Христиандар азайып, мұсылмандар көбейеді…
Мынадай бір зерттеуді көзіміз шалып қалды: «2035 жылға қарай әлемде мұсылмандар саны христиандардан асып түсуі мүмкін. Ал христиан дінінің орталығы Африка болады», - дейді.
Мұндай байлам жасаған - Польшаның «CASPAR» дейтін зерттеу орталығы мен АҚШ-тың «Pew Research Center» дейтін орталығының зерттеушілері екен.
Олардың болжамынша, 2020 жылдан басталған үрдіске (тенденция) сай, 2035 жылға дейін әлемде мұсылмандар саны христиандардан асып жығылады. Ал 2070 жылға дейін әлемдегі мұсылмандардың саны 80%-ға, ал христиандар 30%-ға өседі деп күтілуде. Осы кезеңнің соңына қарай әлемде шамамен 3,6 млрд мұсылман және 3 млрд христиан болады. Бір мұсылман әйелге орта есеппен 3,1 баладан, ал христиан әйелге 2,5 баладан келеді.
Бұл есептеудің басты көрсеткіштері - туу мен халықтың жас құрамы.
Болжам бойынша, 2070 жылға қарай барлық христиандардың 54%-ы Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде өмір сүретін болады.
Конго Демократиялық Республикасы АҚШ-ты басып озып, христиандар саны ең көп елге айналуы мүмкін — шамамен 299 млн адам болады деп күтіледі.
Ал Еуропада христиандардың үлесі, керісінше, 67%-дан 52%-ға дейін қысқарып, АҚШ-та 48%-ға дейін төмендеуі ықтимал.
Әлемде ешбір дінге жатпайтын адамдардың үлесі 24,2%-дан 17%-ға дейін азаяды. Бұл көрсеткішке дін ұстанбайтын адамдардың едәуір бөлігі тұратын Қытай халқының қысқаруы әсер етеді.
Егер туу деңгейі, көші-қон немесе бір діннен екінші дінге өтетін адамдардың саны өзгерсе, бұл болжам да өзгеруі мүмкін.
Ал Қазақстандағы ахуал қалай?
Жоғарыдағы зерттеуде Қазақстан әйдіктеліп аталмайды. Бірақ, ашық деректерге көз салсақ:
Әлгінде – «World Population Review-дің» осы жылғы есебінде: «Қазақстанда дінге сенбейтіндер саны күрт өсіп, әлемде 14 сатыға бірақ шықты», - деген. Кейін оны факт-чек терістеді.
Сөйтсе, «WIN-Gallup International» сауалнама қыпты-мыс. Сөйтіп, елдің 49%-ы атеист деп қойып қалған.
Кейін анықталғаны - атеистердің үлесі 8%-дың тегерегінде болса, өзін аса бір діниміз деп есептемейтін, яғни дінді қатты берік ұстанбайтын адамдардың үлесі 41 пайыз бопты. Сөйтіп, екеуін қосып жіберіп, 49-ды шығарып, Қазақстанды 14-ші орынға секірткен-мыс.
Ал ресми статистка (2021 жылғы халық санағы негізінде): «Қазақстан халқының 69,3 пайызы мұсылмандар. 17 пайызы зристиан, 2,3 пайызы атеист, 11 пайызы дінін жария етпегендер» деп есептеліпті.
Abai.kz