Сейсенбі, 14 Шілде 2026
Жаңалықтар 360 0 пікір 13 Шілде, 2026 сағат 12:17

5 алтын: Қазақстанның физикадағы тарихи жеңісі...

Суреттер: ҚР Оқу-ағарту министрлігінен алынды.

Қазақстанның жас физиктері беделді халықаралық жарыста еліміздің тарихындағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 2026 жылғы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) ұлттық құраманың барлық бес мүшесі де алтын медальға лайық деп танылды.

Биылғы бәсекеге әлемнің 85 мемлекетінен 381 оқушы жиналып, күрделі теориялық есептер мен тәжірибелік тапсырмалар арқылы білім деңгейлерін сарапқа салды. Қазақстандық оқушылар өте жоғары даярлық танытып, барлығы алтын медаль иеленді. Бұл – еліміздің аталған олимпиадаға қатысу тарихындағы теңдессіз нәтиже.

Алтын медаль иегерлері:

Егенбергенова Нұргүл – Астанадағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;

Азатбеков Амирбек – Астанадағы NIS (жаратылыстану-математика бағыты) 12-сынып оқушысы;

Қазымбек Илияс – Астанадағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;

Черемнов Роман – Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;

Құрман Дамир – Астанадағы NIS (жаратылыстану-математика бағыты) 11-сынып оқушысы.

Бұл айтулы табысқа қол жеткізу үшін команда үш жыл бойы тынымсыз дайындалды. Оқушыларды мектеп ұстаздары мен тәлімгерлерден бөлек, арнайы жаттықтырушылар тобы даярлады. Дайындыққа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, PhD Гүлия Нұрбақова жетекшілік етсе, олимпиада кезінде команданы SDU университетінің аға оқытушысы, PhD Самат Мақсұтов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев бастап барды.

Айта кетсек, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері ұйымдастырылып келеді, ал Қазақстан бұл додаға 1997 жылдан бастап қатысады. Егер 2025 жылы ұлттық құрама қоржынында екі күміс және үш қола медаль болса, биыл барлық қатысушының алтын медаль иеленуі – ұлттық білім саласындағы бұрын-соңды болмаған жетістік.

Қазақстанның жас дарындарды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын осы тарихи жеңіспен құттықтаймыз! Бұл – жас физиктердің қажырлы еңбегі, мұғалімдердің кәсіби шеберлігі және еліміздегі олимпиадалық қозғалыстың жоғары дамығанының айқын дәлелі.

Abai.kz

0 пікір