Берік Алдоңғаров, 2023 жылы сәуір айының 11-інде 2016 жылы қойылған белгі тастың құжаттарын жасап, заңдастыру туралы сотқа арыз түсірдім.
Арызым Ақтөбе қаласы, Ғ. Жұбанова көшесі, 110-үйде орналасқан Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Істі жүргізген сол кездегі судья М.К. Шарипова қойылған белгінің құжатын жасауды Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисоваға міндеттеді, алайда астыртын қолдап отырған Табын руынан шыққан облыс әкімі А. Шахаровқа арқа сүйеген А. Юнисова оны орындамады. Осы үшін оған ӘРПК-нің 118, 127, 138-баптары бойынша 184 600 (жүз сексен төрт мың алты жүз) теңге айыппұл салынды.
Менің арызым бойынша әкімшілік сот жүріп жатқан аралықта, өздерінің өтіріктерін «ғылымиландырып», дәлелді етіп шығару үшін Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисованың ұйымдастыруымен 2024 жылы қыркүйектің 19-ында, Алматы қаласында ҚР Ұлттық кітапхананың конференц залында «Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» туралы жұмыстарды талқылау, талдау және сараптау туралы ғылыми кеңес» деп аталатын жиын өткізді. Сонда А. Юнисованың жақтаушысы, бұрынан облысымыздың аталған осы мәдениет мекемесімен байланысы бар, әмпей-жәмпей С. Әжіғалиев деген тарихшының бастамасымен айтылған дәлелді уәждерге тоқтамай, ұсынған айғақтарға, қарсылыққа қарамай 2026 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданыны оңтүстік-батыс жағында, 45 шақырым жерде орналасқан шоқыға қазба жұмыстарын жүргізетін болып ұйғарымға келді.
Арызым бойынша қаралып жатқан іс бұдан кейін Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Айгүл Абдуллинаға өтті. Ол нақты дәлелдерден, айтылған қисынды уәждерден айналып өтіп, істі созып, А. Юнисованың ыңғайына жығылды. Қаралып жатқан арызым Ақтөбе облыстық сотына жіберілді.
Ақыр соңында Ақтөбе облыстық сот жоғарыдағы 2024 жылы қыркүйектің 19-ында Алматы қаласында еш негізсіз өткен жиындағы алдын ала өзара келісіп алған «қазба жұмыстары жүргізілуі керек» деген шешімді құптады. 2024 жылы күз айында бұған наразылық танытып, Астанадағы Республикалық Кассациялық Сотқа шағым түсіріп едім, өтінішімді қанағаттандырмай тастады. Мұның бәрін жоғардағы лауазымды адамдардың «қоңырау соғуы» арқылы орындалды деп есептеймін. Әйтпесе ұсынған дәлелдерім соқырға таяқ ұстатқандай еді. Ал қарсы жақ өз айғақтарын көрсете алмады. Солай болса да шындықты белден басып, әділетсіздікке барды.
Аталған Ақтөбе облысы Ырыз ауданы территориясындағы шоқыға 2026 жылы шоқыға жүргізілмек қазба жұмыстары таудың атауын Табын руынан шыққан Бөкенбайдың есімімен аталатынын дәлелдеп бере алмайды, оған еш қисын да, дәлел де жоқ. Бұған төмендегі архивтік деректерді куәлікке ұсынамыз:
1. Шекті руынан шыққан Бөгенбай батырдың өліміне қатысты дерек: Ырғыз өңіріне келген орыс офицері Я. П. Гавердовский 1803 жылы тамыздың 22-сінде таңбалаған дерегінде былай деген: «В праве, верстах в 30 от сего стана, видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоты именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и,будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке, который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» (Дереккөз: История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Первые историко-этнографческие описания казахских земель. Первоя половина XIX века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. Том. V. Стр. 92, 219-220). (Суретте: «Бөгенбай» аталатын шоқы).
2. Табын руынан шыққан Бөкенбайдың өліміне қатысты дерек: Ресей империясының архивінде сақталған 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген құжатта Табын руынан шыққан батыр Бөкенбай өлімі жөніндегі деректер басқаша, былай делінген: «Того ж мая 28 числа яицкое войско, чрез приехавшего ис Кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит… бытность кайсацкий владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцев для взятья у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их, кайсаков, всех побил до смерти» (Дереккөз: АВПР, ф. 122, 1742 г., д. 4, лл. 50-54 об.).
Табын руынан шыққан Бөкенбай батырдың моласы Ақтөбе облысы Байғанин ауданында.
Ажалы түрікпендерден болған Табын Бөкенбайдың денесі қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясына әкелініп, жерленген. Ұрпақтары беріректе жан-жаққа сауын айтып, ас беріп, басына белгі орнатқан (Дереккөз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 360-363, 412-415-беттер). (Суретте: Табын Бөкенбайдың моласының суреті).
Аталған бұл деректерден шығатын қорытынды мынадай:
- Орыс офицері Я.П. Гавердовский өзіне жол көрсетіп, бастап келе жатқан жергілікті рубасылардың айтуымен қағазға түсірген мәліметте «Буканбай» (Бөгенбай) есімді адам қалмақтармен соғыста өліп, шоқыға жерленген, тауды соның атымен атап кеткен.
- Табын руынан шыққан Бөкенбай деген адам архив құжаттары бойынша түрікпендерге барымтаға барып, сонда өлген.
- Табын Бөкенбайдың моласы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарқамыс деген жерде.
Екі дерек бір-бірінен мүлде бөлек. Аталған адамдардың, анығырақ айтқанда, орыс офицері Гавердовскийдің жазбасында аталатын Шекті Бөгенбай (Буканбай) мен Табын Бөкенбайдың өлімдері де әртүрлі жағдайда болған. Мәліметтер өзара үйлеспейді, мүлде қайшы.
Ұсынылған бұлтартпас осы дәлелдерге тоқтамай тізеге салып, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисова бастаған топ облыс әкімі Шахаров Асхат Берлешұлының қолдауымен мемлекеттен қомақты қаржы бөлдіріп, 2026 жылы айтылған тауда қазба жұмыстарын жүргізуді бастамақ.
Ежелден келе жатқан тарихи географиялық «Бөгенбай тауы» атауын ешқандай дәлелсіз Табын руынан шыққан Бөкенбайдікі қыламыз деген бейәдеп әрекеттің айқын көрініп тұрған басты себептері мынау:
- Қазу жұмыстары үшін бөлінген қомақты қаржыдан әрқайсысы үлестерін алу.
- Табылған сүйекті бұрмалап, менің бабам Шекті Бөкенбайға қатыссыз қып шығару;
- Орыс офицері Гавердовскийдің жазбасындағы деректі жаңсақтасқан мәлімет қылып, Табын руынан шыққан Бөкенбайдың руластарының, оларды астыртын қолдаушы лауазымды адамдардың пайдасына шешіп беру.
Әлгінде баяндап кеткен 2024 жылы қыркүйектің 19-ында Алматы қаласында ҚР Ұлттық кітапхананың конференц залында «Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» туралы жұмыстарды талқылау, талдау және сараптау туралы ғылыми кеңес» деп аталатын жиынды Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисова ақиқат деректі бұрмалап, өз сөзін сөйлеп жақтайтын тарихшылармен алдын ала сөз байласып алып өткізді. Бұған мына жайттар толық дәлел:
- Жиынға қатысқан тарихшы ғалымдар – Дәулет Әбенов пен Арман Жұмадәділден басқалары Шекті Бөгенбай не Табын Бөкенбай туралы ешқандай зерттеу жазбаған тарихшылар, біразы көлденеңнен келген жәй адамдар;
- Жиында Шекті Бөгенбай мен Табын Бөкенбайға байланысты деректер салыстырылып, талданған жоқ, бос сөздермен уақыт өтті.
А. Юнисованың алдын ала сөз байланысып, Алматыдағы жиынға шақырған Ырғыз аудандық музейінің сол кездегі директоры Ә. Таубатыровқа, Ырғыз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Әттиевке, ақтөбелік зейнеткер Б. Мырзабаевқа, Р. Бекназаровқа (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті), оралдық тарихшы Ж. Исмурзинге, тағы басқаларына қазынадан қаражат бөлінген. Олар қонақ үйге орналастырлып, үш мезгіл ас-ауқатпен қамтамасыз етілді. Ал әділдікті талап етуші Шекті Бөгенбайдың ұрпағы мен – Берік Алдоңғаров және өлкетанушы, Бөгенбай туралы бірнеше зерттеу жазған Аманғали Мухамбетулин өз қаражатымызбен бардық.
2024 жылы қыркүйектің 19-ында Алматы қаласында ҚР Ұлттық кітапхананың конференц залында «Ырғыз-Шалқар тас жолы бойындағы «Шоқы» туралы жұмыстарды талқылау, талдау және сараптау туралы ғылыми кеңес» деп аталатын жиыннан кейін Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисова өзінің алдын ала сөз байланысып шақырған адамдарына банкет ұйымдастырды.
Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымында 2020 жылдан бері отырған А. Юнисованы облыс әкімі А. Шахаров тағы да екі жылға қалдырды. Осы «қамқорлығы» үшін оның «пайдасына» шығатын осындай жүгенсіз әрекеттерге барып отыр.
Өзін зор көретін, шектен шыққан А. Юнисова бұрында да өзіне сын айтқан блогермен соттасып, ақыр соңында жеңіліп қалған еді. Бұл жөніндегі оның жөнсіз іс-әрекеттері «Чиновница проиграла суд блогеру в Актобе» деген атпен бірнеше порталда (diapazon.kz; cmn.kz; rus.baq.kz) жарияланды.
Мұның бәрі де «Бөкенбай батыр қоғамдық қорының» демеушісі болған, Табын руынан шыққан Ақтөбе облысының әкімі Шахаров Асхат Берлешұлының астыртын қолдауымен, келісім беруімен орын алып отырған бейәдеп жағдай! Өйткені, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А. Юнисова оның рұқсатсынсыз басқа жақта жиын ұйымдастырып, қазынаның қаржысын бұлай бейберекет шаша алмасы айдан анық. Ырғыз ауданы территориясында орналасқан, дауға айналған – Бөгенбай тауының тарихи атауын Табын руынан шыққан «Бөкенбай» қылып өзгертуге «бөкенбайшыл» топ білек сыбана кірісті.
Ырғыз ауданының әкімдігінің фб-тағы парақшасында «Жер-су атаулары қайта жүйеленеді» (31.07. 2025 жыл) делінген тақырыппен берілген хабарда былай деп жазылған: «Ырғызға «Аңыз бен ақиқаттың мекені – Ақтөбе!» атты тарихи-танымдық экспедиция аясында арнайы топ аялдады. Аталған экспедицяның мақсаты – Республикадағы ономастикалық атауларды ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, елді мекен атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалып қа келтіру, жүйелендіру.
Астанадан ат басын тіреген то құрамында республикалық ономастикалық комиссия мүшелері, ономаст ғалым Гүлнәр Шияпқызы және географ Мәулен Мырзағұлұлы бар. Қонақтармен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мирхан Амангелдіұлы, мәдениет үйінің директоры Дархан Сермағамбетұлы және кітапханашылар кездесіп, ресми карталар мен каталогтардағы бұрмаланған жер-су атаулары турасында әңгіме өрбітті. Мамандардың айтуынша осы жұмыстардың нәтижесінде ел аузындағы тарихи атаулар жаңғырып, арнайы электронды WEB картада байырғы ононимдер енгізілетін болады».
Осы жерде мынадай сұрақ туады: жер-су атауларын өзгертіп, қалпына келтіргіш болса Республикалық ономастикалық комиссия мүшелері, ономаст ғалым Гүлнәр Шияпқызы, географ Мәулен Мырзағұлұлы дегендер ежелгі атаулары түгелдей өзгертілген Қостанай, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне неге бармайды?!
Астанадан Ырғызға арнайы астыртын шақыртумен «Аңыз бен ақиқаттың мекені – Ақтөбе!» деген бүркеншек атпен келген «қонақтардың» мақсаты – түсінікті. Қалай болғанда да таудың «Бөгенбай» деген тарихи атауын Табын руынан шыққан «Бөкенбайға» өзгерту.
Ырғыз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әттиев Мирхан Амангелдіұлы дегеннің мамандығы – суретші. Осы дауды қоздырушы белсенді, шоқының тарихи атауын бұрмалаушы. Астанадан келген Республикалық ономастикалық комиссия мүшелеріне оның таудың «Бөгенбай» деген тарихи атауын бұрмалап, Табын руынан шыққан «Бөкенбай» деп теріс ақпарат бергені – еш күмәнсіз.
С. Әжіғалиев деген тарихшы 2021 жылы қазан айында Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Едіге жалы аталатын жердегі Алтын Орданың билеушісі Едіге бидің зиратын қазуға басшылық жасап, одан да бірнеше кісінің сүйегін тапқан еді. Енді сол алып кеткен мүрделер де із-түссіз жоқ. Едігенің моласын әуелгі тапқан ғалымдарға не облыс жұртшылығына есеп берілмеді. Менің бабам Бөгенбайдың да мүрдесі осылай із-түссіз жоғалып кетуі де әбден мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-тармағында «...тектік-топтық және рулық астамшылықты насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді» делінген. Алайда біз баяндап өткен даулы іспен жақсы таныс Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өзінің лауазымын пайдаланып, астыртын қолдап, осындай жүгенсіздікке жол беріп отыр.
Берік Алдоңғаров,
запастағы полиция подполковнигі,
Қандыағаш қаласы, Ақтөбе облысы.
Abai.kz