Жұма, 24 Шілде 2026
Жаңалықтар 177 0 пікір 24 Шілде, 2026 сағат 17:28

КТК-ға шабуыл: Қазақстан мұнай өндіруді азайтты...

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Каспий құбыр консорциумы (КТК) мұнай қабылдауды тоқтатқаннан кейін, 22 шілдеде Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру 21,3%-ға азайды, деп хабарлайды PROTENGE Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазақстан КТК жұмысы тоқтағаннан кейін мұнай өндіруді азайтты. Reuters мәліметтері бойынша, 22 шілдеде Қара теңіздегі танкерлерге пилотсыз ұшу аппараттарының шабуыл жасауына байланысты Каспий құбыр консорциумы (КТК) мұнай қабылдауды тоқтатқан соң, елдегі мұнай мен газ конденсатын өндіру 21,3%-ға төмендеді», — делінген хабарламада.

Reuters деректеріне сүйенсек, мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 215,6 мың тоннаға дейін, яғни тәулігіне шамамен 1,63 млн баррельге дейін төмендеген. Ал шілде айының басынан бергі орташа тәуліктік көрсеткіш 274 мың тоннаны немесе шамамен 2,07 млн баррельді құраған еді.

Агенттік ақпараты бойынша, өндірістің ең елеулі төмендеуі Теңіз кен орнында тіркелді, онда тәуліктік көлем 925 мыңнан 406 мың баррельге дейін азайған. Материал жарияланған сәтте Қазақстанның Энергетика министрлігі мен «Теңізшевройл» компаниясы жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.

Айта кету керек, қазақстандық мұнайдың, соның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан алынатын шикізаттың 80%-дан астамы КТК арқылы экспортталатындықтан, құбыр жұмысындағы іркілістер өндіріс көлеміне тікелей әсер етеді.

«Reuters мәліметтеріне сүйенсек, өндірістің төмендеуі тәулігіне шамамен 440 мың баррельді құрады. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне шамамен $69–70 болғанда, бұл тек бір күннің ішінде өндірушілердің шамамен $30–31 млн экспорттық түсімнен қағылғанын білдіреді. Бұл бюджеттің тікелей шығыны емес, бірақ тоқтау ұзаққа созылса, мемлекет салықтардың, экспорттық баждардың және басқа да мұнай түсімдерінің бір бөлігін ала алмайды», — деп түйіндеді PROTENGE.

Abai.kz

0 пікір