Сәрсенбі, 9 Қыркүйек 2026
Алашорда 5331 0 пікір 13 Тамыз, 2026 сағат 13:51

Қостанай – қос өзен – Кеңарал

Коллажды: А.Әбсадық жасаған.

(Олжас Сүлейменов салған соқпақпен жол тарту)

АҢДАТПА

«Қостанай» топонимінің этимологиясы турасында біздің тарапымыздан «Егемен Қазақстан» газет бетінде жарияланған «Тамырлас топонимдер: Қостанай – Дөң (Дон) – Дунай», ол басылымның орыс тіліндегі серігі «Казахстанская правда» газетінде  «Откуда берет корни название города Костанай» және Abai.kz платформасына жарияланған «Түркілік көмбе: Қостанай топонимінің төркіні» атты мақалаларымызда бірнеше мәрте сөз қозғаған болатынбыз.

Аталған жазбаларда қыр-қыраттан ойға қарай (оңтүстік-батыстан солтүстікке) аққан Тобыл мен Ой (Үй) және Аят өзендерінің географиялық орналасу табиғатына орай аталған өзендер арасындағы кең-байтақ өлкені түркі тайпаларының сөз қолданысында «Құшдөңай», яғни «Қостанай» деп аталағаны талқыланды. Осылайша, «Қостанай» атауының әу бастағы түпнұсқасы «Қырдағы қос өзен арасы» деген мағынаға ие болғандығы ой-зерде безбеніне салынған еді.

Ертедегі түркі тайпаларында бір бітеу буынды түбірде қатаң «ш» дыбысы мен «с» дыбысы алмасып қолдана беретін еді. Одан сөздің мағынасы еш өзгермейтін. Ол көрініс қазіргі таңда да сақталған. Дегенмен де, кейбір түбірлер біріккен сөзге айналғанда, мәні солғын тартып, мағынасы күңгірттеніп кетеді. Қостанай – сондай топқа кіретін топоним. Дегенмен де, «Қырдағы қос өзен арасы» деген ұғымындағы көне түркілік «Құшдөңай»-дың бүгінгі қазақ түсінігіне жақын баламасы болуы тиісті ғой деген ой түпкі көңілімізде қылаң берген еді...

ҚОСТАНАЙ – ҚОС ӨЗЕН – КЕҢАРАЛ

Көңілдегі түпкі ойды қаузай келе, «Қырдағы қос өзен арасы» деген мағынадағы көне түркілік «Құшдөңай» ұғымының қазақша баламасы когнитивтік сана кеңістігінде сақталғанына көз жеткіздік. Оның тілдік көрінісі – «Кеңарал» топонимі. Кеңарал – патшалық Ресей заманындағы Торғай облысы Қостанай уезінің солтүстік- шығысында орналасқан белгілі болыс. Оның территориясы Тобыл мен Ой (Үй) өзендерінің (орысша Уй деп таңбаланған өзеннің қазақша мағынасы «Үй» емес, «Ой» деп санаймыз) төменгі ағысындағы кеңістікке орналасты. Қазіргі таңда ол территорияда Федоров пен Қостанай ауданының (ішінара) жері орналасқан (сурет 1).

(Сурет 1. Құшдөңай – Қостанай өңірі)

Кеңарал болысының жерінде Орынбор әкімшілігіне қарасты Шығыс ордасының (кейінгі Қостанай уезі) аға сұлтаны Ахмет Жантуриннің «хан ордасы» - қыстауы орын тепті. Қыстау Ой өзенінің Тобылға құярлығында орналасқан Усть-Уй станициясының маңында болды. Қазіргі таңда онда Введенка селосы орналасқан. Оның маңында сұлтан әулетінің кісілері жерленген ескі қорым бар. Ал Ой өзенініне жақын маңда «Кеңарал» деп аталатын елді мекен де сақталған.

Кеңарал болысының Қарағайлы қонысында (№4 ауыл) 1892 жылжың маусым айында Торғай облысындағы алғашқы ауылдық мектеп ашылады. Кезінде аталған мектепте қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі Мұхамбетжан Сералин ұстаздық қызмет атқарады.

Кеңарал – екі түбір сөзден құралған. «Кең» атты түбір сөз «үлкен», «көлемді» деген мағына береді. ХХ ғасырдың басында Астрахань өлкесіндегі қазақтар Каспий теңізіндегі аралдардың бірін «Кең арал», екіншісін «Кіші арал» деп атағанын «Тургайская газета» басылымына тіркелген. Мұнда қос аралдың атаулары бірі көлемі жағынан үлкен, екіншісі кіші болғандығына байланысты туындағаны анық байқалып тұр.

Ал «арал» түбірі қазіргі таңдағы сөз қолданысымызда көбінесе су ортасындағы құрғақ жерге байланысты қолданып келеді. Шынтуайтында, ол «ара» түбір морфемасынан туындайды. Одан «аралық», «арасы», «арал» сынды деген туынды сөздер өрістейді. Мұндай сөздерден құралған топонимдер қазақ даласында жиі кездеседі. Бұл орайда, алдымен тіл ұшына оралатын атау – Арал теңізі. Арал – қазақтың географиялық ұғымы бойынша, Сыр мен Қыр өлкесінің аралығына, ортасына орналасқан үлкен көл (теңіз).

Арал теңізімен ұштасатын Ырғыз даласында «Аралтоғай», «Аралтөбе» атты топонимдер кездеседі. Ырғыз – далалық өлке. Онда орман-тоғай, тау мен тас өте сирек кездеседі. Сондықтан «тоғай», «төбе» сынды географиялық атаулар далалық өлкеде белгілі мекенді айрықша белгісімен айқындайтын ұғым ретінде қолданыста жиі болатыны заңды. Біздің мысалымыздағы атаулардың ұғымдық шеңберіне Аралтоғай – «аралық немесе ортадағы тоғай», Аралтөбе – «аралық немесе ортадағы төбе» деген географиялық  ұғымдар орын тепкен деп санаймыз.

Ал «ара»  форматындағы түбір  нұсқаға «Арақарағай» топонимін атауға болады. ХІХ ғасырдың орта шеніндегі көне карталарда «Ара-ағаш» деп белгіленген бұл атау кейін «Арақарағай»-ға өзгереді. Арақарағай – Обаған мен Тобыл өзендері аралығындағы ағаш-орманы аралас далалық өлке. Ол қос өзен арасында орналасқандықтан халықтың георгафиялық танымында «Ара-ағаш», яғни «аралық, ортадағы ағаш» деп танылған. Аталған өлке патша заманында «Арақарағай болысы» деп аталады.

Демек, Тобыл мен Ой (Үй) өзендері арасындағы кеңістікке қазақтар «Кеңарал», яғни «үлкен, көлемді орта» деген ұғымды қолданған. Осылайша, көне түркілік ұғымда «Қырдағы қос өзен аралығы» деген мағына беретін «Құшдөңай»-дың (Қостанайдың) қазақ танымына жақын баламасы пайда болған деп есептейміз. Кеңарал – жазғы мезгілде жайылымға қолайлы, шөбі шүйгін, қос өзенмен қоршалған кең-байтақ орта. Сол ортаға оңтүстіктен келген көш Тобыл өзенінің бойындағы өткелдердің бірі – Қостанай өткелінен өтіп, қонысы кең өріске шыға алатын еді (Мархаббат: Қостанай: Өзен өткелінен шаһар атауына дейін).

Басқаша сөзбен айтсақ, көне «Құшдөңай»-дың қауызы-фонемалық тұрпаты «Қостанай»-ға өзгергенмен, халық танымындағы шаруашылыққа, қонысқа, географиялық ерекшелікке қатысты когнитив «Кеңарал» атауында сақталған.

ҚАУЫЗ БЕН ДӘН

Сөздің фонемалық қауызы үнемі өзгеріс үстінде болады. Әсіресе, түбір морфемалар біріккен уақытта сөздер дыбыстық өзгеріске қатты ұшырап, дән-дәмі өзгереді. Белгілі тілші ғалым Бижомарт Қапалбектің бейнелеп айтуынша, бұл көрініс орын алғанда түбір сөздер «атасын танымай» кетеді.

Біздің мысалымызда бір бітеу буынды «Құш» түбір сөздің соңындағы қатаң «ш» дыбысы «с» дыбысымен өзара орын алмасатынын байқаймыз. Соның салдарынан жуан буынды «қос» түбір морфемасы келесі «дөң» сөзімен біріккен кезеңде «атасын танымай» кетіп, екінші буындағы бір буынды «дөң» түбірінің мағынасын күңгірттендіріп, беймәлім «тан» деген буынға айналдырады. Осылайша, «Құшдөңай»-дан фонемалық дыбысталуы толық қазақша, бірақ мағынасы жұмбақ «Қостанай» атты бірккен түбір туындайды.

Түркі тілдерінде бір бітеу буынды түбірлердің соңындағы қатаң «ш» дыбысы сол дәрежедегі «с» дыбысымен ауысып отыратындығына көптеген мысалдар келтіруге болады. Айталық, баш – бас, беш – бес, құш – құс, т.б. Екі түбірден бірікен сөздерде де сол көрініс сақталады. Мысалы, Бештамақ – Бестамақ (топоним), бешбармақ – бесбармақ, Құшмұрұн – Құсмұрұн (топоним), құшбегі – құсбегі (қосын бегі), т.б.

Бұл орайда, белгілі түрколог Олжас Сүлейменовтің пайымымен ой тарқатсақ, бағытымыздан жаңылмаған болар едік: ертедегі белгілі бір халықтар, ру-тайпалар үнемі қақтығыста немесе бітпес жауластықта болмаған. Соғыс, қақтығыс уақытша, бейбіт өмір сүру ұзақ жылдарға созылып отырады. Соның нәтижесінде мәдени-рухани байланыстар орнығады, өзара аламасады. Осындай келелі тұжырымға сүйене келе өткенге шындық болмыстың дүрбісімен көз салсақ, түркі жұртында, шартты түрде алғанда, бір бітеу буынды түбір сөздердің соңында «ш» дыбысын қолданатын тайпалармен сол күйге «с» дыбысын қолданатын ру-тайпалар қоян-қолтық араласып өмір сүрген. Сондықтан оларға сөздің түпкі мағынасы бірдей түсінікті болған. Бұл – ертедегі билингвизм көрінісінің бір белгісі.

Уақыт өте келе, ғылым-ілім жетіліп, түркі тайпалары жеке ел-жұрт болып отау тіккен уақытта кейбір сөздердің мағынасы күңгірттеніп, жұмбақ сөзге айналған. Бұған нақты мысал ретінде, біз қозғап отырған мысалдан басқа, «Қостүбек» деген мағына беретін «Құшмұрұн» топонимін (Мархаббат: Қазыналы Құсмұрын құпиясы), сондай-ақ «Сужарған» деген ұғымдағы Обаған топонимін (Мархаббат: «Арқада бір өзенді дер Обаған...») тілге тиек етуге болады.

ДОН (ДӨҢ) – ДУНАЙ (ДӨҢӘЙ) АРАСЫ: ДНЕПР ЖӘНЕ ДНЕСТР

Үш түбір сөзден біріккен «Қостанай» топонимінің алғашқы және соңғы түбірлерінің (Қос+ай) мағынасы айқын. Ол «қос өзен» деген ұғымды береді. Бар кілтипан орта буындағы мағынасы күңгірт «тан» түбірі. Бұл –түркі тілдеріндегі сингормонизм заңы негізінде сыртқы қауызы өзгеріске ұшыраған «дөң» (синонимдік қатары – қыр, биік, бел, белес) түбірінің дыбыстар тоғысындағы «қақтығыс, қысым» әсерінен өзгерген түрі.

«Дөң» түбірінің өзен-суға қатыстылығын Еуразия кеңістігіндегі бірсыпыра гидронимдерді мысалға келтіре отырып айқындауға болады. Айталық, біздер бұған дейін талдап өткеніміздей, ол түбір қазақ даласының Жетісу аймағындағы «Дөңбұлақ», Ақтөбе өңіріндегі «Дөң» және «Дөңгірлік» (Дунгурлук) шағын өзендерінің атауында, Орынбор өлкесінің далалық аймағындағы Дөңғұз (Донгуз) өзенінде, Кұбан (Кубань) даласындағы Дөң (Дон), Балқан түбегіндегі Дөңай (Дунай) гидронимдерінде анық әрі нақты сақталған. Анадолы түріктері Дунайды «Tunay» дей келе, оның мағынасын «өзен» деп таниды. Қазіргі уақытта украин халқының жаудан қорғап жатқан атақты Донбасс өңірі «Дөңбасы», яғни «қыр, бел-белес басы» деген мағынаға ие. Қазақ топонимдерінде Қазанбасы, Тұзбасы, Қарабасы деген атаулар жиі ұшырасады,

Дон мен Дунай өзендері арасында қырдан ойға, яғни Қара теңізге қарай құлайтын үлкен екі өзен бар. Олар – Днепр және Днестр. Кеңестік заманындағы зерттеушілер бұл атауларды иран тіліндегі «өзен, су» деген мағынадағы «danu» сөзімен байланыстырды. Бұл ғылыми бағыт аталмыш өзен атауларын түркі халықтарының тілдік мұрасына бұйыртпау мақсатынан туындаған деп есептейміз. Себебі «дөң» түбіріндегі гидронимдер иран тектес халықтарда емес, түркі тайпалары жайлаған кеңістікте жиі кездеседі.

Жайық, Еділ, Дон, Дунай өзендері арасындағы далалық өлкені түркі жұртының қыпшақ тілдес тайпалары жайлағаны әлімсақтан белгілі. Сол өңірдегі қыпшақ тайпаларының әлемге әйгілі тілдік мұрасы ретінде ХІҮ ғасырлардың басында жазбаға түскен әлемге аян «Кодекс Куманикус» сөздігін атауға болады.

Дешті-Қыпшақтың тілдік мұрасына Дон мен Дунай өзендерінің атауымен қатар, біздіңше, Днепр және Днестр гидронимдерін қосуға болады. Алдымен, Доннан батысқа қарай шыққанда кездесетін Днепр өзенінің атауын талдайық. Днепр, біздің түсінігімізде, екі түбір сөзден құралған: бірі – «дөң» түбірі, екіншісі – көне түркі-моңғол тіліндеріндегі «нөпір» немесе «ілепір» сөздері.

«Нөпір» түркі тілдерінде «көп, мол су» деген мағына берсе, «ілепір» түбірінде тоқтаусыз қимыл әрекетті бейнелейтін мағына бар. Айталық, қазақ жұрты арасында бір мезет те тоқтамай көп сөйлеген кісіні «ілепіріп отыр» деп бейнелеп сипаттау бар. Бұған қоса, «іл» етістігі түбірінен туындайтын «ілу, ілесу, ілбу, ілгері» сынды қимыл-сынды үстейтін сөздер қазақ тілінде кеңінен қолданылады. Аталған етістік түбір сөз Жетісу өңіріндегі таудан ойға қарай ағатын «Ілепсі» (Лепсі) және «Іле», Ақтөбе аймағындағы Ілек (Елек) атты гидронимдерден орын тапқан. Айтпақшы, Дон өзенінің сол жағындағы бір саласы «Иловля» деп аталса, Донға құятын Воронеж өзенінің бір өзегі «Иловай» деп аталады. Бұл өзендердің атауы Іле, Ілепсі, Ілек өзендерімен төркіндес болар деп топшылаймыз.

Демек, «Днепр» гидронимі алғашқы нұсқада «дөңнен», яғни қырдан «нөпірмен» немесе «ілеперіп» ағатын, яғни «суы мол», болмаса «ағысы қатты өзен» деген мағына берген деп пайымдаймыз. Бірақ уақыт сияқты тіл де қозғалыста болады. Тарих керуені тоқтаусыз жүріп, уақыт дөңгелегі алыстан орап айналғанда, «дөң» мен «ілепсі» түбір сөздердің кіріге бірігуінен құралған түркілік гидроним қатты өзгеріске ұшырайды. Енді ол Дешті-қыпшақтың қонысын басқан өзге халықтардың тілдік қолданысындағы фонемалық ерекшеліктердің әсерінен сыртқы қауызын өзгертеді. Сөйтіп, ол түпкі ұғымынан толық айырылып, қазіргі таңда, зерттеушілер пайымдап жүргендей, мағынасы күңгірттенген «Днепр» атты топонимге айналған.

Днепрден аса алыс емес аймақта орналасқан Днестр өзенінің атауында да көне түркі тілінің еміс-еміс елесі, қарауытқан ізі мен сілемдері бар. Біздіңше, бұл гидроним де алғашқыда түркілік «дөң» мен «істерлі» сөздерінің кіріге бірігуінен түзеліп, «Дөңістерлі» (Днестр) гидронимін құраған сынды. «Істерлі» түбірі башқұрт тілінде «өзен, су» деген мағынада қолданылады. Осы орайда, Башқұртстанда «Істерлітамақ» (Стерлитамак) атты өзен бар екендігін ерекше атап өтуіміз қажет. Бұған қоса аталған гидронимнің түбір морфемасында «іс», яғни қимыл-әрекетті білдіретін етістік мағыналы сөз орын алып тұрғаны байқалады. Қазақ тілінде тігін немесе кесте тігу ісімен шұғылданып отырған кісіні «іс тігіп отыр» деп суреттеу бар, яғни ол «кісі бос емес, қимыл-әрекет жасап отыр» деген мағынада айтылады. Демек, «істерлі» атауы ағысты өзенге қатысты қолданылса керек. Олай болса, Днестр де «қырдан ағатын су» деген мағынаға ие.

АТ АУНАҒАН ЖЕРДЕ ТҮК ҚАЛАДЫ

Бұл, әрине, біздің болжам. Үзілді-кесілді түрде «осылай деп» түйіндеуден біз әрдайым ауылымызды алыс қондыруға тырысамыз. Бұл тұста біздер сұңғыла түрколог Олжас Сүлейменовтің ежелгі славян тіліне түркі тілінің ықпалын ескермей, оны бір-бірінен бөліп, оқшаулап зерттеу жаңылыс, қате пайымдар түзеуі әбден мүмкін деген пайымын ақжелкен ретінде ұстауға ұмтылып отырмыз. Сол тұрғыдан келгенде, түркі халықтары шығыстан батысқа немесе батыстан шығысқа жосыған ерте замандағы тыныс-тіршілігінің айнасы болған тілдік таңбаның еміс-еміс ізі қалған Днепр мен Днестр өзенінің атаулары сол кеңістікке кейіннен тұрғылықты орныққан өзге халықтар өз қалпына салып елеп-екшеп, табанына салып илеген кезеңінде фонемалық өзгерістерге ұшыраған гидронимдер қатарынан орын алады деп түйіндейміз.

«Ат аунаға жерде түк қалады» деген халық тәмсіліне сүйеніп, Дон мен Дунай арасындағы кеңістікте тірлік ізін қалдырған түркі тайпаларынан тілдік таңба қалып, ол із жер-су атауларына орныққаны айқын. Бұған ешкімнің күмәні болмас деп санаймыз.

Түйіндей келгенде, аты әлемге танымал аталған гидронимдер құрамында «Қостанай» атауын қалыптастыруға қатысқан «дөң» түбірінің орын алуы – өлке тарихының түп тамыры тереңде жатқанын білдіретін тілдік ескерткіштің бірі. Біздіңше, Еуразия кеңістігіндегі танымал топонимдермен тамырлас Қостанай атауының мән-маңызын қадірлей біліп, оған тікелей қатысты тарихи Кеңарал мен Арақарағай болысының атауларын кері қайтару мәселесін талқылауды күн тәртібіне қою – өлке тарихына құрметтің бір көрінісі болып табылатыны анық. Деректі ұсынысқа құлақ асар кісі болса, бізден қоштау, қолдау кем болмас еді.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, Қостанай қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1024
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2571
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 715
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 678