Бигелді Ғабдуллин: Сәлемнің реті мен сұраудың шегі қайда?
Қоғамның үлкен мәселелері кейде күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттерден басталады. Амандасу мәдениеті, дастарқан басындағы әдеп, өз өміріңе жауапкершілікпен қарау – сырт көзге ұсақ-түйек көрінгенімен, ұлттың мәдениеті мен қоғамдық санасын айқындайтын маңызды құндылықтар.
Журналист Бигелді Ғабдуллин қоғамдағы осындай екі мәселеге назар аударып, амандасу мәдениеті мен жауапкершілік мәселесіне қатысты өткір пікір білдірді. Оның пайымынша, қазақ қоғамы бір жағынан ұлттық әдептің өзегін сақтауы керек болса, екінші жағынан масылдық психологиядан арылып, «сұраушы емес, жасаушы ұлтқа» айналуы қажет.
Ғабдуллин ең алдымен қоғамдағы амандасу мәдениетінің ала-құлалығына тоқталады. Оның пікірінше, сәлемдесудің сан түрлі формасы көбейгенімен, оның өзегінде қарапайым әрі түсінікті әдеп жүйесі болғаны жөн.
«Негізінде, ғасырлар бойы қалыптасқан, сүйекке сіңген әдептің арқауы екеу-ақ болуы керек еді», – дейді ол.
Автордың пайымынша, үлкенге ізет білдіріп, «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасу, ал ресми әрі жалпы ортада «Сәлеметсіз бе?» немесе «Саламатсыз ба?» деу – қазақ қоғамындағы негізгі сәлемдесу үлгісі болуы керек.
Бұл жерде мәселе сөздің көптігінде емес, мәдениеттің мәнінде. Өйткені амандасу – адамның бір-біріне деген құрметін көрсететін алғашқы қадам. Ал сол қарапайым әдеттің өзі жүйесіздікке айналса, оның тәрбиелік мәні де әлсірей бастайды.
Ғабдуллин бұған қоса соңғы жылдары жиілеген шамадан тыс құшақтасып, беттен сүйісіп амандасу мәдениетіне де сын көзбен қарайды. Оның пікірінше, әр кездескен сайын құшақтасып, сүйісу – міндетті түрде жақындық пен сыйластықтың белгісі емес.
«Қазақта көрісудің де өзіндік орны мен жөні бар: ол – көптен көрмеген туысқа, алыстан келген қонаққа немесе аман-саулық сұрасар арнайы сәттерге тән», – деп жазады ол.
Автордың бұл пікірі әсіресе қоғамдық ортадағы әдеп пен жеке шекара мәселесін қайта ойлануға жетелейді. Оның айтуынша, кей жағдайда қарапайым ғана бас изеп, жүрек тұсына оң қолды қойып амандасудың өзі жеткілікті.
Бұл мәселе дастарқан басындағы әдепке де қатысты. Ғабдуллин тамақтанып отырған адамдардың әрқайсысымен қол алысып, құшақтасып шығатын кешігіп келген қонақтардың әрекетін де сынға алады. Оның пікірінше, мұндай жағдайда бүкіл қауымға ортақ сәлем берудің өзі жеткілікті.
Яғни автор көтеріп отырған бірінші мәселенің түйіні – мәдениет дегеніміз даңғаза қимыл емес, өз орнын білетін қарапайым әдеп.
Алайда Бигелді Ғабдуллиннің қоғамға айтқан сыны мұнымен шектелмейді. Ол екінші мәселе ретінде жауапкершіліктен қашып, мемлекетке қол жайып үйрену үрдісін өткір сынға алады.
Оның айтуынша, қоғамда еңбек етуге қабілетті бола тұра, үнемі көмек талап ететін азаматтардың қатары көбейіп барады. Мұндай ұстаным әлеуметтік қолдауға шын мұқтаж адамдардың мәселесімен араласып кетпеуі керек.
«Шын мәнінде көмекке мұқтаждар бар: мемлекет ең алдымен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдерге, ауыр дертке шалдыққандарға қолдау көрсетуі тиіс», – дейді Ғабдуллин.
Ал еңбекке қабілетті азаматтардың өз өміріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп есептейді. Автордың ойынша, мемлекеттің әлеуметтік міндеті бар болғанымен, оның ресурсы шексіз емес.
«Мемлекет – сауын сиыр емес: барша халықты тегін асырап отыратын шексіз қазына жоқ», – деген ол қоғамдағы масылдық психологиядан арылу қажеттігін алға тартады.
Бұл – әлеуметтік саясатты жоққа шығару емес, азаматтық жауапкершілікті күшейту туралы мәселе. Мемлекет қолдауға мұқтаж жанға қол ұшын беруі тиіс. Бірақ көмекке шынымен мұқтаж адам мен еңбектенуге мүмкіндігі бола тұра, дайын дүниеге үйреніп кеткен адамның арасын ажырата білу де маңызды.
Ғабдуллиннің пікірінше, елдің еңсесін көтеретін нәрсе – тек әлеуметтік төлем немесе мемлекеттік көмек емес, адамның өз күшіне деген сенімі мен еңбегі.
«Өз отбасын, өз өмірін өз еңбегімен асырау – әркімнің азаматтық борышы», – дейді ол.
Бигелді Ғабдуллин көтерген екі мәселе – бір қарағанда екі бөлек тақырып. Бірі – амандасу, екіншісі – еңбек пен жауапкершілік. Алайда екеуінің астарында бір ғана ұғым жатыр. Ол – өзін және өзгені сыйлау мәдениеті.
Өзін сыйлаған адам өзгенің жеке кеңістігін құрметтейді. Өз өмірін бағалаған адам өз болашағына көмек туралы пікір емес. Бұл – қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп өмір сүретіні туралы сұрақ.
«Өзімізді сыйлау – сәлемнің ретін білуден, ал өзгені сыйлау – масылдықтан арылып, өз күшіңе сенуден басталады», – дейді ол.
Қарапайым әдептен басталып, азаматтық жауапкершілікке ұласатын бұл ойдың түйіні біреу: ұлттың рухын биіктететін де, мемлекетті алға сүйрейтін де – өзіне жауап бере алатын, еңбектенуден қашпайтын, өзгеге құрметпен қарайтын азамат.
Abai.kz