Alatau City-ді дамыту барысы қаралды
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының Alatau City-ді дамыту, арнайы құқықтық режимді іске асыру, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген Alatau City жобасының стратегиялық маңызын атап өтіп, оның болашақта ел дамуын сапалы жаңа деңгейге шығара алатынын айтты.
Alatau City Authority бас атқарушы директоры Алишер Әбдіқадыров атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $6,9 млрд-ты құрайды және 55 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде PepsiCo мен Sunny Paper жобалары белсенді жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «ДанаФлекс» және G-Trans Service жобалары бойынша жұмыстар басталды. Iconic Complex құрылысына дайындық жүргізіліп, KIND K-Smart Town жобасын іске асыру дамып келеді.
Жалпы ғимараттар ауданы 5,3 млн м² болатын, 330 га аумақты кешенді дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Мастер-жоспар мен ТЭО-ны (техникалық-экономикалық негіздемені) аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Жаңа инвестицияларды тарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Full Vision Capital, KAIST, CIMC және Sinomach жобалары пысықталуда. Бұған қоса, Hyundai Green Food, Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility, Korea Airports Corporation және Hyundai Motor Company компанияларымен жекелеген уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Alatau Crypto City-ді дамыту шеңберінде ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп Tokenization by Default тұжырымдамасы дайындалды. Жобаға қатысуға 43 халықаралық және қазақстандық компания қызығушылық танытты. 2026 жылдың соңына дейін жалпы көлемі $10 млн-ға дейінгі токенизация жобаларын іске қосу жоспарлануда.
Инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінді. 26 жоба қарастырылған, оның ішінде «Көкпа-1» қосалқы станциясын реконструкциялау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, 61,2 км автокөлік жолына орташа жөндеу жүргізу және 15 км жаңа жол салу бар.
Қаланы одан әрі дамыту үшін бюджеттік қаржыландыру, МЖӘ (мемлекеттік-жекешелік әріптестік) тетіктері, жеке және квазимемлекеттік инвестициялардың үйлесімі қарастырылған.
Жыл соңына дейін бизнесті дамыту, цифрлық активтер және басқа да бағыттар бойынша құжаттар пакетін қабылдау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ARUP Group пен BCG компанияларын тарта отырып, қаланы 2040 жылға дейін дамытудың стратегиялық мастер-жоспары және 2055 жылға дейінгі егжей-тегжейлі жоспар дайындалуда.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр Alatau City-ді дамытудың басты бағыттары бойынша жобалардың іс жүзінде орындалуын және белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Abai.kz