Тектілік кімнен беріледі? Қаннан ба, әлде рухтан ба?
Бір бала дүниеге келгенде, біз оның жүзінен әкесін іздейміз. Қабағынан атасын, мінезінен анасын, қылығынан нағашысын көргіміз келіп жатады. Қалыпты жағдай.
«Әкесіне тартқан, нағашысына ұқсаған екен», - дейміз. Бірақ адамға қарап тұрып, бір сәт мына сұрақты қойып көрдік пе:
Біз бала бойынан тек өткенді ғана көріп тұрмыз ба, әлде болашақты да көріп тұрмыз ба?
Өйткені әрбір бала- кешегі ұрпақтың жалғасы ғана емес, ол ертеңгі ұрпақтың бастауы десек қателеспейміз. Оның бойына біздің ата-бабамыздан жеткен қан ғана емес, біздің бүгінгі мінезіміз де көшетіні сөзсіз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі - баланың болашағын емес, өзімізден кейінгі адамның қандай болатынын ойлау.
Қазақтың:
«Үйдің жақсы болмағы - ағашынан,
жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан», - деген сөзін кейде жеңіл қабылдаймыз. Ал қазақтың айтқан сөзінің астарында көбіне тұтас бір философия жатыр.
Неге жігіттің жақсысын нағашысынан іздеді?
Неге қыздың төркінін сұрады?
Неге «шешесіне қарап қызын ал» деген?
Өйткені бабаларымыз адамды жалғыз адамның қасиеті деп қарамаған. Адамды әулеттің жалғасы деп түсінген. Ал әулет-тек қан емес.
Әулет - мінез.
Әулет - тәрбие.
Әулет - дүниеге көзқарас.
Әулет - ұрпақтан ұрпаққа үнсіз берілетін рухани әдет.
Бір әулетте білім қадірлі болса, бала да білімге ұмтылады.
Бір әулетте үлкенді сыйлау қалыптасса, бала да сыйластықты табиғи нәрсе деп қабылдайды.
Бір әулетте өтірік қалыпты нәрсеге айналса, бала өтірікті үйренбей-ақ, оны қалыпты деп қабылдайды. Демек, балаға ең күшті тәрбие - айтылған сөз емес, өзіміз көрсеткен үлгі.
Абайдың «Китаб Тасдиқтағы» бір сөзіне қайта-қайта оралуға болады: «Адам бойындағы кей қасиеттер «туысынан» келеді, ал қалғаны жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз арқылы қалыптасады», - деп жазған жолдары бар.
Осы жерде Абайдың адам табиғатына деген терең көзқарасы көрінеді.
Адам - дайын күйінде келмейді. Бірақ ол бос күйінде де келмейді. Оның бойында бір бастау бар. Сол бастау кейін тәрбиеге ұшырайды.
Ортаға түседі.
Махаббат көреді.
Қорқыныш көреді.
Білім алады.
Қателеседі.
Таңдау жасайды.
Сөйтіп барып адам болады.
Сондықтан адамның тағдырын тек тұқым қуалаушылықпен түсіндірсек, адамның болмысын тым қарапайымдатып жібереміз.
Адамның бойында атадан келген қасиет болуы мүмкін. Бірақ сол қасиеттің адамдыққа айналуы - тәрбиеге байланысты.
Шәкәрімнің бүкіл философиясын бір ғана ұғыммен түйіндеуге тура келсе, ол - ар.
Сондықтан адамды адам ететін нәрсе - оның шыққан тегі ғана емес, яғни, ар-ұяты, әділеті, мейірімі, жауапкершілігі, өз нәпсісін жеңе алуы және өзінен әлсізге жасаған қарым-қатынасы.
Сонымен, тектілік адамның тегінде басталуы мүмкін, бірақ оның шынайы өлшемі ісінде көрінетінін түсіндік.
Ата-бабасы хан болған адам өзі әділетсіз болса - текті ме?
Атасы ғалым болған адам өзі білімге қызықпаса - текті ме?
Әулеті жақсы болған адам өзі мейірімсіз болса - текті ме?
Әрине, олай болуы мүмкін емес.
Өйткені атадан келген абырой - адамның жеке еңбегі емес екені белгілі.
Тектілік - мұра емес, аманат.
Аманатты сақтау үшін оны күн сайын өз мінезіңмен дәлелдеуің керек.
Ал осы жерде әйелдің орны ерекше.
Неге?
Себебі бала дүниеге келгенге дейін тоғыз ай бойы анасының ішінде өмір сүреді.
Оның алғашқы әлемі - анасының құрсағы.
Алғашқы дыбысы - анасының жүрек соғысы.
Алғашқы тыныштығы - анасының құшағы.
Алғашқы махаббаты - анасының мейірімі.
Сондықтан тәрбие баланың мектепке барғанынан басталмайды. Тәрбие - ана құрсағында басталады.
Бұл - ананы барлық нәрсеге жауапты ету емес. Бұл - ананың ықпалын мойындау.
Әкенің де орны бөлек.
Ұстаздың да орны бөлек.
Қоғамның да орны бөлек.
Бірақ ана - баланың дүниемен алғашқы байланысы.
Сондықтан қазақ әйелдің жағдайына, тәрбиесіне, төркініне, шыққан тегіне мән берген.
Бұл әйелді кемсіту емес.
Керісінше, әйелге артылған жауапкершіліктің қаншалықты биік болғанын көрсетеді.
Белгілі ғалым Советхан Ғаббасовтың айтуынша, адам жанының 12 каналы болады екен. Бала жарық дүниеге келгенде осы он екі каналы ашық немесе жабық боп туады екен. Сонда бұл жанның он екі каналы ананың құрсағында жатып-ақ ашылады екен ғой. Ал осы жанының он екі каналы ашылмаған болса, толық сезімі жоқ, меңіреу бала дүниеге келеді екен. Ғылым-білімге енжар, қауқарсыз, қабілетсіз, махаббатсыз болып туады екен. Ғылым-білімге енжар, махаббатсыз бала түптің түбінде Құдайын да танымайды, өзін де танымайды, дүниені де тани алмайды. Осыдан-ақ әйелдің бала тәрбиесіндегі ролінің қаншалықты маңызды екенін өзіңіз-ақ аңғара беріңіз.
Мәшһүр Жүсіптің «меңіреу әйелден меңіреу бала туады» деген сөзін де осы тұрғыдан ойлану керек.
«Меңіреу» дегенді тек құлағы естімейтін, көзі көрмейтін адам деп түсінсек, сөздің философиялық салмағын жоғалтамыз.
Меңіреу адам - көзі көріп тұрып та дүниені көрмеуі мүмкін.
Меңіреу адам - құлағы естіп тұрып та ақиқатты естімеуі мүмкін.
Білімі болып тұрып та жүрегі оянбауы мүмкін.
Ол көп нәрсені білуі мүмкін, бірақ ештеңеге таңданбауы мүмкін.
Көп сөйлеуі мүмкін, бірақ біреудің жанын түсінбеуі мүмкін.
Міне, рухани меңіреулік осы емес пе?
Абайдың кітабындағы «хауас сәлим» - сезімнің толықтығы туралы ойы дәл осы тұста тереңдей түседі.
Адамның адамдығы алдымен оның сезімінің тірілігінен басталады.
Біреудің қайғысын сезіну.
Әдемілікті сезіну.
Ұятты сезіну.
Әділетсіздікті сезіну.
Ақиқатты сезіну.
Құдайды сезіну.
Өз жүрегіңнің дауысын есту.
Егер осы сезімдер өшсе, адамның сыртқы білімі қанша жерден көп болғанымен, ішкі дүниесі жұтаң болып қалуы мүмкін.
Сондықтан балаға білім берумен қатар, сезімін тәрбиелеу керек.
Ал сезімді кім бірінші тәрбиелейді?
Тағы да ана. Бірақ анаға бұйрық беріп, «балаңды тәрбиеле» деп айтуымыз жеткіліксіз.
Ол үшін анаға білім керек, анаға мәдениет керек, Анаға кітап оқу керек, анаға өзін дамытуға мүмкіндік керек, анаға құрмет керек, анаға рухани тірек керек.
Өйткені әлемді танымайтын адам балаға әлемді кеңінен таныта алмайды.
Өзі кітап оқымайтын ана баласына кітаптың қадірін сөзбен ғана түсіндіреді, ондағы дүниелерді талдап түсіндіре алмайды.
Өзі мейірімділікті көрмеген адамға мейірімділікті балаға үйрету қиын.
Сондықтан:
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деген сөздің мәні әлдеқайда терең.
Бесікті түзеу - баланың өзін ғана түзету емес, бесікті тербететін адамның дүниесін түзеу, тәрбиелеу.
Қазақтың қыз тәрбиесіне сонша мән беруінің себебі де осында.
Қыз - ертең ана.
Ал ана - бір адамның ғана емес, бірнеше адамның мінезін қалыптастыратын тұлға.
Сондықтан қыздың тәрбиесі - жеке отбасының ғана шаруасы емес, ұлттың ертеңіне салынған инвестиция.
Қызға берген білімің - ертең оның баласының дүниетанымына айналады.
Қызға көрсеткен құрметің - ертең оның өз баласына көрсететін қарым-қатынасына айналады. Қызға берген мейірімің - ертең оның шаңырағындағы ахуалға айналады.
Осыны түсінген халық:
«Қызға қырық үйден тыйым» деп қана қойған жоқ. Қызды ел болашағының анасы деп таныды.
Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек.
Тектілікті әйелге ғана жүктеу - қателік.
Бала - екі адамның тоғысы.
Әкенің де қаны бар.
Әкенің де мінезі бар.
Әкенің де тәрбиесі бар.
Әкенің де жауапкершілігі бар.
Егер ана - баланың алғашқы әлемі болса, әке - сол әлемнің сыртқы шекарасын көрсететін тұлға.
Бала әкесінен жауапкершілікті көреді.
Сөзге беріктікті көреді.
Еңбекке көзқарасты көреді.
Еркектің әйелге, әлсізге, үлкенге жасаған қарым-қатынасынан адамдықтың өлшемін үйренеді.
Сондықтан текті ұрпақ - текті ана мен текті әкенің ғана емес, текті қарым-қатынастың жемісі.
Сонда бастапқы сұраққа қайта оралайық:
Тектілік кімнен көп беріледі?
Әкеден бе?
Анадан ба?
Нағашыдан ба?
Меніңше, бұл сұрақтың өзінде біз бір қателік жасап жүрміз.
Тектілікті «кімнен көбірек беріледі?» деп өлшеу - оны тек тұқым қуалайтын қасиет деп түсіну.
Ал шын мәнінде: тектілік - кімнен келгенінен бұрын, сенің бойыңда не болып қалғанымен өлшенеді.
Атаңның жақсы қасиеті сенде жалғаспаса - ол сен үшін өткен тарих қана болып қала береді.
Анаңның мейірімі сенің мінезіңе айналмаса - ол сенің бойыңа ананың ақ сүтімен дарымағаүы.
Әкеңнің адалдығы сенің ісіңнен көрінбесе - оның адалдығы саған абырой болып жазылмағаны.
Сондықтан әр ұрпақ өзіне дейінгі текті қайта тірілтуі керек.
Бәлкім, қазақтың «текті жердің қызын ал» дегені де осыны меңзеген шығар.
Бабаларымыз тек байлықты, атақты, мансапты іздемеген.
Олар:
«Бұл қыздың жүрегінде не бар?
Бұл үйде қандай сөз айтылады?
Бұл әулетте адамға қалай қарайды?
Бұл ананың баласына берер дүниесі қандай?», деген сұрақтарды іздеген.
Өйткені әйел таңдағанда, қазақ бір әйелді ғана таңдамаған, болашақ ұрпағының рухани ортасын таңдаған.
Сондықтан ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғағанда, баладан бұрын өзімізге қарауымыз керек.
Мен қандай адаммын?
Менің балам мені көріп қандай адам болғысы келеді?
Менің сөзім мен ісімнің арасы қаншалықты алшақ?
Менің үйімде адам өміріне өнеге болар кітап бар ма?
Мейірім бар ма?
Сабыр бар ма?
Құрмет бар ма?
Әділет бар ма?
Бала менен нені үйреніп жатыр?
Міне, шын тәрбие осы сұрақтардан басталады.
Өйткені балаға біз қалдырған ең үлкен мұра -үй, дүние, мал-мүлік емес, біздің мінезіміз.
Әр адам өзінен кейін бір нәрсе қалдырады.
Біреу — үй қалдырады.
Біреу — дүние қалдырады.
Біреу — атақ қалдырады.
Ал ең бақытты адам - жақсы адам тәрбиелеп, өзінен кейінгі ұрпаққа жүрегі таза, ойы сергек, ары биік адам қалдырады.
Міне, нағыз тектілік осы.
Сондықтан тектілік - қаннан басталуы мүмкін. Бірақ ол қанмен бітпейді.
Ол тәрбиеге өтеді.
Тәрбие — санаға өтеді.
Сана — мінезге өтеді.
Мінез — әрекетке өтеді.
Ал әрекет — келесі ұрпаққа үлгі болады.
Тектілік осылай жалғасады.
Сондықтан бүгін бір балаға қарап:
«Кімге тартқан екен?» - деп сұрағаннан гөрі,
«Бұл бала ертең кімге үлгі болады?» деп сұрасақ, бәлкім, ұрпақ тәрбиесіне деген көзқарасымыз да өзгерер еді. Өйткені бала - біздің өткеніміздің нәтижесі ғана емес, бала біздің болашаққа жазған тірі хатымыз.
Ал ол хаттың ішіне не жазылатыны - бүгінгі біздің өмірімізге байланысты.
Ел боламын десең - бесігіңді түзе.
Бесікті түзеу үшін - бесікке дейінгі өзіңді түзе. Өзіңді түзеу үшін - жүрегіңді түзе.
Жүрегіңді түзеу үшін - арыңды оят.
Сонда ғана тектілік атадан балаға жай ғана қан болып емес, адамдықтан адамдыққа өтетін рухани аманат болып жалғасады.
Мүмкін, бабаларымыздың «тектіден текті саралау» дегені дәл осы шығар.
Тектілік - өткенмен мақтану емес.
Тектілік - болашаққа ұялмай қарау.
Роберт Ғұмаров
Abai.kz