АҚШ неліктен Қазақстанға жаңа тариф енгізді?!
Ақ үй қожайыны Дональд Трамп "тариф шоқпарын" қайта қолына алды. Сопақша кабинетінде ішінде қазақстанда бар 60 елге 10%-дан 12,5% мөлшерінде кедендік баж енгізу туралы меморандумға қол қойды.
Вашингтонның уәжінше, бұл елдер мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына тыйым салу талаптарын жеткілікті деңгейде орындамаған.
Ақ үйдің мәліметінше, тергеуді АҚШ-тың Сауда өкілі басқармасы 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөліміне сәйкес жүргізген. Тергеу нәтижесінде бірқатар мемлекеттер мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарларды импорттауға мүлде тыйым салмаған. Кейбірі тыйымның орындалуына ниет білдірмеген. Осыған байланысты АҚШ аталған елдерден импортталатын тауарларға қосымша кедендік баж салығын енгізу туралы шешім қабылдады.
Euronews-тің жазуынша, жаңа кедендік баж мөлшерлемелері 10%-дан 12,5%-ға дейін болады. Олар жұма күні күшіне еніп, биыл Трамп енгізген бірыңғай 10 пайыздық жаһандық тарифтің орнына қолданылады.
Бейсенбі күні жарияланған жаңа баж салығы АҚШ-тың ондаған сауда серіктесіне, соның ішінде Қытай, Үндістан және Еуропалық одақ сияқты ірі экономикаларға қатысты енгізіледі. Бұл елдер АҚШ импортының шамамен 99 пайызын қамтамасыз етеді.
"АҚШ мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына жүз жылға жуық уақыт бойы тыйым салып, оны қатаң орындап келеді. Енді біздің сауда серіктестеріміздің де осы талапты ұстанатын уақыты жетті", – деді АҚШ-тың Сауда өкілі Джеймисон Грир.
Қазақстанға 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж салығы енгізіледі. Дәл осындай мөлшерлеме Ресейге де қолданылады. Тағы 17 ел үшін төмендетілген 10% мөлшерлеме белгіленді.
Олар:
Аргентина, Бангладеш, Камбоджа, Канада, Эквадор, Сальвадор, Гватемала, Гондурас, Үндістан, Индонезия, Иордания, Малайзия, Мексика, Пәкістан, Шри-Ланка, Ұлыбритания, сондай-ақ Тринидад пен Тобаго.
Еуропалық Одақ пен Тайвань үшін жалпы мөлшерлеме, әдеттегі америкалық баж салығын ескергенде, 10 пайыздан аспауы тиіс. Жапония, Оңтүстік Корея және Швейцария үшін шекті жалпы мөлшерлемесі 12,5 пайыз болатын ұқсас механизм орнатылды.
Қосымшада Қазақстан үшін тізімдегі елдерге қолданылатын жалпы ерекшеліктер қарастырылған. Олардың қатарында гуманитарлық тауарлардың жекелеген түрлері, ақпараттық материалдар, кейбір энергетикалық және өнеркәсіптік тауарлар, сондай-ақ АҚШ-тың арнайы сауда режимдеріне кіретін өнімдер бар.
АҚШ-тың сауда өкілі кейіннен баж салығы мен ерекшеліктерді өзгерте алады немесе күшін жоя алады, соның ішінде егер ел өз заңнамасын немесе мәжбүрлі еңбекке қатысты тауарларды бақылау тәжірибесін қайта қараса.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі америкалық тараптың шешімінен хабардар екенін мәлімдеді. Ведомство қазіргі уақытта жағдайды зерделеп, ресми түсініктеме дайындап жатыр.
Abai.kz